Шымкент - ежелгі заманнан өмір сүруге ең қолайлы қала

Пятница, 16 Октябрь 2015 07:58 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 8186 раз

shymkent kone 42Шымкент қаласы жыл өткен сайын көркеюде. Сәулеті мен әлеуеті қатар дамыған көрікті де құт мекеннің аумағы үлкейіп, халық саны артты. Елордасы Астана мен әсем қала Алматыдан кейінгі «үшінші қала» деген мәртебеге ие. Сонау ықылым заманнан іргесі қаланып, көптеген тарихи оқиғаларға куә болған көне шаһардың тарихына тағы бір рет тоқталу үшін Шымкент университетінің Қазақстан тарихы, қоғамдық пәндер және география кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Тапалов Дүйсенбек Жәнібекұлына жолығып, сұхбат алған едік.


– Дүйсенбек Жәнібекұлы, бір топ ғалымдар Шымкент қаласының 2200 жылдық тарихы бар деген дәйектерді келтіріп отыр. Былтыр қазақстандық және шетелдік ғалымдар қаланың жасына байланысты резолюцияға қол қойып, ЮНЕСКО-ның ұлттық комиссиясы Шымкенттің мерекелік датасын күнтізбеге ендіру мәселесін 2017 жылға дейін қарап, нақтылайтын болып шешілді. Осы тұрғыда сіздің пікіріңізді білсек...
– Шымкенттің жасы 2200-де деп айтуға негіз бар. Осы тақырыпты зерттеумен Әлкей Марғұлан атындағы археологиялық институтының директоры Бауыржан Байтанаевтың айналысып жүргені мәлім. Шымкенттің жасын анықтауға қатысты жүргізілген археологиялық экспедицияға өзбекстандық ғалым Рустам Сулейманов та қатысты. Кезінде ол Самарқан, Бұқара, Үргеніш және Хорезм аймақтарындағы қазба жұмыстарына да атсалысқан, көрген-түйгені мол тарихшы. Экспедиция барысында қаланың жасын анықтауға негіз болатын дәйектер жеткілікті болған. Мәселен, ескі қаладағы төбешіктің үстінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстар нәтижесінде керамикалық заттардың қалдықтары, теңгелер мен темірден жасалған өзге де заттар табылғанын білеміз. Осындай дәлелдерден кейін Шымкентті Самарқан қаласымен жасты деп айтуға негiз бар.
Өткен жылы М.Әуезов атындағы ОҚМУ-де өткен маңызды жиынға Канада, Франция, Англия, Польша, Ресей, Әзірбайжан мен Өзбекстан елдерінен келген  ғалымдар қаланың жасына байланысты конференцияда өздерінің дәлел-дәйектерімен бөліскен еді. Әлі де бұл тақырыпты жіті зерттеу қажет деп ойлаймын. Дегенмен, бұл бағытта ғалымдар күндіз-түні еңбектеніп жатыр.

shymkent kone 42 1Шымкент қаласы туралы алғашқы дерек XIV ғасырда 1365-1366 жылдары пайда болған. Әмір-Темір Моғолстанның әмірлеріне, жалайырларға қарсы жорықтарға кетіп бара жатып, Шымкентке аялдаған деген мағлұмат бар. Ол туралы парсы тарихшысы Шараф ад-Дин Али Йездидің «Зафарнаме», яғни «Жеңіс» кітабында Шымкент деген атау кездескен.
– Шымкенттің қазақ хандығы дәуіріндегі атаулары жөнінде жуырда газетімізде ғалымдардың мақаласы жарық көрген болатын. Онда Чими-кент, Нужкент деген атаулар да кездеседі. Дегенмен, қаланың атауы Шымкент емес, Чимкент дейтіндер де жоқ емес. Сіз не дейсіз?
– Мен Чимкент деген нұсқасын қолдамаймын. Әр халықтың тілді қолдану ерекшеліктері бар. Ресей империясы біздің жерімізді басып алған кезде көптеген қазақша атауларды өздерінің тілдеріне ыңғайлап алды. Қазіргі уақытқа дейін Чимкент деп айтатындары да сондықтан. Мәселен, көптеген жер атаулары орыс тіліне ауыстырылды. Қазақ тілінің ерекшелігіне ешкім қараған жоқ. Тарихи деректер бойынша, қаланың атына байланысты ғалымдар екі түрлі көзқараста. «Шым» деген сөзбен тығыз байланысты. Шымнан тұрғызылған қала, сулы, нулы, көк көп өскен деген деректер бар. Оған қоса ескі қаланың маңынан Қошқар ата өзені ағып жатыр. «Бау-бақшалы қала», «Жасыл қала», «Шыммен қоршалған қала» – деп айтуға бұл да бір дәлел болып отыр. Шымкент түркінің «Шым» және иранның «кент» – қала, мекен деген сөздерінен құралған. Ал басқа түсіндірмеде қала атауы Соғдының (Иранның) «чиминь-чемень» яғни, көгалды, гүлденген алқап, ал «кент» сөзінің жалғануымен, «жасыл қала» деген мағынаны береді. Қала ескі заманнан-ақ адамдардың өмір сүруіне қолайлы мекен болған.
Қала атауы бір рет қана өзгерген. 1914 жылы Қазақстанның Ресей империясына қосылуының 50 жылдығына орай қалаға орыс генералы Черняевтің есімі берілді, бірақ 1921 жылы қала Шымкент атауына қайта ие болды. Шымкент қаласының аумағы көптеген тарихи оқиғаларға куә болған. Шыңғыс ханның қалың қолы қаптап өткен кезде қабырғасы қайыспаған, Бұхар мен Қоқан хандығының қақтығыстарына куә болған жер.
–Шымкенттің көне қала екенін айғақтайтын қандай ғимараттар бар?
– Шымкентте көне дәуірден қалған ғимарат жоқ. Ескі қаладағы Жәми мешіті ғана бар. Оның өзі XIX ғасырдың 60-70 жылдары салынған. Қалғандары XX ғасырдың басында бой көтерген. Шымкентте Сығанақ, Сауран, Отырар қалалары секілді көне керуен сарайлардың орны кездеспейді. Соған қарағанда Шымкент шағын қала немесе қыстақ түрінде болуы мүмкін. Бұрынғы «Самолет» базарының орнында қорған болған. Кеңес үкіметі кезіндегі құрылыс жұмыстары оны жойып жіберді.
– Қаланың тамыры сонау Афросиаб дәуірінен басталады деген деректер туралы айтып берсеңіз.
– Иә, Шымкент қаласының іргесін Афросиаб қалаған деген болжам бар. Иран мифологиясы бойынша, Орталық Азиядағы ежелгі Тұранның, көшпенді және жартылай көшпенді ирантілдес халықтардың, яғни, сақтардың Афрасиаб есімді билеушісі болған. 1890 жылы қазақ даласында шыққан «Дала уәләяты» газетінде Ташкент шаһарына қатысты Рақымқожа Ғалиқожаұлының айтқан ауызекі мағлұматтарында Шымкент қаласының іргесін Афросиаб патша қалаған деген аңыздың болғандығы айтылады. Бұл өте тамаша дерек.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.