Көктем келдi, көркеюге үлес қос!

Среда, 16 Март 2016 05:18 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5719 раз

Жер-дүние жаңарып, табиғат өзгеше түрге енетін көктем мезгілі туды. Көктем – көктейтін, тіршілік бойына қан жүгіретін шақ. Қоршаған орта өзгеше кейіпке енер сәтпен қауыштық. Тұрғын-жайларымызды абаттандыру, көше бойларын көріктендіру, тал егу жұмыстары енді қыза түспек. Барлық нәрсе тазалықтан басталады.

DSC 0009

«Тазалық – тазалаған жерде емес, таза ұстаған жерде» деген қағиданы берік ұстайтын сәт келді расында.
Таяуда ғана қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын аралап, тұрғындармен тілдескенде тазалыққа үндеген. Шаһар басшысы облыс әкімдігінде өткен брифингте де әр тұрғынның сүйікті қаламыздың дамып, гүлденуі үшін өз үлесін қосуы тиіс екендігін меңзеген еді.
– Мен жауапты мамандарға қала көшелеріне қоқыс тастайтын жәшіктерді көбірек орнату керектігін айттым. Тек орталық емес, халық бір сәт тынығып, балық аулауға баратын жерлерді де ұмыт қалдырмау керек. Соңғы 2-3 айда қала әжептеуір тазарып қалды. Біз қалада бейнебақылау камераларын орнатып, қоқыс тастағандарға айыппұл салдық. Шымкент бұған дейін де таза қала еді, қазір тіптен таза бола түсті. Алдағы уақытта да тазалық мәселесіне көп көңіл бөлінеді. Шымкент – біздің ортақ үйіміз, – деген болатын брифингте қала әкімі.
Шүкір дейік, қазір қаладағы саябақтардың тазалығы тұрақты назарда. «Абай», «Жеңіс», «Орталық» саябақтарды демалыс орнына айналдырған адам көп.
Негізінен, қаланың орталық көшелері мен көп қабатты үйдің аулаларында тазалық жұмыстары ұдайы жүргізіледі.

Тазалыққа үндейтiн орындықтар

oryndyq tazalyqҚала тұрғыны, 63 жасқа келген зейнеткер Дәуленбай Жорабеков тазалық жайында былай дейді. Өзі «Абай» саябағына демалыс күндері келіп тұрады. «Бәрі адамдардың пейіліне байланысты ғой. Бір қоқысты жерден көтеріп алып, қоқыс жәшікке салсақ та, тазалыққа үлес қосамыз. Ал тазаланған жерде тұрғындардың өздері де тастап кетуге ұялатын шығар», – дейді ол. Қаланың орталық аумағы таза екенін, шеткері жақтарда әлі де болса тазалықты күшейту керек екенін айтады.
Әсіресе, күн шықпай тұрып, көше бойларын ретке келтіретін тазалық қызметкерлерінің еңбегін бағаласақ екен. «ЛТД-Тұрмыс» ЖШС-нің қызметкері Үрай Хайдарова бізге қала тұрғындарына ұсынысын жеткізуді өтінді. «Тұрғындар әр түрлі қалдықтарын тастайды. Пістелерін шашып, қоғамдық орындарды ластайды. Үйінде ондай нәрсе істемейді олар. Күнде бос баклашкалар, қораптарды тазалаймыз. Жалпы, қоқыс бұрынғыдан азайды. Тазалық болса – денсаулық та түзеледі. Қаламыз әдемі болса, көңіліміз де көтеріңкі болар еді. Қоқыс қалдықтарыңызды жәшікке тастасаңыздар», – деп тәртіпке шақырды елу жасты алқымдаған апай.
Бүгінде Тәуке хан көшесінің бойында – «Мега» сауда ойын-сауық орталығы мен «Қиял әлемі» техно саябағы алдында тазалыққа үндейтін орындықтар қойылған. «Туған қаламызды бірігіп таза етейік!» деген ұран сөз жазылған. Құптарлық іс.

Көшеттер Қазығұрттан әкелiнген

Қазір қаладағы саябақтарға ақ қайыңның көшеті көптеп отырғызылып жатыр. Шымкенттің шырайын ашатын қайыңдар алыстан емес, өзіміздің Қазығұрт баурайындағы тұқымбақтан әкелінген. Егер көшеттер дұрыс бапталынбай, қурап кетсе, қазына қаржысы көкке ұшпайды. Келтірілген шығын жасыл желекті ағашты отырғызған мердігер мекеменің есебінен қайта өтеледі. Қалай десек те, қаланың тал-теректеріне жауапты мамандар өңіріміздің климатына жерсіндірмек ниетте.

112 187 дана ағаш отырғызылады

Шымкентте көркейту мақсатында алда атқарылатын жұмыстардың ауқымы кең. Сондай-ақ, көктем мен күз маусымында қала аумағындағы саябақтар мен жол бойларына жалпы саны 112 187 дана қайың, үйеңкі, емен, қарағай, түрлі хош иісті ағаш көшеттері мен аршаның түрлері және қылқан жапырақты ағаш көшеттерін отырғызу жоспарлануда.
Бүгінгі таңда этносаябақ пен «Абай», «Тәуелсіздік», «Орталық» саябақтарына 3 мың данаға жуық Қырым қарағайы отырғызылса, әкімшілік іскерлік орталығы мен «Нұрсәт» саябағына 100 дана қылқан жапырақты Қырым қарағайы ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстары жүргізілуде.
Қала аумағын көктем маусымына дайындап, көркейтіп, көгалдандыру үшін 2015-2016 жылдар аралығының қыс маусымында бірқатар жұмыстар атқарылған. Көктем маусымында ерте гүлдейтін 90 300 дана голландиялық қызғалдақ тұқымы әкімшілік іскерлік аумағы мен «Қызғалдақ» су бұрқағы гүлзарына, қала әкімдігінің аумағына, «Ордабасы» алаңы мен «Кең баба» саябағының алдына отырғызылды. Ал биыл қаланы көгалдандырып, көріктендіру үшін сәуір айының 20-нан бастап қала аумағына 700 мыңнан аса жаздық гүл көшеттерін отырғызу да жоспарда.
Көктемнің күнінде тал егуге атсалысайық. Әрбір тұрғын тазалыққа ұмтылса. Өйткені, тазалық өз табалдырығыңнан басталады.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.