Оңтүстiктiң iнжу-маржаны

Пятница, 18 Март 2016 05:33 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4374 раз

Тегінде салт-дәстүрсіз ұлт жоқ. Қазақ халқының ата дәстүрі ұрпақтан ұрпаққа мұра болып, қанмен бірге біте қайнасып келеді. Ғасырлар бойы ұлттық құндылықтарымыз арқылы халқымыздың бет-бейнесі, таным-түсінігі көз қарашығындай сақталды. Ата-бабамыз «тал бесіктен жер бесікке дейін» әрбір атаулы күнді тіршілігінен тыс қалдырмаған. Ат беріп, айдар таққан. Игі дәстүрімізді «дәулет» деп бағалаған. Соның айғағындай Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы республикамыздағы алғаш рет ашылған бірегей нысанның бірі. Орталық Елбасының Оңтүстікке іс-сапары кезінде ашылған болатын.

12772040 575174979301485 744328942900533693 oӘдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығының өз ерекшелігі бар. Көз үйренген этнографиялық заттар мұражайдағыдай қойылмаған. Мұнда келушілер рухани-мәдени құндылықтармен танысып, ата дәстүрімізді тамашалай алады. Сондай-ақ ғылыми-зерттеу және әдістемелік жұмыстар жүргізіліп, баспа өнімдері шығарылады. Ғасырдан ғасырға жеткен әдет-ғұрып, салт-дәстүріміз кеңінен насихатталады. Тұңғыш рет ашылып отырған мекеме жастар мен жасөспірімдерге ұлтымыздың ұлағатты ісін, тәлім-тәрбиесін бойға дарытуда. Әсіресе кіреберістен жеті қазынамызға арналған мүсіндер келушілерді ойға жетелейді. Ер жігіттің жүйрік аты, қыран бүркіті, құмай тазысы мен берен мылтығы, қанды ауыз қақпаны ежелден сақталған. Қазынамыз атадан балаға мұра ретінде қалдырылған. Ал кисең киім, жесең ас, мінсең көлік болатын төрт түлік мал өміріміздің тыныс тіршілігі. Осыдан-ақ халқымыздың табиғаты мен жаратылысын танып түсінуге болады.

Сондай-ақ, орталықта «Достық» залы бар. Еліміздегі татулықтың темірқазығы іспеттес, Елбасының тікелей бастамасымен құрылған өңіріміздегі 20 этномәдени орталыққа айрықша көңіл бөлінген. Мұнда этностардың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрінен сыр шертетін экспонаттар қойылған. Сонымен қатар, қазақтың рухани құндылықтарын насихаттайтын этнограф, қаламгерлердің еңбектері ұсынылған. Әсіресе, «Қазығұрт» баспасынан шыққан «Ұлы Дала өсиеті» даналық сөздер антологиясының берері мол.

 DSC 1824 DSC 1831 

– Парасат пен пайым байыпты болғанда ғана салт-дәстүр, әдет-ғұрып өміршең бола алады. Оны қазіргі тұрмыста қолданыста жүрген салт-дәстүрлерден анық көре аламыз. Алайда кейбір кәделеріміз бен жөн-жоралғыларымыздың ұмытылып бара жатқаны рас. Бұл ретте барды құнттап, жоғалғанды түгендеудің жөні бөлек. Сондықтан бұл жинақтың мәні зор. Себебі, көнекөз қариялар азайып, ертегі мен аңыз айтатын ата-әжелердің қатары сиреді. Осы тұрғыдан жинақты игі жұмыс деуге болады, – дейді экскурсия жүргізушісі Жанат Айқынова.

Ашылғанына бір жыл уақыт болса да, орталық түрлі жобалар шеңберінде ауқымды жұмыстар атқаруда. Бүгінде мектептер, жастар саясаты, тілдерді дамыту мекемелерімен келісім-шарт түзілген. Рухани-мәдени бағыттағы 70 іс-шара өткізіліпті.

Екінші зал «Ұлттық салт-дәстүр» деп аталады. Иә, әрбір қазақ отбасы дүниеге келгеннен бастап, қарттық жасқа дейінгі аралықта көптеген салт-дәстүрлерді орындайды. Бұлардың бәрінде де жақсы тілек, ақ ниет ерекше орын алады. Ұзату, өмірге сәбидің келуі, кіндігін кесу, азан шақырып ат қою, бесікке салу, тұсауын кесу, ашамайға мінгізу, сүндетке отырғызу, қарттық жасқа дейін рәсімдердің барлығы қамтылған.

– Бала апыл-тапыл баса бастағанда жасалатын «Тұсау кесер рәсімі». Бұл – баланың алғаш өмірге қадам жасауына арналған ата-ананың қуанышты тойы. Ал тұсауды ел-жұртқа сыйлы анаға кестірген. Біреудің ала жібін аттамасын, ұрлық жасамасын, алаяқтықтан аулақ жүрсін деген ұғымда қаншалықты мән-мағына жатыр. «Баланы – жастан» дейтін қазақ бала тәрбиесіне үлкен мән береді. Бес жасында сүндетке отырғызып, азамат болды деп ашамай ерге мінгізеді. «Он үште отау иесі» деп, болашақ отағасы болуға ой-санасын қалыптастырады. Тіпті жыраулар философиясында да: «Болар елдің баласы он үшінде баспын дер, тозар елдің баласы отызында жаспын дер», деп ескертеді, – дейді мекеме қызметкері Ж. Айқынова.

Бүгінгі жаһандану дәуірінде салт-дәстүріміз бен әдет ғұрпымызды ұмытпай, жас ұрпаққа үйрету, оларды ұлттық құндылықтарымызбен тәрбиелеу парыз. Жастарды ұлтжанды етіп тәрбиелеу мақсатында орталықта сан алуан жұмыстар атқарылуда. «Қазақстан-Шымкент» телеарнасымен бірлескен жоба «Сарқылмас қазына» өз жемісін бере бастағандай. Ата-бабамыздың қанына сіңген асыл қасиетті орталық қайта жаңғыртып жатыр. Жоғарыда аталған «Бесік той», «Тұсаукесер», т.б. игі құндылықтармыз бүгінгі заманға сай қайта түрленіп, ортамызға қайта оралды. Зерттелген әдет-ғұрыптар кітап болып жазылып, арнайы таспаға түсірілуде.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.