Екi жақсы қосылса...

Вторник, 16 Сентябрь 2014 08:53 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3791 раз

Шымкент қаласы Абай ауданына қарасты АХАТ бөлімінде  атаулы күнге орай жарты ғасырға жуық отандасқан  Исабековтер мен Әбішевтер отбасы  қайтадан некеге тұрды. АХАТ бөлімінің қызметкерлері оларға салтанатты түрде  неке куәліктерін тапсырды. Ата-аналары мен ата-әжелерін құттықтауға  ұл-қыздары мен немерелері жиналды. Ал «жас жұбайлар» отбасы құндылықтары туралы ой қозғады. Жастық шақтарын еске алды.

Отбасы – әр адамның алынбас қамалы іспетті. Оның берекесі – ері мен әйеліне байланысты екені де даусыз. «Үйлену оңай, үй болу қиын». Кез келген адам екінші жартысын таңдар кезде мың ойланып, мың толғанатыны рас. «Жеті рет өлшеп, бір рет кесу» артықтық етпес. Сонда ғана өмірдің қиындықтарына төтеп бере алатын, елге сыйлы және бірін-бірі құрметтеп-дәріптейтін  отбасы болады. Ері әйелін, әйелі ерін сыйлаған отбасында бала тәрбиесі де ешқашан  әлсіреген емес. Қазақта «Жақсы әйел ерін төрге сүйрейді...» деген мақал бар. Бір-бірінің артықшылығын айтып, кемшілігін жасыра білген  жұптар жарасымды-ақ. Олар жұбайлық өмірді әдемі бастап, әдемі қартая да біледі.
Солардың бірі Исабековтер отбасы. Төлеген ата мен Вера апамыздың бас қосқанына биыл 47 жыл болыпты. 1967 жылдың күзінде  екеуі  үйленуге бел буып, шаңырақ көтерген екен. Соғыстан кейінгі қиын жылдарда екеуі де  талмай еңбек етіп, қиындықтарға  мойымаған. Бүгінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, төрт баладан 12 немере сүйіп отыр. Жастық шағында бейнетті көп көрген қариялар қазір зейнетте.
Әбішев Сайлаубек ата мен Керімқұлова Гуля апа 35 жылдан бері бірге. Үш баладан жеті немере сүйіп отыр. АХАТ қызметкерлері оларға да салтанатты түрде  неке куәліктерін табыстап, құттықтады.  Сайлаубек атаның айтуынша, отбасын құрған әрбір жан үйленерде «бақытты боламыз» деп мақсат қояры анық. Отанымыздың тұғыры мықты болуы үшін оны құрайтын отбасының  мықты болуы керек.
Абай ауданы АХАТ бөлімінің бас маманы Әйгерім  Абдуллаеваның айтуынша, отбасын құрғысы келетін жастар көп.  Ең қызығы, олардың арасында  егде жасқа келсе де, екіншісі жартысын іздеуден шаршамағандар да баршылық. Биылдың өзінде  жастары 60 пен 70-ті алқымдаған  төрт жұп некеге тұрды. Екі күміс және бір алтын той тойланды. Жалпы, некелескендердің саны – 833.  Көбінде 18 жас пен 24 жас аралығындағы қыз-жігіттер екен.   Оның 238-і бүгінде ажырасып үлгерген. Бұл – бір ғана Абай ауданы  көлемінде берілген мәлімет. Ал, облыс бойынша, жыл басынан бері 12 мың 511 адам некелескен. Өкінішке қарай, олардың 2 мың 138-і ажырасып кеткен.  Мамандардың айтуынша, некесі бұзылған отбасылардың басым бөлігін жастар құрайды. Әйтеуір, бір қуантарлығы  ажырасуға қарағанда отбасын құрып, некеге тұрушылардың қатары көп. Шымкент қаласы бойынша  соңғы  сегіз айдың ішінде  1606 адам некелесіп, оның 469-ы ажырасқан. «Тұяғы бүтін тұлпар жоқ, қанаты бүтін сұңқар жоқ». Адамдардың барлығын мінсіз деп айта алмаймыз. Ажырасу кезінде қателік екі жақтан да кетуі мүмкін. Оған әртүрлі жағдайлар себеп болады. Ажырасу  оқиғалары сүйіп қосылғандардың арасында да жиі орын алады екен. Оған түрткі болатын себептер көп. Ақшаның аздығы, баспананың жоқтығы, ішімдік пен есірткіге құмарлық, мінездің сәйкес келмеуі, бір-бірінің көзіне шөп салу, перзенттің жоқтығы, әлі отбасылық өмірге дайын еместігі, қызғаншақтық тағы да басқа түрлі өмірлік себептер отбасының бұзылуына әкеп соғады.  Отбасы құндылықтары мен тәрбиеге қатысты мәселелер қашанда өзекті.  Бұл туралы тек отбасы күні мерекесінде ғана емес, жиі  айтылып жүрсе игі. Өзгеге өнеге бола алатын  үлгілі отбасыларды жиі насихаттасақ, отбасын құрғалы жүрген және енді ғана шаңырақ көтерген жастарға  сабақ болары  даусыз.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.