Мәпелеңдер, қарт бiткендi аялап...

Пятница, 26 Сентябрь 2014 06:48 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3391 раз

Қазақта үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету ата-бабадан қалған тәрбиенің бір тарамы. Үлкен тұрғанда жарыса сөйлемеу, астың дәмдісін олардың аузына тосу, батасын алу, жолын кеспеу секілді көптеген құндылықтарды атам қазақ өз ұрпағының бойына сіңіріп келген. Алайда, бүгінгі таңда өркениетпен бірге дамимыз дей жүріп, тәрбие жағын әлсіретіп алғандаймыз. Әке-шешесін далада қалдырған, үйінен қуып шығатын безбүйрек баланың әрекетінен қарттар үйіндегі қариялардың қатары артып отыр. Шымкенттегі бұл мекемеде бүгінде түрлі ұлттың өкілдері өмір сүріп жатыр. Олардың дені қаракөз қазақтар. Өкініштісі, арасында балалы-шағалы, немерелі ата-әжелерді кездестіресің.

Қазақ үшін қарттар үйі ұлттық санаға сыймайтын жат ұғым болса, қазір етіміз үйренген. Перзенттеріне сыймай, көшеде қалған қарттардың пана іздеп барар жалғыз мекені осы жер. Онда жылы төсек, мезгілімен беретін  ыстық тамағы бар, басы сырқыраса қарайтын  дәрігерлер бар, зеріге қалса өткен-кеткенді әңгіме қылатын замандастары бар. Бірақ... отбасылық жылулық жетіспейді. Азан-қазан ететін немерелері жоқ. Жас шағында бейнет,  қартайғанда зейнет көрудің орнына немересін бір иіскеуге зар. Бұрынғы КСРО тұсында ХХ ғасырдың 50-60 жылдары құрылған бұл нысандар ауқаты төмен, еңбекке жарамсыз адамдардың тұрмыс деңгейін қолдау мақсатымен жұмыс істей бастаған екен. Бүгінде қажеттілікке айналды. Ата-анасынан безінгендерге жауапкершілік пен міндетті мемлекетке ысырып қою  оңтайлы шешім секілді. Шымкенттегі қарттар үйі 260 адамға арналған. Қазір мұнда 265 қарт тұрып жатыр. Соңғы бір аптаның ішінде мұндағылардың қатары тағы 6 адаммен толықты. 80 адамның жүріп тұруға шамасы келмейді. Ең қарт тұрғынның жасы 100-ге келген. Надежда Пугачева жуырда ғана өзінің туған күнін атап өтіпті. Түрлі тағдырлар тоғысқан бұл мекемеде бас қосқан ерлі-зайыптылар да жоқ емес. Биылдың өзінде 3 жұп  өмірін әрі қарай осы жерде бірге жалғастыруды жөн санапты. Тіпті, күйеуінің тегін алғандары да бар. Мұндағы қариялардың тағдырлары бөлек, бірақ мұңы бір.  Әрқайсысының өмірі өзінше бір шежіре.
Өзін Мұхтар Арысбаев деп таныстырған 66 жастағы қарияны уайым-қайғы 1998 жылдан бастап шырмап алыпты. Сол жылы өмірлік серігі дүние салды. Жағдайын жасап, шүйіркелесіп отыратын кемпірі дүниеден өткен соң, екі қызының қолында қалуды ар санаған.
Қазақта қызының қолында қалыпты деген ұят қой. Өзім Шымкенттегі пресс- автомат зауытында көп жыл бойы жұмыс істедім. Үкіметтен бір емес, екі үй алдым да қыздарымның атына аудардым. Сөйтіп, өзім «Қайнарбұлақ» саяжайындағы үйімде тұрдым. Денсаулығым сыр берген соң, ауруханаға да жатып шықтым.  Осы уақыт аралығында саяжайдағы үйімді тонап кетіпті. Қабырғасынан басқа ештеңе қалмаған. Жанашыр кісілердің айтуымен оңалту орталығына бардым. Сол жақтан қарттар үйін паналадым. Былтыр мамыр айынан бері осындамын. Қыздарым да, немерелерім де келіп тұрады. Нұрмұхамет, Аружан және Әдина деген немерелерім бар. «Ата, бізбен бірге тұрыңызшы!» деп жиі айтады. Мен оларға осында емделіп жатқанымды айтып, шығарып саламын. Есейе келе, өздері түсінетін болар, – дейді Мұхтар Арысбаев.
Жұман және Гүлзада Оңалбаевтар мұнда Бәйдібек ауданынан келген. Жұман ата перзент көрмеген соң, қарындасының ұлын жастайынан асырап алыпты. Алайда, ұлының мінезі жайсыз болғандықтан, 2005 жылы Гүлзада әже екеуі лажсыздан осында  келіпті. Өкінішке қарай, Гүлзада әже қазір науқас, аяқ-қолы істемейді. Үйіне сыйдырмаған баласы да өмірден озған.  Қазір бес немересі бар. Алды мектепті бітірген. Атасы мен әжесіне жиі келіп тұрады екен. Зейнет-ақысын жырымдап беретінін де  жасырмады.  
Қарттар үйінің директоры Мақсұтхан Дүйсебековтің айтуынша, мұнда өзіне-өзі қызмет көрсете алмайтын, түрлі себептермен алданып, үйінен айырылып қалғандар келеді.
– Кейбірінің балалары үйін сатып, Ресейге көшіп кеткен. Әке-шешесінің тұратын жері болмаған соң, пана іздеп осында келеді. Мұндағы қариялардың орта жасы 78-ді құрайды. Жыл басынан бері 16 адам қайтыс болды. Кейбірінің туыстары келіп, жөн-жоралғысымен мәңгілік сапарға аттандырды. Бізге жылына 213 миллион теңге бөлінеді. Ол дәріге, тамаққа, қызмет көрсетуге жұмсалады. 130 адам жұмыс істейді. Бізде монша мәселесі бітпес жырға айналды. 10 жылдан бері құрылыс аяқталар емес. 95 пайызы бітіп тұр. Енді асарлатып, кәсіпкерлердің көмегімен бітірсек жақсы болар еді. Бізге монша зәру. 265 қарттың тазалығы көкейтесті болып отыр, – дейді М. Дүйсебеков.
Мұндағы қамкөңіл жандар өздерін бақытты сезінетіндерін айтқанымен, кірпік астындағы кірбіңді жасыра алмайды. Жәутеңдеген жанар... Өз баласы өзегінен тепкен ата-ана... Күтімді қажет ететін қарияларды қажетсінбеген балалар...  Ақ сақалды қария мен ақ жаулықты ана Тәңірдің жазғанына  амалсыздан көнген.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.