Қазақтың генофонды Шымкенттен бастау алады

Пятница, 10 Октябрь 2014 09:18 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3877 раз

Шымкент – бірегей туындылардың, көз тартар көрікті мекендердің ордасы. Дәл қазір Шымқалада елімізде теңдесі жоқ  «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы» салынып жатыр. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен қолға алынған орталық алдағы уақытта көпшіліктің көзайымына айналары сөзсіз.

Шымкенттің ипподром аумағы ғажап мекен. Наурыз алаңы, «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы» мен тарихи-өлкетану мұражайы, одан ары қарай этнопарк Бәйдібек би ескірткішін жалғап жатыр. Осы игіліктің бәрі аз ғана уақыт ішінде пайда болды. Қала тұрғындарының, қонақтарының серуендейтін, рухани демалатын орны.  
Біз мұнда «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы» мен тарихи өлкетану мұражайының жалпы дизайнымен жұмыс жасап жатқан қазақ этнодизайнының негізін қалаушылардың бірі, профессор Аманжол Найманбайды (суретте) жолықтырдық. Ол облыстағы 15-ке жуық мұражай дизайнының авторы. Қызу жұмыс үстінде ағамызды әңгімеге тарттық.
- Қазақтың генофонды Шымкенттен бастау алады. Өйткені облыста  3 миллионнан астам халық тұрады. Салт-дәстүрге берік. Ұлттық құндылықтарымыз сақтаулы, – дейді Аманжол аға. –  Осы маңыздылықты ескерген болу керек облыс әкімі Асқар Исабекұлы идея тастап, ол бүгінде жүзеге асып жатыр. Мінекей, «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы» деген ешбір облыста жоқ дүние. Мұның Шымкентте бой көтеруінде үлкен маңыз жатыр. Қандай ұлт болсын ол дәстүрімен бағалы. Оңтүстік өлкесінің тамыры терең, салт-дәстүрге берік. Жалпы бұл ғылыми-зерттеу орталығы болады. Қазақ халқының ғана емес, өңірде тұратын 20-ға жуық ұлт диаспораларының да салт-дәстүрлері мен әдет ғұрыптары зерттеледі. Қажетті оқулықтармен, ақпараттармен толығымен қамтылады.
Ал тарихи-өлкетану мұражайының жаңа ғимаратының құрылысы аяқталған. Мұражайға 4 зал қарастырылыпты. Әр бөлменің өз айтары бар. Алдымен Оңтүстік Қазақстан облысының ерте дәуірдегі археологиялық мағлұматтары қамтылмақ. Одан кейінгісі этнографиялық бөлме деп аталады. Мұнда қазақтың ұлттық құндылықтары топтастырылады. Одан бөлек ХV-ХХ-шы ғасырдағы Қазақ хандығы және Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктер бейнеленетін бөлмелер болмақ. Мұражайға келушілердің қазақтың өткені мен бүгінгісінен толыққанды ақпарат алуына жағдай жасалады дейді мамандар.
– Жалпы  Оңтүстік – тарихи құндылықтарға ғана емес, әулие-әнбиелерге де бай мекен. Әнекей, елімізде теңдесі жоқ ескерткіш Бәйдібек бидің ескерткіші жоғарыда менмұндалап тұр. Оңтүстік жерінде Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи, Үкаш ата, Ысқақ баб, Ибрагим ата, Қарашаш ана секілді жалпы 20-дан астам әулие-әмбиелер бар. Біз сол әулиелердің тас мүсінін қалап, Бәйдібек би ескерткішінің маңына орналастыруды жоспарлап отырмыз, - дейді Аманжол Найманбай.   
Орталық пен мұражайға келіп, этнопарк арқылы Бәйдібек бидің ескерткішіне көтерілетін жол бүгінде көріктендіріліп, түнгі жарықтармен әспеттелген. Ал Наурыз алаңының артқы бөлігін алып жатқан бұрынғы Тұлпар көліне де қазір жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Лайсаң көл тазартылып, маңы абаттандырылуда. Бұл да қаламыздың көрікті демалыс аймағына айналғалы тұр.

P.S. «Үшінші мегаполис – Шымкент болуы тиіс...»  Иә, осы мақсатта қалада біраз шаруа атқарылды. Құрылыс қарқыны мұнымен тоқтамайды. Әлі талай жоба-жоспар қағаз бетінде сайрап жатыр. Көлемі 117 мың гектарды құрайтын алып шаһарды қайта жаңғырту оңай шаруа емес. Бұл үлкен жауапкершілікті талап етеді. Дегенмен қаланың көрікті әрі таза болуына әрбір тұрғынның қосатын үлесі мол екенін ұмытпауға тиіспіз.

Р. ҚОНАРБЕКҚЫЗЫ.

Последнее изменение Суббота, 11 Октябрь 2014 23:25
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.