Қоғамдық көлiк қызметiне көңліңіз тола ма?

Пятница, 19 Сентябрь 2014 08:31 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4052 раз

Шымкенттегі қоғамдық көліктердің қызмет көрсету сапасы сын көтермейді. Оның қызметін пайдалану – адам өміріне қауіпті. Бұл туралы ОҚО тұтынушылардың  құқықтарын қорғау департаментінде өткен дөңгелек үстел мәжілісі барысында айтылды.  Оған жолаушыларды тасымалдау  компаниялары өкілдері мен қоғамдық бірлестік және құзырлы мекемелердің  қызметкерлері қатысты. 

Қоғамдық көліктерге, олардың жүргізушілері мен кондукторларына  қатысты бірқатар сын айтылды. Сонымен қатар, таңғы және кешкі уақытта жолаушылар қатары артатын кезде  қатынау мүлдем қиын. Тіпті кейбірі, кешкі сегізден соң жүруін тоқтатады. Қаланың шетінде орналасқан шағынаудандарға жету үшін қалалықтар  бірнеше автобусқа мініп, үйлеріне әзер қайтады. Дөңгелек үстел барысында осындай мәселелер көтеріліп, көлік компаниялары басшыларының да уәжі тыңдалды.
Шымкенттіктерге 33 көлік компаниясы  1200 бағытта қызмет көрсетеді. Алайда, олардың барлығы дерлік қалалықтардың көңілінен шықпай отыр. Автобус жүргізушілерінің атына келіп түсетін арыз-шағымдар шаш етектен. Облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің қызметкері Бейсенкүл Қалдыбекованың айтуынша,  кемшіліктер өте көп.
– Автобустарда билет таратылмайды, жүру кестесі бұзылады, арадағы интервал сақталмайды, таңғы және кешкі уақыттарда уақтылы шықпайды. Жолаушылар оларды жарты сағаттап күтуге мәжбүр. Медициналық және техникалық тексерулер дұрыс жасалмайды. Автобус жүргізушілері жолда келе жатып, темекі шегеді, телефонмен сөйлеседі. Салонның іші лас, перделері кір. Ал, қысқы уақытта  автобус іші  суық. №52, 96, 121, 54, 125 бағыттағы көліктердің интервалы 30 минутқа дейін жетеді. Ал №4, 12, 17, 17В, 70, 76, 23, 9, 20, 8 бағыттағы автобустарда қызмет көрсету сапасы өте төмен. Кешкі уақытта тіптен жүрмей қояды. №5,26 автобустарда жағымсыз иіс бар, орындықтар кір, жыртылған. Жолда өзге автобустармен жарысады. Кондукторлар дөрекі, арнайы форма кимейді, билет таратпайды. Әрине, бәрін жаман деп айта беруге де болмас. Мәселен, №35,74 және 84 бағыттағы автобустардың жүргізушілері мен кондукторларын жолаушылар жиі мақтайды. Олардың қызмет көрсету сапасына риза, – дейді Б. Қалдыбекова.
«Өткір нұр» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Қазыбек Қоштаевтың айтуынша, бірлестік тарапынан жүргізілген сауалнама барысында жолаушылардың 90 пайызы автобустардың уақтылы келмейтіндігін айтқан.
Автобустардың жүру интервалдары  ұзақ. Жарты сағатқа дейін жететіні жасырын емес.  Біздің ұсынысымыз – арасы 7-8 минуттан болса. № 17, 17Б,70, 20 бағыттардағы автобустар кішкентай, іші толы болады. Қала халқының күн санап көбейіп отырғанын ескеріп, үлкен автобустар жүргізілсе екен. Халық жұмысқа барып, келер кездегі интервал уақыты аз болса деген ұсынысымыз бар. Жолаушылардың басым бөлігі  кондукторлардың дөрекілігіне шағымданады, – дейді Қ. Қоштаев.

Кондукторлар аялдамаларда адам жинау үшін бар дауысымен айқайлап, айналасындағылардың мазасын алатыны да жасырын емес. Мектеп оқушыларын мінгізбеуге тырысатындары да бар. Мамандар  БАҚ  өкілдерімен жүргізген рейд барысында бұған кезекті рет көз жеткізіпті. Мәселен, №17А  бағыттағы автобустың  кондукторы кешкі уақытта оқушыларды ішке кіргізбей қойған. Екінші есігі арқылы кіріп кеткендерін қуып шыққан. Автобуспен қатынап оқитын оқушылардың  қас қарайғанша  көлік күтіп тұруы – қауіпті екенін біле тұра осындай қадамға баруы  қынжылтады. Сол оқушыларды тілшілер  ақша төлеп, қас қарайған сәтте  таксиге отырғызып жіберуге мәжбүр болған.
Дөңгелек үстел барысында автобустарда жол жүру бағасының 50 теңгеге негізсіз көтерілгені секілді бірқатар мәселелер айтылды. Осы ретте, «Бек-Сервис» ЖШС-нің директоры Әбдісадық Қасымов өз уәжін ортаға салып, көлік компанияларында да бірқатар қиындықтардың барын алға тартты.
– Көлікті сағат секілді  жүргізу мүмкін емес. Ол бұзылады, жолда кедергілер болады деген секілді  мәселелер жетіп артылады. Автобустың ішін ластайтын да, пердені кірлететін де жолаушылардың өздері. Жолақысы қымбаттаған соң, кірісіміз де артты. Мойындаймыз. Бірақ, шығынымыз одан екі есе көп. Мәселен, қазір қысқа дайындалып жатырмыз. Ақ қар, көк мұзда сақадай сай болуы үшін бір автобусқа 500 мың теңге қажет. Ал, интервалға келер болсақ, жолаушылардың автобусты  жарты сағаттап күтетініне келіспеймін. Бізге тиесілі №34 автобус көлік ағыны көп  жолдармен жүреді. Онда жол-көлік оқиғалары да көптеп орын алады. Осыдан соң, интервал әрдайым сақтала береді деп айта алмаймын, – деді Ә. Қасымов.
Қалалық көлік және коммуникация секторының меңгерушісі Наурыз Сүгірәлиевтің айтуынша, 863 көлікке автоматтандырылған жүйе қойылған. Олардың қайда, қай уақытта кетіп бара жатқанын бақылап отыруға болады.
– Әзірге 23 бағыттағы автобустарға  GPS қойылмаған.  Олар өз есебінен бұл құрылғыны орнатады. Ал, кешкі сағат 19-20-ның арасында жүрмеген автобустардың жүргізушілеріне 10 АЕК айыппұл салынады. Жыл басынан бері айыппұл сомасы 250 мың теңгені құраған. Айыппұл мөлшері 20 АЕК-ті құраған кезде, 2012 жылы айыппұлдан 1 миллион 200 мың теңге түскен болатын. Тасымалдаушы компаниялар билет сатуға міндетті. Ішкі Істер органдары тарапынан  билет сатпаған кондукторға 2 АЕК  мөлшерінде айыппұл салынады. Ал, біздің тарапымыздан рейдке шығып, олардың жұмысы қадағаланатын болады. Автобус жүргізушілері  ереже бұзатын болса,  GPS көрсеткен мәлімет бойынша айыппұл төлейді, – дейді Н. Сүгірәлиев.  
Шымкентте жолаушыларды тасымалдайтын   көнерген көліктердің де бар екені жасырын емес. Мамандардың айтуына қарағанда, автобустар мен жеңіл көліктердің  қызмет көрсету уақыты 15-20 жылдан аспауы тиіс. Биыл жарты жылдың өзінде 1400 жол-көлік оқиғасы орын алған. Наурыз Сүгірәлиевтің сөзіне сенсек, 2012 жылы – 88, 2013 жылы – 162, биыл – 25 жаңа автобус сатып алынған.  Алдағы уақытта қоғамдық көліктер газбен жүретін болады. Жиын барысында қоғамдық көліктердің жолаушылар көңілінен шығып, сапалы қызмет көрсетуі үшін бүгіннен бастап кемшіліктерді түзеу қажеттігі айтылды.

Э. МЫҚТЫБАЕВА.

Последнее изменение Пятница, 19 Сентябрь 2014 09:08
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.