Бейбіт өмірді қадірлейік!

Пятница, 07 Ноябрь 2014 04:03 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5201 раз

Шымкент қаласының жастары белгілі қоғам қайраткері Бекболат Тілеуханмен «Ұрпақтар сабақтастығы» алаңында кездесті. Аталмыш шара «Жастар Отанға» партиялық жобасы аясында «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанатының облыстық филиалының ұйымдастыруымен өтті. Жиынға Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Оңалбай Аяшев, «Нұр Отан» партиясы ОҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары  Алмасбек Мамытбеков қатысты.

BEK 3Өзінің өмірлік тәжірибесіне сүйене отырып, тәрбиелік мәні зор әңгімесін бастаған Бекболат Тілеухан жастарға Тәуелсіздік, Отан, Отбасы, Мемлекетшілдік, Салт-дәстүр құндылықтары төңірегінде тұшымды ой-пікірлерін ортаға салды.
– Біз күні кеше қаймағы сыпырылған қазақ едік. Азаттығымыздың арқасында қазір етек-жеңімізді жиып жатырмыз. Бүгінде елімізде бейбітшілік, тұрақтылық бар. Сондықтан жастар осы уақыттың қадірін біліп, оқуға, білімге көп талаптанса нұр үстіне нұр. Сіздердің бойларыңызда әрқашан да жастыққа тән жалын болуы тиіс. Бізге қазіргі таңда отаншылдық рухы жоғары жастар ауадай қажет, – деді Б. Тілеухан.
Бүгінде еліміздегі  Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті қызметін атқаратын Бекболат Қанайұлы өз сөзінде жастардың санасы сергек, рухы берік болуы үшін спортпен тұрақты айналысуы керектігін айтты. Жүздесу кезінде Бекболат Тілеухан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп келе жатқан сара саясатының жемісті екенін айтып, Елбасының ерен еңбегін ерекше атап өтті.
– Мынадай алмағайып заманда елдегі тыныштықты бірқалыпты ұстап тұру оңай емес. Қараңыздар, мынау маңымыздағы Украинада не болып жатыр? Талай адамның тағдыры бүлікке оранды. Осының бәрі елдегі тұрақсыздықтың, бірлігі жоқ елдің көрінісі. Елбасымыз бүгінде халқымыздың бейбіт өмір сүруіне, азаматтардың алаңсыз жұмыс істеуіне кепіл болып отыр. Қазір кейбір сыңаржақ азаматтар Президентті сынауды машық қып алды. Анау деп, мынау деп дәйексіз әңгімелер айтып жатады. Біз бір нәрсені ұғынуымыз керек. Тыныштықтың қадірін сезіне білсек, барлық мақсатымызға жете аламыз. Мен бұл сөзімді саяси ойыншы ретінде емес, осы мемлекеттің тұрғыны ретінде, тоғыз ұл-қызды өсіріп отырған әке ретінде айтып отырмын, – деді Б.Тілеухан.
Екі сағатқа жалғасқан кездесуде жастар еркін пікір алмасып, көкейлеріндегі көп сауалдарға жауап алды. Жиында қоғам қайраткері шымкенттік жастардың ой-өрісіне, өз өнерлерін көрсеткен студенттерге алғысын жеткізіп, оларға қазақтың бірнеше халық әндерін шеберлікпен орындап берді. Жүздесу соңында институт ректоры Оңалбай Аяшев Астанадан келген мәртебелі қонаққа оқу орнының студенттері жасаған қазақтың үкілі домбырасын сыйға тартты.


Последнее изменение Пятница, 21 Ноябрь 2014 11:00
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.