Тұрақтылық тiрегi Избранное

Четверг, 30 Апрель 2015 04:28 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 3619 раз

Қай ел болсын тыныштық, бірлікті, бейбіт өмірді қалайды. Бұл – заңдылық, аксиома. Қантөгіс пен қырғынды, соғыс пен жанжалды қалайтын ел жоқ. Әрбір адамзат баласында елімізде тыныштық болсын деген ниет бары да анық.

13Осы орайда бағзы бабаларымыздың «Қызыр, қайда барасың? – Ынтымағы жарасқан елге барамын», деген сөзі текке айтылмағаны ойға оралады. Елін, жерін қорғау үшін қолына қару ұстап, небір сұрқай кезеңдерді көзімен көргендіктен ежелгі қазақтар осы сөзді қалдырған. Тәуба делік, бүгінгі ұрпақ, бүгінгі ел от пен оқтың ортасында емес.
Сонау зобалаң жылдары тағдырдың айдауымен елімізге пана іздеп қаншама жұрт көшіп келді. Соның бәрін де халқымыз бауырына басып, төрінен орын беріп, жүрегінен бар мейірімін бөліп берді. Жұпыны болса да үйлерінің бір бұрышынан орын тауып беріп, қолдағы бар дәмін ұсынып, ең бастысы, өз туғанындай көргенін өзге ұлт өкілдері үнемі айтып келеді.
Бірлік мерекесі дегенде, еліміздің егемендігін жариялаған тұсын айтпай кетуге болмас. Себебі, Қазақстан тәуелсіздігін алған жылдары тоқырау заманына тап келіп, елімізде жаңа реформалар жүріп жатты. Осындай алмағайып сәтте жайлы тұрмыс іздеп, өзге елге қоныс аударғандар да болды. Тіпті осы кезеңдерде бірнеше ұлт пен ұлыс өмір сүріп жатқан елімізге «не болар екен?» деп көзін тігіп, сырттай бақылап отырған елдер де болмай қалған жоқ. Дегенмен, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың байсалды саясатының қолдауымен біз алыс көкжиекке бағыт түзеп, даңғыл жолымызды жоспарлай білдік.
Сол жемісті жолдың арқасында бүгінде елімізде 100-ден астам этностың өкілдері бір тудың астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Елімізде тіліне, дініне, нәсіліне қарамастан, барлық азаматтарға тең мүмкіндік жасалуда. Олардың бәрі де бірдей дәрежеде білім алып, еңбек етіп, тіршілік етуде.
Мәселен, қазіргі таңда елімізде 15 тілде 60-тан астам этникалық ақпарат құралы, оның ішінде 34 мерзімді баспасөз бен 30-ға жуық сайт тұрақты жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ, орыс, неміс, өзбек, ұйғыр, корей театрлары бар. Бұдан бөлек 200-ге жуық жексен­білік мектепте 30-дан астам этностың ана тілі оқытылады. Ақиқатын айтқанда, әлемде дәл осылай барлық этностарға жан-жақты қамқорлық жасап отырған Қазақстандай ел өте аз. Сол себепті де, бүгінде бірлігі мен тірлігі жарасқан тәуелсіз елімізге қызыға қарайтындардың қатары көп. Әрине, жетістіктердің бәрі де елдегі татулықтың арқасында жүзеге асып отыр.
Қазақстандағы ынтымақ пен бірліктің ұйытқысы, ол – Қазақстан халқы Ассамблеясы. Ешбір баламасы жоқ бұл ұйым қазіргі күні қоғам мүшелерін барлық қырынан біріктіре алатын ықпалды органға айналды. Аталмыш орталық еліміздегі бейбітшілік пен рухани келісімнің нағыз ордасы болып отыр.
Мемлекет басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаев нақты атап көрсеткендей, қоғам­дық келісім – бұл біздің ең басты құн­ды­лығымыз саналады. Ол – еліміздегі барлық жетістіктер мен табыстардың бастауы. Шын мәнінде, «келісім – тұрақтылық – бірлік» үштағаны мемлекет дамуының және Елбасы сая­сатының ең басты қағидасы. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Ассамблеясының ХХІ сессия­сында айтқан: «Барлық қазақ­станд­ықтар – бір туған жердің балалары. Біздің бәрімізді бір мәселе толғандырады – бүкіл Қазақстан халқының әл-ауқаты. Біздің бар­лы­ғымызда бір-ақ мақсат бар – бә­рімізге ортақ Отанымыздың гүл­денуі» деген сөзі кемел келешекке деген сенімімізді нығайтатыны сөзсіз.
Тәуелсіз Қазақ елінің ендігі мақсаты – әлем­дегі дамыған 30 елдің қатарына қо­сылу. Бұл орайда ел президенті мемлекетіміздің мәңгілік мұраттарын белгілеп, мақсатымызға жету жоспарын, нақты жоба-жоспарларын айқындап берді.
Ендігі ретте еңсесі биік, іргесі берік ел болуы­мыз үшін Қазақстанды Отаным деп санайтын әрбір азамат бұл ортақ мақсатқа өз үлесін қоса білуі тиіс. Байлық та, бақыт та бірлікте екенін әрдайым есте ұстау қажет. Себебі, халықтың бірлігі, бұл біздің ең қасиетті қазынамыз – Тәуелсіздігіміздің басты тірегі!

С. АЙБАР

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.