Дулат ИСАБЕКОВ:Оңтүстiктi сағынсам – Мархабатты оқимын

Пятница, 22 Май 2015 10:40 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4303 раз

Мен Оңтүстіктің иісін сағынсам – Мархабаттың шығармаларын оқимын. Оңтүстіктің табиғатын аңсасам – Мархабаттың кітаптарын ақтарам, тек Оңтүстікте ғана кездесетін адамдардың мінез-құлықтарын жымиып отырып бір еске түсіргім келсе – пәйкел аралағандай Мархабаттың әңгімелерін парақтап өтсем, бала кезде есітіп, ұмытыла бастаған оңтүстіктің сөздерін еске түсіргім келсе, оларды да Мархабаттан табамын. Оның әрбір жаңа шығармасы жарыққа шыққан сайын өзіме таныс адамдардың тіршілігімен тағы бір қауышатын болдым деп ол шығармаларды оқып шыққанша асығам. Оның алғашқы жолдарынан-ақ іздегенімді тауып, бірде жымиып, бірде еріксіз езу тартып, енді бірде тұншыға күліп алам. Бірақ ол юморист те, сатирик те емес. Оның шығармаларындағы адамдардың мінез-құлықтары мен қылықтарының өзі күлкі шақырып тұрады. Өйткені, өзімен біте қайнасып кеткен ауылдастары мен аудандастарының өмір салтын әбден біліп алғандықтан, олардың іс-әрекеттеріндегі күлкілі сәттерді Мархабат аттап өте алмайды. dullatt

Юмор – жазушының ғана емес, бүтін бір ұлттың мәдени деңгейін таныта алатын көркем әдебиеттегі басты құралдардың бірі. Жас ұлғайған соң адамды елі мен жері, өскен ортасы өзіне қарай тарта беретін болса керек. Маған алыс, жақын шетелдердегі әйгілі теңіз жағалауларында демалғаннан гөрі, Қараспандағы Талғат інімнің фазендасына барып, ағып жатқан судың ағысымен арпалысып, ары-бері жұлқылап тұрған бір тал көк шөпке қарап отырудан қызық ешнәрсе жоқ. Көршінің есегі ақырады, оған қосылып дәл құлағыңның түбінен Талғаттың есегі де ішін тартып аңыратып қоя береді.

Өрістен қайтқан сиырлар мөңірейді, қасыңда жайбарақат жатқан ит бүйіріне біз сұққандай кенет орнынан атып тұрып, ауланың тұсынан өтіп бара жатқан бөтен сиырды абалап қуа жөнеледі де, оны ұзатып салғанына мәз болып, қасыңа қайта кеп жайғасады. Алыстан әлдекімді шешесінен айызы қанғанша боқтап жатқан әлдебір ер адамның ашулы дауысы естіледі... Жетпістен асып қалған жасыңда табан асты кері шегеріп, баяғы бала кезіңе қайта әкеп тастайды.

Оның бәрі Мархабат Байғұттың шығармаларында шашылып жатыр. Ол ауылын жаза отырып, бүкіл бір ұлттың келбетін, болмысын айнытпай суретке түсіріп, «Міне, біз осындаймыз» деп өзгелерге мақтанышпен паш етіп тұрғандай. Мархабаттың өз табиғаты қандай болса, оның шығармалары да соған сәйкес биязы, мәдениетті, астарлы да қатпарлы. Топ ішінде отырып, әлдекімнің байқамай айтып қалған ұтқыр сөздері мен күлкілі сәттерін қалай қалт жібермей соған сәйкес күлкі аралас реплика тастап отырса, ол өз шығармаларының әйтеуір біреуінде осындай сәттерден жиынтықталған мінездер мен сөздерді кезекті бір әңгімелеріне арқау ететіні сөзсіз. Мархабат жетпіске толып қапты. Қуанасың ба, қимайсың ба? Әрине, аман-есен жетпіске жетіп, осы өмірінде талай-талай тартымды шығармалар, өзекті драмалар жазып, қалың оқырмандарын қуантқанына қуанасың. Қимайтының, оның да жастық шағы өтіп, кекселікке бет түзегені. Бірақ, мен үшін ол әлі баяғы Мархабат. Мен үшін оның жазуы да, өзі де, бітім-болмысы да өзгермеген, сол баяғы жастық жалыны бәсеңсімеген, жымия күлген жарасымды күлкісі де жоғалмаған Мархабат боп елестейді де тұрады.

Оның тойына қатысуым керек-ақ еді. Сәті түссе «Пістеліні» тағы бір көргім-ақ келіп еді. Амал не, дәл осы кезде сонау Лондондағы «Орзу Артс» театры Өзбекстанның шақыруы бойынша Ташкент шаһарына гастрольдік сапармен келіп, менің өткен жылы Ұлыбританияда қойылған «Өкпек жолаушы» («Транзитный пассажир») пьесам бойынша қойылған спектакльді екі-үш күн бойы көрсетеді екен. Оған бармасам театр басшыларының өкпелері қара қазандай болғалы тұр. Өзің «Егемен Қазақ-стан» газетіне мына ағаң туралы «Аға досқа арзу хат» деп тамаша мақала жазып едің, сол сияқты «Іні-Досқа» осы бір үшбу сәлемімді жолдап, өзіңді 70 жылдық торқалы тойыңмен құттықтаймын!

Қаламың мұқалмасын, Оңтүстіктің иісі бұрқыраған шығармаларыңды жаза бер! Елің де сенен осыны күтеді. Мен де.

Последнее изменение Пятница, 22 Май 2015 10:50
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.