Теңiздей терең Мархабат

Пятница, 22 Май 2015 10:50 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4053 раз

2012 жыл. Қаңтар айының сегізінші күні. Жексенбі. Таңертең. Көшеде халық сирек.
Таңғы аяз бет қариды. Аялдамада көлік күтіп тұрғандар тоңғандарынан тосын қимылдар жасап, қыздырынғысы келеді.
… Осындай қыстың аязды таңында жолға шыққан Мархабат кеше ғана шағым айтып телефон соққан азаматпен «Егемен Қазақстанның» атынан кездеспекке бара жатқан кезі еді бұл жүріс. «Кейін келіңіз, дүйсенбіде жолығайық» деуіне де әбден болатын-ды. Алайда адам тағдырын бірінші кезекке қоятын Мархабат олай ете алмады. Қарлығаштың қанатымен су тасығанындай болса да, адамға көмек қолын созуды парызым деп санаған ол Желтоқсан мен Қ.Рысқұлбеков көшесінің қиылысындағы кеңсеге де келіп жетті.
Мархабатыңыз осындай жан. Адам тағдыры десе, қоғамның кейбір менменшілдерінен қиянат көргендер болса, қаламын қолына алып, қас батырларша қаһарлана шығатын шақтары аз емес. Халық, қалың жұртшылық осы мінезі үшін де, осы қайсарлығы үшін де аға газеттің аға жорналшысын жақсы көреді, құрмет тұтады.
«Егеменнің» бір бетін алып, әйдік мақала шықты. Авторы кім дейсіз ғой? Мархабат Байғұт. «Беретінін бермесең…» деп аталады. Оқыдық. Бүгінгі өмірді соншалықты дәл Мархабатша жазу осындай болу керек шығар. Қоғамды жайлаған, тіпті асқынған дерт көз алдыңа бар болмысымен тұра қалады. Ішті қазандай қайнататын дерт, оған қарсы күресуде небір мүйізі қарағайдай тәртіп сақшыларының дәрменсіздік танытатыны, тіпті «алтын көрсе періштенің жолдан тайғанындай» өздері соңынан еріп кететіні мақалада кестелі оймен көркемделген.
«…Бәріміз жабылып жүріп, әзер дегенде кенже қызымызды оқытқан ек… (дейді Мархабатты ақ қар, көк мұзда ағалап шақырған әлгі жігіт. Автор). Бізден де бір оқыған адам, жоғары білімді маман шықсыншы деп. Екі жыл болды бітіргеніне. Қайда барса да қабылдамайды. Бүкіл аудан көлемінде біздің қыздың мамандығы бойынша талай-талай орындардың босағанын, талай-талай қыздардың қабылданғанын жүдә жақсы білеміз. Бірақ, біздің қызды алмайды. Шешесінің шашы ағарып бітті. Бірдеңе беру керек екен дейді. Жүдә жоқ емеспіз, біраз қара-құрамыз бар. Кімге, қалай берудің ретін таппаймыз. Түсінесіз ғой сіз. Бізді. Ауданға айта аласыз ба? Беретінін берер ем…», – дейді.
Тілші, жазушы, қоғам қайраткері Мархабаттың алдына келіп, көмек сұраған, әбден барар жер, басар тауы қалмаған бейбақ, амалы жоқтығынан. Мархабат ағасының ондайға жоқтығын, қаруы тек қалам екендігін қайдан білсін. 66 жыл өмірінде біреудің ала жібін аттамаған Мархабат, бірде-бір әкімге мұндай мәселе жөнінде аяқ баспаған Мархабат әлгі інісінен қинала кешірім сұрап, шығарып салады.
«Беретінін бермесең…», «Беретінін берер ем…» ауруының асқынған жақтары да осы әкімдердің айнала төңірегінде тұтасатынын түсініксіз деуге әддіңіз кем-дүр. «Командалық» әдіс кесепатқа айналған жерлер жетіп-артылады. Кадрлар іріктеу мен тағайындауда мемлекетшілдікті, елшілдікті, отаншылдықты ойлау емес, келешекті кемелдікпен көздеу емес, көрешекті ғана күйттеп, тек өзіне, өздеріне өлердей берілгендерді «беретінін беріп тұрғандарды», «науаша құятын» құлқындарды өсіретін өзімшілдік дерт дендеді…» Қазіргі өміріміздің келеңсіз көрінісін, ащы шындығын Мархабатша жеткізе білу екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа. Ол өзіне ғана тән көркем тілді көкжиегі кең көркем оймен толықтырып, бүгінгі билік басындағылар мен оған барғыштарды тәубесіне келтіретін, имандылыққа, адалдық пен тазалыққа шақыратын «Беретінін бермесең…» мақаласы арқылы небір кемеңгер ғұламалар айта бермейтін, небір көзсіз батырлар соқтыға бермейтін, қоғамдық маңызы аса зор мәселені ортаға салып, адамзатқа жүрек талмасынан да қауіпті осы дертті сылып тастауға бүкіл елді шақырып отыр.
Мархабаттың журналистика саласындағы бір қыры осындай. Екінші қыры – жазушылығына қадам басалық.
Түлкібас ауданын тұтас Швейцария деп атайды. Швейцарияның қандай екенін көрмедік, ал көргендердің аузының суы құриды. Міне, осындай ғажайып, керемет өңірде өмір есігін ашқан Мархабаттың жазушы болмауы мүмкін емес сияқты. Ал, Пістеліні көрсең, оның тамаша саф ауасын жұтсаң, биік жоталарында сайран салып ойнасаң, доланасының тәтті дәмін татып, пістесінің тіл үйірер дәнін шақсаң, жәннаттың қақ төрінде отырғандай сезінерің хақ. Мархабат жаныңды тебірентер таңғажайып табиғаттың мөлдірін жүрегімен түсінген, оны аяулы анасындай аялай білген, туған жерінің тұнығын бойына сіңіре білген азамат.
Сондықтан да жас шағынан-ақ қолына қалам алып, ой өрнектерін қағаз бетіне түсіре білді. Бала жүректің балапан сезімдеріне толы қарлығаш хаттар Пістелінің биігінен алғаш рет қанат қағып ұшқанына сәл-пәл ой жүгіртсең, жазушы Мархабаттың қайдан пайда болғанына қаныға түсесің.
Бұл күндері сол қанат қатайды. Қатайып ғана қоймай, ыстықтағандарға салқын самал сыйлады, күнге күйгендерге көлеңке болды, дауылдатқан борандарда қалқанға айналды. Қазақтың қарапайым сөзінің бал-шырындарын халқына рухани азық ретінде тарту етті.
Мархабат Алматы мен Астанада тұрмай-ақ қазақ әдебиетінің танымал тірі тұлғалары Әбдіжәміл Нұрпейісовтің, Шерхан Мұртазаның, Дулат Исабековтің, Бексұлтан Нұржекеұлының, Төлен Әбдіковтің қатарларынан ойып тұрып орын алған, әбден орныққан, халық мойындаған жазушы.
Мархабат Байұттың әр жылдары жазған «Дауыстың түсі», «Қорғансыз жүрек», «Ақпандағы мысықтар», «Алмағайып», «Шілде», «Сырбұлақ», «Интернаттың баласы», «Нәуірзек», «Ауыл әңгімелері», тағы басқа кітаптары суреткердің биік тұлғасын кең байтақ елімізге мәшһүр еткен шығармалар. Оның қай дүниесі болса да халыққа түсінікті әрі жеңіл, көркем тілмен өрнектелген. Мархабаттың арлы, кіршіксіз таза қаламынан өмірге жолдама алған әңгімелері мен повестері оқырмандар қауымына риясыз қызмет жасап келеді. Оның шығармаларында қылаудай да жасандылық жоқ. Нағыз өмір. Табиғилығы соншалық, шығарма қаһарманымен бірге жүресің, бірге тұрасың, бірге қуанасың, бірге қайғырасың. Жазушыға, шығарма авторына бұдан артық бақыттың керегі де жоқ. Осындай зор қошеметке ие болып отырған жазушыларымыздың бірі әрі бірегейі де Мархабат.
Ал, «Әдебиет пәнінің періштесі» атты классикалық повесінің негізгі кейіпкері — жалындаған жастық шағында, кездейсоқ жағдайда өмірден озған, болашағынан үлкен үміт күттірген ұлы Баубек. Тұраркент пен Азаттық арасы небәрі 4-ақ шақырым. Осы жол Баубек үшін азап жолы, өлім жолы болды. Повесті «толқымай, тебіренбей, тітіркенбей, түршікпей оқу мүмкін емес», – деп жазады жазушы Сайлаубек Жұмабек. Сайлаубекше айтқанда оның әрбір жолдарын көзіңе жас алмай, табиғаттың дүлей күшіне өшпенділігің арта түспей оқи алмайсың.
Мархабат «Әдебиет пәнінің періштесіне» барлық махаббатын, сүйіспеншілігін арнағаны шығарманың өн бойынан асқақ сезіліп тұрады. Бұл повесть қанша трагедияға, мұңлы сезімге, тулаған шерге толы болса да қазақ әдебиетінің мақтанышына әлдеқашан айналды. «Ана тіліміздің ең мәйектерін тауып, ұлтына ұсынуы, – дейді пешенемізге сыймай, дүниеден ерте кеткен әдебиет майталманы Сайлаубек Жұмабек. Мархабаттың шығармашылығына сараптама жасағанда, – тіліміздің тереңдігін, ғажайып сұлулығын, кіршіксіз тазалығы мен мөлдірлігін жеткізуі оны хас таланттың иесі екендігін шүбәсіз дәлелдейді». Мархабаттың жазушылығын қанша дәріптеп айтқанменен дәл Сайлаубектей жеткізе алмаған соң, екінші қырына беретін сипаттаманы осы жерден доғара қойғаным жөн болар.
Мархабат – белгілі қоғам қайраткері. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Оңтүстік Қазақстан облысының, Бәйдібек, Түлкібас аудандарының Құрметті азаматы. Бұл атақтар оған тегіннен-тегін, бостан-босқа беріле салмаған. Еліміздің қоғамдық жүйесінің түрлі салаларына белсене қатысып, жастар, өзі қатарлас құрбы-құрдастар арасында мәдениеттілік, парасаттылық, адалдық пен тазалық, отансүйгіштік, тәлім-тәрбиелік тақырыптарда өткізген әңгіме-дүкендері өте қызықты, әсерлі әрі мазмұнды болатынына талай рет көзіміз жетіп, куәсі болғанымызды мақтан етеміз. Оқырмандармен болатын сан түрлі кездесулерде білім мен ілімнің қазынасы, қайнар көзі кітап туралы айтқан орамды ойлары баршамыздың жүрегіміздің тереңінде жатқан нәзік сезімдерімізді оятып, жастарды жігерлендіріп, білімге құштарлығын арттырып, ой-санамызға ізгіліктің нұрын себелейді. Әлемде адамның жан-дүниесіне азық болар имандылықты, ибалықты, рухани тазалықты уағыздайтындар адами қасиеттің ең ұлыларын еншілегендердің қатарына қосылады. Біз әңгіме етіп отырған Мархабат — осындай дәрежеге көтерілген тұлғалардың бірі.
Облысқа әкім болып тағайындалған Асқар Исабекұлы Мырзахметов ең алғашқы халықпен кездесуін қасиетті Түркістан қаласында «Ырыс алды – ынтымақ» жиынынан бастағаны баршамызға мәлім. Осы жиынды тұңғыш жүргізген, содан кейін тұрақты иесі атанған да Мархабат Байғұт еді. Қазір «Ырыс алды — ынтымақ» форум дәрежесіне көтеріліп, оның әр қалалар мен аудандарда ізбасарлары өмірге келді. Облыста атқарушы хатшылық Махаңның еншісіне тиді.
Иә, қарапайым халыққа рухани азық болар, қалың елге ой салар әсерлі кездесулер мен үлкен жиындарда Мархабаттың шешіле сөйлеп, елдің еңсесін көтеретін, билік басындағылар мен қалталы қазақтарға тәлім-тәрбиелік өткір сөздері шын мәнінде оның шешендігін, парасаттылығы мен мәдениеттілігін, азаматтығын дәлелдей түседі.
Мұхиттай терең ойдың иесі – Мұхтар Әуезов екендігіне көзіміз әбден жеткен болса, ал, теңіздей терең ойдың иесі – Мархабат Байғұт екендігіне ешкім де шүбә келтіре қоймас.
Иә, Оңтүстікті Мархабатсыз, Мархабатты Оңтүстіксіз ойға елестету мүмкін емес. Өйткені, бұл екі есім қаншама дараланып тұрса да біріне бірі қуат беріп, бірін-бірі толықтырып тұр.

Байдулла ҚОНЫСБЕК,
Қазақстанның Құрметті
Журналисі

Последнее изменение Пятница, 22 Май 2015 10:53
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.