Ешкiмге ұқсамайтын жазушы

Пятница, 22 Май 2015 10:53 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 6016 раз

Қоғамдық дамуымыздың әралуан саласына ой толғайтын, тәрбиелік мәні үлкен, заманның шынайы келбетін танытатын әңгімелер мен повестер жазуда проза жанрынан өзіндік орнын танытқан талантты жазушы Мархабат Байғұттың миллиондаған оқырманының біріміз. Тіпті, жаңа туындыларын іздеп жүріп, мерзімдік басылымдардағы мақалаларын, шығармаларын баспахана бояуы толық кеппей жатып оқитын «ауруға» шалдыққандардың өзіміз. Мархабат ағаға еліктеп, мақала жазу стилімен ұқсап баққысы келетін жас журналистер қаншама. Оқырманы ретінде жазушының еңбектері жөнінде жеке пікірімізді білдіріп, жазғымыз да келген. Жетпіс жылдық мерейтойы қарсаңында. Жасыратыны жоқ, жүрексіндік. Сұхбаттасудың да сәті түспеді.

Әйтпесе, «Шілде», «Сырбұлақ»,  «Интернаттың баласы», «Нәуірзек» атты жинақтарын оқығанда еліктегіш, әсершіл де жаңашылдыққа құмар жаста болатынбыз. «Нәуірзектен» оқыған «Патефон», «Таудағы андыз» повестерін бертініректе басылған «Қозапая» жинағынан қайта оқып, жадымызда жаңғыртумен қатар ертеректе аңғара қоймаған қырларына қаныққанбыз. «Дауыстың түсі», «Қорғансыз жүрек», «Ақпандағы мысықтар», «Алмағайып»... Ал, «Машаттағы махаббат» шығармасы ше?! Кейіпкерлері таныс, маңайыңдағылардың біріне ұқсайтын, өмірдегі шындық оқиғалардың шыншыл тұлғалары. Жалпы, жазушының қай шығармасы болсын жалықтырмай, үнемі ілгері жетелеп отырады. Оқиғаның ортасында жүресіз, кейіпкеріңізден көлеңкесіндей қалмайсыз. Мархабат ағаның «Интернаттың баласы» повесінен жасөспірімдер өмірін, өсіп, қалыптасу сәттеріне куә боласыз. Повестің негізгі идеясы жас адамның қалыптасу кезеңіндегі жақсылыққа, ізгі қасиеттерге деген ұмтылысы, өмірдің күңгірт жақтарымен өз жасына лайық дәрежеде күресе білу екеніне көз жеткізесіз. Типтік бейнелер қақтығыстар мен
іс-әрекеттер арқылы берілсе, әрбір образ оқырманына ұшқыр детальдар мен шымыр диалогтар құру арқылы жеткізіледі. Есіңізге түсіріңізші, он төртінші бөлмедегі өмірге құштар кейіпкерлерді. Тәжен Ошаев сергек, сабаққа зейінді, қоғамдық жұмыста ұйымдастырушы, ал, жетінші сынып оқушысы Бақажан достыққа берік, адамгершілігі мықты, одан бір сынып жоғары оқитын Көшен өнерге жақын, дарынды, тоғызыншы сыныпта оқитын Жақсылық болса көркем әдебиетті көп оқитын, биология, география пәндеріне баса назар аударатын салмақты, табанды оқушы, Ырысбек салмақты да сабырлы бала. Он төртінші бөлмеге жаңа оқу жылында келіп қосылған екі оқушының бірі Ноқтабай да екіншісі – Еркінбек Ермекбаев. Повестің осы кейіпкерлері алтыншы және сегізінші сыныптың оқушылары болса да сөзге шешен, айтылатын жауаптарын саралап, нақтылап жеткізе біледі. Сондай-ақ, «Таудағы андыз» повесіндегі екі оқушы бала Бауыржан мен Оқастың балалық шағынан есейіп қалыптасуына дейінгі өмір құбылыстары, дүниеге көзқарастары шебер суреттеледі. Кейіпкерлердің мінез-болмысын іс-әрекет үстінде, сөйлеген сөздері арқылы білесіз.
«Қозапая» жинағындағы «Ақ орамалды қыз», кешегі кеңестік дәуір тынысы дерсіз. Алайда, бүгінгі баланың бойынан сондай еңбекқорлықты, намысқойлық пен бауырмалдықты, талпынысты таппайсыз-ау, өкінішке қарай. Жетінші сыныптың баласы бүгінде жүгері жекелеуге жарай қоймас. Жазушы сол кезеңдегі оқиғаны шығармасына арқау ете отырып, бүгінгі буынды терең ойға қалдырады. «Жемелек» әңгімесіндегі жылылық, тілге жанашырлық, ұлтжандылық, «Өлімнен қашқан респондент» өтпелі кезеңдегі пенделердің тіршілігі. Ал, осыдан отыз жыл бұрынғы оқиға суреттелген «Мәшине мәселесі» әңгімесінің кейіпкерлерін Ұлы Жеңістің 70 жылдығында да кездестіресіз. Мәшине мінгіземін деген Алматы облысындағы бір аудан әкімінің уәдесі шеңберінде туындаған соғыс ардагерінің өкпе-ренішін кешегі мереке қарсаңында естіп, жазушының әңгімесі еске түскен-ді. Жалпы бұл жинақтағы әрбір әңгіме мән-мағынасы терең, оқырманға ой салар, дүниетанымын кеңейтер дүниелер. Жуырда «Жас Алаш» газетінен ақын Темірхан Медетбектің «Мархабат мақамдары» атты мақаласын оқыдық. «Тағы бір айта кетерім, Мархабат Байғұт стилі де, мәнері мен мақамы да ешкімге ұқсамайтын жазушы. Тілдік аясы да, оны қолдана білуі де бөлек. Бізде қасаң түсінік бар ғой: жергілікті жерлерге ғана тән жаргон мен диалектілерді тек кейіпкерлер диалогында ғана қолдану керек дейтін. Мархабат мұндай жөнсіз санитарлық түсініктің быт-шытын шығарады. Ол кейіпкерлерін бір мақаммен сөйлетіп, өзі бір мақаммен сөйлеп жатпайды. Кейіпкерлер қалай сөйлесе, өзі де солай сөйлейді. Бөлінбейді, жарылмайды. Тұтас! Тағы да олар таза оңтүстіктік мақамдар! Мархабат мақамдары!», – депті сөзінің соңында Темірхан Медетбек.
Ағалардан асырып айта алмаспыз, жоғарыда «жүрексіндік» деуіміз де сондықтан. Дегенмен, оқырманы ретінде Мархабат Байғұттың шығармаларынан алған әсер, ойларымызды көппен бөлісуді, сыр-сұхбат алуды уақыт еншісіне қалдырайық. Әзірге, жазушының «Оқу залы» кітабын қолға алып, «көркемдік жағынан болсын, орындалу шеберлігі жағынан болсын кім-кімді де тәнті ететін (Т.Медетбек)» әңгімелерін оқып, танымымызды тереңдете түскенді жөн көрдік. Сондай-ақ, өз замандастарының, жазушы-ғалымдардың Мархабат аға туралы еңбектерін жариялап отырмыз. Жетпіс жасқа толған мерейтойыңыз құтты болсын, Мархабат аға! «Шымкент келбеті», «Панорама Шымкента» газеттерінің ұжымы сізге ұзақ ғұмыр, денсаулық, шығармашылық табыс тілейді!
Еркін ДОСЫМБАЙ

Последнее изменение Пятница, 22 Май 2015 10:54
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.