Мархабат Байғұт болмысын бағамдау

Пятница, 22 Май 2015 10:54 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 9798 раз

Мархабат Байғұт ағамыз алғашқы әңгімелерін жиырмадан асқан жас жігіт шағында жаза бастаған. Әңгімелерінің жариялана бастауы жетпісінші жылдардың алғашқы жартысы деуге келеді. Жазушы бүгінде республика деңгейіндегі танымал суреткерге айналған. Алғашқы жинағы 1978 жылы жарық көріп, бүгінге дейін отызға жуық кітабы шығып үлгерді.
Жазушы талантын атақты жазушы, ғалым Тәкен Әлімқұлов мойындап, ол туралы: «Мархабат – тұңғыш әңгімелер жинағымен-ақ танылып үлгерген жазушы... «Оңтүстік Қазақстан» газетінде істей жүріп, неғұрлым нақтылыққа, қысқалыққа машықтанған. Көркем туындылары өз табиғатынан бастау алады. Тәржімашылдығы да тәнті етеді», – деп жазады. Заңғар жазушы, ұлт мақтанышы Шерхан Мұртаза ағамыз да Мархабат Байғұтты қаламгер ретінде құрметпен атайды: «Жазушы Мархабат Байғұт облыста тұрады. Астанадан да, Алматыдан да алшақ... Талай-талай құнды, көркем кітаптардың авторы». Замандастары тарапынан көрнекті жазушы ретінде бағаланған Мархабат Байғұттың әңгімешілдігі мен әңгіме жазудағы шеберлігі арнайы зерттеу жұмысының мазмұны болуға лайық. «Мархабаттанудың» негізі қалана бастағанына да біраз жылдың жүзі болды.
М. Байғұт 1945 жылы 25 мамыр күні Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданының Пістелі ауылында дүниеге келген. Бала кезінен ойға бейім, зерек, кітапқұмар, жазуға жақын болып өседі. Жасынан жазу мәселесіне жақындау болады. Мектептегі қабырға газетіне екінші сыныптан бастап жаза бастайды. 1964 жылы мектепті бітіріп, Қазақ Ұлттық университетіне оқуға барады. Ол кезде журналистика филологияның құрамындағы бөлім болған екен. Екі жылдық стажы болмаған соң, журналистикаға емес, қазақ тілі мен әдебиеті бөліміне оқуға түседі. Бірінші курста Бейсенбай Кенжебаев, Зейнолла Қабдолов, Сұлтанғали Садырбаев сынды асыл ағалардан дәріс алады. Жазушының өзі жазғандай, ол кезде бүкіл филология факультетіне (журналистикасымен қоса) декан тұла бойы тазалық пен тәртіпке тұнып тұратын ұстаз Тауман Амандосов екен. Университетте барлығы төрт ай толық оқып, әскер қатарына алынады. Борышын өтеуді Сібір төріндегі Ангарскіде бастайды, аяз буған қалада өтейді. Үш жыл бойы Новосибирск, Иркутск, Чита секілді қалаларда Байқалдың арғы жағы, бергі жағында Кеңес Армиясы қатарында әскери міндетін атқарады. Содан 1967 жылдың қысында университет қабырғасына қайта оралады. Бұл кезде журналистика өз алдына жеке факультетке айналған. Екінші курста анасы қайтыс болып, бауырларына қарау керек болады да, оқудың сыртқы бөліміне ауысады. Ауылға келіп аудандық газетке жұмысқа кіріседі. Иығына үй тұрмысының ауыртпалығы ерте түскен М.Байғұтқа Түлкібас аудандық «Шамшырақ» газетінде әуелі корректор, кейіннен тілші, ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі міндеттерін атқара жүріп, сырттай оқуына тура келген. Университетті бітірісімен, 1973 жылы облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакциясы қызметке шақырып, онда аудармашы, тілші, мәдениет және әдебиет бөлімінің меңгерушісі секілді қызметтерін атқарады.
Жазушының бар болмысымен беріліп айналысатын кәсібі – жазуы. Енді осы жазудағы мақсатына орайластырып өзіндік ұстанымы жөнінде жазушы ағамыз былайша толғанады: «Мен көптеген әңгімем мен повесімде шама-шарқымша адам бойындағы мейірімділікті, ізгі қасиеттерді қайткенде қалыптастыруға және сақтап қалуға болады деген сұрақтарға жауап іздеуден танған емеспін. Қазір заман қиын, тіршілік ету тіпті оңай болмай барады. Бірақ, қалай болғанда да имандылықты, тектілікті, жан-жүректегі жақсы қасиеттерді жойып-жоғалтып алмау жағын абайлаған абзал. Кім-кімнің де хайуанға айналуы оп-оңай. Бүгінде адамның, иә әрбір адамның адамдығы сын үстінде, басқаша айтсақ, қыл көпір үстінде тұрыпты. Өз басым болашақтағы шығармаларымда да, мейлі олар қай тақырыпқа, кім туралы, не жөнінде болсын, бәрібір, сол о бастағы мақсатымды көздейтін шығармын сірә!». Адам болу, өмірден адам болып өту оңай шаруа емес. Адамдық әр кісінің бойында әрекет, ізденіссіз өз-өзінен қалыптаспайды. Адамдық – соңына шырақ алып түскендердің ғана үлесіне тиетін асыл қасиет. Адам болудың амалы – отбасы мен қоғам ортасындағы тәрбие мен өз бетінше оқу, іздену, сөйтіп жетіле беру. Сондықтан да жазушы ағамыз көптің назарын кітап оқуға бейімдейді: «Адам адам болып қалуы үшін, оқырман оқырман болып қала білмегі ләзім». Себебі жазушының өзі жазғанындай, әдебиеттің әлімсақтан бергі басты мақсат-мұраты – мейірбандықты сақтап қалу жолындағы көркемдік күрес.
Мархабат Байғұттың басты ерекшелігі – әңгіме жазуға жақындығы мен бейімділігі дер едік. Қаламгердің бұл ерекшелігін сыншы Сайлаубек Жұмабек біршама таратып айтады: «Көрнекті суреткер Мархабат Байғұт әңгіме жанрында тұрақты әрі жемісті түрде еңбектеніп келеді. Оның осынау ең елгезек, ең қиын, ең елеусіз жанрда – әңгіме жанрындағы көркемдік табыстары, кез келген антологияның көркі боларлық көптеген туындылары бар. Ол күні кеше өзі көзін көрген, талантын құрметтеген Тәкен Әлімқұлов, Асқар Сүлейменов, Қарауылбек Қазиев және әрқашан құрметтеумен келетін Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбайұлы, Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұржекеұлы тәрізді әріптес ағаларының қатарында тынымсыз еңбектеніп, биіктен биіктерге өз талантының күшімен, сиқырымен өрлеумен келеді». Жазушының көбінесе әңгіме жазумен абырой тауып жүретінін жазушы Жұмабай Шаштайұлы да атап өтеді:
«...оның жанрлық стихиясы – әңгіме. Сәл көлемді дүниеге бара қалса, оқиғаны дамытудың арқау жібін босатып, динамикасын әлсіретіп алады. Қазақтың бірыңғай мадақтау үрдісіне салынғандық емес, Байғұтов, сөз жоқ, суреткер». Мархабат Байғұтты ақын-жазушы, сыншы, зерттеуші қауым саңлақ суреткер ретінде мойындап, жоғары бағалайды.
Мархабат Байғұттай жақсы жазушы халқымызға ауадай қажет. Біздің ақыл-ой, жан-дүниеміз жазушының өмірдің өзіндей шынайы да шымыр, нәрлі де мәнді әңгіме, повестеріне зәру, мұқтаж. Жазушы шығармалары төркін, тегі Жаратушымен жақын рухымызға айрықша азық.     
Жетпіс жасқа толған мерейтойыңыз құтты болсын, Мархабат аға! Өмірде өзімен ғана шектелмей, ақыл-ой, бар өнерін елімен бөлісіп, саналы өмірін ел игілігіне арнаған Сіздей жан бақытты. Қазақ қоғамының көркем мінез, таза болмыс, адал ниет жолында жүріп жетілуінде Сіз қосқан үлес ұшаң-теңіз. Бар бағыңыз баянды болып, абыройыңыз арта берсін, асыл аға!

  Мақсат ӘЛІПХАН,
Абай атындағы ҚазҰПУ
 «Абайтану» ғылыми-зерттеу
орталығының аға ғылыми
қызметкері, ф.ғ.к.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.