Шымкенттік оқушы 2 миллион 804 мың теңгенің грантын ұтып алды

Пятница, 29 Май 2015 05:26 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 5844 раз

0007458Қаламызда дарынды оқушылар аз емес. Олар біліммен қаруланып, мектептерінің намысын қорғап жүр. Солардың бірі – Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясының оқушысы Әлия Тұрсынбаева. Ол «Samsung» компаниясы өткізген республикалық деңгейдегі ғылыми жобаның жеңімпазы атанып, 2 миллион 804 мың теңгенің грантын ұтып алды.

7 сыныптың оқушысы Әлия жарыстың  талабы бойынша қашықтықтан өткен жарысқа «Менің мектебіме Samsung smart school қажет пе?» деген тақырыпта эссе жазған. Еңбегі жоғары бағаланып, Әлия бұл ғылыми жобаның жеңімпазы атанды.

– Ұстаздарымыз дәрісті интерактивті тақтаның көмегімен қызықты етіп өткізетін. Ал, жеңіске қол жеткізген соң, грант қаржысына  біздің сыныбымызға тақта орнына үлкен смарт теледидар орнатылып, сыныптағы барлық оқушыларға планшет берілді. Эсседе сыныптастарымның заманауи жабдықтардың көмегімен жан–жақты білім алғанын қалайтынымды білдірген болатынмын. Қазір мұғалім мен оқушылар техниканың көмегімен бір-бірімен үздіксіз байланыста. Бізге енді тақтаның қажеті жоқ. Оның орнын сенсор экран алмастырды. Уақытты да үнемдеп жұмсайтын болдық, – дейді Әлия Тұрсынбаева.

Әлияның ұстазы Нұржәмиля Сұлтанбекованың айтуынша, оның әдебиетке деген қарым-қабілеті жақсы. Сондықтан болар, республика бойынша оның жазған эссесі озық шығып, жоғары бағаланды. Әлия М.Әуезовтың шығармаларын сүйіп оқиды. Жуырда ғана Б.Момышұлының «Ұшқан ұя» повесін оқып шығыпты. Жазғы демалыста да бірқатар қазақ классиктерінің шығармаларын оқымақшы.  Ал, кеше ғана мектебінде өткен соңғы қоңырау салтанатында дарынды оқушының есімі мақтанышпен айтылды.

Последнее изменение Пятница, 29 Май 2015 05:28
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.