Ғасырлар бойы ата-бабамыз арман етіп, елі мен жері үшін қасық қаны қалғанша күресіп жеткен бұл тәуелсіздіктің біз үшін орны ерекше. Кеңес өкіметінің тоталитарлық жүйесінде бодан болған халқымыз бұл күнді қалай күтті десеңші! Бірақ та, “Басқа түссе баспақшыл” деп отыра бермей, еркіндігі үшін күресе де білді, ұлт тәуелсіздігі үшін талай бас көтерді. Қазақ халқы тәуелсіздікке оңайлықпен жеткен жоқ. Көптеген тарихшылардың зерттеуі бойынша, осы тәуелсіздікке дейін қазақ жерінде үлкенді-кішілі 300-ге жуық ұлт-азаттық көтерілістері болған. Ілгері замандарды айтпағанда, кейінгі Кенесары-Наурызбай, Исатай-Махамбет көтерілістерін, XX-ғасырдың басында мемлекет құрамыз деп жанталасқан Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов бастаған зиялы қауым өкілдерінің қозғалысын, Кеңес өкіметі құрылғаннан-кейінгі отаршылдыққа қарсы бас көтерулер (Созақ көтерілісі), ең соңында 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісін ерекше атап өтуге болады. Бүгінгі тәуелсіздік сол арман-мақсаттың орындалғаны. Қаншама қан төгілді, қаншама адамдардың, оның ішінде жастардың өмірі қиылды. Сол көптеген жылдар бойғы күрес – халқымызға тәуелсіздіктің ақ таңын тамашалауға мүмкіндік берді. Жалпы, Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту барысында айтылып жатқандай “қазақ” деген сөздің өзі “еркіндік аңсаған, тәуелсіздікті армандаған” деген мағынаны білдіреді емес пе? Сол себепті, халқымыздын санасының өзі азаттық үшін күресуге даяр тұрған халық деп ойлаймын. Өмір бақи қолына қару алып, өзінің теңдігі үшін, болашағы үшін аттан түспеген халық сияқты болып сезіледі маған.
1985 жылы басталған Кеңес одағы кезіндегі қайта құру мен жариялылық процестері өмірдің барлық саласын қамтып, жаңа өзгерістер үрдісі өрбіп жатты. Кадр мәселесі қатты қолға алынды. Басшы қызметкерлердің бірі орнынан алынып, бірі жауапқа тартылып жатса, енді бірінің жұлдызы жанып өрлеп жатты. 42 жылдай Қазақстанның Министерлер кеңесі мен Компартиясының Орталық комитетін басқарған Д.А.Қонаевтың зейнеткерлікке шығуына байланысты бірінші хатшы қызметінен босатуға арналған 1986 жылғы 16 желтоқсандағы бесінші пленум небәрі 18-ақ минутта өткен.
Пленум жөніндегі алғашқы ақпарат сол 16 желтоқсан күні сағат 15-те республикалық радиодан берілді. Ертеңіне, яғни 17 желтоқсанда “Социалистік Қазақстанда” және “Казахстанская правда” газеттерінде құрғақ ақпарат қосарлана жарияланды. Сондай-ақ, ҚОҚП Орталық Комитеті Саяси бюросының Қазақстанды басқаруға жіберген Г.В.Колбиннің өмірі қысқаша баяндалды, суреті берілді. Халыққа белгісіз адамды біздің республиканы басқаруға Мәскеу орталығының жіберуі отаршылдықтың зардабын тартқан халықтың қарсылығын білдіруге түрткі болған бір ғана себебі еді. Ғасырлар бойы бодандық бұғауында болған халықтың намысшыл жастары Алматыдағы Брежнев атындағы алаңға жиналып, үн көтеруі кеңестік империя идеологтарын қатты үрейлендірді.
Кремльде отырып-ақ Одақ құрамындағы барлық халықтың тағдырын шешіп, бір шыбықпен айдауға үйренген, ұлы державаның шовинизм дертіне шалдыққан Мәскеу басшылары қазақ жастарының “бүйректен сирақ шығаруын” ұнатпай, бас көтерген ұландарын бесігінде тұншықтыруға тырысты. Сондықтан да оларды аяусыз басып-жаншуға бұйрық беріп, үлкен саяси мәні бар оқиғаны бұзақы жастар мен маскүнемдердің ісі деп бағалады.
Темірдей тәртіпке негізделген, сөз бен көзқарас еркіндігі тұмшаланған Кеңестік империя әлем жұртшылығынан мұндай оқиғаларды барынша жасырып қалуға тырысатын. Соған қарамастан, Алматыдағы жастар көтерілісі туралы бірқатар елдер хабардар болды. Мысалы, Түркия Республикасының бір топ жастары Алматыда бейбіт шеруге шыққан халықты биліктің ұрып-соғып жатқанына қарсылық ретінде Анкарадағы Кеңес одағы елшілігінің ғимаратының айналасында салт аттармен жүріп өздерінің бауырмашылдық ниеттерін танытты. Керісінше Мәскеуде шығатын басылымдарда қазақ халқына қарсы материалдар жарық көрді. “Правда”, “Известия” газеттерінде қазақ ұлтшылдығы туралы мақалалар жарияланды. Кеңес одағы КП Орталық Комитеті “Қазақ ұлтшылдығы” туралы қаулы қабылдады. Осындай жағдайда жүрек жұтқан көрнекті ақын-жазушылар Жұбан Молдағалиев, Сафуан Шаймерденов, Сағат Әшімбаев, Қасым Қайсенов, Сейдахмет Бердіқұлов сияқты көптеген қазақтың зиялы азаматтары алаңда қанжоса болған қыз-жігіттерді ақтап алуға күш-жігер танытты. Сол сияқты Шымкент педагогикалық институтының доценті, белгілі ғалым Әсілхан Оспанұлы институт партия жиналысында орталықтың әміршілдік-әкімшілдік, солақай саясатына қарсы алғаш рет бас көтерген жастардың қайсарлығын толық қуаттап, қолдады. Жиналыстан соң қаһарман ағамыз Мәскеуге, бас хатшы М.С.Горбачевқа қазақ жастарының ұлттық санасының өскендігін айтып, қуғын-сүргінді тоқтатуды талап еткен жедел хат жазып, Біріккен Ұлттар Ұйымына қазақ ұлтына араша түсуді сұрап арнайы хат жазған.
Сол кездегі қыздарымыздын ерлігі мен батырлығы ел ішінде аңызға айналды. Бүгінгі оқушылар мен студенттерге оларды үлгі етуіміз керек. Сондықтан, Желтоқсан көтерілісінің мән-мазмұнын жан-жақты таныту керек. Тарихи шындық осыны талап етеді.
Желтоқсанның 20 жұлдызында Шымкент қаласының қазақ қыздары – Зейнеш Жадыраева, Гүлмира Тілеубаева, Гүлшат Әуезова, Гүлмира Керімбекова, Гүлшат Тойлыбекова, Эльмира Бекпатшаева, Алма Арқабаева, Меруерт Әуелбаевалар орталықтың әділетсіз әрекетіне өз қарсылықтарын білдіріп қаланың орталығындағы ғимараттардың қабырғаларына ақиқатты жазып көзсіз ерлік жасаған еді. Олар да қудалауға ұшырады.
Әрбір қазақстандық үшін айрықша күн болып саналатын Қазақстанның тарихындағы айтулы кезең, бұл 12 шақырылған ҚР Жоғарғы Кеңесінің “Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы” конституциялық заңды қабылдаған күні, яғни 1991 жылдың 16 желтоқсан күні 18 сағат 14 минут. 7 тарау 18 баптан тұратын бұл заңның 1-бабындағы мынадай жолдар: Қазақстан Республикасы тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекет, деген сөздер көңілді марқайтады.
Еліміздің тәуелсіздік алуы туралы хабар сол күні-ақ бүкіл әлемді шарлады. Тәуелсіздігімізді бірінші болып Түркия Республикасы таныса, екінші болып Венгрия таныды. Одан кейін бұл тізімдегілер жалғаса береді. 1992 жылы 3 наурызда еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымына кірді. Көптеген халықаралық ұйымдарға мүше болған елімізде шетелдердің дипломатиялық миссиялары ашылды. 1992 жылы 4 маусымда Қазақстанның мемлекеттік рәміздері – Туы мен мемлекеттік Елтаңбасы, 11 желтоқсанда мемлекеттік Әнұраны қабылданды.
Тұңғыш Президентіміздің өз кемесін жартастар арасынан шебер алып шыққан капитан сияқты жүргізген байсалды саясаты жемісін беріп жатыр. Осы жиырма төрт жыл бедерінде Ұлт көшбасшысы өз халқына жанқиярлық қызмет етудің жарқын үлгісін көрсете отырып, берген антына адалдық танытып келеді.
Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың “Қазақстан Жаңа Жаһандық Нақты Ахуалда: Өсім, Реформалар, Даму” атты Қазақстан халқына биылғы Жолдауында «...Санаулы күндерден кейін біз азаттық туын желбіретіп, тәуелсіз мемлекет атанғанымыздың 25 жылдығына аяқ басамыз. Бұл – тәуелсіздікті нығайту жолындағы өлшеусіз еңбегіміздің ширек ғасырлық белесін қорытындылайтын мерейлі сәт» деді. Мәңгілік Ел ұғымының мазмұны, еліміздің тәуелсіздік алған 24 жылында жүргізген нақты істер арқылы айқындалуда.
Мәңгілік Ел ұғымының мазмұнын айқындайтын нақты істердің келесі бірі: 1997-1998 жылдары Қазақ Елінің астанасын Алматыдан Ақмола-Астанаға көшіруі болды. Егер көне түркілер өздерінің мәңгілік Ел болу арманын тасқа қашап жазып қалдырса, ал Қазақ Елі, өзінің Мәңгілік болып қалу жолындағы қадамдарының бірі ретінде 1998-2015 жылдар аралығында жиырма төрт жыл ішінде жаңа Астананың ғасырлар бойы мақтан тұтатын монументальды архитектурасын жасады. Елбасы атап көрсеткендей: “Біз еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі – Мәңгілік Елордамызды тұрғыздық”.
Жиырма төрт жылды тарихпен есептегенде, теңізге тамған тамшыдай ғана. Бірақ Тәуелсіздік алған 24 жыл ішінде бір ғасырда бітпейтін үлкен істер атқарылды. Қазақстанды бұл жылдары бүкіл әлем таныды. Тіпті, өзге іргелі ұйымдарға басшылықта жасай білдік. Біз тәуелсіздіктің арқасында әлемнің құрамдас бөлігіне айналдық. Тәуелсіздік бодандық сезімнен арылтып, еңсе көтеріп, еркін, отансүйгіш, өр ұрпақ тәрбиелеп шығаруға мүмкіндік берді. Бұл орайда, әрбір қазақстандық өзіне-өзі тәуелсіздік маған не берді деп емес, мен тәуелсіз Қазақстанға не бердім деген сауалды қоюы керек. Өйткені, ел ортақ болған соң, елдің тағдыры да ортақ.
Тәуелсіздік бізге бүгінгідей экономикалық әлеуеті мен болашағы зор, халқының әл-аухаты мен рухани-әлеуметтік дамуына жағдай жасауға ұмтылған, өз ісін өзі басқаратын дербес мемлекеттілікті берді. Ауыл-аймақтың өркендегені, төрт түліктің төлдегені, шаруашылықтың түзелгені, егіс алқабының дәнге толғаны, өндірістің өркендегені сияқты қадау-қадау тақырыптарды қозғасақ, мұның бәрі де тәуелсіздіктің жемісі.
Мемлекет басшысы 2015 жылы жариялаған 5 институттық реформа, яғни одан туындайтын «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары да Қазақстанның әлемдегі аса дамыған өркениетті елдер қатарына қарай жақындата түсетіні ақиқат. Халқының бағына берген асыл перзенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Тәуелсіз Қазақстанның әрбір күні – алтын күнге, әрбір жылы алтын жылға айналуда. Оған күн өткен сайын гүлденіп, дәулеті тасып, сәулеті келісіп, өркендеп келе жатқан тәуелсіз еліміздің әрбір өңірі айқын дәлел. Мысалы, 2011 жылы шілде айынан бастап Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты Елбасының қолдауының арқасында қайта құрылып елді бір қуантып еді, биыл заманауи үлгімен салынған 12 қабатты “Студенттер үйі” қолдануға беріліп, ұжым мүшелерін, жастарды тағы бір қуантты. Ондай мысалдар жеткілікті.
Қорыта айтқанда, ендігі жерде бойында қаны бар, намысы бар әрбір азамат тәуелсіздікті қалай кемелдендіреміз, елдің көсегесін қайтсек көгертеміз деп ой-санамызды қамшылаумыз керек.
Сағынғали ӘБУБӘКІРОВ,
ОҚМПИ профессоры,
ҚР Білім беру ісінің құрметті
қызметкері