Графика шеберi – Батухан Баймен Избранное

Пятница, 15 Январь 2016 05:54 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 7111 раз

Батухан Байменнің шығармашылығы қазақ бейнелеу өнерінде көрнекті орын алатын графикалық туындылардан құралады. Ол шығармашылық жұмыстарымен қатар қоғамдық облыс, қала, аудан көлемдеріндегі көптеген басшылық жұмыстар атқарған. Қала мен аудан орталықтарын ұлттық заманауи келбетін қалыптастырып, өзіндік көркемдік тұжырымдамасын анықтауға, дара келбеттік даму жобасын жасауға көп еңбек сіңірген қайраткер ретінде тануымызға болады.

b baimenСуретші шығармашылығын талдау нәтижесі оның суреткерлік шеберлік деңгейін көрсететін картиналарын, тақырып ашудағы, орындау стилі бойынша, үш бағытқа бөліп жіктеуге болатындығын көрсетті. Графика шеберінің картиналарын тақырып бойынша сараптауда туған жер, жастық шақ, сезім ұшқындары, ауыл өмірі, ақын мен жазушылар шығармаларын көркем безендіру және әлемнің шексіздігі туралы бағыттарын қамтиды. Өнер шеберінің графика стилін талдауда, туындыларын орындау техникасы бойынша қарастырғанда тақырып таңдауы, түстерді үйлесімді шешу, линогравюра, литография, офорт, эстамп техникаларын еркін меңгергендігін айту орынды.Өнер шебері Батухан Байменнің шығармаларының тұрғылықты тақырыбы қазақ елінің өткені, бүгіні мен болашағы. Суретшінің «Ауылым алтын бесігім», «Бұлақ», «Атайға арналған күн» және «Оралу», атты графикалық топтамаларында ауыл өмірі, табиғат, салт дәстүр және жастық шақ өмірінен алынған шағын сахналы көріністерді композиция талабына сай шеберлікпен үйлестіре білген.
Графика шебері шығармасының идеялық мазмұнын ұтымды табу – «Түркілер» топтамасына кіретін «Ашина», «Аттила» графикаларынан айқын байқалады. Суретшінің «Түркілер» топтамасының «Ашина» атты линогравюра шығармасының өзіндік тарихи ерекшелігі бар туынды. Өнер шебері композициялық орталықта стилдеу әдісімен Ашина патшаның бейнесін көк бөріге теңеу арқылы берген. Оның айналасында Ашинаның нөкерлерінің жан жаққа енді ғана тарап бара жатқан қозғалыстағы қалыптарында көрсетілген. Бұл көрініс арқылы түркі халықтарының осылай қара шаңырақтан жан жаққа енші алып тарағандығын меңзеген. Картина композициясында Аттила бейнесін айналдыра орналастырылған аңдар мен жан жануарлардың, жартастағы таңба түріндегі бейнелеу әдістерімен көрерменге ұсынуы арқылы, суретші сахыналық шағын көріністердің ерте замандағы оқиға екендігінен тұспалдайды.

b baimen-1Түркілер топтамасының екінші бөлімі «Аттила» атты линогравюра техникасында орындалған шығарма. Туындының нақты композициялық орталығында табиғи өлшемдер қатынастарынан әлде қайда өзгертіліп, форма сипатын сақтай отырып, өлшемі созылып берілген жабулы аттың бейнесін көреміз. Жауынгер халықтың қанаты болған ат көрінісінің созылыңқы болып берілуі шағын кеме пішінін елестетеді. Сол созылыңқы болып көрсетілген аттың үстіне он адам мінгескен. Олардың ең алдында отырғаны Аттила бейнесі екендігін анғаруға болады. Суретті алғаш көргенде бабалардың «бірлік болмай тірлік болмайды», «кемедегінің жаны бір» деген нақыл сөздері еске түседі. Барлығының қолында көтерген ту. Суретшінің мұндай көріністерді берумен, өмір шындығынан тыс бірліктермен теңеулерге баруы, картина композициясын тартымды ете түсіп, шығарма идеясын молынан ашуға ұмтылысын анғартады. Ал суретшінің көтерген идеясы адамдар арасындағы бірлік, теңдік, сыйластық сияқты биік рухты қарым-қатынас өлшемдерінің ғасырдан ғасырға жеткен өміршеңдігін көрсету болған.

b baimen-3Өнер шеберінің жасаған графикаларының композициялық шешімдерін табу әдістерін анықтауда «Аң стилі» атты түрлі-түсті линогравюрасына тоқталудың орны бөлек. Ол шығармашылық ойын іс жүзіне асыруда форматтың көркемдік бейнелеушілік мүмкіндіктерін ашуға ұмтылыс жасаған. Аң стилі сақ заманы тайпаларының қол өнерінде ерекше орын алған бейнелеу әдістерінің көне түрі. Оның негізгі тақырыптары аңдарды, хайуандарды және аңыздағы ғажайыптарды бейнелеу болған. Бұл әдіс ерте кезде тұрмыста қолданатын қазандық, құрбандық ыдыстарын, семсер, қанжар, қорамсақ, айбалта, жүген, секілді жаугершілік заттарын, батырлық киімдерін, ел көтерген тулардың сабын безендіруге қолданған. Картинаның негізгі көркемдік идеясы осы аталған көне дүниелердің көркемдік сырын ашып, оларды келер ұрпақпен рухани сабақтастыру.
Өзіндік ерекшелігі бар қазақ халқының бай фольклоры мен тарихы суретшінің тұрақты тақырыбына айналған. «Ауылым алтын бесігім» атты топтамасында график суретші шексіз ғаламның ауыл деп аталатын бір нүктесінде қайнап жатқан тіршілік аясындағы адам көрінісін алып, оның толассыз өмір-өзен ағыны құшағында шыр көбелек айналуын ұтымды көрсеткен.

b baimen-2Шыңғыс Айтматовтың «Жанпида» романы бойынша топтамасы «Авдий», «Бостон», «Обер», «Аққұртқа», «Тасшайнар» атты бес картинадан құралады. «Тасшайнар» графикасында шығарма идеясы өзі өмір сүретін жер бетінде адамның атом бомбасын жаруын, оның табиғатқа тигізген зиянын әлемге паш ету – туынды арқауы етіп алынған. Картинада түйсігі бөлек тағы аңның тербелген тіршіліктің тыныштығы шайқалғанынан секем алып, сергелдеңге түскен сәті шығармада шынайы штрихтармен көрсетілген. Суретші ұлы жазушының табиғатты аялау ойын дәл сезіп оны терең түсініп графика тілімен көркемдік шеберлік деңгейінде бейнелей білген. Адам мен оның мекені жер-ана суретші ойының тереңдік өлшемі ретінде алынған. Ал бейнелік материалды нәзіктікпен даралықпен үйлестіре білу, суретшінің шеберлік құпиясын аша түскен.
Суретшінің бірқатар шығармалары ақын-жазушылардың туындыларының мазмұнына арналған иллюстрациялардан құрамдалады. «Наурыз», «Жаз» атты бөлімдерден тұратын «Абай өлеңдері» топтамасы жыл мезгілдерінің әсем көріністерін сипаттайды. Ақ контур сызықты бейнелі қара силэуетпен үйлесімді сәндік стилде көріністер сұлулығын береді. Қазақтың Ұлы ақынының поэтикалық шығармаларының мотивімен сюжеттік байланысты топтамалар даланың кіші сахналық көріністерінен жинақталатын композициялық шешім үлгісін көрсетеді.

Қорытындылай айтқанда Б.Байменнің график ретінде кең көлемде танымалы болуына шеберліктің терең құпиясына үнемі үңілуімен, өзінің әлемтануының терең болуы кең жол ашқан. Қазақстан бейнелеу өнерінің графика саласының дамуына үлес қосқан суреткер ретінде оның туындыларында жалпы адамзаттың және ұлттық дәстүрдің бірлігі айшықты көрініс тапқан. Графика шебері Батухан Байменнің аталған графикалық картиналарын талдау нәтижелері оның шығармашылық ерекшеліктерін төрт бағытқа бөліп анықтауға мүмкіндік береді. Батуханның шығармашылық еңбектерінің ерекшелігі идеялық мазмұнының ұлттық салт-дәстүрлер құндылықтарына бағытталып, халықтың рухани мәдениетін көтеру мүмкіндігінің болуымен, композициясының ұлттық сахна көріністері мен өмірлік құбылыстарды символдық бейнелеуге негізделуімен көрініс табады. Бейне формалары халықтық көріністерден бастау алуымен, орындау шеберлігі ежелгі дәстүрлі жартастағы бейнелеу бағытын ұстануымен, оларды заманауи технологияны қолданумен сабақтастырып, жаңашылдық жолмен жүру арқылы көркемдік ерекшелікке жету болып табылады.

Қуандық Ералыұлы,
педагогика ғылымдарының докторы,
А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік
университетінің бейнелеу өнері кафедрасының профессоры

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « 2016 Жаңа жыл құтты болсын Жүлдемен оралды »