Қазақты әнімен тербеген Шәмші

Пятница, 17 Август 2018 04:51

15 тамыз – «Қазақ вальсінің королі» атанған Шәмші Қалдаяқовтың туған күні. Кең байтақ далаға әсем әнімен танылған қазақ сазгерінің туғанына биыл 88 жыл толып отыр. Қазақстанның қазіргі әнұраны авторын Шымкент қаласы мен Түркістан облысының жұртшылығы ерекше еске алды.

DSC 6244

Композитор ескерткіші

Қазақстанның халық әртісі, Шымкент, Тараз, Жетісай қалаларының Құрметті азаматы Шәмші Қалдаяқовтың туған күні шырайлы шаһардағы композитор есімі берілген «Шәмші әлемі» гүлзарынан басталды. Таңертеңнен мәдениет майталмандары, зиялы қауым өкілдері мен жас өнерпаздар ұлы сазгердің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, бір минуттық үнсіздікпен еске алды. Даңқты композиторды еске алуға арналған жиынға облыстық мәслихаттың депутаты Әбілқасым Досболов пен шәмшітанушы, композитор Қалдыбек Құрманәлі қатысып, үзік сырларымен бөлісті.
Ән жанрының әйгілі майталманы Отырар ауданында дүниеге келген. Аса көрнекті сазгер Қазақстан мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер. Осы заманның қазақ эстрадасының негізін қалаушы. Шәмшінің төл мерекесіндегі шарада сазгердің бауыры Райхан Қалдаяқоваға құрмет көрсетілді. Ұлы сазгердің қарындасына ұйымдастырушылар орамал жауып, сыйлықтарын тапсырды.
– Ағамның дүниеге келген күнін қазақ халқы мерекелік іс-шарамен атап өтіп жатыр. Ағам өзінің ел-жұртының жүрегінде әсем әнімен, жарқын бейнесімен сақталғанын осыдан байқауға болады. Әркім өз ағасын сыйлайды ғой, мен үшін де ағамның орны өте ерекше. Тіпті менің ағама теңеу жоқ десе де болады. Сабырлы болатын. Кенжесі мен болдым. Ол кісінің мені «Ахани» деп атайтыны бар. Ағамның жүрегі дарқан еді. Қәзір тек еске аламыз. Мен барлығына алғыс айтамын, – деді жиында сөз алған Райхан Қалдаяқова.
Ескерткіш маңына жиналған бір топ өнерпаз композитор шығармаларын орындады. Ұлттық музыка өнерінің ән жанрына аса айқын, соңғы леп ала келген тұлғаның елге, жерге, Отан мен ата-анаға деген сүйіспеншілік композитор шығармаларының басты тақырыбы болса, соның ішінде, «Менің елім», «Ана туралы жыр», «Бақыт құшағында», «Теріскей», «Арыс жағасында», «Отырардағы той», «Өмір-өзен» сынды көптеген әндері елдің жырына айналған.
Жиылған қауым мұнан соң дәстүрге айналған композитор атындағы облыстық ән байқауының ақтық сынын тамашалауға барды. Ол Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда жалғасты.

«Менің Қазақстаным» ән байқауы

5

Ш.Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» облыстық ән байқауы биыл да сазгердің төл мерекесінде Түркістан облысының мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы, облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өтті. Биылғы іс-шара Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына арналды.
Сырлы әнмен қазақ халқының бітім-болмысын, шынайы бейнесін сипаттап, ән әлемінде айрықша орнын қалдырған ұлы композитор атын ұлықтайтын дәстүрлі өнер додасының аудан, қаладарда өткен бірінші кезеңіне 200-ге жуық үміткер өтініш білдірген. Оның ішінен 21 үміткер ақтық кезеңге жолдама алды. Өнер бәйгесіне 15 - 29 жас аралығындағы үміткерлер қатысты. Өнерпаздар бірінші кезеңде композитор шығармашылығынан бір ән, екінші кезеңде Оңтүстік сазгерлерінің танымал әндерін шырқады. Төрт сағатқа ұласқан өнер бәйгесінде талантымен дараланғандар марапатталды. Байқау соңында ынталандыру сыйлықтары табысталды.
Айта кетейік, қазақтың музыка өнерінде Шәмшінің орны ерекше 300-ге жуық әндері бар. Байқаудың биылғы ерекшелігі – ұлы композитордың орындалмай жүрген 15-тен аса әні жарыққа шығарылып, арнайы аспаптардың сүйемелдеуімен көрерменге жол тартты. Олардың қатарында «Кел, Бурабайға», «Байқоңыр», «Келін келді», «Көккөлдегі кештер-ай», «Егіз мақта», «Ғашық күндер» және Абай Құнанбаевтың сөзіне жазылған «Тыңда мені, достарым» сынды әндер бар.
Байқаудың мақсаты – композитор Шәмші Қалдаяқовтың шығармаларын дәріптеу, халық арасында ән өнерін дамыту, қазақ әндерін орындаушылар арасынан жас талант иелерін анықтап, кәсіби бағдар беру, жеке шығармашыл тұлғалардың қалыптасуына ықпал ету, әншілердің орындау шеберліктерін арттыра отырып, оларға қолдау көрсету және отансүйгіштікке баулу, ұлттық рухта тәрбиелеу. 1992 жылдан бері дәстүрге айналған бұл байқаудан елімізге танымал Шакизада Байбатжанова, Құрман Шойынбаев, Сәуле Желдібаева, Марат Әйтімов, Нұрғали Тұрлыбеков, Хадиша Сейітова, Жұбаныш Жексенұлы, Гүлжазира Қайырбекова, Тоқтар Серіков, Асқар Жүнісбеков, «Жігіттер» квартеті, Нұржан Жүсіпбеков, Мәдіхан Дүйсеев, Рысдәулетовтер «Өркен» тобы, Айбек Қанатбек, Руслан Ақынбеков, «Сарын» тобы сынды өнер иелері қанат қаққан.
Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармониядағы іс-шара соңы гала-концертке ұласты. Түркістан сарайында «Ақ бантикпен» мектеп бітіріп, «Махаббат құшағында» шаңырақ құрып, «Қайдасыңмен» бесік тербеткен өнер сүйер қауымның қарасы көп болды. Концерт шымылдығы Е.Үсеновтың «Шәмші дастан» шығармасымен түрілді. Оны Сүгір атындағы ұлттық аспаптар оркестрі орындады. Бас дирижері - халықаралық байқаулардың лауреаты Ерлан Дәуренбеков.
Мерекелік кеште ҚР еңбек сіңірген әртісі ҚұрманбекШойынбаев, «Құрмет» орденінің иегері, композитор, шәмшітанушы Қалдыбек Құрманәлі, ҚР Мәдениет қайраткерлері Айжан Тәженова, Хадиша Шалабаева, дәстүрлі әншілер Наркенже Серікбаева, Ақмарал Биназарова,
Гүлдана Мақатаева және «Қазына», «Фараб», «Тұмар» би ансамбльдері өнер көрсетті. Ал «Сыған серенадасы», «Отырардағы той» әндерін облыстық әзіл-ысқақ театрының актерлері сомдады.
Түркістан облысының мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асылхан Темірханұлы және шәмшітанушы, композитор Қалдыбек Құрманәлі Түлкібас ауданының өнерпазы Бағдат Нысанбайға бас жүлдені, Келес ауданының өнерпазы Бексұлтан Отарбековке бірінші орынды, жетісайлық үміткер Малика Қалдыбайға екінші орынды табыстады. Арыс қаласының үміткері Ердос Сейілханға үшінші орын бұйырса, Шардара ауданынан келген Гүлмарал Жақыпбайға облыс әкімінің арнайы жүлдесі берілді. Әр жылдары Шымкент, Астана қалалары мен Отырар, Созақ аудандарында өткізіліп келген байқау келер жылы Түркістан облысының орталығында жалғаспақ.
...Сазгердің ең алғашқы және соңғы туындысы кіндік қаны тамған қасиетті мекені – Отырар өлкесіне арналғаны белгілі. Композитордың төл мерекесіне арналған концерт те осы әнмен мәресіне жетті. Одан кейін өнерпаздар Шәмшінің М.Шахановтың сөзіне жазылған «Туған күн кешінде» әнін көрерменмен бірге шырқады. Кеш соңында Түркістан облысы әкімі Ж.Түймебаевтың ықылас гүлі қойылды. Осылайша қазақтың ән өнерінде есімі ерекше сақталар бір туар сазгердің төл мерекесі жоғары дәрежеде аталып өтті. Өнерсүйер қауым бүкіл елде Шәмшінің әні әуелегендей ерекше сезімде тарқасты.

Қазақстанда «Денсаулық сақтау саласын жаңғырту» жобасы қарқынды жүріп жатыр. Соның аясында Шымкенттегі медициналық мекемелер қағазбастылықтан арылып, жаңа технологияның ұтымды жолдарын пайдалануға көшуде. Атап айтқанда, қалалық жедел медициналық жәрдем көрсету ауруханасының дәрігерлері цифрлану жүйесі арқылы науқастарға күрделі оталар жасау жағынан озып тұр.

DSC 4955

Инсультке ота жасаудан алдыңғы қатарда

Өңірімізде жыл санап жедел және жоспарлы ота жасатушы науқастардың қатары көбейіп келеді. Биыл бұл көрсеткіш 43 пайызға жетіп отыр (өткен жылы – 32%). Шымкент қалалық жедел медициналық жәрдем көрсету ауруханасының нейрохирург дәрігерлері осындай деректерді тілге тиек етті. Ақ халаттылар науқастардың өмірін ажалдан арашалап қалуда жаңа технологиялық құрал-жабдықтардың септігі тиіп жатқанын алға тартуда. Диагнозды дұрыс әрі нақты қою көптеген азаматтардың дендеген дертін емдеуде сеп болмақ.
– Медициналық мекемеде 2013 жылдан бастап инсульт кезінде бас миы және мойын қан тамырларына жоғары технологиялық оталар жасалып келеді. Жыл басынан бері нейрохирургия бөлімшесінде 290 ота жасалған болса, оның ішінде 98-і инсульт аурулары бойынша сәтті өтті, – дейді нейрохирург-дәрігер Әшірхан Жандарбеков. – Біз бүгінде ангиографиялық және нейронавигация арқылы күрделі оталар істейміз. Ангиографияда әр түрлі ішкі органдардың (өкпе, бүйрек, ми, жатыр т.б.) қан тамырларын рентген сәулелері арқылы тексереміз. Ал нейронавигациялық отаның ерекшелігі, инсультқа әкелетін ісіктерді миға зақым келтірмей алып тастауға болады. Сонымен қатар бас ми ісіктері, сынған омыртқаға, жүйке жүйесіндегі ауруларға ота жасалады. Айта кетейік, соңғы 6 айлық көрсеткіш бойынша облыста инсульт ауруларына ота жасаудан алғашқы орында болсақ, республикада үздік үштікке еніп отырмыз. Әрине, бұл жерде ескеретіні – отаның көптігі емес, қауіпті аурудан болатын өлім саны мен мүгедектердің азаюы.
Ауруханада сәулелі түсірілім арқылы емдеу жүйесі, науқастардың рентгенохирургиялық емделуі тұрғындарға қолжетімді. Ангиография – қантамырлары мен оның төңірегіндегі ұлпаларды рентген сәулелері арқылы тексерудің жаңа әдісі. Дәрігерлердің айтуынша, мұның тиімділігі орасан. Қозғалыс шектеліп, қан тамырлары тарылып, онда ақау көбейген тұста диагнозды дөп басуға септігін тигізеді.
– Біздегі ангиограф аппараты 2 детектрлі. АҚШ-та шығарылып, Францияда құрастырылған мұндай құрылғылар елімізде санаулы. 5 жылға жуық уақыт аралығында бірнеше оталар жасалды. Бауыр алмастыруға дейінгі оталар бүгінде Қазақстан аумағында тек біздің ауруханада жасалуда. Елордада енді қолға алынып жатыр. Сәуле түсірілімімен емдеу кезінде отаның іздері қалмайды. Науқастар отадан кейін ертеңіне-ақ тұрып-жүре алады. Бұл жоғары мамандандырылған ота деуге болады. Аталмыш құрылғы «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында алынды. Күні бүгінге дейін халық игіліне жұмыс істеп тұр, – дейді рентгенохирург-дәрігер Жасұлан Жиренбаев.
Ангиографиялық бөлме меңгерушісінің айтуынша, аталған ота бірнеше жыл бұрын тек шетелде ғана жасалған. Астана қаласында нейрохирургиялық орталық ашылғаннан бастап еліміздің өзге де өңірлерінде бұл емдеу жүйесі сала мамандарының тәжірибесіне қосылып келеді.

Ота жасатқандар арасында шетелдіктер көп

«Денсаулық сақтау саласын жаңғырту» жобасының елімізде жүзеге асып келе жатқанына биыл үшінші жыл. Бағдарлама аясында 6 бастама іске асырылуда. Оның ішінде медициналық туризм мен импортты алмастыруда Шымкент қалалық жедел медициналық жәрдем көрсету ауруханасының жұмысы ілгері. Ауруханадағы жағымды жаңалықтың бірі – ағза мүшелерінің трансплантациясына жүгінген шетелдіктердің саны артып келеді. Аурухана дәрігерлері биыл жыл басынан бері өзге елден келген 13 науқасқа ота сәтті жасалғанын мәлімдеп отыр.
– Шетелдік науқастарға бүйрек ауыстыру ота жасалуда. Олар – Румыния, Канада, Германия, Израиль елдерінен келген азаматтар. Бүгінгі таңда тағы 2 азамат отаға дейінгі тексерілуде. Қазір бауыр трансплантациясы бойынша ота жасалып жатқан жоқ. 13 шетелдіктің барлығының бүйрегі ауыстырылды. Науқастардан отадан кейін денсаулығына байланысты шағым түскен жоқ, – дейді бүйрек трансплантологиясы және гепатопанкреатобилиарлық хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Сәбитхан Байтеміров.
Ағза мүшелерінің трансплантациясы Шымкент қалалық жедел медициналық жәрдем көрсету ауруханасында 2013 жылдан бастап практикаға енгізілген. Бұл – орган ауыстыру бойынша күрделі ота жасайтын еліміздегі үшінші аурухана. Дәрігерлердің айтуынша, бізде ота жасау бағасы шетелдегі басқа емханалардан едәуір арзан көрінеді.
Айта кетейік, Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасы қала және облыс халқына тәулік бойы хирургия, жарақат, урологиялық, нейрохирургиялық, гинекологиялық, неврологиялық және терапиялық салалар бойынша мамандандырылған және жоғары мамандандырылған жедел және жоспарлы медициналық көмек көрсететін көпсалалы стационар болып табылады.

Азамат ЖАППАР
Фото: Серік Қосай

Жуырда Шымкентке еліміздің әр аймағынан есепке жүйрік 200 балақай жиналды. Олар ментальды арифметикадан «Бізбен бірге жеңімпаз атан!» атты республикалық жазғы турнирде бақ сынасқан болатын. Жазғы турнир Шымқалада алғаш рет «Юсимас-Қазақстан» халықаралық даму академиясының өңірлік филиалы – «Алиар-Юсимас» оқыту орталығының бастамасымен, Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен өтті. Үш күнге созылған турнир Астананың 20 жылдық мерейтойы мен Шымкент қаласының республикалық маңызы бар шаһар мәртебесін алуына орай ұйымдастырылды.

DSC 2229

Сайыстың алғашқы күнінде еліміздің әр өңірінен келген UCMAS оқушылары бір мезетте есеп шығарудан бақ сынасып, жүзден жүйрік шыққандарға лайықты құрмет көрсетілді. 3 дәрежеге бөлінген жас дарындар жарыс соңында алғыс хаттар және кубоктармен марапатталды. Атап айтқанда 22 бала 1-дәрежелі, 35 бала 2-дәрежелі, қалғаны 3-дәрежелі дипломдарға ие болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау қатысушылары – Испания, Индонезия, Малайзия, Иордания, Біріккен Араб Әмірлігі және басқа да көптеген елдерден жүлделі орын алып жүрген балақайлар.
Бұл шараға шақырылған арнайы қонақ – көпке «калькулятор-бала» ретінде танылған Ильяс Тохтарханов болды. Ресейдің Гиннес рекордтар кітабына енген, «Ұлт алтыны», «Ғажайып адамдар» бағдарламасының жүлдегері бұл күні ең жылдам есеп шығарғаны үшін арнайы сертификатқа ие болды. Ол – еліміздегі «КИнЭС -2018» кітабына енгенін растайтын құжат.
Дарынды балақайлар бірінші күні есеп шығарудан емтихан тапсырса, екінші күні танымдық іс-шаралар аясында Шымкент қаласы мен облыстағы тарихи орындарға зиярат жасап қайтты. Ал үшінші күні демалыс орындарында тынығып, үйлеріне тарқасты.
Шара барысында ұйымдастырушыларды сөзге тартып, ата-аналар және балақайлармен тілдестік. Ментальды арифметика олардың өміріне қандай өзгеріс әкелгенін сұрап-білдік.

Ментальды арифметика Шымкентке қайдан келді?

Бұл әдістеменің біздің шаһарға қалай тап болғанын айтпас бұрын, қысқаша тарихына тоқталып өтейік. Ментальды арифметика – 4 пен 14 жас аралығындағы балалардың зияткерлік қабілетін дамытуға арналған, ойша есеп жүйесіне негізделген бағдарлама. Оның тарихы ежелгі Қытайдағы «абакус» есептеу құрылғысының пайда болуымен тығыз байланысты. Себебі ментальды арифметика бағдарламасының негізі осы абакусты қолданумен сипатталады. Дәл осы құрылғының адам миын шынықтыратын қасиетін байқаған малайзиялық профессор Дино Вонг 1993 жылы UCMAS ментальды арифметика бағдарламасын ойлап тапқан.
Бүгінгі таңда бұл бағдарлама әлемнің 78 елінде сұранысқа ие болып, UCMAS кеңселері ашылған. Қазақстанға мұндай орталықтар 2011 жылы келді. Ал 2015-2016 жылдары Шымкентте ментальды арифметика курстары ашыла бастады. Сала мамандарының айтуынша, абакуспен жұмыс істеу балалардың ұсақ моторикасын дамытып, миының екі жақ жарты шарының үйлесімді дамуына әсер етеді. Сонымен қатар баланың зейіні мен фотографиялық есте сақтау қабілеті артып, шығармашылық ойлау, байқампаздық, өз-өзіне сенімділік, нақтылық, жылдамдық пайда болады.
– Бұл – бүгінде баланың интеллектуалды дағдыларын дамытатын жалғыз әдістеме, – дейді «Алиар-Юсимас» оқыту орталығының басшысы Гүлнара Үсенова.
– Біз халықаралық стандартқа сай жұмыс жасап жатқан орталықпыз. Шымкентте 2013 жылдан бастап балаларды ментальды арифметикаға үйретіп келеміз. Орталықта 2 мұғалім 40-қа жуық балақайға аптасына 2 рет дәріс өтеді. Ғалымдар дәлелдеген бір мысалды келтірейін. Қазір өсіп келе жатқан балаларымыздың үштен бірі алғыр болып келеді. Олардың осы қабілетін ары қарай дамытуымыз керек. Ата-аналардың басым көпшілігі бірнеше айда баламыздың барлық қабілетін ашып беріңіздер деген өтінішін арқалап келеді. Бірақ ондай әдіс ешбір елде жоқ. Оған бірнеше жылдар керек қой. Даму – тынымсыз еңбек пен ізденістің жемісі. Біздің балаларды оқытуға арналған арнайы бағдарламамыз бар. Сол 10 деңгейлі оқу жоспарымен 4-14 жастағы балғындарды жылдам есептеуге машықтаймыз. Бұл, әрине, ақылы. Бірақ ата-аналар мынаны ескерсе екен деймін. Бүгін барлық сала автоматтандырылған жүйеге көшірілуде. Техника билейтін заман орнайды. Ал біздің балалар ертеңгі сол сұранысқа сай маман болып қалыптасу үшін қазірден күш салуымыз керек. Біз өз шәкірттерімізбен мақтанамыз. Олардың арасынан әлі ел билейтін басшылар, ғалымдар мен бизнесмендер шығатынына сенімім мол.
«Юсимас-Қазақстан» халықаралық даму академиясының еліміздің әр аймағында 30-дан астам орталықтары бар. Ал жалпы 78 елде 5000-ға жуық кеңсе жұмыс істейді. Статистикалық деректерге сүйенсек, 1,5 миллиондай оқушы аталған орталықта дәріс алған. Солардың бірі – Сабина Бердібай. 
– Ментальды арифметиканы меңгеріп жүргеніме 3 жылдан асты. Тез есеп шығаруды үйрендім. Бұл орталықтан алған білімімді мектепте де пайдаға жаратып жүрген жайым бар. Сабақ үлгерімім өте жақсы. Бүгінгі байқауға жақсы дайындықпен келдім. Жүлделі орындардан көрігеніме қуаныштымын. Ата-анам мен ұстаздарыма алғыс айтамын, – дейді Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназиясының оқушысы.
Ал Сабинаның анасы қызының тек есеп шығаруды меңгергеніне емес, орталықтан жақын достар тауып, ментальды арифметикадан Қазақстанның әр аймағында ұйымдастырылған байқауларда жүлделі орындардан көрініп жүргеніне риза екенін айтады.
– Қызымның тек есеп шығаруда жылдамдығы артып қана қойған жоқ. Ол барлық жағынан алда жүруді үйренуде. Көшбасшылық қабілетін дамытып жүр. Маған бір ұнайтыны, осы ментальды арифметикадан байқауға барамыз деп біраз қалаларды көріп, танымдық сауатын арттырып жүр. Достары көп, –дейді Айгүл Жақыпалиева.
Бес сағатқа созылған есеп жүйріктерінің байқауында баласы мен немересін жетектеген ата-аналардың қарасы көп болды. Бәрінің айтатыны – баланы жастайынан тәрбиелеу, оқыту. Олардың қаперінде «білімді мыңды жығады» деген ұран тұрды.

Дәрігерлер не дейді?

DSC 2189

Баланың денсаулығы әрбір ата-ана үшін маңызды. Бұлай дейтініміз, баланың жастайынан ауыр есептерді шешіп, күрделі формулаларды меңгеруі қиын тимей ме? Осы орайда балалалар невропатолог-дәрігерінің пікірін білдік. Облыстық балалар ауруханасының невропатолог-дәрігері Ильмира Балтабаева балалардың зияткерлік қарым-қабілетін туылғанан бастап дамыту керек екенін алға тартты.
– Балалардың дамуы олар дүниеге келгеннен басталады. Бұл процесс әр балақайда әртүрлі. Балақайларға жеке күтім керек. Оның миына зақым келетіндей жағдай туғызбау да аса маңызды. Дамытуға арналған курстар немесе орталықтарға бермес бұрын дәрігерлер кеңесіне жүгінген орынды. Олар балалармен сөйлесу арқылы зияткерлік дағдыларын қаншалықты жетілдіруге мүмкін екенін айта алады. Ал ауырытпалықты сезінген жағдайда дереу ауруханаға апару қажет.
Ильмира Махмуджанқызы психологтардың кеңесіне де құлақ түргеннің сөкеттігі жоқ дейді. Бұл ретте психологтардың да айтары бар.
– 4-14 жас аралығындағы балақайлар дұрыс әрі уақтылы тамақтануы тиіс. Олар тәуліктің 8 сағатын ұйқыға бөлуі керек. Мектеп табалдырығын аттаған балалар медициналық тексеруден өтеді. Дәрігерлердің бақылауында болады. Дені сау, ешқандай жүйке ауытқулары байқалмаған балалар бұл кезеңде өзін-өзі дамытуға арналған қосымша сабақтар алуына болады. Олардың қабылдауына қарай ыңғайластыруы керек. Артық салмақ салудың қажеті жоқ. Себебі мектеп оқушылары сынып-үй тапсырмаларын орындауға уақыт арнайды. Аптасына баланың жасы мен қабылдауына байланысты зияткерлік қабілеттерін шыңдауға бірнеше сағат жеткілікті. Қалауына қарай әрекет еткен жөн. Айта кетерлігі, 10 жастан асқан балаларға күш немесе миға ауыртпалық салмаған абзал. Бұл жастан бастап балаларда суицидке бейім болады. Барлығын қалыпты нормадан асырмаса, спорттық және интеллектуалды қабілеттерін шыңдауына рұқсат етіледі, - дейді облыстық балалар ауруханасының психологы Толғанай Сырғабайқызы.
Ал педагогтар бала жастайынан көп нәрсені бойына сіңіріп өседі, мұндай кезеңде мейілінше миының жылдам шешім қабылдайтындай жаттықтыру керек екенін айтуда.
– 4 жасар балаға санауды үйретсеңіз ол егер жақсы меңгеріп алса, ойша елестету арқылы бірнеше секундта жауабын бере алады. Ал 14-тен асқан соң мидың жұмысы баяулай түседі. Мысалы, қазір менің шәкірттерім есептің жауабын менен тез айтады. Баланың денсаулығы немесе басқалай жүйке жүйесі, психикасына әсер ететіндей ауыртпалық салмаймыз. Аптасына екі рет 2 сағат уақыт оқытамыз. Қалған күндері кемі 20-30 минут есеп шығарып жүрсе, бала ешқандай қиындықты сезінбейді. Бұл ғылым емес, адамның қабілетін жетілдіру. Шапшаң ойлап, қимылдап, есепті де солай шешімін тауып жатса кімге болса да жақсы емес пе?! Бізді бір қуантатыны – оқушыларымыздың қабілеті артуынан болар, арасынан вундеркиндтер шығуда, – дейді Айдана Қалмұратова.
Өркениетке бет бұрған еліміздің жастары – ертеңгі мемлекет тірегі. Қоғамға да ең басты керегі – елдің ертеңіне деген сенім мен үміт. Сол үмітті сөндірмейтін бәсекеге қабілетті ұрпақ болмақ. Тірек нық та берік, сенімді болуы үшін балақайлардың біліміне көп мән берген абзал.

Фото: Серік ҚОСАЙ

Диплом бүгінгі таңда саналы адамдардың бәсекеге қабілетті екенін дәлелдейтін құжатқа айналып кеткелі қашан. Дегенмен, білім алуға, жоғарғы оқу орнының шәкірті атану үшін мемлекеттік грант иегері конкурсында біреудің бағы жанса, ал енді біреудің жолы бола бермейді. Қазіргі таңда еліміздің жоғары оқу орын-дарында 530 мыңнан астам жас оқып жүр, олардың 30 пайызға жуығы мемлекеттік грантпен білім алуда. Ал жылда бітіруші түлектер саны орташа есеппен 150 мың адамды құрайды. Яғни, мектеп бітірген жастардың басым бөлігі өз қаржысына оқиды деген сөз. Ұлттық, мемлекеттік университетті айтпағанда, жекеменшік жоғарғы оқу орындарындағы оқу ақысының бағасы шарықтап тұр. Қалтасындағы барын баласы үшін беруге бар ата-ана бұл тұста аянып қалсын ба? «Амал жоқты» алға тартып, барын салады. Осы тұста ата-анаға көмек болар не бар?

Алпамыс Сатыпалдин

Міне, мемлекеттік грант иегерлерінің конкурсы өз мәресіне жетті. Тегін оқуға қол жеткізгендер бір қуанғаны анық, ал қалғандары қайтпек? Ата-ананың баласының жоғары білім алуы үшін жинаған қаражат әрі кетсе екі жылға жетер. Ал төрт жыл немесе одан да көп оқитын студент оқу ақысын қалай төлейді? Бұл кезде бар ауыртпалық ата-анаға түспей ме деген сауал көпті мазалайды.

Қайтарымы мол білім инвестициясы

Бүгінде мемлекет жастардың сапалы білім алуын қамтамасыз етуді басты назарға алып отыр. Ол үшін елімізде тегін оқытуға қосымша бағдарламалар қабылданған. Оған бір дәлел - түлектерге мемлекеттік грант иегері атануға, оның ішінде күнгейлік жастарға басымдық беріп келген «Серпін-2050» бағдарламасы елге жақсы таныс. Бағдарламаның 4-5 жылда еліміздің солтүстік өңірлерінде бірнеше мың жастың білімін шыңдауға мүмкіндік бергені де белгілі. Дегенмен, мемлекет бөлген грантқа екінің бірінің қол жеткізуі оңай емес. Мұндайда 2013 жылы бастама ретінде енгізіліп, бүгінде жемісті жұмыс істеп келе жатқан мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі (МБЖЖ) көмекке келетінін баса айтқан жөн. Яғни, әлемнің
Испания, Сингапур, Нидерланд, Швеция, Ұлыбритания, АҚШ секілді елдерінде қолданысқа енген ұтымды жүйе пайдасын беріп келеді. Яғни, ата-ананың баласын оқытуға жұмсайтын шығынының бір бөлігін мемлекет өз мойнына алады. Мемлекеттік білім берудегі жинақтау жүйесі арқылы Қазақстанның да кез келген азаматы өзінің немесе балаларының елімізде және шетелде оқуына жоспарлы түрде қаржы жинақтай алады.
Сонымен, мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі қандай жүйе? Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» Заңға 2013 жылы 14 қаңтар күні қол қойды. Жүйенің негізгі мақсаты – білім алудың қолжетімділігін арттыру, яғни, ата-аналардың аз мөлшерден жинап бастаған салымдарының көбеюіне, ертеңгі күні мектеп бітірушілердің жоғарғы оқу орындарына немесе магистратура, докторантураларға түсуіне жағдай жасау. Осы Заңның аясында бүгінде білім және ғылым министрлігінің жанында «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамы қарқынды жұмыс істеуде. «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамының мәліметіне сәйкес, бүгінде 19 000-нан аса азамат білім беру депозиттерін ашып, олар салым жинауда. Осы жүйені елімізде енгізуге байланысты қыруар жұмыс атқарылғаны анық. Техникалық жұмыстар бірнеше банктің және бірнеше мемлекеттік органның мәліметтер базасын бірыңғай ақпараттық жүйеге біріктіруден басталса, нормативтік жұмыстар негізгі Заң қабылданғаннан кейін жүйеге қатысушылар арасында үлгілік келісім-шартты бекітуден туындады. Содан кейін ғана білім беру депозиттерінің шарттары мен басымдықтарын түсіндіруге бағытталған ауқымды ақпараттық жұмыстарға кезек берілді. Әлбетте, жаңа жүйе бойынша білім беру депозиттерін ашып жатқандардың қатары 19 мың асса да жүйенің жұмысын әлі де болса насихаттауды, бір-бірімізге айтып жүруді артықтық етпейді.

Депозиттің үстеме ақысы қандай?

– «Білім депозитінің ерекшелігі – жинақталған қаржы тек қана білім алуға жұмсалуы тиіс» дейді «Қаржы орталығы» АҚ білім беру қызметтеріне ақы төлеу жүйесін дамыту департаментінің менеджері Алпамыс Сатыбалдин.
- Егер салымшы жинаған қаржысын басқа мақсатта пайдаланғысы келсе, мемлекет тарапынан бөлінген сыйақы берілмейді. Болашақ студент білімді Қазақстандағы оқу орындарынан алғысы келе ме, әлде шетелде оқуды армандай ма, мейлі. Салымшы өзінің не баласының атына жүйеге қатысушы-банктен білім салымын ашады да, ақша жинау мерзімін, қанша ақша жинау керегін және салымның уақытын өзі белгілейді. Салымды екінші деңгейдегі банктерден, мәселен, Халық Банк, Нұрбанк, Цеснабанктен ашуға болады. Ал банкке салынатын бастапқы жарнаның ең төменгі сомасы 3 айлық есептік көрсеткішті құрайды, яғни банктерде білім депозитін ашу үшін 7215 теңгеден асатын қаражат салынуы керек. Білім депозитін жинақтаудың мерзімі 3 жылдан 20 жылға дейінгі аралықты қамтиды.
Салымды ашу үшін ата-ананың жеке куәлігі немесе төлқұжаты және баланың туу туралы куәлігі немесе төлқұжаты керек. Айта кету керек, білім депозитіне салымды республикамыздың аумағындағы барлық елдімекендердегі жүйеге қатысушы-банктердің барлық филиалдарында ашуға мүмкіндік бар.
Мына қызықты қараңыз. Егер салым иесі грантқа оқуға түскен жағдайда салымшы барлық қаржысын банк үстемақысымен және мемлекеттің сыйлықақысымен бірге қайтарып алуына құқы бар. Немесе депозитті ҚР азаматы болып табылатын басқа бір адамның атына аударуына болады. Тіпті болмаса салымды ары қарай жалғастырып, магистратурада оқуы үшін жинақтаған қаражатты пайдалана алады. Егер салымшының жинаған ақшасы оқу ақысын төлеуге жетпей қалса, білім депозитіндегі қаржы оқу ақысының елу пайызын құраса, онда Қаржы орталығының кепіл болуымен талапкерге білім несиесі беріледі.
– Ең бастысы, салынған ақшаға кепілдік бар. Яғни жеке тұлғалардың барлық салымдары сияқты білім беру депозиті де Депозиттерді кепілдендіру қорымен 10 млн теңге мөлшеріне дейін сақтандырылған. Сондай-ақ, білім беру депозитінің басқа депозиттерден ең басты елеулі айырмашылығы ретінде банктің 12 пайызға дейінгі жылдық сыйақысынан бөлек мемлекет тарапынан да беріліп отыратын 5-7 пайыздық сыйлықақыны атауға болады. Демек, 7 пайыз мөлшеріндегі көтеріңкі мемлекеттік сыйлықақы әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарға жататын азаматтар, оның ішінде жетім балалар, мүгедек балалар және көпбалалы отбасындағы балалар үмітін ақтауға арналған. Басқа салымшыларға мемлекет сыйақыны жыл бойына жинақталған сомаға 5 пайыз мөлшерінде төлейді. Айталық, салымшы жылына белгілі мөлшерде ақша салатын болса, ол банк пен мемлекет тарапынан 17-19 пайызға дейін көтермеленіп, үстіне ақша қосылады, - дейді департамент менеджері.
Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне тек жеке тұлғалар ғана емес, қайырымдылық қорлары мен мүдделі ұйымдар, компаниялар да қатыса алады. Мұның мысалы ретінде Сара Назарбаева басқаратын «Бөбек» қорының акциясын айтуға болады. Қор еліміздегі балалар үйлерінде тәрбиеленіп жатқан жеті мың балаға білім беру депозитін ашып, қайырымдылық істің бастауында тұр. Бұдан бөлек білім және ғылым министрлігінің бастамасымен «Өзіңнен баста!» қайырымдылық акциясы қолға алынған. Акция ауқатты адамдарды, көрнекті қоғам қайраткерлерін мұқтаж балаларға білім беру депозитін ашу ісіне тартуды мақсат етеді. Бұл акция аясында да депозиттер ашылып жатқанын сала мамандары тілге тиек етті.
Ал ақша жинақтап үлгермеген бітіруші түлек оқу ақысын білім кредиті арқылы алуына болады. Айта кетейік, 2005 жылдан бастап «Қаржы орталығы» АҚ екінші деңгейлі банктермен бірлесіп, білім беру несиелерін кепілдендіру бағдарламасын іске асырады. Ал пайыздық мөлшері мен несие алудың шарттары туралы мәліметті «Қаржы орталығы» сайтынан алуға болады.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуіндегі үшінші бастамасында «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» жайы қамтылған. Онда жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлу керек екені, оның 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі болатыны айтылған. Бәсекеге қабілетті ұрпақ даярлауда мұндай бағдарламалар мен бастамалардың тиімділігі зор болмақ. Себебі білімге салынған инвестиция – болашақтың кепілі. Оның қайтарымы да, пайдасы да мол болары сөзсіз.

Шымкенттегі Абай ауданында 300-ге жуық аз қамтылған отбасы тіркелген. Оларға осы аудандағы жомарт азаматтар мен қайырымды жандар жыл бойы қаржылай және материалдық көмектер көрсетіп келеді.

Қайырымдылық 2

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар туралы Абай ауданы әкімдігінің халыққа әлеуметтік қолдау көрсету бөлімінің басшысы Меруерт Тұтқышбаева айтып берді.
– Абай ауданы әкімінің орынбасары Гүлсара
Ташимованың бастамасымен жыл басынан бері 39 қайырымдылық шарасы өткізілді. Оның аясында 834 отбасы қамтылды. Аталған игі істің шарапатын көргендер – ҰОС және тыл ардагерлері, көп балалы аналар мен тұрмысы төмен отбасылар. Сонымен қатар тұл және жартылай жетімдер, дертке шалдыққан, сондай-ақ, зорлық-зомбылыққа ұшыраған азаматшаларға да материалдық көмек көрсетілді. Қаржылай және азық-түлікпен көмек беру - жыл бойы тоқтаусыз жүргізіліп отыратын процесс, - дейді бөлім басшысы.
Қайырымдылық шарасында аудандық әкімдікке қалалық маслихат депутаттары мен кәсіпкерлер көмек қолын созып, игі істен қалыс қалмайды. Тек аттарын атамауды өтінеді. «Мейірім шуағы» қайырымдылық қоры мен «Су ресурстары-Маркетинг» мекемесі өздерінің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында «Қайырымды 20 іс» акциясын өткізіп, аудандағы тұрмысы төмен отбасыларға көмектесті. Мешіт имамдары да игілікті шарада белсенді. Енді осы отбасыларға жоғарыда айтылған азаматтар алдағы жаңа оқу жылына «Мектепке жол» акциясы барысында да көмектеспек, - дейді әкімдік қызметкерлері.

Соңғы жылдары тұрмыстық қажеттіліктерді несиенің есебімен шешуге үйренгеніміз жасырын емес. Кәсіп ашып, егін ексек те, үйге қажет заттарды алсақ та, керек десеңіз той-жиынға да банктен қарыз алатынымыз бар. Әрине, қолжетімді несие біраз тірліктің жүруіне сеп болғанын жоққа шығара алмайсыз. Дегенмен, борышкерлер өзінің төлем қабілетіне сай несие алып, берешегінен құтылса, мейлі. Ал қаржылық және құқықтық сауаттылықтың төмендігінен сол алған қарызын заңсыз пайызбен еселеп қайтарғанын бірі білсе, бірі біле бермейді. Білгені сот арқылы банкте кеткен есебін талап етуге көшкен. Ал несиедегі заңсыз төлемдер деген не? Осы мәселенің тереңіне үңіліп көрдік.

banki 1588330011

Заңсыз комиссиясы бар несие

«Екінің бірі алуға еті үйренген несие ғой, ай сайын аздап төлеп, құтыламыз» деп үй мен көлік, тұрмыстық заттарды айтпағанда той-жиынды да пайыз ақшаға атқаруға дайынбыз. Бұл мәселемізді шешу үшін екінші дәрежелі банктердің есігін қағып баратынымыз рас. Керек қаржыны сұрағанымызбен, оны еселеп қайтаратынымызды біле тұра (мүмкін, білмей) кейбір құжаттарды толтырарда мұқият болмайтынымыз тағы бар. Осылай құқықтық және қаржылық сауатымыздың төмендігі қалтамызды жұқартуда.
Еліміздегі екінші деңгейлі банктерде несиенің сан түрі бар. Ал пайызбен қарыз сұрап баратындар келісім-шарт жасасқанда көп жағдайда банк қызметкерінен несиеге алатын сомасы мен қайтаруға тиіс күнді ғана біліп, басқасына аса мән бермейді. Соның салдарынан тұтынушы ай сайынғы төлеммен қоса артық төлем жасайды. Бұлай сан соғып, өздерін тонауға жол бергендер республиканың әр аймағынан табылады.
Шымкентте «Қолжетімді құқық» бірлестігі өз жұмысын бастағалы бұл орталықтың мамандарының көмегіне жүгінушілер күн санап артып келеді.
– Несие аларда қол қойылатын келісім-шартқа көз салсаңыз, «клиенттен ай сайын қарыз (ссудалық) есеп-шотына қызмет көрсеткені үшін комиссия алынады» деген жолдарды байқауға болады. Қарыз есеп-шоты – банктің қарыз алушының атына ашатын есеп-шоты. Клиентке осы шотқа ақша аударылады. Сосын клиент несиені төлеген сайын ақшаны осы шотқа салып отырады, - дейді «Dostupnoe pravo» бірлестігінің заңгері Айгерім Қалдыгүлова. - Біз банктің несие шартын және несиені қайтару жөніндегі төлем кестесін қарап, банктің түрлі қызмет көрсеткені үшін алынған комиссия төлемдеріне назар аударамыз. Бұл – заңсыз. Өйткені, несие бергені үшін банк сыйақы (вознаграждение) алады. Сыйақының ішіне банк барлық қызметі кіреді. Бірақ көп жағдайда несиені рәсімдеуші банк қызметкері сыйақыдан бөлек қосымша заңсыз комиссия төлемдерін қосып қояды. Біз осы қосымша заңсыз комиссия төлемдерін сот арқылы қайтарып жатырмыз.
Аталған бірлестіктің төрағасы Рүстем Қабидың айтуынша, екі жылда жалпы республикадағы 9 өңірден 3 мыңнан астам адамға 500 миллион теңге көлеміндегі заңсыз қаржысы сот арқылы қайтарылған. Мыңға жуық адамның шағымы сотта қаралуда. Сол соманың ішіндегі ең көбі 7 миллион теңгені құрайды. «Бұл сот процесі 2-3 айға жалғасады» дейді заңгер.
– 2012 жылы 9 ақпанда Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі екінші деңгейдегі банктер мен банк операцияларын жүзеге асыратын, несие беретін ұйымдарға
«Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметтері туралы» Заңының 30-бабының 1-тармағына сүйене отырып, сыйақыдан басқа қосымша комиссия төлемдерін тоқтатып, несие алған адамдарға заңсыз төлеген комиссия төлемдерін қайтаруды, осы мәселе бойынша шара қолдануды талап еткен қызметтік хат жіберген болатын. Ол хат бізде бар. Осы хатқа сәйкес екінші деңгейдегі банктер мен банк операцияларын жүзеге асыратын, несие беретін ұйымдар өздері осы уақытқа дейін заңсыз алынған комиссия төлемдерін несие алған адамдарға қайтарып беруге тиіс. Бұл хат туралы сот және прокуратура органдары жақсы біледі. Бірақ қарапайым халық хабарсыз. Ал екінші деңгейдегі банктер мен банк операцияларын жүзеге асыратын, несие беретін ұйымдар тұтынушылардың осындай білімсіздігін пайдаланып, комиссия төлемдерін алдап алып жатыр, - дейді «Қолжетімді құқық» бірлестігінің төрағасы.

Қайтаруға болатын мерзім шектеулі

Ал облыстық соттың судьясы Тамара Смаилованың айтуынша, сотта несиеге заңсыз комиссия алу бойынша жергілікті тұрғындар тарапынан 4 банк бойынша келіп түскен шағымдар қаралуда екен. Олардың арасында «Еуразиялық банк», «Казкоммерцбанк», «Forte bank», «Альфа банк» сынды акционерлік қоғамдардың өңірдегі филиалдары кіреді. Яғни, осы аталған банктерден 2016 жылдың 1 шілдесіне дейін қаржылай несие алғандар ғана сотқа шағым түсіре алады. «Ескеріп өтетін жәйіт, қайтаруға болатын мерзім шектеулі, ол 3 жылды құрайды» дейді Тамара Қалиқызы.
– Банктен қарыз алған адам несиесін толық қайтарып бергеннен кейін банктің өзінен заңсыз комиссия төлемдерін алғанын білген уақыт – «ескіру мерзімі» болып саналатын уақыт – үш жылдан асып кетпесе, банктің заңсыз алған комиссия төлемдері сот арқылы қайтарылады. ҚР Азаматтық кодексінің 178-бабының 1-тармағында: «Талап қоюдың жалпы мерзімі үш жыл болып белгіленіледі» деп көрсетілген. Бірақ, егер банктің өзінен заңсыз комиссия төлемдерін алғанын білген уақыт үш жылдан асып кетсе де сот талап арызды қабылдайды. Ал талап-арызды қанағаттандыру немесе қанағаттандырмау – соттың құзырында.
Айта кетейік, осыдан екі жыл бұрын Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі басқармасының «Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін есептеу кезінде ескерілетін, жеке тұлғаға берілген банктік қарыз және микрокредит беруге және оларға қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдердің тізбесін бекіту туралы» 2016 жылғы 30 мамырдағы №134 қаулысы шыққан. 11 тармақшадан тұратын, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін есептеу кезінде ескерілетін, жеке тұлғаға берілген банктік қарыз және микрокредит беруге және оларға қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдердің тізбесінің 6 пунктінде қарыз алушының (тең қарыз алушының), кепілгердің (кепіл берушінің) бастамасы бойынша қарыз алушымен (тең қарыз алушымен), кепілгермен (кепіл берушімен) байланысты талаптардың өзгеруі;
қарыз, микрокредит бойынша мүлік ауыртпалығы талаптарының өзгеруі және кепіл затын ауыстыру; кепіл берушіні ауыстыру;
клиенттің өтініші бойынша клиенттің кредиттік құжаттамасына кіретін кепіл мәніне құқық белгілеуші құжаттарды ұсыну;
клиенттің өтініші бойынша жеке тұлғаның тұрғылықты жері бойынша тіркеуге (тіркеуден шығаруға), кепілмен қамтамасыз ету аумағында жасалған қайта жоспарлауды, құрылысты, қосымша құрылысты заңдастыруға келісім туралы анықтаманы беру;
кепіл берушіні ауыстыру кезінде пайдалануға енгізілген мүлікке меншік құқығын және (немесе) кепіл құқығын ресімдеу бойынша қызмет көрсету;
жылжымайтын мүліктің мақсатын өзгерту, жер телімдерін үлестерге бөлу бойынша қызмет көрсету; клиенттің өтініші бойынша кепілмен қамтамасыз ету болып табылатын көлік құралының тіркеу нөмірін ауыстыруға, көлік құралын тіркеу туралы куәлікті қайта ресімдеуге, көлік құралы бойынша жоғалған құжаттарды қалпына келтіруге рұқсат беру туралы анықтаманы беру жөніндегі мәселелерді қарау үшін комиссиялар бар екені айтылған. Осы қаулы жарық көргеннен бастап несиедегі пайыз төлемдерді белгілеу банктерге жүктелген.

17 пайызы заңсыз төленген

Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық сотында биылғы көктемде судья Б.Ә.Бөрібековтың төрағалығымен ашық сот отырысы өткен. Онда талап қоюшы Дінислам Болатбекұлы Уәлиевтің жауапкер «ForteBank» АҚ-на банктік қарыз шартын ішінара жарамсыз деп тану және ұсталған комиссияны қайтару туралы талап қою арызы бойынша азаматтық ісі қаралды.
Талап қоюшы Д.Б.Уәлиев сотқа талап қою арызымен жүгініп, онда 20.05.2015 жылы «ForteBank» АҚ арқылы №17445996-161417АКМ15 санды банктік қарыз шарты бойынша 3 000 000 теңге көлемінде несие алғанын, осы несие шартының 8-тармағының с) тармақшасын жарамсыз деп тануды сұрайтынын, себебі ҚР «Банктер және банк қызметі туралы» Заңының 39-бабының 1-тармағында, сыйақы мөлшерлемелері мен комиссиялар, сондай-ақ банк қызметтерін көрсеткені үшін тарифтерді банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулерді ескере отырып дербес белгілейді деп көрсетілгенін, сондықтан несие шартының 8-тармағының с) тармақшасын жарамсыз деп тануды, қарызға қызмет көрсету үшін 510 000 теңге ұсталған ақшаны кері қайтаруды және 45 000 теңге өкіл ақысын және 5 100 теңге мемлекеттік баж салығын - барлығы 50 100 теңге өндіруді сұраған.
Сот отырысы талап қоюшының пайдасына шешілді, Д.Б.Уәлиев өзіне тиесілі болған қаражатты қайтарып алуға мүмкіндік алған.

Қолөнер – қазақтың ұлттық құндылықтарының бірі. Осы бағытта тер төгіп жүрген жандар аз емес. Солардың бірі «Бақыттың кілті – еңбекте» деп білетін Талғат Дүйсенбеков.

DSC 2516

Өмірінің жиырма төрт жылдан астам уақытын ұсталыққа арнаған қарапайым қолөнер шебері аталмыш кәсіптің арқасында көптің алғысына бөленіп келеді. Миллионды шаһардың өнерпаз тұрғыны ағаштан ұлттық аспаптар жасайды. Дарақтан түйін түйген шебердің есімі көпке таныс болмаса да өнерін бағалайтын, шеберлігін мойындайтын қала тұрғындары жетерлік. Олар Талғат ағаны он саусағынан өнер тамған шебер, ағаш ұстасы деп құрметтейді.
Биыл алғаш рет ел болып тойлаған ұлттық домбыра күні жоғары дәрежеде аталып өткені баршаға мәлім. Ерекше мерекеде қаламыздағы дендрологиялық саябақта қолөнершілер көрмесі ұйымдастырылып, мыңнан астам бұйым ел назарына ұсынылды. Қолөнершімен осы күні таныстым. Кішкентайынан әке жолын қуып өскен қолөнер шебері өзі жасаған бұйымдарын көпшілікке таныстыра отырып, кәсібінің сырымен бөлісті.
– Қолөнерге бала күнімнен әуес болдым. Әкем суретші еді. Сол кісінің қасында жүргенде көп нәрсені жадыма құйып, өмірлік сабақ алдым. Үйрендім. Кейін Әбілхан Қастеев атындағы өнер колледжіне оқуға түстім. 1989 жыл болатын. Алғашқы ұстазым әкем болса, кейін нағыз мамандардан кәсіби білім алып шықтым. Киелі шаңырақ менің өнерімді шыңдай түсті, - дейді шебер өнер жолына келген уақыттарды еске алып.
Талғат ұстаның негізгі машықтанғаны – қобыз аспабын жасау. Дегенмен ұлттық аспаптардан домбыраны да шебер жасап шығады. Бүгінде өзі жасаған жұмыстарының бірегейі 2003 жылдары қызмет еткен Қызылорда облысында сақтаулы тұр. Қорқыт ата кесенесі мен университет мұражайынан қолөнер шеберінің нар қобызын көруге болады. Ұзындығы 1 метр 10 сантиметр музыкалық аспап қажырлы еңбек пен асқан сабырлықтың жемісі дейді шебер. Бұл істі екінің бірі таңдамауының өзіндік сыры да бар.
«Ұсталы ер озар» деп қазақ бекер айтпаса керек. Талғат аға қазақ пен домбыраның егіз ұғым екенін еске алды. Ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрдің ұмытылмай, жаңғыруына өз үлесін қосып жүргенін мақтаныш тұтады.
– Ұлттық аспаптар бұрындары әр қазақтың үйінен табылған. Олар киелі. Аяқ астында жатпай, тек төрде ілініп тұрған. Біздің отбасымыз да осынау ұлттық өнерді жалғастырып, ұлттық аспаптарды жасау арқылы халқымызға пайдамыз тисе дейміз. Елбасымыз айтқан рухани жаңғыру деген де осы емес пе?!
Талғат Дүйсенбековтің ізін ұлы Самат жалғастыруда. Шеберханада көмектесетін де сол.
– Шебер болғысы келетін адамда ең алдымен ынта болғаны ләзім. Қазір баламның да өнерге деген қызығушылығы оянып, біраз еңбектеніп жүр. Сабақтан босаған уақыты мен демалыс күндері қолғабыс жасап, көмектеседі. Жасаған туындылары да жаман емес, - дейді ата кәсібін жалғаған баласына разы болған шебер.
Ұлы екеуі жасаған қолөнер бұйымдарын, ұлттық аспаптарын Талғат ағаның жұбайы сатады. Бұйым жасауға қажет ағаштарды Оңтүстіктің аудандардағы таулы, орманды жерлерден алдыртады. Ерекше дарынының арқасында біраз көрмелер мен белестерді бағындырған ол көз майын тауысып жасаған бұйымдарын арзан бағаламайтынын жасырмады.
– Бір қобызға 2 ай уақыт жұмсасам, домыраға кемі 3 ай уақытым кетеді. Көз майын тауысып, шын ынтаңмен жасаған жұмыстарымды кейде мен сұраған сомадан аз бағалайды. Мәселе ақшада емес, еңбек пен өнерде жатыр. Шынтуайтында негізгі кәсібім де осы. Бала-шағамның ас-ауқаты мен күнкөрісіміз.
Осы кезде жанында тұрған ұлын әңгімеге тартып, болашақ мақсаттарымен бөлісуін сұрадым.

DSC 2487

– Мен №72 жалпы орта мектептің 9 сыныбына өттім. Он жасымнан бастап әкемнің шеберханасындағы шәкіртімін, - дейді Самат Махмуддинов. – Өмірлік те, қолөнерлік өнерінен де тәжірибе аламын. Бұған дейін домбыра, гитара сынды музыкалық аспаптарды үйрену үшін арнайы үйірмелерден сабақ алдым. Қазір екі аспапта да ойнауды меңгердім. Енді оларды өз қолыммен жасау маған бір жағынан қызық көрінді. Әкем кескінін сызып, дайындап береді. Мен соны ары қарай жалғастырамын.
Самат Талғатұлы болашақта екі мамандықтың біріне таңдау жасамақ. Әзірге ата кәсібін үйреніп жүрген ол ғарышқа сапар шегіп ұшқыш болуды да армандайтынын айтты. Ойын балаларына ілеспей, шеберханада көбірек уақыт өткізгенді құп көреді. Онысына өкінбейді де.
Міне, ұлттық домбыра күнінде үлгі аларлық отбасымен осылайша таныстым. Бұл – тұнған өнер. Иә, өнер – құдірет. Құдіретті бәрі мойындайды. «Әр қазақтың шаңырағының төрінде домбыра тұруы керек» дегенді ұран етіп ұстаған халықпыз ғой. Қазақ аман тұрғанда ұлттық өнерді ұлықтап жүргендердің де жағдайлары жаман болмас. Ұлттық өнеріміздің өрісі кеңейе берсін!

Мегаполис сөзінің түп төркіні Мегалополь қаласының атауынан пайда болған. Ежелгі Грекияның 35 елдімекенінің тұтасып кетуі нәтижесінде қалыптасқан бұл термин жер-жаһандағы үлкен қалаларды атағанда еске оралады. Ал өткен ғасырдың 70-жылдары әлемдегі ең алып шаһарлардың үштігін Токио, Нью-Йорк, Мехико қалалары құраған. Бұл қалалардың тұрғылықты халқы он миллионнан асып жығылатын. БҰҰ мәлімдеуінше, жер бетіндегі жалпы адамдардың 7 пайызы бүгінде мегаполистерде өмір сүруде. Бұл көрсеткіш алдағы онжылдықта тағы еселеп артады деген болжам бар.

2

Адам санының көптігі, жұмыстың жетіспеушілігі, көлік кептелісі – бұлар мегаполистің басты ерекшелігі. Қайнаған тіршілік ортасына айналған қалалардағы бұл үдеріс артқан сайын қаланың дамуы да ілгері жылжиды. Шаһардағы халық саны, қала аумағы жыл санап өзгеріп отырады. Американың «Futurism» басылымы жақында әлемдегі ірі қалаларда жүзеге асырылатын мега-жобаларды жариялады. Онда 2035 жылға дейін салынатын жаңа қалашықтар мен алып ғимараттар, биік кешендер жайында айтылған.
1. Шанхай – Қытайдағы ең ежелгі һәм халқы санынан алдыңғы қатардан табылатын әлемдегі ірі қалалардың бірі. Оны әлемнің сегізінші кереметіне теңейтіндер мен «Шығыстың Нью-Йоркі» немесе «Шығыстың Парижі», «Азияның Венециясы», «Қытайдың Чикагосы» деп атайтындар да жетерлік. Міне, осы шаһарда 2020 жылы құны 1,5 млрд АҚШ долларына тең жаңа қалашық салынбақ. Заманауи әсем дизайн, көздің жауын алатын сәулетті сауда орталығы, зәулім үйлер, миллиондаған шаршы метрді құрайтын кеңселер мен ойын алаңдары тап осы «Todtown» қалашығының жоспарында көрсетілген. Бүгінде күншығыс елінің ірі қаржы орталықтарының бірі саналатын Шанхайда 24 миллионнан астам адам тұрады. Бұл – ресми тіркелгені ғана.
2. Ал мысыр халқы 2022 жылға дейін «Жаңа Каир Капитал» қаласын тұрғызбақ. Оның аумағы 270 шаршы километрді құрайды деп күтілуде. Жаңа хабта 5 миллионға жуық адам тұратын үйлері бар 21 аудан орналаспақ. Сондай-ақ, 1250 мешіт пен шіркеулер, 5 мың орынға арналған конференц-орталық, 2 мыңға жуық мектеп пен колледж, 600-ден астам медициналық мекеме және әлемдегі ең үлкен саябақ салыну жоспарланған. Жергілікті билік алып жобаның құрылысын 45 миллиард долларға бағалап отыр.
3. Әлемге романтикалық қала болып танылған Парижде де алдағы жылдары жаңа жоба іске қосылатыны айтылуда. Қаланың солтүстігінде аумағы шамамен 800 мың шаршы метр болатын «Europa City» деп аталатын кешен бой көтереді. Жобаға тұрғын үй, дүкендер мен мейрамханалар, сондай-ақ жасанды шаңғы беткейлері кіреді. Құрылыс 3,4 миллиард долларға бағаланған. Алдын ала жоспар бойынша, құрылыс толығымен 2024 жылдың күзінде аяқталмақ.

3

4. Сәулеті келіскен жаңа қалашық Германияның астанасында да пайда болмақ. Берлин қаласында «Europacity» атты жаңа аймақ салынуда. Ауданы 400 мың шаршы метрді құрайтын жаңа қалашық коммерциялық және шаһардың орталығы болады. Құрылыстың негізгі бөлігі 2025 жылға дейін аяқталуы тиіс. Бұл ауданда 2 мың пәтер, кеңсе және сауда алаңы бой түзейді деп күтілуде.
5. Түркия да әлемдік үрдістен қалысар емес. Мұнда құрылыс қарқын алып, нәтижесінде Стамбул орталығынан алыс емес жерде орналасқан жеті мұнарада 50 мыңға жуық тұрғын үй салынбақ. 100 миллионға жуық шаршы метр аумақ бір кездері әскери аймақ болған. Жаңа ауданда сауда орталығы, 6200 орындық жер асты гаражы, саябақтар мен кинотеатр, мұз айдыны және әлемдегі ең үлкен әуежай болады деп жоспарланған.
6. 2001 жылғы 11 қыркүйекте Нью-Йоркте лаңкестік шабуыл жасалған егіз мұнаралардың орнына жаңа ғимараттар салу жұмыстары басталды. Бүкіләлемдік сауда орталығы, Бостандық мұнарасы, қаланың ең биік ғимараты, әлемдік сауда орталығы, 7-ші дүниежүзілік сауда орталығы, жаңа транзиттік хаб, мемориал, мұражай, сауда орталығы және саябақ – осының барлығы салынып, 2020 жылға қарай тағы үш мұнара, шағын шіркеу мен өнер орталығы құрылады.
7. Ал бразилиялықтар Сан-Паулу қаласын шаһардың жаңа бас жоспарына сәйкес жиырма жылда өзгертуді көздеп отыр. Қазіргі уақытта Сан-Паулу халқының шамамен 1,2 миллион тұрғыны қаланың орталығында, «Қабырға» деп аталатын фавелас-бетон, темір-бетон немесе иелері тастап кеткен ғимараттарда тұрады. Бас жоспар қолға алынса, қала тұтастай жаңарып шықпақ. Жаңадан үйлер салынып, вело жолдар мен көлік тұрағының аумағы ұлғаяды. 2030 жылға қарай қалада жаңа 717 мың үй құрылысын салуды жоспарлауда.
8. Жапонияның астанасын Токио қаласында болашақтың қаласы - «Shibuya» станциясы құрылмақ. Айта кетейік, Токио – халқының саны 30 миллионға жеткен алғашқы қаланың бірі. Жапондар 2020 жылы жазғы Олимпиада ойындарына дайындалуда. Соның аясында 2020 жылға дейін кем дегенде жаңа 45 аспан тіреген үй салынады. Олардың жетеуі Шибуэйді қайта құру жобасының бір бөлігі болады. Жобаның толық құрылысы 2027 жылға дейін аяқталады деп күтілуде.

Страница 46 из 51