Шымкент – бизнеске қолайлы қала

Пятница, 19 Апрель 2024 07:42

shymkent-bizneske0kolaily 2

Бүгінде Шымкентте 130 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъекті жұмыс істейді. Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар аясында биыл 21,05 млрд теңге қаржы қаралған. Оның 18,65 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, 2,4 млрд теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінген. Одан бөлек қаңтар-наурыз айларында қаладағы бөлшек сауда көлемі 191,6 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 108,9 пайызға ұлғайған. Бөлшек сауда көлемінің артуына қаладағы сауда ойын-сауық орталықтарының құрылысы, жаңа сауда нүктелерінің ашылуы және базарларды модернизациялау ықпал етпек. Бұл туралы Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ермек Тұрманов Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында айтты. Брифингте 2024 жылдың І тоқсанында атқарылған жұмыстардың есебі беріліп, 2024-2028 жылдар аралығында жүзеге асырылатын жобаларды таныстырды.

 

ӨНДІРІСТІҢ ДАМУЫ – ҚАЛАНЫҢ ӨСУІ

Жалпы өңірлік өнім құрылымында ең жоғары үлес салмағын өңдеу өнеркәсібі – 19,1%, көтерме және бөлшек сауда; автомобильдер мен мотоциклдер жөндеу – 18,3%, жылжымайтын мүлікпен операциялар – 14,3%, өнімге салынатын салықтар – 8,6%, білім – 8,4%-ды құрайды.

shymkent-bizneske0kolaily 1

Шымкент қаласы өңдеу өнеркәсібінің 18 тауарын өндіруден республикада үздік үштікке енеді. Атап айтқанда, эфир майы, синтетикалық штапель талшықтардан жасалған маталар, түкті сүлгілер мен мақтадан жасалған ұқсас түкті маталар, қоспалы болат және қуыс профильдер, керамикалық тақтайлар және т.б. өндірісі.

Қалада өңдеу өнеркәсібі салаларының (құрылыс материалдары өндірісі – 15, жеңіл өнеркәсіп – 11, азық-түлік – 10, металлургия – 8, машина жасау саласы – 5, фармацевтика – 4) 57 ірі және орта кәсіпорны шоғырланған, олардың 54 өнімді сыртқы нарыққа шығарады.

«Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды шығару бойынша жаңа өндірістер саны» индикаторы бойынша 2024 жылы 1 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.

Шымкент қаласының өнеркәсіп саласында белсенді жұмыс істеп тұрған 885 өнеркәсіптік кәсіпорын шоғырланған, оның ішінде 20 – ірі, 49 – орта және 816 – шағын өндірістер. 2024 жылғы қаңтар-наурыз айларында өнеркәсіптік кәсіпорындарымен өндірілген өнімнің көлемі 250,6 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өнеркәсіптік өндіріс индексі 4,3 пайызға артты.

Мамандар 2023 жылы қалыптасқан өсу тенденциясын есепке ала отырып, 2024 жылы өнеркәсіпте өндірілетін өнім көлемі 1 107,5 млрд теңгеге жетеді деп болжайды. Осы жылдың 3 айының қорытындысымен Шымкент қаласына 98,8 млрд теңге инвестиция тартылған. Оның ішінде мемлекеттік бюджеттен түскен инвестициялар көлемі 13,2 млрд теңге, ал жекеменшік инвестициялар 85,6 млрд теңгені құрады.

2024 жылы жалпы 928,7 млрд теңге инвестиция тарту жоспарлануда, бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 28,2 пайызға артуы күтілуде. Басқарма мәліметіне сүйенсек, 2024-2028 жылдар аралығында жүзеге асырылатын құны 1,7 трлн теңгеге 219 инвестициялық жобалардың пулы жасақталды. Бұл жобалардың орындалуы жаңа 32 мыңнан астам жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік береді.

 

ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚТАР – ӨНЕРКӘСІП ТІРЕГІ

Қала аумағында жалпы аумағы 869 га құрайтын 5 өнеркәсіптік аймақ жұмыс істейді. Бүгінгі таңда 330,9 млрд. теңге сомасына 344 жоба іске асырылуда. Оның ішінде 229,0 млрд теңгені құрайтын 285 жоба 8,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орнымен іске асырылды.

shymkent-bizneske0kolaily 4

«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының инвестициялық қоржыны жалпы құны 130,5 млрд теңге болатын 62 жобадан тұрады, олар 3,7 мың жұмыс орнын құруды көздейді. Аталған аймақта жалпы инвестиция көлемі 58,9 млрд теңге тұратын 38 жоба іске асырылып, 2,6 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. 2024 жылы 564 жаңа жұмыс орындарын құрумен 14,8 млрд теңгеге 5 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл көрсеткіштер полиэтилен өнімдерін өндіретін «Easy Pack» ЖШС, ПКС маркалы картон шығаратын «Бумпром» ЖШСкәсіпорындары есебінен алынған.

«Тассай» индустриялық аймағында 50,7 млрд теңгеге 2,6 мың жаңа жұмыс орнымен 43 жоба іске асырылуда. 2024 жылы 10 жаңа жұмыс орнын құрумен 100 млн теңгеге 1 инвестициялық жоба іске асырылды.

Сауда-логистикалық орталығында 2024 жылы 207 жаңа жұмыс орындарын құрумен 37,2 млрд теңгеге 2 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Олар: алкогольсіз сусындар шығаратын «СП Кока-Кола Алматы Боттлерс» ЖШС-нің зауыты. Инвестициялық құны – 27 млрд теңге, 100 жұмыс орнымен қамтамасыз етеді. Енді қала тұрғындары өз қаламыздан шығатын сусынның дәмін тататын уақыт алыс емес. Екіншісі «НМИ ЮГ» ЖШС-ның көпфункционалды қойма кешені. Инвестициялық құны – 10,2 млрд теңге, 107 жұмыс орынын құрады.

Сондай-ақ, 2024 жылы 564 жаңа жұмыс орынын құрумен 14,8 млрд теңгеге 5 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Олар «Hydrogen Energy» ЖШС – сутегі тотығын өндіру, инвестициялық құны – 4,0 млрд теңге, 25 жұмыс орны, «Balabi textile» ЖШС – шұлық бұйымдары өндірісін кеңейту, инвестициялық құны – 6,5 млрд теңге, 260 жұмыс орны; «Marvik Partners» ЖШС – тоқыма емес материалдар өндірісі, инвестициялық құны – 3,2 млрд теңге, 200 жұмыс орны, «Cleans Fabric» ЖШС – ылғалды майлықтар өндіру, инвестициялық құны – 837 млн теңге, 20 жұмыс орны, «Nappa.kz» ЖШС – аяқ киім өндірісі, инвестициялық құны – 400 млн теңге, 59 жұмыс орны.

Қала аумағында 2 314 га аумақта қосымша 8 жаңа өндірістік алаң құру жұмыстары жүргізілуде.

«Жұлдыз» индустриялық аймағының жалпы аумағы – 306 га. Бүгінгі таңда «Жұлдыз» индустриялық аймағының инженерлік-инфрақұрылым жүйелерінің құрылыс жұмыстарының 80 пайызы аяқталған. Инженерлік инфрақұрылым жүргізудің жалпы құны 13,7 млрд теңгені құрайды. Тапсырыс беруші – Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы. Аймақта инвестициялық құны 126,7 млрд теңге құрайтын, 3 230 жаңа жұмыс орындарымен қамтитын 35 жоба іске асырылуда. Оның ішінде, жалпы құны 57,2 млрд теңгені құрайтын 16 жобаның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жалпы аумағы 306 га құрайды. Сондай-ақ, Өңірлік үйлестіру кеңесінің шешімімен қатысушылар тарапынан игерілмеген 51,7 га аумақ қайтарылды. Босаған жер учаскелерінің орнына импорталмастырушы, экспортқа бағытталған ірі жобалар орналастырылатын болады.

«Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриялық аймағының жалпы аумағы 132 га құрайды. Аймақта жалпы құны 27,1 млрд теңгені құрайтын 8 жоба орналастырылды. Бүгінде аталған аймақтың инженерлік-инфрақұрылым желілерінің құрылыс жұмыстары да 80 пайызға аяқталды. Индустриялық аймақты сумен жабдықтау және кәріз жүйесін жүргізуге бюджеттен 4,7 млрд теңге қаражат бөлінді. Құрылыс-монтаждау жұмыстары (мердігер мекеме «Агидель-АС» ЖШС) 85 пайызға орындалды. Құрылыс жұмыстарын 2024 жылдың мамыр айында аяқтау жоспарланған.

«Бозарық» индустриялық аймағының маңында 215,9 га құрайтын жылыжай жобаларын іске асыру мақсатында индустриялық аймақты кеңейту жұмыстары жүргізілуде.

Аталған аймақта жалпы құны 300 млрд теңгені құрайтын түркиялық «Аlarko holding» компаниясының заманауи жылыжай құрылысы әлеуетті жобасы іске асырылатын болады. Қазіргі таңда жобаның қаржылық моделі, бизнес-жоспар, жұмыс жобасы әзірленуде.

Металлургия саласындағы жобалар іске асырылатын аумағы 1076 га құрайтын қаланың оңтүстік-батыс бағытында жаңа индустриялық аймағын құру жұмыстары басталды. Қазіргі таңда индустриялық аймақ тұжырымдамасы әзірленіп, қала әкімдігінің қаулысы қабылданды. Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы тарапынан аталған аумақта жобаларға қажетті инженерлік-инфрақұрылымға қосылу нүктеклерін анықтап, жобалау жұмыстарын жүргізілуде.

Қала аумағындағы құм-тас, шағал тастар, ағаш және темір бұйымдарын сату орындарын қаланың сырт аумақтарына көшіру бойынша «Құрылыс материалдары» индустриялық аймағы құрылды. Жалпы аумағы 173,8 га құрайды. Бүгінде «Бозарық» шағынауданындағы 5,3 га және 2,5 га аумақтарда орындары белгіленіп, ішкі орналасу сызбалары мен кіру/шығу жолдары төселінді. Ағымдағы жылдың 1 наурызында пилоттық режимде іске қосылды.

 

КӘСІПКЕРГЕ ҚОЛДАУ КЕРЕК

Шымкент қаласында 130 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істейді. Жалпы шағын және орта кәсіпкерлікті мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау мақсатында 2024 жылға 21,05 млрд. тг. қаржы бөлінген. Оның ішінде республикалық бюджеттен – 18,65 млрд. тг., жергілікті бюджеттен – 2,4 млрд. теңге. 2022-2024 жылдарға арналған «Іскер қала» іс-шара жоспары шеңберінде 2024 жылға міндеттемелерді өтеуге бюджеттен 174,3 млн. теңге бөлінген. Осы уақытқа дейін 183 жобаға 17,9 млн. тг. субсидия, 19 жобаға 24,6 млн. тг. өндірістік алаңдарының жалдау ақысы өтелді.

shymkent-bizneske0kolaily 3

Осыған орай, Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының ұйымдастыруымен «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ және «QazTrade» Сауда саясатын дамыту орталығы АҚ бірлесіп өңірлік кәсіпкерлер палатасының базасында семинар өткізілді. Іс-шараның барысында аталған даму институттары өнеркәсіпті дамыту саласында көрсететін қызметтер және отандық тауарөндірушілерге мемлекет тарапынан ұсынылатын қолдаулар таныстырылды. Бөлшек салық мөлшерлемесін 4%-дан 2%-ға дейін төмендету бойынша егжей-тегжейлі зерделеп, тиімділігіне талдау жұмыстары жүргізілді.

Бөлшек салық мөлшерлемесін төмендету – кәсіпкерлікті дамытуға, кеңейтуге, қаржы айналымын ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Яғни, көлеңкелі бизнестен шығуға септігін тигізеді. Сонымен қатар кәсіпкерлер кірістері бойынша 600 мың АЕК-ке (2,2 млрд. тг) дейін қосылған құн салғынан босатылады. Бөлшек салықтың арнаулы салық режимі мөлшерлемесін 4 пайыздан 2 пайызға төмендеткен жағдайда, жеке табыс салығы бойынша салық мөлшерлемесі 1,5%-дан 2%-ға өсуіне байланысты салық түсімі көлемінің ұлғаю ықтималдылығы жоғары.

Бүгінгі таңда «Шымкент қаласындағы бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдану кезінде салық мөлшерлемесінің мөлшерін төмендету туралы» 2024 жылғы 19 наурыздағы №14/120-VIII мәслихат шешіміне сәйкес бөлшек салық мөлшері 4%-дан 2%-ға төмендетілді.

Одан бөлек қаңтар-наурыз айларында қаладағы бөлшек сауда көлемі 191,6 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 108,9 пайызға ұлғайған.

Бөлшек сауда көлемінің артуына қаладағы сауда ойын-сауық орталықтарының құрылысы, жаңа сауда нүктелерінің ашылуы және базарларды модернизациялау ықпал етпек.

 

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

kurylys

Шымкент қаласының өңірлік коммуникациялар қызметінде «Шымкент қаласында құрылыс қызметі саласындағы атқарылған нақты жұмыстар мен жетістіктер және алдағы жоспарлар туралы» брифинг өтті, оның барысында ағымдағы жылдың 3 айында құрылыс саласындағы атқарылған жұмыстар мен алдағы атқарылатын жұмыстар туралы айтты.

2024 жылы құрылыс басқармасы тарапынан 103 жоба немесе 131 нысанның құрылысын салу жоспарланған. Оның ішінде 119 нысанның құрылысы жыл соңына дейін тапсырылады. Қалған 12 нысанның құрылысы 2025 жылы аяқталады деп күтілуде.

«Бүгінгі таңда құрылыс жүргізіліп жатқан 2 950 пәтерлі 73 көпқабатты тұрғын үйден (239,0 мың шаршы метр) 180 пәтерлі 2 үй (14 мың шаршы метр) пайдалануға тапсырылды. Ал, қалған 2 490 пәтерлі 64 үй жыл соңына дейін пайдалануға тапсырылады» деді Шымкент қаласының құрылыс басқармасының басшысы Олжас Тәжібаев.

Бұдан бөлек, Шымкент қаласындағы жастарға және халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған 1 264 пәтер сатып алуға бюджеттен 25,3 млрд. теңге қарастырылған. Оның ішінде жұмыс істейтін жастарға 900 пәтерді және халықтың әлеуметтік осал топтарына 364 пәтерді нарықтан сатып алу жоспарланған.

Басқарма басшысының айтуынша, 2024 жылдың 1-тоқсанында 10 382 пәтерден 128 кемшілік анықталып, оның 118-і кепілдік мерзімге сәйкес мердігер мекемелер тарапынан қайта қалпына келтірілді. Қалған
10 кемшілік бойынша қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Жыл басынан бері басқарма тарапынан келісімшарт талаптарын орындамағаны үшін мердігер мекемелерге, техникалық және авторлық қадағалаушыларға 0,5 млн. теңге айыппұл салынып, өндірілген.

Басқарма басшысы Олжас Тәжібаев әлеуметтік құрылыс нысандары бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталып өтті.

Қазіргі таңда қала аумағында басқарманың тапсырысымен 11 білім беру нысанының құрылысын жүргізу жоспарланған. Оның ішінде 6 нысан жаңадан салынуда, 5 нысанға күрделі жөндеу жүргізілуде. Сондай-ақ, Ұлттық жоба аясында 18 мектептің (28 000 орын) құрылысы іске асырылуда. Оның ішінде, 12 мектептің (17 300 орын) құрылысын 2024 жылы, 6 мектептің (10 300 орын) құрылысын 2025 жылы аяқтау жоспарланған.

С.ТҰРҒАНТАЙҚЫЗЫ

kariz-maselesi

Шымкент қаласында 81 елдімекеннің 78-і сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілсе, Құрсай, Сайрам, Қайнарбұлақ елдімекендері ауыз суды кестемен тұтынады. Биыл осы аталған елді мекендер мен Қайтпас-1, Бозарық тұрғын алабының жаңа құрылыс аумақтарын ауыз сумен толық қамту жоспарлануда.

Осының нәтижесінде елді мекендерді ауыз сумен қамту деңгейі 100%-ға жетеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз жиынында Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Азат Қайнарұлы мәлімдеді.

Брифинг барысында басқарма тарапынан өткен жылы атқарылған жұмыстар мен жетістіктер, 2024 жылға арналған жоспарлар айтылды.

Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, қаладағы ең өзекті мәселе – кәріз жүйесі. Шаһардағы 25 шағынауданның халқы, яғни 713,5 мың адам кәріз жүйесімен қамтылған. 2023 жылы 9 нысанның құрылыс жұмыстарына 8,6 млрд. теңге бөлініп, көпқабататты тұрғын үйлермен қоса 60 мыңға жуық адам кәріз жүйесіне қосылуға мүмкіндік алды.

Сонымен қатар, 2024 жылы 2 магистральды кәріз коллекторының (Тұраннан КОС-қа дейінгі магистраль, Шымсити коллектор) және 6 ішкі орамдық жүйенің (Мирас-Шапағат-2, Нұртас, Тұран, Айқап, Қайтпас-1, Солтүстік-Батыс) құрылыс жұмыстарын жүргізуге бюджеттен 12,8 млрд.теңге жоспарланып отыр. Құрылыс жұмыстары сәуір айынан басталды.

Электр жарығымен қамтамасыз ету бойынша қазіргі таңда 81 елдімекен толық сапалы электр қуатымен қамтылған.

2024 жылы 4 елді мекеннің (Сайрам, Бозарық, Асар-2, Құрсай) жаңа құрылыс аумақтарын сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету бойынша 2024-2025 жылдарға жоспар құрылған.

– Жақында ғана Асар-2 елді мекенінде РП-10кВ электр станциясы іске қосылды. Жергілікті халықты сапалы жарықпен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар былтыр қараша айында басталды. Қала басшысының тапсырмасына сәйкес құрылыс мерзімінен бұрын аяқталып, нәтижесінде 1150 абонент үздіксіз электр қуатына қол жеткізді, – деді Азат Қайнарұлы.

Шымкент қаласы бойынша орталық маңызы бар 747 көшенің 522-сі жарықтандырылған. 2023 жылы 90 көше жарықтандырылып, көрсеткіш 69%-дан 70%-ға өскен.

2024 жылы басқарма тарапынан Тұран шағынауданындағы магистральды 13 көшені жарықтандыру, аудан әкімдіктері тарапынан 5 аудан көлемінде 1000-ға жуық көшені жарықтандыру жоспарлануда.

energoortalyk-3

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі кеңес мүшелері, энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының өкілдері «Энергоорталық-3» АҚ-ның жұмысымен танысып, жұмысшылардың талап-тілектерін тыңдап қайтты.

«Энергоорталық-3» АҚ – Шымкенттегі жылу өндіретін ең ірі кәсіпорын. Мұнда жылу мен электр қуаты өндіріледі. Қазір жылу беру маусымы аяқталған. Мамандар жылу шығаратын қазандықтар мен турбогенераторлардың сапасын жақсарту және оларды жаңарту мақсатында кезең-кезеңімен жөндеуге кірісіп кетті.

«Энергоорталық-3» мамандарының айтуынша, орталықта білікті кадрлар жоқ. Жалақының төмендігіне байланысты 10-15 жылдық тәжірбиесі бар мамандар Атырау, Құмкөл сынды жалақы көп төлейтін аймақтарға жұмысқа ауысып кеткен. Сондықтан жас кадрларды жұмысқа тарту үшін жоғары оқу орнының студенттерін осы ұйымда өндірістік тәжірибеден өткізіп, жұмысқа алу мәселесі өткір тұр. Бұл салаға қажетті мамандар Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, М.Әуезов атындағы ОҚУ, политехникалық колледж, Алматы энергоинститутында даярланады.

«AMANAT» партиясының өкілдері бұл мәселені бақылауына алып, жауапты мамандарға хат жолдайтынын атап өтті.

Бүгінде «ҚуатЖылуОрталық» МКК-ның «Энергоорталық-3» АҚ-ға 2 млрд 600 млн теңге көлемінде берешегі бар. Осы мәселе бойынша энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасына тапсырма берілді.

Орталық өткен жылыту маусымын технологиялық мәселесіз өткерген. Қазіргі таңда мұнда күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Турбогенератордың бірі жаңғыртылып, үш бірдей жылу қазандығы кезең-кезеңімен жөнделмек. ЖЭО жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қажетті материалдармен қамтамасыз етілген.

Гүлжауһар ТЕМІРХАНҚЫЗЫ

aes-salu

Мемлекет басшысы 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында халықпен алдын-ала қоғамдық талқылау өткізу арқылы Қазақстанда атом электр станциясын салуға жалпыхалықтық референдум өткізу туралы бастама көтерген болатын.

Президент 2030 жылға қарай елімізде электр энергиясы тапшылығы туындайтынын айтқан еді. Энергетика министрлігі қазірдің өзінде электр энергиясына сұраныс артып, жетіспеушілік байқала бастағанын айтуда. Сондықтан осы маңызды мәселеге қатысты референдум өткізгенге дейін елімізде атом электр станциясын салу керек пе, қажет емес пе дейтін мәселені талқылау керек.

Қазір жер-жерде осы мәселеге қатысты қоғамдық талқылаулар өтуде. Осыған байланысты Қазақстанның атом саласының мамандары қаламызға келіп, талқылау өткізді. Талқылауға өңір тұрғындары, қоғамдық кеңес мүшелері, Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі, «Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығы» РМК, «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС, «Ядролық физика институты» РМК, БАҚ, Қазақстанның Азаматтық альянс өкілдері қатысты.

Бұл іс-шарада экология, денсаулық, табиғи-климаттық факторлардың атом электр станцияларына әсері, экономикалық факторлар, инфрақұрылымды дамыту, АЭС-тің шағын және орта бизнесті дамытуға әсері, сондай-ақ басқа да өзекті мәселелер талқыланды.

Мамандардың айтуынша, атом энергиясы басқа баламалы түрлеріне қарағанда, көміртегі жоқ энергияға жатады. Энергияның бұл санатына күн, жел энергиясы да кіреді. Бұларды басқаша «жасыл энергия» деп те атайды, өйткені зиянды шығарындылар жоқ екен. Ғалымдар атом реакторларында қауіпсіздік жүйелері толық жасалынғанын және ең озық үлгісімен салынатынын алға тартады.

– Қазіргі таңда еліміз 15,8 ГВт энергия тұтынады. Бұл көрсеткіш 2035 жылы 23 ГВт дейін ұлғаяды. Көмір жағатын ЖЭС-тердің құбырлары, жабдықтары 70%-ға тозған. Сол себепті 2035 жылға дейін 8,1 ГВт энергияны жоғалтуымыз мүмкін деген болжам бар. Тозығы жеткен станцияларды күрделі жөндеуден өткізген күннің өзінде олар өте тиімсіз. АЭС салу әлемдік тәжірибеден алынып отыр. Дамыған мемлекеттірдің көбі энергияны АЭС-тан алады. АЭС-тің артықшылықтарына келсек, ЖЭС оттегі жұтады. Ал АЭС оттегіні қажет етпейді, сәйкесінше зиянды түтін шығармайды, –дейді ҚР Энергетика министрлігінің Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мұрсалова.

Жалпы, АЭС-тің қуаты, орналасу ауданы қай жерде болатыны зерделенген. АЭС салуға Балқаш көлінің маңындағы Үлкен ауылы таңдалған. Қазақстанда АЭС салу мәселесі қозғалған сайын сала мамандарының тапшылығы туралы да әңгіме бірге шығады. Дегенмен, келген мамандардың мәліметі бойынша, бүгінде «Болашақ» бағдарламасымен ядролық физика және жалпы сала мамандарын даярлау жұмыстары жүзеге асырылып жатыр. Еліміздегі Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті және Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті мамандар даярлап келеді.

Қоғамдық талқылаулар барысында азаматтар өздерін қызықтыратын технологиялардың қауіпсіздігі бойынша да, АЭС құрылысының әлеуметтік-экономикалық аспектілері бойынша да сұрақтар қоя алды.

Ядролық ғалымдардың «жобадан тыс апат» деген керемет сөзі бар. Бұл олар реакторды қаншалықты қауіпсіз жасауға тырысса да, олар болжай алмайтын апаттың бар екенін білдіреді. Бұл Чернобыльда да, Фукусимада да болды.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

200-texnika

Елімізде бірқатар облыста су тасқыны орын алып, қаншама елдімекен зардап шекті. Осыған байланысты Шымкент қаласынан төтенше жағдай жарияланған облыстарға жалпы саны
200 техника жіберілді.

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков техникаларды тиеу және жөнелту жұмыстарының барысымен танысты. Қала әкімдігіне қарасты басқармалар мен жеке компаниялар техникаларды пойызға тиеп, топан судан зардап шеккен облыстарға жөнелтті.

Оның ішінде елдімекенді тазартуға, бөгеттер салуға және жер қазуға көмектесетін жүк көлігі, экскаватор және бульдозер сынды техникалар бар.

Сонымен қатар, бұған дейін қалалық төтенше жағдайлар департаментінен құтқарушылар мен техникалар көмекке аттанған еді. Олар қазір су шайған елдімекендерде апаттық-құтқару және шұғыл жұмыстарды жүргізуде қол ұшын созып жатыр.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Ескерткіштер – ел тарихы

Пятница, 19 Апрель 2024 06:46

eskertkish

Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні 1984 жылдан бастап дәстүрлі түрде 18 сәуірде аталып келеді. Айтулы күнді 1983 жылы ЮНЕСКО жанындағы Ескерткіштер мен көрнекті орындарды қорғау мәселелері жөніндегі Халықаралық кеңес Ассамблеясы белгілеген. Бұл тарихи ескерткіштерді сақтау және мәдени мұраны қорғау мәселелеріне қоғамның назарын аудару.

Қазақстан Республикасының аумағындағы тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау, қалпына келтіру және пайдалану ісі 2019 жылы 26 желтоқсанда қабылданған «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңының талаптарына сәйкес атқарылып, реттеледі.

Осы Заңның 5-бабына сәйкес, тарихи және мәдениет ескерткіштерге:

1) Археология ескерткіштері;

2) Қала құрылысы және сәулет ескерткіштері;

3) Ансамбльдер мен кешендер;

4) Киелі объектілер;

5) Монументтік өнер құрылыстары жатады.

Археологиялық ескерткіштерге – тұрақтар, қалашықтар, көне кесенелердің, қоныстардың, бекіністердің, өндірістердің, арналардың, жолдардың қалдықтары, қорымдар, қорғандар, некропольдер, тас мүсіндер, петроглифтер, ежелгі елді мекендердің тарихи-мәдени қабатының учаскелері және адамның өмірі мен қызметінің ізі бар өзге де орындар жатады.

Ескерткіш – өткен тарихымыздың белгісі. Әрбір ескерткіштің тарихи мағынасы зор. Ескерткіштер – ел тарихы, ал тарихи-мәдени мұра – халық тарихының аса маңызды айғағы.

Қазақ жерінде тарихы терең, мән-мағынасы жоғары қасиетті өлкелер жетерлік. Сондай киелі жерлерді бауырына басқан аймақтың бірі – Шымкент қаласы. Шымкент қаласы аумағы археология ескерткіштері қатарында Шымкент қалашығы (б.з.д. ІІ-б.з.ХІХ ғ.ғ.) жатады. Шымкент – 2200 жылдық тарихы бар еліміздегі ең көне қалалардың бірі.

«Шымкент ескі қалашығы» Шымкент қаласының оңтүстік бөлігінде Бадам және Қошқар ата өзендерінің арасындағы биіктікте орналасқан. Қалашық б.з.д ІІ ғасыр мен ХІХ ғасырдың екінші жартысын қамтиды.

2003-2004 жылдары әкімшіліктің қолдауымен, 2004-2008 жылдары «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасымен археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген. Археологиялық қазба жұмыстарын археолог, тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі Бауыржан Байтанаев басқарған. 2003-2020 жылдардағы қазба нәтижесінде қаланың 2200 жылдық тарихы бар екендігін дәлелдеген.

Шымкент қаласы орталығында өзінің тарихи өзегі – Цитаделін сақтап қалған Қазақстандағы жалғыз   қалалық құрылым болып табылады. Қалашық өз заманында үш бөліктен тұрған: Цитадель, Шахристан және Рабат.

2019 жылдың қараша айында ЮНЕСКО-ның шешімімен қаланың 2200 жылдық тарихи жасы мойындалып, 2020 жылғы Халықаралық іс-шаралардың тізіміне енгізілді.

Қалашықтың жалпы аумағы 4,5 га жерді қамтиды. Бастапқы келбеті сақталынған археологиялық аймақ – ашық аспан астындағы музей. Қазба жұмыстары нәтижесінде қалашықта әртүрлі кезеңдердің мәдени қабаттары ашылған:

- Х-ХІІ ғасырларға тиесілі Қарахан мемлекеті дәуірінің тұрғын үй жайларының орны;

- ХVІ-ХVІІ ғасырларға тиесілі Қазақ хандығы түсындағы тұрғын үйлердің орындары;

- ХVІ – ХІХ ғасырларға тиесілі Жасанды су тоғаны (Хауыз);

- Қазақ хандығы тұсындағы Ұстахана орны;

- Бекініс дуалдары және оған жапсарлас орналасқан казармалық бөлмелер;

- Бекініс дуалдарында орналасқан мұнаралардың орындары;

- Қалашықтың ішкі бекінісі - Цитадель орны;

- ІІ-ІV ғасырларға тиесілі Діни ғибадатхананың орны;

-Жер асты қоймасының орны және т.б. қазба орындары ашылған.

Археологиялық аймақтың 3,0 га жерінде зерттеу жұмыстары, консервациялық және реставрациялық жұмыстары жүргізілген. Бұл археологиялық нысан жасалуы мен дизайны жағынан өзінің түпнұсқасына жақын, бастапқы келбеті мен бекініс жүйесіне келтірілген. Шахристанның Оңтүстік шығыс және шығыс аймағына қазба жұмыстары жүргізіліп консервацияланған.

Қазіргі таңда ескі қалашықтың шығыс аймағында жануарлардың сүйектерінен, керамика бөлшектерінен төселген жол, тұрғын үй жайларының арасынан өтіп, шахристанның солтүстік бөлігіне дейін созылған. Бұл жолдың бойында қыш ыдыстар өндіру шеберханасы мен тереңдігі 12 метрді құрайтын құдықтың орны болғандығын болжанып отыр.

Сонымен қатар, Шымкент қалашығында қазба жұмыстардың нәтижесінде   цитадельдің оңтүстігінде орналасқан б.з. ІІ-ІV ғғ. ғибадатхана ашылды. Бұл діни ғибадатхана археологиялық қазба жұмыстардың нәтижесінде толықтай консервацияланған.

Қамалдың қорғаныс қабырғасына жапсарлас салынған шығыс мұнарасының өзіндік тарихы сақталған. Бұл – жаугершілік заманда қала халқына қауіп төнген жағдайда жаудан қорғану қызметін атқарған жерасты бекінісінің құрылысы. Оның үстіңгі бөлігі алыстан келе жатқан қауіптің алдын алу мақсатында тұрғызылып, оған дайындық белгісін беретін қарауылдық қызметін атқарған. Мұнара жолды бағдарлау мен жауды бақылау үшін және келе жатқан жауға қарсы шабуыл жасау   үшін де пайдаланған.

Кешен аумағындағы қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған бөлмелер мен қорғаныс мұнарасының орны қайта қалпына келтіріліп, экспозициялық залдары бар үш музей бой көтерген:

- Цитадель музейі;

- Жер асты бекінісі музейі;

- Ұстахана мен ұстаның баспанасы музейі;

Бүгінде «Ескі қалашықты» келіп тамашалаушылырдың саны артуда. «Шымкент ескі қалашығы» – жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген Қазақстан Республикасының археологиялық объектісі.

 

Н.ТӨЛЕЕВА,
«Шым қала» тарихи-мәдени кешенінің ғылыми қызметкері

Тау тұлғалы ғалым

Пятница, 19 Апрель 2024 06:42

bolat-korganbekov

Өмір жолыңда өзің өнеге тұтқан, жанашырлығы мен жақсылығын көп көрген адам туралы жақсылап бір жазғың келеді, бірақ неден бастарыңды, қалай бастарыңды білмейсің. Мұндай әрі-cәрі сезім жазу-сызуға ебі бар елдің көбінде кездеседі деп білемін. Осындай ойлардың жетегінде жүргенімде ойыма қазақтың қара өлеңі сап ете қалды.

Жақсылар жақсымын деп айта алмайды,
Жамандар жақсымын деп айқайлайды.
Жүрген соң бауырында күнде көріп,

Таулардың биіктігі байқалмайды. Осы өлең жолдарының ғибратты ғалым Болат Қорғанбеков ағайыма да тікелей қатысы бар деп білемін. Әрине, ХХІ ғасыр ғылым мен білімнің ғасыры, ғылымның қай саласында да жетістіктерге жетіп жатқан жандар баршылық. Бірақ сол қандай жетістіктерге қол жеткізсе де қызылды-жасылды дүниенің арбауына түспей, адамгершілік қасиетін берік сақтаған жандардың көп еместігі тағы да рас.

Болат ағаймен Түркістан қаласына ғылыми зерттеу тақырыбын бекіту үшін жолаушылап барып-келіп жүргенімде таныстым. Ғылыми жетекшім академик Рахманқұл Бердібай әңгімелерінің арасында Болат Қорғанбеков деген ағаң бар деп жиі айтып отыратын. Екі мыңыншы жылдары Түркістан қаласындағы диссертациялық ғылыми кеңестің атақ-даңқы, абырой-беделі өте биік деңгейде болды. Әрбір қорғаудың жоғары талаппен, ғылыми қызу тартыспен өтетіндігін құлағымыз шалып жүретін. Тіпті Түркістанда қорғағаннан Алматыда қорғаған жеңілірек деген де салыстырулар болып жататын. Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың Қазақ әдебиеті кафедрасында кілең ,сен тұр, мен атайын, дейтін мүйізі қарағайдай ғалымдар келген жұмысты жапатармағай оқып, қажетті сын-пікірлерін айтып, жұмыстың қорғауға дейін сапалы жазылып бітуі үшін білгендерімен бөлісетін. Қазіргі күннің көзқарасымен алып қарайтын болсақ, ол да бір қасиетті Түркістан қаласындағы ғылыми орта қалыптастыру жолындағы алғашқы баспалдақтар болған екен-ау деп бағамдаймын.

Араға біраз уақыт салып, Болат ағайымыз Шымкент қаласына қоныс аударды. Бұрынғы АИУ, қазіргі Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-дың Қазақ әдебиеті кафедрасына қызметке келді. Бізге бұрын аты-жөнін, ғылым жолындағы атқарып жатқан тірліктерін сырттай ғана естіп жүретін ағайымызбен етене араласудың сәті түсті. Болат ағай кафедраға келген сәттен-ақ түрлі жиналыстарда, аракідік шай үстіндегі әңгімелерімен-ақ өзінің көп білетіндігін, дәріс жүргізуде студенттеріне жоғары талап қоятындығын байқатып үлгерді.

Бірде мектеп оқушысы кезінен-ақ түрлі жарыстарға қатысып жүретін, оқуға түсуіне қолдан келгенше септігіміз тиген бір студенттің бағасының ағай жүргізетін пәннен төмендеу болып тұрғанын жеткіздім. Мүмкіндік болып жатса қосымша тапсырма беріп, жоғары көтеруге болмас па екен деп өтініш айттым. Күнделікті сәлеміміз түзу, қарындасым деп жүретін ағай «мақұл, мақұл» деп келісе кететін шығар деген ой да болды. Бірақ ағайым мен ойлағандай мақұлдап, кеңдікке салып келісе кеткен жоқ. Керісінше ол студенттің сабаққа дұрыс көңіл бөлмейтіндігін, өзін түрлі шараларға қатысатындықтан «жұлдыз» санап кеткендігін айтты. Мен ол студенттің ата-анасы балаларының үнемі сабақ оқудан, кітапханаға барудан қолы босамайтындығын, біз оны үй ішімізбен «профессор» деп айтамыз дейтіндігін жеткіздім. Осы сөзден кейін ағайым тіпті ашуға мінді, онда оны құртып жүрген өзінің ата-анасы екен ғой, қандай профессор, қарапайым тапсырманың өзін дұрыс түсінбейді де, орындамайды да. Ол студент көбіне сабақ уақытында көшеде қыдырып жүреді деп үдете түсті. Бәріңізге белгілі жағдай, ағайымды ашуландырып, сабаққа қарық қылып қатыспай жүрген студентке баға сұрағаныма өзім ұялып кеттім. Келешекте ғылым жолына түсетін сабырлы студентті де, жылтырақ жеңіл шаралармен өзін де, өзгені де алдаусыратып жүретін студентті де Күреңбай сыншы сияқты тап басып танитын ағайымның сыншылық қасиеті де бар.

Шынында кейде кейбір студенттердің белсенділік қабілетін көріп, бастапқы ынта-ықыласына сеніп, көзсіз жақсы көріп кетеміз. Өкінішке қарай, көпшілік іс-шараға белсенді студенттердің келе-келе сабаққа көңіл бөлмей кететін жағдайлары да жиі кездеседі. Болат ағай сабақ беретін топ студенттерінің көпшілігі қайткенде осы пәннен дұрыс баға аламыз деп жатпай-тұрмай, жапатармағай сабақтан бас алмайтын. Сондай тұстарда басшылық құрам мамандықтың, факультеттің оқу үлгерім көрсеткіші төмендеп кететін болды деп алаңдайтын. «Болаттың осындайы қиын екен. Студенттердің бағасын сонша төмендетеді, ондай болса, Алматы, Астанадағы ұлттық университеттерге барып сабақ бермей ме» деп әріптестеріміз бағаны төмен қоятындығын жаратпай жататын. Қалай болғанда да сөзде құдіретті күштің бар екендігіне шек келтіре амайсың. Оқып-тоқудан жалықпайтын, үздіксіз ғылыми ізденісте жүретін Болат ағайым шынында да қазір Астанадағы Еуразия Ұлттық университетінің белді ғалымы, студенттердің абыройлы да айбынды ағайы.

Саналы ғұмырын ұлт руханиятына арнаған, қазақ әдебиеті ғылымына өлшеусіз үлес қосқан академик Рахманқұл Бердібай ағайымның кандидаттық жұмысымызға жетекшілік жасау бақыты бұйырғандардың бірімін. Мұндай сөзді қазіргі кезде ғана сағынышпен, үлкен құрметпен айтып отырмыз. Ал сол кездері, ғылыми жұмыспен шұғылданып жүрген кезеңдерде осындай көп білетін, көп талап қоятын ғалымның жетекшілігіне қайдан ғана тап болдым деп ойланған сәттер де жоқ емес. Өйткені, Рахманқұл ағайдың айтқандарын кейде түсінесің, кейде түсініп тұрып, бойыңа сіңіре алмай қалатын тұстар да болатын. Мынаны оқы, сосын мынаны оқы деп зерттеу еңбектерді бірінен кейін бірін айтып жатады. Бірінің авторын ұмытып, кейде кітаптың атын ұмытып қалатын жағдайлар да ұшырасатын. Сондай кездерде ең бірінші «жедел жәрдемге» Болат ағайым келетін. Ее, Рахаң мынаны айтқан ғой, былай деген ғой деп әңгіменің басын бастағаннан-ақ аяғын лезде тауып, таудай мәселені тарыдай қылып кішірейтіп, тез шешілуіне қолдан келгенше көмегін аямайтын. Кандидаттық диссертацияны бітіріп, Алматыдағы ығай мен сығай ғалымдардың талқылауына ұсынып, олардың сын-пікірлерімен жұмыс істейтін кезде де Болат ағайдың талай-талай ағалық, ғалымдық көмегіне жүгіндім.

Ағаймен бірге қызмет жасап жүргенде студенттерге дипломдық жұмыстардың тақырыбын бергенде де осы жері олқылау болып тұр-ау деген күдігім болса, бірден Болат ағайымнан жәрдем сұрайтынмын. Келіспей тұрған жерді келістіріп, жетпей тұрғанды жеткізіп жіберетін қасиет ағайдың сондай бір телегей теңіз білімінің тамшыдай ғана көріністерінің бірі деп түсінемін. Ағайдың тағы бір ерекше қасиеті әдебиеттегі қай тықырыпты сұрасаң да мезетте бір нұсқамен емес, бірнеше нұсқамен жауап береді. Тек сол айтқан мәліметтерін қағып алып, бойыңа сіңіре алсаң болды. Бұл да ағайдың энциклопедиялық білім иесі екендігінің бірден-бір айғағы.

Болат ағайды аға тұтып, өзіме ұстаз санағаныма жиырма жылдан аса, отыз жылға жуық уақыт болып қалды. Ағайымның: «Сені баяғы Жетісайдағы Алпамыс батырға арналған айтыста көргенмін, сол кезде мен де айтысқа қатысқанмын» дегені бар. Бірақ сол кездерді мен оншалықты біле бермейді екенмін. Ағайдың ғалымдықтан бөлек, тамаша ақындық қарым-қабілеті де жеткілікті. Егер Болат ағайым ғылыми жұмыспен емес, біржолата ақындық өнер жолына, өлең жолына түскенде сөзсіз классик ақын болар еді деп ойлаймын. Өйткені, ағайда көп адамда кездесе бермейтін елжандылық, ұлтжандылық, адамдық-адамгершілік, қанағатшылдық қасиеттері басым. Студенттік шақтардағы «Жалғыз шың» деген өлеңінің өзінде философиялық тұрғыдан ой толғағанын байқаймыз.

Найзасы сенсің бабамның,
Еңселім, көкті тіреген.
Өзіңе ұқсас қаламым
Жазып та кетті бір өлең.

Жалғыз боп келдім, мойын бұр,
Дүр сілкін, оян, енжар құз.
Саған ла ортақ ойым бұл:
Сен жалғыз және мен жалғыз.

Жырымды тоқ қып көңілге,
Фәниден мына арда өтем.
Бір туу бар да өмірде,
Бірге өлу, сірә, бар ма екен!

Ел басына күн туғанда желтоқсан көтерілісіне қатысқан желтоқсаншы ғалым. Ешқашан дүние үшін, қымбат сый-сыяпат үшін өзінің алған бағытынан, өзі дұрыс деп таныған әділет жолынан айныған емес. Ғылым жолындағы талай-талай тартысты тұстарда да дәйекті дәлелмен ақиқатты алға тартады. Адамдармен араласқанда да мынаның пайдасы бар, мынаның пайдасы жоқ деп емес, мынаның ойы дұрыс, ниеті таза деп араласатындығын әрбір ісінен аңғартып тұрады. Өмір жолында сынып кетердей сындарлы сәттерді де бастан кешірді, бірақ сынған жоқ. Қарағайға қарсы біткен бұтақ сынды әрбір сынақтан ширатылып, ширығып, бүгінгі биігіне қол жеткізген тау тұлғаға айналып барады. Бірақ біз күнделікті тыныс-тіршілікте араласып-құраласып жүргендіктен тау тұлға Болат Қорғанбеков ағайымыздың биіктігін бағамдай бермейміз. Адамдық жолдан айнымай келе жатқан ұлағатты ұстазыма, ардақты ағама абыроймен жеткен алпысыңыз құтты болсын, ұлттың рухани құндылығы жолындағы еңбектеріңіз жемісті болсын деген тілектемін! Мың жасаңыз, менің Болат ағайым!

Анар ЖАППАРҚҰЛОВА,
айтыскер ақын, ф.ғ.к.,
Әл-Фараби атындағы Шымкент қалалық
ғылыми-әмбебап кітапханасының басшысы

Страница 5 из 802