Арыстағы апат туралы ести сала Ағыбайға телефон шалдық. Әбдімәлік Ағыбай ғой. Қалалық газеттегі. «Басталғалы біраз уақыт болды, аға. Биіктеу жерде жүрміз. Қиын боп жатыр...» деді ол. Кенет кәдімгі кинолардан көріп, еститін, зәре-құтыңды қашыратын снарядтың зәрлі уілі жетті. Құлаққа. Ұялы телефонға таңдана қарап, тағат таппай, көксандыққа телмірдік.

Акмешит

Сәске шамасында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің мәлімдемесін тыңдадық. Теледидардан. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шұғыл тапсырмалар бергенін оқыдық. Жүгіртпе жолдардан. Желілерден жылдам көріністер беріле бастаған. Жаныңыз шырқырап, жүрегіңіз шымырлайды. Ай, айналайын Арысым-ай...

Сол бір жылғы ақпанның ақырындағы алапат тасқын, Келестегі қасірет туралы «Кібісе қарғыны» деген мақала жазғанымыз жадымызға оралған. Жапа шеккен жандар, топырлай құлаған тамдар, қираған үйлер, опырая ойылған каналдар мен көшелер, жарлауыттана жырылған жолдар, шоңқая жарылып жарамсызданған мектептер, суға кеткен мүлік-мүкамалдар, апат әкелген ауыртпалыққа арқаларын тосқан азаматтар хақында айтқанбыз. Ол 2008 жылы еді.

Ал 2010 жылы Шығыс Қазақстанды су басқанда «Егемен Қазақстанның» үш бетіне «Қалбатау қарғыны», «Тарбағатай тағлымы», «Алтайымнан айналдым» деген дүниелеріміз жарияланған. Тасқынның ізімен апта бойы аралап... Жазып... Жариялатып... Артынша ауруханаға түскен ек...

Ай, айналайын Арысым-ай! Деп күбірлейміз. Орнымызда отыра алмай тыпыршимыз. Ұялы телефон бөлекшелеу шырылдады. Шымкенттің шетіндегі айтулы Ақмешіттен екен. Шаһардың бас имамы
Бақтыбай Бейсенбаевтың орынбасары, әрі Әл-Фараби ауданының бас имамы, байтағымызға белгілі дін қайраткері Ахметжан қажы Керімбекұлы екен. «Аға, қайдасыз? Бізге келе аласыз ба? Арыстықтар...» деді Ахметжан бауырымыз дауысы дірілдеңкіреп.

Шымқаланың бір шетінен екінші шетіне жетудің өзі жеңіл емес-ті. Ақмешітке жақындай бере нені көрдік? Дейсіз бе? Қайран Қайырымдылықты көрдік. Иә-иә! Бас әріппен жазылып, басымызды иіп, тәу етпекке тиісті Қайырымдылық. Көзімізден жас парлап қоя берді. Қаз-қатар, тату тізбек құраған мектеп оқушылары – қарадомалақ, ақдомалақ, сарыдомалақ, бидай өңді балалар жаңа піскен жаздық алмаларын, сусындарын, тандыр нандарын алып жүгіріп жүр.

«Арыстан келген аталар, апалар! Келіңіздер! Сусындаңыздар! Нан. Нан алыңыздар! Жо-жоқ! Сатпаймыз...Тегін. Сіздерге арнайы әкелдік». Деседі.
Ақмешіттің айналасы адамға толы. Бір мың да емес, екі мың да емес. Көп. Бәлкім, бес-алты мың. Мүмкін, одан да көп. «Аға, Арыстан келгендер бірнеше мыңдай шығар, ал оларға қамқор қолдарын созып, жүрек жылуын әкелгендер әлденеше мың», дейді Ахметжан қажы ініміз. Екі жерде микрофон арқылы тізімдер оқылып, хабарландырулар айтылып жатыр. Адасып қалған балалар мен қарттар тізімі.

Арыстықтарды өз үйлеріне, арнайы дайындалған оқу орындарына, жатақханаларға алып кетуге келгендердің аты-жөндері, қай жерде күтіп тұрғандары... Мешіттің, әкімдіктің, полицияның, медицина мекемелерінің өкілдері кезек-кезек сөз алады.

Ақмешіттің ауласында, айнала төңірегінде, жиек жолға дейінгі аумақта ұзын-ұзын үстелдер тізіліп, дастарқан жайылған. Ыстық шай, ыстық сорпа, қазақша ет, палау әкеп жатқандарда есеп жоқ. Бір шетте мұңайыңқырап отырған жігітке жақындадық. Аты Азамат екен. «Қауменовтерміз, - деді ол. – Мынау әпкем ғой. Феруза. Анау келіншегім Жадыра.

Арыстағы үйімізді ойлап отырмын. Не болды екен?» Біз жұбатып жатырмыз. Келесте де қиын болған. Он бір жыл бұрын. Алтай мен Тарбағатайда да. Тоғыз жыл бұрын. Бәрі жақсы болады, бауырым. Дейміз.

«Асан Аманқұловпын, - деді және бір отағасы. – Жасым елу сегізде. Сиыр сәскеде шай ішіп отырғанбыз. Малды жайғап болып. Зайыбым Зәбира, келінім Мейізкүл, ұлым Нартай. Бәріміз. Немерелерім Айаруды, Жанайымды, Ерасылды балабақшаға апарып, қайтып келген едім.

Мейізкүл келінім бауырсақ пісірген екен. Аузыма ала бергенде жер сілкінген секілденді. Газ жарылды деп ойладық. Апат болғанын біліп, балабақшаға жан ұшырып жетсем, балдырғандарды автобуспен әкетіп үлгеріпті. Үйге оралсам, ондағыларды да алып кетіпті. Жалғыз өзім телемұнараға, биік жотаға қашып бара жатқандарға қосылдым.

Түстен кейін темір көлікпен 43-ші разьезге апарды. Автобуспен Монтайтасқа жеткізді. Жүз елудей адамды үшке бөлді. Кешкі сағат жетіде Шымкентке, Ақмешітке жеттік қой. Әйелімнен, ұлым мен келінімнен, немерелерімнен адасып қалдым... Алайда айналайындар аман-есен, осындай қамқорлықта екеніне сенемін. Алғысым шексіз. Елге. Жұртқа. Облыстың, республиканың, аудан, қалалардың басшыларына. Әне, анау ақ желеңді қыздар жаңа ғана қан қысымымды өлшеп, дәрі беріп кетті».

«Менің аты-жөнім Әсия Маратқызы Шыңғысбай, ағай. Мынау қолымдағы көтеріп жүргенім бір жарым жасар Нұрәлиім ғой. Марғұлан деген баламды таппай жүрмін. Жаңа хабарлады. Менің ұлымды атағандай болды. Микрофон жаққа асығып барамын. Кешіріңіз...»

Шай ішіп отырған ақ жаулықты ананың қасына жақындадық. Аманкүл Күдерованың Ержан, Нұртөре дейтін ұлдары, Айгүл, Нұргүл дейтін қыздары мен жиырмашақты немересі – бәрі осында екен. «Әуелі Алла тағалаға мың тәубе, сосын мына мейірімді елге, қайырымды қазағыма рақмет! Бар екен халқым! - деп, өксіп жылап жіберді Аманкүл. – Немерелерім мешіттің ауласында ойнап жүр. Мектепке барып түнейтінімізді айтып кетті жаңа».

Түс ауа келгеннен түнге дейін тамақ тасып, адасқандарды табыстырып, психологиялық жағынан жәрдем жасап, жұбатып жүрген еріктілер қаншама! Екі қызды әңгімеге тарттық. Бірі Назерке, екіншісі Жансая. «Ата, мен сізді білемін ғой, «Жоғалған Жұрнақ» деген трагедияңызды театрдан көргенмін. Ол 86-шы жылдың қасіреті еді. Мынадай да жағдай болады деп ойладық па?! Түстен бері жүздеген адамды, ондаған отбасыны қаладағы қайырымды адамдар үйлеріне әкетіп жатыр.

Бірталайын бірге апарыстық. Кейбір балалар қиналып, сөйлей алмай, өз аттарын да айта алмай қалады екен мұндайда. Бастарынан сипап, беттерінен сүйіп, бар ықыласымызды салып, жансебілденеміз ғой, ата. Шоковое состояниеден шыққандарына қатты қуанамыз. Әке-шешелерімен шұрқырап, шырқырап табысқан балалардың жай-күйін көргенде...»

Назерке мен Жансая көз жастарына булықты. Әзер жұбаттық. «Тоқсан бір жастағы әже мешітте отыр екен. Арыстың бір шетінде тұрған. Көппен бірге әкелінген. Немере- шөберелерінің аттарын атайды, ал өзінің атын, туған- туыстарының атын ұмытқан... Ақ халатты абзалдар алып кетті. Қалай жыламайсыз, ата, Жұрнақтар жоғалмасыншы! - дейді Назерке тағы да еңіреп. – Болды енді, жыламаймыз, ата. Сізді көріп...»

Міне, Түркістан облыстық спорт басқармасының өкілі, Төле би ауданындағы «Бәйшешек» сауықтыру орнының басшысы Бердалы Байдүйсенұлы Әділбеков елу адамды автобуспен әкетіп барады. «Біздің мектепке жүріңіздер!», «Біздің үйге жүріңіздер!», «Баламды таптым! Таптым ғой жанымды! Рақмет бәріңе!» деген дауыстар естіледі. Ішкі істер департаментінің өкілі, полиция майоры Ержан Әбілқасымов тағы да адасып қалған балалардың тізімін оқи бастады.

«Аға, Арыста құрылысшы едім, бір кірпішті қолыма ала бергенде жарылыс болды. Бірақ мен сенем, аға. Арыс қалпына келеді. Түркістан да түлей береді. Шымкент жайнайды» - дейді құрылысшы жігіт Бағдат Сындарқұлов.
Ахметжан қажы да қатты толқулы. Жанарлары жасаурайды. Алғашқы арыстықтар таңертеңгі сағат он бірге таман таксилермен жете бастапты.

Таксилер де тегін жұмыс істепті. Әсіресе автобуспен жеткен балабақша балдырғандарын қабылдау қиын бопты. Түсінікті ғой. Ақмешіт жанында 300 жасөспірім жазғы лагерьде екен. Соларға арналған түскі тамақ Арыстан келген балаларға берілген. Көп ұзамай-ақ Шымқаланың тұрғындары сусындар, жемістер, көкөністер, ыстық тамақ әкеле бастаған.

Әкімдіктер, полиция, денсаулық сақтау саласы, «Nur Otan», т.б. партиялар, ұйымдар, ұжымдар, жастар, еріктілер...
– Аға, көріп тұрсыз ғой, таңертеңгі сағат 11-ге жетпей келе бастаған. Арыстықтар. Міне, түнгі сағат 11-ден асты. Көмекке келгендер көбеймесе азаяр емес. Қаржы түсіп жатыр, киім-кешек, тамақ...Жастарға ризамыз, аға. Қараңызшы, қоқыстарды өздері тазалап жүр. Ешкім айтпай-ақ. Алла разы болсын! Біздің елдің ертеңі сенімді екен, аға! Ел екенбіз! - дейді Ахметжан қажы.

Ай, айналайын Арысым-ай... Дейміз біз. Қайта-қайта. Күбірлеп.
Ұлы данышпан Әл-Фараби бабамыз бәдіздегендей, адами затыңызды адам етіп сақтайтын ең қасиетті құндылық – Қайырымдылық. Қасіретті Қайырымдылық жеңеді.

Мархабат БАЙҒҰТ
Халықаралық «Алаш»
сыйлығының иегері

24 маусым күні таңертең Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери қоймада жойқын жарылыс болды. Шымкент қаласынан 97 шақырым алыста болған жарылыс зардабы әскери аймақтан бөлек бүкіл Арыс қаласының халқын әбігерге салды.

Аким 7

Елді дүрліктірген жарылыс

Оқиға болған жердегі халық Сарыағаш, Шардара, Қазығұрт аудандарымен қатар Шымкент қаласына да жаппай көшірілді. Қаладағы №6506 əскери бөлімінен «Ұлттық ұланның» құрамында 62 техника және 541 сарбазы бар жасағы Арыс қаласында қызметте жүр.

Көмек көрсету – қала әкімінің бақылауында

Арыс тұрғындарына көмектесу іс-шараларының барысы Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың тікелей бақылауында. Әкім эвакуация пунктерінде болып, тұрғындармен әңгімелесті. Тұрғындар орналастырылған мектептерге Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараев, «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филилалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов та барды.

25 маусым күнгі мәлімет бойынша қауіпсіз жерге көшіруге байланысты адасып қалған барлық балалар табылып, ата-аналарына табысталды.
Арыс қаласында төтенше жағдай жариялана салысымен Шымкентте ауқымды «Көмек қолы» іс-шарасы жарияланды.

Арнайы Штаб құрылып, оның құрамына Шымкент қалалық білім, жастар басқармасы, цифрлық басқарма, кəсіпкерлік басқармасы, жолаушылар көлігі жəне автомобиль жолдары басқармасы, Ұлттық ұланның 6506 əскери бөлімі, Қазақстан теміржолы, төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері және психолог мамандар енді.

Штаб қазіргі таңда тәулік бойы жұмыс істеуде. Цифрлық басқарма өкілдері əлеуметтік желілерде қызу жұмыс істеп, балабақшадан эвакуацияланған 300-ден астам баланы ата-анасымен қауышуына көмектесті. Құтқарушылар эвакуациялық бекетке келіп жеткен азаматтардың тізімін жасап, олардың жайғасуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етті, зардап шеккендерге психологиялық, моральды-материалды көмек көрсетті.

Жолаушыларға автобустар бөлінді

Арыстағы жағдай туралы хабар тарасымен тұрғындарды Шымкентке жеткізу үшін қала әкімдігі тарапынан 100 автобус бөлінді. Бұған қоса Арыс бағытына кетіп бара жатып, Шымкентте тоқтатылған 6 пойыздың жолаушыларына қаладағы теміржолда жағдай жасалып, ас-су берілді. Бұдан кейін жолушылар Түркістан қаласына жеткізу үшін 43 автобус бөлінді. 24 маусым күні осы автобустармен Түркістан қаласына 2500-ден астам адам аттанған.

Арыс қаласындағы құтқару операцияларына қатысу үшін 6506 әскери бөлімінен 541 сарбаз аттандырылды.

Эвакуациялық пунктер көбейді

Арыс 4

24 маусым күні Шымкенттегі мектеп және колледжерде 15 эвакуациялық пункт ашылып, Арыс тұрғындары сонда орналастырылған болатын. Мұндағы азаматтар ыстық тамақ және ауызсумен қамтамасыз етілген. Шымкенттіктер бей-жай қарап қалмай, азық-түлік, киім-кешек, аяқ киім, көрпе-төсек, балаларға қажет заттар секілді керек-жарақты өздері де жеткізуде. Бұған қоса азық-түлікті тасымалдау үшін көлігімен келген азаматтар көп.

25 маусым күні Арыстан келіп жатқан тұрғындар санының көбеюіне байланысты Шымкенттегі эвакуациялық пунктердің саны 31-ге дейін көбейтілді. 25 маусым күнгі түстегі мәлімет бойынша Шымкенттегі эвакуациялық пунктерге 2366 адам қабылданған. Бұған қоса тұрғындар мешіттер мен жатақханаларға орналастырылып, қала тұрғындары да арыстықтарды өз үйлеріне қонуға алып кетуде.

Шұғыл желі – тәулік бойы

Қазіргі таңда Шымкент қалалық төтенше жағдай департаментінде 8 (7252) 44-94-72 шұғыл желісі жұмыс істеп тұр. Эвакуациялық пунктердің жетекшілерінің телефондары арқылы да осы пунктердегі азаматтар туралы барлық мәліметті білуге болады. 25 маусым күнгі сағат 12:40-тағы мәлімет бойынша шұғыл желіге барлығы 47 365 қоңырау түскен.

Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында «Арыс-Шымкент» арнайы бөлімі ашылып, сағат сайын қауіпсіз жерге көшірілген адамдар туралы мәліметтермен толықтырылуда, бұған қоса эвакуация пунктерінің мекенжайы, ондағы өкілдердің байланыс телефондары мен жоғалған Арыс тұрғындары туралы мәлімет жарияланған.

Мұндай қауырт желі телефондары еліміздің барлық өңірлерінде іске қосылды. Басқа өңірдегі тұрғындарды мазалаған сауал негізінен әлеуметтік желіде кең тараған бейресми ақпараттар. Олардың көбі «Шымкент қаласына қандай да бір қауіп төнуі мүмкін бе?» деген сұраққа алаңдаған. Ал Шымкенттегі қауырт желі нөмірлеріне де Қазақстанның түкпір-түкпірінен жəне алыс-жақын шетелдерден қоңырау түскен.

Жедел жәрдемнен – 10 арнайы бригада

Арыс 10

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан 10 арнайы жедел жәрдем бригадасы құрылды. Стационар мекемелерде зардап шегушілерге арналған қосымша 260 орын құрылған.
25 маусым күнгі мәлімет бойынша Шымкент қаласындағы ауруханаларға ұзын-саны 96 адам келген, арасында балалар да бар.

Дәрігер көмегіне жүгінгендердің арасынан 22 адам ауруханаға жатқызылып, екі адамға операция жасалды. Барлық науқастарға медициналық көмек көрсетіп, зардап шегушілер психологиялық көмек алды.

Көмек сұрағандардың ең көбісі (74 адам) қалалық №1 клиникалық ауруханаға жеткізілген. Олардың екеуі ауыр халде болды.

Айта кетейік, шымкенттік дәрігерлер 57 жастағы Шәрбану Қожықованың өмірін сақтап қалды. Ол снарядтан жарақат алып, шат сүйектері сынған. Ауруханаға жеткізілген кезде науқас көп қан жоғалтқан болатын, операция өте күрделі болып, 2 сағатқа созылды. Отаны қалалық №1 клиникалық аурухананың дәрігері Данияр Оразбаев жасады. Қазіргі таңда науқас жансақтау бөлімінде жатыр, жағдайы тұрақты ауыр.

Қалалық орталық мешіт пен «Бекжан» базарында 4 жедел медициналық жәрдем көлігі кезекшілікте тұр. Теміржол вокзалында медициналық пункт ашылып, құрамындағы дәрігер мен екі медбике тәулік бойы жұмыс істеді. 122 қан, 165 плазма, 221 криопреципит дозасы әзірленген.

Бұған қосымша Арыс тұрғындары үшін №2 оңалту орталығында – 10 орын, №1 оңалту орталығында – 20 орын, «Ана мен бала» оңалту орталығында – 17 орын, Балалар үйінде 10 орны қарастырылған. «Медикер» секілді жекеменшік клиникалар да қосымша орындар ұсынып отыр.

Жомарт жандардың көмегі

Төтенше жағдайға Шымкенттің көптеген тұрғындары мен белгілі кәсіпкерлер де бей-жай қарай алмады. Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының жетекшісі Қайрат Молдасейітовтың бастамасымен Арыс тұрғындарына қаржылай көмек қоры құрылды. Кәсіпкердің өзі бас болып қорға 10 миллион теңге аударды.

Бүгінгі таңда «Менің атамекенім» жобасының есеп-шотына 16 млн теңге жұмсалған. Қайырымдылық жасауға қаржы аударғандардың арасында депутат Шыңғыс Қозбахов, кәсіпкерлер Нұралы Әбішев, Хайрулла Қожабаев, Мұрат Тағаев, Әділхан Исабаев, Нұрлан Құралов, Гауһар Насырова, Инара Намазбаева, Владимир Денисов, Вельким Злавдинов, Хадиша Әлжанова, Мағжан Ералиев, Жетпісбай Едігенов, Владимир Рыбалка бар.

Сонымен қатар «Ferrum-Vtor» ЖШС ұжымы жетекші Әбдірашит Омароватың атынан 10 млн теңге бөліп отыр. Бұған қоса қаладағы көптеген мекемелер, атап айтқанда «Shymkent» ӘКК, Кәсіпкерлер палатасы мен шымкенттік полицейлер, жеке құрылымдардың ұжымдары бір күндік жалақыларын аударды. Ал М.Өтебаев атындағы жаңа технологиялар колледжінің ұжымы қайырымдылыққа 700 мың теңге қаржы жинаған.

Еріктілер де көмектесуде

Арыс15

Қазіргі таңда Шымкенттегі Көрме орталығы мен түрлі ұйымдарда азық-түлік пен киім-кешек секілді қажет заттар жиналуда. Қаладағы жағдайды бақылау үшін патруль қызметі ұйымдастырылған. Зардап шеккендерге көмектесуде 500 ерікті жұмылдырылған.

Арыс оқиғасына әкімдік қызметкерлері ғана емес, шымкенттіктер түгел көмекке жұмылды. Бірі көлігін ұсынса, бірі Арыс қаласынан Шымкентке дейінгі жолдың бойында жолаушыларға сусын, азық ұсынып жатты. Одан бөлек әлеуметтік желіде балаларды ата-анасымен табысуы үшін көптеген еріктілер белсенді жұмыс істеді.

Осылайша Арыс тұрғындарының басына төнген жағдай тек өңіріміздің ғана емес, бүкіл Қазақстан халқын біріктірді. Мыңдаған тұрғынның қайғысы миллиондаған қазақстандықтарды біріктірді. Шымкенттіктер де жерлестеріне қол ұшын созып, қайырымдылықтарын сөзбен ғана емес, нақты іспен де көрсетуде. Лайым, ел-жұрт аман болғай!

А.МОЛДИЯРҚЫЗЫ
Н.БЕКТАЕВ

ҰБТ-дан 139 балл жинады

Среда, 26 Июнь 2019 06:00

Шымкенттегі №65 мектеп-гимназияның түлегі Әсемай Жарқынбекқызы ұлттық бірыңғай тестілеуден 139 балл жинады. «Алтын белгі» иегері Әсемайды ұстаздары білім ошағындағы дарынды оқушылардың бірі екенін айтады.

Асем ай

Қалалық және қашықтық олимпиадалардың жеңімпазы атанған Әсемай үш тілді жетік меңгерген. Ұстаздары мен ата-анасының үмітін ақтаған ізденімпаз түлектің енді өзі таңдаған оқу орнына түсуіне мүмкіндігі бар.
Айта кетейік, Шымкентте 21 маусымнан басталған сынақ 5 жоғарғы оқу орны базасында 26 маусымға дейін жоспарлы түрде жалғасады.

Биыл Шымкентте мектепті 8063 оқушы мектеп бітіріп, оның 5463-і ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш берген. Оның ішінде қазақ тілінде – 4454 оқушы, орыс тілінде – 987 түлек және биылғы ерекшелік – 22 түлек ағылшын тілінде тапсырды.

Үкімет басшысы Асқар Мамин Шымкенттегі нысандар мен көліктік инфрақұрылымның жұмысымен танысты.

Мамин 2

Премьер-Министр алдымен қаладағы кәріз-тазарту жүйелерінің аумағында болып, қалдық суды тазарту жүйесінің жұмысымен танысты. Қалдықтан электр энергиясын алатын биогаз қондырғысының жұмысын көрді.
Жауапты мамандардың Үкімет басшысына баяндауынша, 2016 жылы тазарту құрылғыларына жаңарту жұмыстары жүргізіліп, тиімді технологияның көмегімен өндірістік қуаттылығы тәулігіне 150 мың т.м. жетіп отыр.

Мұнда биогаз өндіретін станция орнатылған. Жалпы, қала бойынша қалдық су ағу жүйесінің ұзындығы – 838 шақырым.

Қалдық су және кәріз жүйесінің жұмысын одан әрі дамыту үшін қала аумағында алдағы уақытта қуаттылығы тәулігіне 150 мың және 60 мың т.м. болатын 2 кәріз тазарту қондырғысын салу жоспарлануда. Құрылыс бірнеше кезеңмен жүзеге асырылады.

ҚР Премьер-Министрі мегаполистегі жұмыс сапары барысында жаңадан ашылған «Shymkent bus» автопаркіне де барып, ондағы автобустарға мініп көрді. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Үкімет басшысына жолаушыларды қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету барысын баяндады.

Паркте жанармай бекеті, сервистік орталық, автожуу қызметінен бөлек, қызметкерлер үшін жатақхана, медпункт және жүргізушілерге арналған асхана да қарастырылған.
Жобаның операторы «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы», ал әріптестері «БРК-Лизинг» АҚ мен «СарыарқаАвтоПром» АҚ белгіленген.

Айта кетейік, Шымкентте Қала күні қарсаңында жаңадан «Shymkent bus» муниципалды автопаркі ашылған болатын. Онда жоспарланған 300 автобустан 160-ы әкелінген еді. 40-қа жуық автобус жаңа бағыттармен жолаушылар тасымалдауға шығып кетті.

Қалған 140 автобус шілде айында жеткізілмек. Жалпы 2020 жылдың наурыз айына дейін тағы 700 автобус келеді деп күтілуде. Қала әкімі осылайша алдағы уақытта қаладағы қоғамдық көлікке қатысты барлық мәселелер шешілетінін айтады.

«Анкай» маркалы жаңа автобустар Қостанайдағы «СарыарқаАвтоПром» АҚ зауытында құрастырылады. Жалпы сыйымдылығы - 56 адам, ұзындығы - 8,5 метр.

Олар салқындатқыштармен, пандустармен, бейнекамералармен, жолаушылар ағынының датчиктерімен, GPS-трекерлермен жабдықталған. Сондай-ақ, жоба аясында жол ақысын төлеудің «Оңай» электрондық жүйесін орнату жоспарлануда.

Арман СӘДУӘЛІ

24 маусымда Арыс қаласындағы әскери бөлімінің қару-жарақ қоймасында болған жарылыстан зардап шегіп, қаладан эвакуацияланған тұрғындар үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Шымкент қаласы мен Түркістан облысы бойынша филиалдарының қызметкерлері қызмет көрсетеді.

Мамандар зардап шеккендерге кеңес беріп, мемлекеттік қызметтердің көрсетілуін қамтамасыз етіп, сондай-ақ жергілікті атқарушы билік органдарымен бірлесіп қаладан құтқарылған және эвакуациялау орындарына жеткізілген адамдардың тізімін жасақтауға көмектесуде.

tcon

 

Бүгінгі таңда Шымкент қаласында ұйымдастырылған 15 және Түркістан облысының Ордабасы, Сарыағаш, Қазығұрт, Отырар, Шардара аудандарымен Арыс маңындағы ауылдары үшін 13 эвакуациялау орны жанынан арнайы ашылған пунктердемемлекеттік корпорация қызметкерлері қажетті мемлекеттік қызметтерді көрсетіп жатыр, бұдан бөлек мобильді ХҚО жұмыс істейді.

 

Қызметкерлер зардап шеккендерге ақпараттық анықтамаларды алып беріп, құжаттарды қалпына келтіру бойынша қажетті қағаздарды әзірлеуде. Бұл ретте тұрғындарды құжаттандыру бойынша миграциялық қызмет басқармасымен жедел түрде ықпалдасу ұйымдастырылған.

Айта кетейік, мемлекеттік корпорацияның Арыс қаласындағы бөлімінің жұмысы тоқтатылған. Онда қызмет көрсететін 55 қызметкердің барлығы отбасыларымен бірге дер кезінде эвакуацияланып, қауіпсіз жерге орналастырылған.

 

Шымкент қаласында ұйымдастырылған эвакуациялау орындары жанынан құрылған пунктер тізімі:

 

  1. Жамбыл атындағы№26 мектеп, Зерделі к-сі, 1 б
  2. Б.Саттарханов атындағы спорт мектебі, Алпысбаев к-сі, 116
  3. Естуі нашар балаларға арналған мектеп-интернат, Аманжол к-сі, 63 в
  4. К.Қасымов атындағы №33 мектеп, Құрманбеков к-сі
  5. А.Байтұрсынов атындағы №50 мектеп, Мангелдин к-сі, 41
  6. №55 мектеп, «Тарлан» ш.а., Школьный өткелі, н/з
  7. №66 мектеп, «Қазығұрт» ш.а., Оңдасынов к-сі, н/з
  8. №53 мектеп, «Қызылжар» ш.а., Гагарин к-сі, н/з
  9. №54мектеп, «Ынтымақ» ш.а., Түркістан к-сі, н/з
  10. 60 мектеп, «Жиделі» ш.а.
  11. 61 мектеп, «Ақтас-1» ш.а.
  12. №56 мектеп, «Қатын көпір» ш.а., Ғафур Ғұлам к-сі, 37
  13. №87 мектеп, «Самал-3» ш.а., Арғынбековк-сі, 20-23а
  14. №118 мектеп, Тұрдалы к-сі, н/з
  15. Индустриалды-техникалық колледж, Гагарин к-сі, 121

 

  1. Түркістан облысы бойынша ұйымдастырылған мобильді ХҚО мекенжайлары:

 

  1. Ордабасы ауданы:

-          Ақжол ауылы, Жамбыл мектебі;

-          Төреарық ауылы, Тәуке хан мектебі;

-          Көлтоған ауылы, Ерназаров мектебі.

  1. Монтайтас ауылы, жергілікті және Оңтаев мектептері.
  2. Сарыағаш ауданы:

-          Дарбаза ауылы, Байғозиев және №139 мектептер;

-          Жылға ауылы, Сейфуллин мектебі;

-          Құркелес ауылы, Дастан.

  1. Қазығұрт ауданы:

-          Рабат ауылдық округі;

-          Атбұлақ ауылы, Ж.Каппаров дарын мектебі.

  1. Отырар ауданы:

-          Шәуілдір ауылы, техникалық лицей;

  1. Шардара ауданы:

-          Шардара қ-сы, №16 колледж.

Шымкентте Яндекс.Көлік іске қосылды

Понедельник, 24 Июнь 2019 00:00
IOS және Android-ке арналған үшін Яндекс.Көлік қосымшасында Шымкент автобустары пайда болды. Енді қала тұрғындарына сапарды жоспарлау оңайырақ болады: қосымша картада көлік қозғалысын көрсетеді және аялдамаға келу уақытын хабарлайды.
Қосымша арқылы автобустың қайда келе жатқанын және лық толған автобусқа отырудың қажеттігін түсіну оңай — артынан тағы біреуі келе жатқан жағдайда. Автобустар картада көлік қозғалысына қарай қозғалатын белгілермен белгіленген. Белгіге бассаңыз, қосымша автобус бағытын және аялдамаларды көрсетеді. Қажетті маршруттар мен аялдамаларды қайта іздемеу үшін сақтап алуға болады. Яндекске автобустардың қозғалысы туралы деректерді «Диспетчерлік қызмет орталығы» ЖШС-ы, Шымкент әкімшілігі көлікті басқару кәсіпорны жібереді.
Қосымша қажетті орынға қалай жетуге болатынына мүмкіндік береді. Егер мекен-жай, дүкен немесе басқа ұйымның атауын енгізсеңіз, Яндекс.Көлік жол нұсқаларын көрсетеді. Әр адам үшін жолдағы уақыт, ауысулар саны және жаяу өтілетін қашықтық көрсетіледі. Аялдаманы жіберіп алудан қорқатындар үшін қосымшада оятқыш бар: ол шығатын уақыт болғанда дабыл береді.
Яндекс.Көлік Шымкентте ғана қажет болмайды. Оның көмегімен Нұр-Сұлтан, сондай-ақ Ресей мен Беларусьтің 58 қаласында, Окленд, Тампер мен Хельсинкиде көлік қозғалысын бақылауға болады. Ондаған басқа қалада қосымша анықтама ретінде жұмыс істейді: аялдамалар мен маршруттар туралы ақпаратты көрсетеді. Көлік қозғалысы туралы деректер Яндекс.Карталар мен Яндекс іздеу қосымшасында да қолжетімді.

ҰБТ басталды

Пятница, 21 Июнь 2019 04:30

Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Сынақ 20-30 маусым аралығында өтсе, үшінші мегаполистің бітіруші түлектері тестті 21-26 маусым күндері аралығында тапсырады.

Шымкентте 135 мектепті 8063 оқушы бітіріп, 5463 түлек ұлттық сынақ тапсыруға өтініш берген. Оның ішінде қазақ тілінде – 4454 оқушы, орыс тілінде – 987 оқушы және биылдың ерекшелігі – 22 түлек ағылшын тілінде тапсырмақ. Шымкенттік түлектер сынақты М.Әуезов атындағы ОҚМУ, ОҚМПУ, «Silk Way» халықаралық университеті, Аймақтық инновациялық университет және Шымкент Университеті базасында тапсырады.

Шымкент қаласы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Текебаева ҰБТ пунктерінде қауіпсіздік шаралары бойынша тиісті деңгейде жұмыстар атқарылғанын атап өтті. Оқушылар тарапынан тәртіп бұзудың алдын алу және қауіпсіздік шараларын сақтау мақсатында ұялы байланыс сигналдарын бәсеңдету құралдары, рамалы металл іздегіштер, салқындатқыштар мен бейнетіркегіштермен қамтамасыз етілген.

ҰБТ өткізу пунктері аумағына ата-аналарға қолайлы жағдай жасау мақсатында көлеңкелі шатырлар тігіліп, орындықтар қойылды, сауда қатарлары ұйымдастырылған.

Жаңа өндірісте – 14 түрлі өнім

Пятница, 21 Июнь 2019 04:11

Шымкент қаласында энергетикалық сусындар мен шырындар шығаратын жаңа өндіріс ашылды.

Шырын зауыты 1

«Тассай» индустриалды аймағында орналасқан зауыттың өзіндік құны – 1 млрд теңге. «Болашақ-7» ЖШС өнімнің 14 түрі бойынша 35 млн дана сусын мен шырын шығаруды жоспарлап отыр.
Жаңа нысанның ашылуына қатысқан қала әкімі Ғ.Әбдірахымов серіктестіктің жұмысымен танысып, жұмысшылармен тілдесті. Алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

«Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қолдау тапқан кәсіпорын заманауи қондырғылармен жабдықталған. Шикізатқа өңіріміздің өнімдері қолданылады. Айта кетейік, жаңа кәсіпорында 150 жұмыс орны ашылып отыр.

Зауыт өнімдері Шымкент қаласымен қатар Қазақстанның басқа өңірлеріне, сондай-ақ, көршілес Қырғызстан мен Өзбекстан елдеріне экспортталады.

Страница 6 из 323