Елімізде мәслихат депутаттығына 170 үміткер тіркелді деп хабарлайды Tengrinews.kz Орталық сайлау комиссиясына сілтеме жасап.
«Жалпы, мәслихат депутаттығына 188 кандидат ұсынылды, олардың 61-ін саяси партиялар, екеуін қоғамдық бірлестіктер ұсынды және тағы 125-і өзін-өзі ұсынғандар. Қазіргі уақытта кандидаттарды тіркеу аяқталды. Олардың ішінен барлығы 170 кандидат тіркелді, 120 кандидат (70,6 пайыз) ер-азаматтар, ал 50 кандидат (29,4 пайызы) әйел адамдар» — делінген Орталық сайлау комиссиясының хабарламасында.
Сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясы Астана қалалық мәслихатына 1, облыстық мәслихаттарға 7, қалалық мәслихаттарға 12 және аудандық мәслихаттарға 39 депутат сайланатынын, сайлау науқаны қажетті қаржылық және материалдық-техникалық ресурстармен қамтамасыз етілгенін, сайлаудың өтетін мерзімі 30 наурыз күні екенін де еске салып отыр.
Айта кету керек, мәслихат депутаттығынан үміткер 67 кандидат Қазақстан Республикасы саяси партияларының мүшесі, 60-ы партия қатарында емес. 43-і өзінің партияға тиесілілігін көрсетпеген. Тіркелген кандидаттардың ішінде 6 ұлттың өкілі бар. Үміткерлердің орташа жасы — 41-де.
140 (82,4%) кандидаттың жоғары білімі бар, 20-сының (11,8%) арнайы орта және 10-ының (5,9%) орта білімі бар. Кандидаттардың 43 пайызы мемлекеттік мекемелерде, ұйымдарда және кәсіпорындарда, 30 пайызы коммерциялық құрылымдарда қызмет жасайды. Қазіргі уақытта сайлаушыларға үгіт жұмыстары жүргізіліп жатыр. Айта кетерлігі, үгіт-насихат жұмыстары 28 наурыз күні сағат 24.00-де аяқталады.
15 наурыздан бастап Орталық сайлау комиссиясының мүшелері облыстың аумақтық және округтік сайлау комиссияларының мүшелерімен сайлау заңнамасының нормаларын сақтауды қамтамасыз ету мәселелері, сондай-ақ дауыс беру күніне дайындық бойынша сайлау органдарының міндеттері талқыланатын кездесулер өткізеді. Әзірге Орталық сайлау комиссиясына сайлауға қатысты ешқандай шағым-арыз түспеген.
Дерек көзі: tengrinews.kz