Ислам ынтымаққа үндейдi

Пятница, 05 Декабрь 2014 06:36 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 3819 раз

Аллаһ Тағала қасиетті Құранда: «Ей, адамзат! Сендерді Біз әуелде бір еркек, бір әйелден, бір ата, бір анадан өрбіттік. Өзара қарым-қатынас жасауларың үшін көптеген ұлт, ұлыс етіп көбейттік. Сендердің бір-біріңнен артықтығың несібелеріңмен емес, діндар-тақуалықтарыңмен (адамгершіліктеріңмен) есептеледі» (Хужурат сүресі, 13-аят), – делінген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ей, адамдар! Естеріңде болсын! Раббыларың біреу, ешбір араб араб еместен, араб емес арабтан, ақтың қарадан, қараның ақтан тақуалығынан (адамгершілігінен) басқа ешқандай артықшылығы жоқ. Күмәнсіз Аллаһтың алдында ең мәртебелілерің тақуалы (адамгершілігі мол) болғандарың», – дейді.

20121026122916Ислам діні ешкімді дініне, ұлтына, нәсіліне және жынысына қарап бөлмейді. Адамға адами тұрғыдан баға беріп, Алла алдында ешкім ешкімнен жоғары емес, тек тақуалықпен ғана, моралдік, адами қасиеттерімен ғана дәрежелері бірінен-бірі жоғары болады деген сеніммен әрекет етеді.
Тәуелсіз елміз. Дегенмен, руханиятқа шөліркеген күйдеміз.  Халық имандылыққа қарай ұйыған. Күн өткен сайын асыл дініміз исламға бет бұрып, мешітке келушілер көбейіп, намазға жығылушылар санының артуы қуантарлық. Алайда, үй ішінен үй тігіп, ынтымағы мен бірлігі жарасқан ел-жұрттың арасына іріткі салып, Қасиетті Құран мен хадистерге қайшы ic-әрекеттері арқылы ислам білімі мен оның асыл құндылықтарына зиянын тигізіп жүргендер де жоқ емес.
Бүгінгі таңда қаншама қаракөздеріміздің өзге діннің етегінен ұстауы қазақтың бірлігіне, болашағына қатер емес пе? Жұмыссыздықты, тіршіліктегі аздаған қиындықтарды желеу етіп, өзге дінді қабылдау жігерсіздік пен рухсыздық емес пе?!
Бірлік – ынтымаққа, ал ынтымақ – ырысқа жеткізетіндігін біле тұра ұлттық мүддемізге керағар әрекет жасайтындығымыз тым ерсі, әрі кешірілмес күнә. Себебі, Қазақстанның тәуелсіздігі баянды, ынтымағы жарасқан іргелі ел болуы – діні Ислам, мұсылман қазақ ұлтына ғана қажеттігі басы ашық әңгіме.
Еліміздегі мұсылмандардың ұйымшылдығы, ауызбіршілігі үшін қандай да бір діни мәселеде жүгінетін орын – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және діни басқарманың жергілікті жердегі өкілетті имамдары бар. Міне өзгеге емес, өзіміздің арамыздағы имамдарға, олардан жауап болмаса, діни басқармаға жүгіну керек.
Бүгінгі күнде, қаптап бара жатқан не тарихы, не тамыры жоқ күмәнді діни ағымдардан қауіптеніп іштартып отырған жайымыз бар. «Бөлінгенді бөрі жейтіндігін» білсек те, айрандай ұйып отырған елдің ынтымағына көлеңке түссе, қарапайым халыққа не қайыр.
Ислам – зорлыққа шақырмайтын дін екені ежелден мәлім. Керісінше, Ислам – мұсылмандарға да, мұсылман еместерге де қарсы келетін, зорлық-зомбылықтың, лаңкестіктің барлық түрлерін қолдамайды. Дініміз барлық адамзатты бейбітшілікке, достыққа, әділеттілікке шақырады. Бұл қағида Құранда: «Анығында, Алла (адамдарды) әділ болуға, жақсылық жасауға, ағайынға қарайласуға бұйырады. Арсыздықтан, тоңмойындықтан, азғындықтан тыяды. Тағылым тыңдасын деп насихат береді, мүмкін сіздер ес жиярсыздар» («Наһыл» сүресі, 90-аят), – деп баяндайды.
Әбу Дауд риуаят еткен мына бір тамаша тәлімді айта кетсек. «Хайбардың бастығы жәбірлеуші, тәкаппар адам еді. Ол пайғамбарымыздың қасына келіп: «Ей, Мұхаммед! Сендердің дініңде өзге діндегі біздің малымызды союға, жеміс-жидектерімізді жеуге, әйелдерімізді ұруға рұқсат берілген бе?», – деді.
Әдетте, билік құрушы жақ өздері үстем елде тұратын азшылықты құрайтын елге төмендетіп, менсінбей қарайтыны белгілі. Мүмкін, пайғамбарымызбен бірге барған кейбір сахабалардың ойларында осындай пікір болса керек немесе Құран кәрімде тыйым салынбаған істі қылуға болады деген ойда болған болуы да мүмкін. Содан ол мұсылмандар хайбарлық яхудилердің кейбірінің малын сойған, жеміс-жидектерін сұрамай алып жеген, өздері үйленген яхуди әйелдеріне қол көтерген. Сондықтан олардың бастығы пайғамбарымызға келіп, мән жағдайды айтқан. Пайғамбарымыз әңгіменің төркінін дереу түсініп, кейбір мұсылмандардың істеген ісіне ашу-ызасы келіп, Абдуррахман ибн Ауфқа: «Абай болыңдар! Әрине, жаннатқа мүмин (имандылығы бек кеміл) адам ғана кіре алады! Елді намазға шақыр!» деп бұйырады. Адамдар жиналды. Пайғамбарымыз оларға имам болып намаз оқыды да намаз соңынан орнынан тұрып: «Седерден бірің жамбастап жатып алып, Алла осы Құрандағыдан басқа ештемеден бізді тыйым салған жоқ, деп ойлай ма?! Естеріңде болсын! Аллаға ант етіп айтамын: әлбетте, мен де сендерге уағыз-насихат айттым, мен де сендерге бұйрық бердім, мен де сендерді кейбір іске әмір еттім, тағын көп істерден қайтардым, оларды сендерге харам еттім. Әрине, сол істер Құрандағыдай немесе одан да көп, әлбетте, Алла тағала сендерге егер олар өз мойнындағы міндетін өтеген болса, яхуди, християндардың үйіне ізінсіз, рұқсатынсыз кірмеңдер. Әйелдеріне қол көтерулерің харам, жеміс-жидектерін рұқсатсыз жеулерің харам!», деді».  Пайғамбарымыздың бұл сөздерінен көп хүкім келіп шығады.
Харам нәрселер тек Құранда ғана келмейді. Ислам діні тыйым салған қайтарған нәрселер тек Құрандағымен ғана шектелмейді. Пайғамбарымыздың сүннеттері мен хадистерінде де харам етілген, қайтарылған, тыйым салынған амалдар бар.
Тек Құранға амал ету керек деп сүннеттен бет бұру дұрыс емес. Оның кесірі діни қақтығыстарға алып келуі мүмкін. "Тек Құранмен жүреміз, хадис керек емес" деген ұғыммен діни алауыздықтар орын алуы мүмкін.
Пайғамбарымыздың сүннеттерінде Құрандағыдай немесе одан да көп үкімдер баяндалған.
Өзге діннің үйіне рұқсатсыз кіруге, жемісін рұқсатсыз жеуге, олардан әйел алса, оны ұрып соғудан қайтарады.
Міне бұдан ислам діні адам құқықтарын, ол кім болса да өзге дінде бола ма, дінсіз бола ма оның құқын қорғайтыны анық көрініп тұр. Хайбардағы мұсылмандар яхудилердан өте көп қорлық көрсе де барша өзге діндегілерге пайдалы үкім амалға асырылды.
Хз. Пайғамбарымыз исламның ынтымағы мен бірлігін сақтау жолында өте сабырлылықпен әрекет етті. Қоғамның ынтымағы ауадай қажет болғандықтан, Мадина халқы арасында іріткі салушы мунафиқтар мен олардың басында кімдердің жүргенін өте жақсы білгенімен, бірақ, оны ешқашан елге паш етпеді. Паш ету былай тұрсын, оларға да мұсылмандар сияқты қарайтын. Мунафиқтардың көсемі, бастығы Абдуллаһ б. Убәй б. Сәлулдің жасаған қиянатына төзіп, жаза қолданбады. Хз. Омар қаншама рет мунафиқтың басын шабуға рұқсат сұрағанымен Хз. Пайғамбарымыз мәселені Аллаһқа тапсырып, дін исламға, қоғам арасына зиян тигізуші екі жүзділерді өлтіртпеді. Тіпті мунафиқтардың көсемі Абдуллаһ б. Убәй б. Сәлул қайтыс болмастан алдын баласын Хз. Пайғамбарға жіберіп, үстіндегі көйлегін (ниеті кебін ету) сұратқанда, екі дүние сардары, адамзаттың ардақтысы Хз. Пайғамбарымыз көйлегін береді. Міне осындай ғибратты оқиғаларды Пайғамбар өмірінен көптеп кездестіруге болады. Сонымен қатар Хз. Пайғамбардан тәлім алған сахабалардың ғұмыр тарихынан көп мысал келтіруге болады. Яғни қоғамның ынтымағы мен бірлігі, дін исламның өркендеуі үшін жасаған қызметтері расында да үлкен жетістікке жеткізді.
Қоғам ішінде бүлікшілік пен алауыздықты тоқтату әрбір мұсылманның міндеті. Құран мен Хадис біздерге осыны бұйырады. Қоғамның бірлігі мен ынтымағы үшін кейбір істен бас тарту иманның кемелдігінен.
Әлемдік діндердің ешбірі қоғам тыныштығын бұзуға рұқсат бермейді. Сол секілді ислам дінінің де өзіндік ерекшеліктері бар. Ең басты ерекшелігі қоғамды басқарушы әміршіге әрбір мұсылманның бағынуын, тыңдауын талап ету: «Ей, иман келтіргендер! Аллаға, пайғамбарға және өз араларыңдағы әмір иелеріне бойұсыныңдар» (Ниса-59).
Ал қоғамның тыныштығын бұзатын бүлік пен іріткі салуға Аллаһ Тағала мұсылмандарға қатаң түрде тыйым салады. Қасиетті Құранда бұл мәселе жайында: «Бүлік шығару адам өлтіруден де бетер», – деп қаралайды (Бақара сүресі, 217 аят).
Хз. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде былай дейді: «Сендерге намаз, ораза және садақадан да артық бір нәрсе айтайын ба? – деді. Сахабалар: Иә, Я Расулуллаһ! – десті. Пайғамбарымыз: татуласыңдар. Бірліктеріңді нығайтыңдар. Себебі, араның бұзылуы шаштың түбінен емес, діннің түбінен шығады,–  деді»,- деген (Тирмизи, Қиямет 56).
Ислам тарихындағы соғыстар басқа елдерді отарлауға, олардың халқын исламға күштеп кіргізуге бағытталмады. Оның мақсаты – сыртқы агрессия жағдайында, адам өмірін, мал-мүлкін, жерін, ар-намысын және бостандығын қорғау болып табылды.
Ислам мұсылмандарға жеке және ұжымдық деңгейде бейбітшілік орнатудың нақты қағидаларын береді, ынтымақтастықты ізгілік қарым-қатынастар негізінде кеңейтуді көрсетеді. Мұсылмандар осы қағидаларды жүздеген жылдардан бері сақтауда, осының арқасында басқа дінді ұстанушылармен бір ортада, бейбіт өмір сүріп жатыр. Ислам қоғамы әлемге өзінің сабырлылығымен, қайырымдылығымен және ізгілігімен, адами құндылықтарымен танымал. Ислам – бейбітшілік діні. Ислам жамандықты барынша бейбіт жолдармен жоюға, күш қолданусыз амалдарға шақырады.
Олай болса, біздер де қоғамның, мұсылман қауымының ынтымағы мен бірлігі үшін мешітке келгенде тәртіп сақтап, бір бағытта, бір мазһабта жүруіміз керек. Сахабалар мұсылманның бірлігі үшін қолдарынан келгенше аянбағандарындай біздер де бірлігімізді бұзбау үшін кейбір фиқһи мәселеде сіреспей, еліміздің ынтымағы үшін бір мазһабпен жүрейік.

Бақдәулет қажы АБДРАХМАНОВ, қалалық «Абдул Хамид Қаттани»
орталық мешітінің
бас имамы.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.