Алтын дiңгек

Пятница, 07 Август 2015 05:36 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 5092 раз

Қазақ ұрпағымен мақтанады, ұрпағымен мәңгі жасайды. Үлгілі отбасының қашанда тірегі әке, жылу таратар ана екені сөзсіз. Сондай жандардың бірі – Жамалбековтер отбасы. Жуырда Оңтүстікке мәлім әулет «Мұса» мейрамханасында Ұрпақтар сабақтастығы аясында бас қосты.

IMG 001 32Бүгінде марқұм  Жамалбек Отыншыұлы тамыры терең мәуелі бәйтерекке айналған. 9 перзенттен 43 немере, 97 шөбере, 5 шөпшек  өсіп жетіліпті.
– Әкеміз Жамалбек тағдырдың теперішін көп көрді. Ата-анасынан ерте айырылып, жетімдіктің ащы дәмін тартты. Екінші дүниежүзілік Ұлы Отан соғысына қатысып, майдан даласында екі аяғын жауға беріп, 1-топ мүгедегі болып оралды. Бірақ ол қанша қасірет көрсе де, еңсесін түсірген жоқ. Үлгілі шаңырақ көтеріп, өзгелерге өнеге болды. Еңбекқорлығының арқасында соғыстан кейін күйзелген халықтың тұрмысын түзеуге белсене араласып, мақтаулы маман, аптал азамат атанды. Анам Мырзакүл екеуі 4 қыз, 7 ұл тәрбиелеп өсірді. Әкеміз 1980 жылы 58 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Араға үш жыл салып анамыз қайтты. Біздің бас қосуымыз кемел елдің көшбасшысы бастамасына қолдау көрсеткеніміз. Туысқандық қарым-қатынастан қол үзбей, байланысты бекіту, сыйластықты арттыру, – деді Шәріпбек Жамалбекұлы.
Қазір марқұм Жамалбек атаның тоғызы бір-бір әулет. Отбасының тұңғышы Берікбек жетпістің желкеніне аяқ басқан. Өзінен кейінгі бауырларына бас-көз болып, әке аманатын орындаған Шәріпбек  тұтынушылар кооперациясында абыройлы еңбек етті. Соңғы 3 шақырылымнан бері облыстық мәслихаттың депутаты. Қыздары Қарашаш пен Қаламқас кәсіпкерлікпен  айналысады. Сарыпбек аға құқық қорғау органдарында қызмет етіп, зейнетке шықты. Полиция полковнигі. Шадиярбек – Бәйдібек аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы. Полиция полковнигі Батырбек – ішкі істер органдарында басшылық  қызмет атқарады. Ал, ең кенжесі – Аманбек ұстаз.
Ақ дастархан басына жиналған туыс-бауырлар  әке мен ана рухына құран бағыштап, ізгі тілектерін білдірді. Әдемі ән, езу тартар қалжың, тамаша би басқосудың шырайын арттырды.
– «Әйел – үйдің ырысы» дегендей, шаңырағымызға шаттық шуағын шашып отырған зайыбымды, балаларымның анасын әрдайым сыйлаймын. Ал, ата-анамның келіні ретінде ерекше сыйластықта болғанын кейінгі жастарға үлгі етуге болады. Әке-шешем «біздің келініміз бәрін біледі» деп ризашылығын білдіріп, көршілерге мақтанышпен айтып отыратын, – дейді Жамалбек атаның үлкен ұлы Берікбек қария.
Сөз алған туыстар жас буынға ой саларлық тағылым, ғибраты мол әңгіменің тиегін ағытты. Бауырларына қамқор болып, әке аманатын орындаған Шәріпбек аға да «Атамыз Отыншыны көрген емеспіз. Сол Отыншыдан тараған ұрпақты жинасақ» деген пайымды ой айтты. Ұрпақтар сабақтастығын паш етіп, отбасы мерейін тасытқан басқосуды туыс-бауырлар бес жыл сайын атап өтуді дәстүрге айналдырмақ.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.