Ауыл шаруашылығындағы ауқымды істер
Понедельник, 07 Ноябрь 2016 03:55Оңтүстік Қазақстан облысында соңғы 25 жыл ішінде өндірілген көкөністің көлемі 5 есеге артқан. Атап айтқанда, егін шаруашылығы бойынша жүргізілген жүйелі әртараптандырудың арқасында 1991 жылмен салыстырғанда майлы дақылдардың егіс көлемі 73 мыңнан 80 мың гектарға, бақша 49 мыңнан 59 мыңға, ал көкөніс 27 мың гектардан 40,4 мыңға, картоп 9 мың гектардан 15,3 мың гектарға ұлғайыпты. Тиісінше, алынған өнім көлемі де айтарлықтай нәтижеге ие. Мәселен, 1991 жылы облыс бойынша 163,4 мың тонна көкөніс жиналса, бүгінде бұл көрсеткіш 866 мың тоннаға, яғни бес есеге артты. Осылайша, өңір шаруалары өздерінің еңбекқорлығымен Тәуелсіздік кезеңіндегі ең үлкен рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп отыр.
ШЫМКЕНТТІКТЕР ЖЫЛЫЖАЙЫМЕН МАҚТАНАДЫ
Тәуелсіздік жылдарында елде агроөнеркәсіптік кешені саласын дамытуға айрықша басымдық берілді. Бұл ретте, ҚР Президенті Н. Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатерді жаһандық сын-қатерлер қатарына жатқызған болатын. Яғни, әлемде халық саны өсуімінің жоғары қарқыны азық-түлік тапшылығы мәселесін туындатуда.
Бұл қатарда, мемлекеттік 2013-2020 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешенін дамытудың салааралық «Агробизнес-2020» бағдарламасы Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыруға айтарлықтай мүмкіндік беруде.
– Қазіргі кезде әлем елдерінде экономикалық белсенді халықтың 45 пайызы ауыл шаруашылығымен айналысады. Бұл бағытта, мемлекеттік ауқымда қолдау көрсетіліп отырған «Агробизнес-2020» бағдарламасының нәтижесінде, агроөнеркәсіптік кешендегі субъектілер санын 4,5 есеге көбейту көзделген. Бұл құжаттың басқа бағдарламаларға қарағанда ерекшелігі өте зор. Яғни, алдымызда қаладағы агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру міндеті тұр, – дейді қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Ғани Құрманбай.
Жалпы, Шымкент қаласындағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 62 219 гектарды құрайды. Яғни, бұл көрсеткіш қала аумағының 54 пайызын иеленеді. Несібесін жерден терген 4152 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері тіркелген. Жыл бойы атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижесінде, жинап алынған өнімнің көлемі 16 миллиард 543 миллион теңгені құрады.
Ауыл шаруашылығы саласын түлетуде климаты қолайлы әрі жер құнарлылығы жоғары Шымкент қаласы бүгінде ел аумағындағы жылыжайлардың отанына баланады. Оған жыл сайын өнім көлемі ұлғая түскен ауыл шаруашылығы кешендерінің нәтижесі де басты себеп болуда. Яғни, жылыжайлардың жалпы көлемі 123 гектарға ұлғайды. Жинап алынған өнімдерді сақтау және жыл бойы тұтынушыларға қажетінше жеткізу мақсатында сыйымдылығы 45 мың тонна болатын қоймалар дайындалған.
Облыс орталығында азық-түлік белдеуін қалыптастыру, бағаны тұрақтандыру бағытында жасалған тың қадамдар өз қайтарымын беріп те келеді. Қала тұрғындарын таза әрі арзан көкөніспен қамтамасыз ету мақсатында биыл пайдалануға берілген «Асар KZ» шаруа қожалығы жылыжай кешенінің өнімдері шымкенттік тұтынушылардың дастархан мәзірін толықтырып үлгерді. Бүгінде жылыжай кешенінің жалпы көлемі 4,7 гектарды алып жатыр. Қожалық басшысы Бақтыбек Әбдіхалықов алдағы уақытта жылыжай кешенінің көлемін мұнан әрі де ұлғайта түспек ниетте.
АТА КӘСІПКЕ АДАЛДЫҚ
Мал шаруашылығы бүгінде ел экономикасын түлетуде тың серпін беретін елеулі күшке айналды. Бір кездері қазақ даласында миллиондап саналатын ашатұяқтылар қатары тоқсаныншы жылдары тіпті азайып кеткен еді. «Агробизнес-2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде соңғы жылдары аталмыш салаға жан бітіп, тамырына қан жүгірді. Мал шаруашылығын өркендетуге көңіл бөлініп, шаруаға қаржылай қолдау көрсетілуде. Бұл қатарда, мемлекеттік бағдарламалар – ата кәсіпті өркендетудегі бірден-бір қолайлы жоба болуда.
Бүгінде Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы жануарларының жалпы саны 65 мыңнан асып жығылады. Мемлекеттік «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары шеңберінде биыл шымкенттік фермерлер 150 ірі қара мал, 15 асыл тұқымды бұқа, 400 уақ мал, 70 жылқы сатып алыпты. Мал бордақылау алаңдарының саны 41-ге артса, 30 жанұялық сүт фермасы қызмет атқаруда. Тиісінше, «Прод&Груп» және «Марк» ЖШС-лері ет өнімдерін өңдеу көлемін жылына 1500 тоннаға дейін арттырып отыр.
Иә, мал – баққанға бітеді. Төрт түлікті қазақ ежелден ырыс санаған. Кез келгеннің қорасына біте бермейтін болған соң да осылай түйіндеген болар. Мал расында мінсе – көлік, жесе – тамақ, ішсе – сусын, кисе – киім. Демек, кәсіптің көзін іздегендер мал шаруашылығына ойланбай кірісуіне болады. Әсіресе, ел болып, еңсе түзеген Тәуелсіздік жылдарындағы шаруалардың жетістіктері еңбектің еселі нәтижесі боларын дәлелдеп бергендей. Бүгінгі қол жеткен жетістіктер Тәуелсіздіктің жиырма бес жылдық мерейтойына лайықты тарту болмақ.
Тәуелсіздікке қосқан үлес қомақты
Понедельник, 07 Ноябрь 2016 03:37Қала әкімдігінің үлкен мәжіліс залында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығында салалар бойынша жеткен жетістік көрсеткіштерін насихаттау мақсатында құрылған облыстық ақпараттық-насихаттық топ мүшелері тұрғындармен кездесіп, семинар өткізді. Оған қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай, облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Қайрат Сүлейменов, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қанат Қалыбеков, облыстық ақпараттық-насихаттық топ мүшесі, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері Сағынғали Әбубәкіров, сонымен қатар, білім саласының қызметкерлері қатысты.
Семинарға қатысушылар еліміз егемендік алған 25 жыл ішінде облыс экономикасының қарқынды даму көрсеткішіне ие болғанына тоқталды. Сонымен бірге мәдениет, білім, спорт, денсаулық салаларының да көптеген жетістікке жеткенін атап өтті.
– 25 жылда жеткен жетістіктер ауқымдылығымен ерекшеленеді. Экономиканың түрлі салалары бойынша көрсеткіштер де жыл сайын еселене түсуде. Мәселен, Тәуелсіздік жылдары ел аумағында 1300-ден астам денсаулық сақтау мекемелері пайдалануға беріліпті. Оның 347-сі Оңтүстік өңірінің үлесінде. Сондай-ақ, 1400-ден астам орта білім беретін мектеп ғимараттары салынған, – дейді Сағынғали Сандыбайұлы.
Баяндамашылар өз сөзінде бүгінгі Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның «алтын дәуіріне» баланатынын атап өтті. Егеменді ел болып қалыптасу кезеңінде ішкі тұрақтылыққа баса мән беріліп, жаһандық кеңістікте «қазақстандық жол» ұғымы үлгі ретінде танылды. «Мәңгілік елдің» өз бағыт-бағдары айқындалды.
Жиында қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай Шымкент қаласы үшін Тәуелсіздік жылдары өсіп-өркендеу кезеңі болғанын жеткізді.
– Егемендікті жаңа алған 1991 жылы қала аумағы 13 мың гектарды құраған болса, бүгінде 10 есеге ұлғайды. Қала халқы 400 мыңнан 900 мыңға жетті. Елдегі тұрғындардың орта жас көрсеткіші 67-ден 72-ге дейін өсті, – деді Қайрат Ырзақұлұлы.
Жарыссөзге шыққан зиялы қауым өкілдері жеткен жетістіктерге тоқмейілсумен шектелмей, алда белгіленген айқын бағдарды орындауда белсенді күш салу қажеттігін атап өтті.
«Нұрлы жол» – оң өзгерістер өрісі
Пятница, 28 Октябрь 2016 10:19Ирригация жүйесінде игілікті істер бар
Среда, 26 Октябрь 2016 06:01Шымкентте ирригациялық жүйелер қыс мезгілінде міндетін мінсіз атқаруы тиіс. Осы орайда, қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың тапсырмасына сәйкес, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылы бөлімінің мамандары кешенді жұмыс жоспарын белгілеп отыр.
Жасыратыны жоқ, Шымкенттегі ирригациялық жүйелер сын көтермейді. Жауған қар мен жауынның салдарынан қала көшелері суға толып, жаяу жүргіншілермен қатар, көліктердің де қозғалысында айтарлықтай қиындықтар туындайды. Мамандар мұндай келеңсіздіктердің алдын алудың бірден-бір жолы ретінде бүгінде ескіріп, жарамсыз күйге енген ирригациялық жүйелерді толығымен жаңартуды ұсынады.
Бұл бағытта арнайы жұмыс тобы да құрылған. Анықталған мекен-жайларды маңызына қарай топтастыра отырып, мәселені кезең-кезеңімен жүзеге асыру көзделуде. Кешенді жұмыстардың алғашқы екі кезеңі бойынша барлығы 34 мекен-жайда ирригация жүйелері жүргізіліпті. Оның жалпы ұзындығы 11 шақырымды құрайды. Ал биыл үшінші кезең аясында 32 мекен-жайда жұмыстар атқарылуда. Мұндағы жұмыстардың аумағы 11,8 шақырымға созылады. Бұл үшін биыл жергілікті бюджеттен 230 миллион теңге қаржы бөлінген.
Бүгінге дейін Нұртаза Исмайлов көшесінің тұрғындары да жауған қар мен жауынның зардабын тартып келген еді. Енді міне, жоспарлы жұмыстар аясында мұнда ұзындығы 2 шақырым көше бойында ирригация жүйелері жүргізілуде. Жұмыстарды мердігер мекеме – «Жасыл даңғыл» ЖШС-і атқаруда.
– Бұл міндетті атқару үшін мекеменің көтергіш кран, эксковатор және нығыздаушы техникалары жұмылдырылған. Жоспарлы жұмыстар желтоқсан айының 15-жұлдызына дейін тапсырылады, – дейді «Жасыл даңғыл» ЖШС-нің учаске басшысы Белтай Үсентаев.
Айта кетейік, бүгінде қала аумағында ирригация жүйелерін жаңарту жұмыстарымен 3 мекеме – «Жасыл даңғыл», «Көркем қала KZ» және «Шаһар құрылысы интернейшнл» ЖШС-лері айналысуда.
Шынында, ирригация мәселесі тек Шымкент үшін ғана емес, еліміздің өзге де қалаларында өзекті болып отыр. Бұл жағдайға айрықша көңіл бөліп отырған қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары алдағы жылы, кешенді жоспардың 4-кезеңі аясында жалпы ұзындығы 11,2 шақырымды құрайтын 22 мекен-жайда ирригация жүйелерімен қамту жұмыстарын жүргізбек.
Қоғамдық тәртіпті сақтау – ортақ міндет
Среда, 26 Октябрь 2016 05:02Қоғамдық қауіпсіздікті сақтаудың негізі – тәртіпке байланысты. Заң алдында баршаның жауапкершілігі бірдей. Осы орайда, Елбасының 5 институционалды реформасын орындау бағытындағы 100 нақты қадамында ұсақ құқықбұзушылыққа мүлдем төзбеу қағидалары атап көрсетілген.
Бүгінде облыс прокуратурасы қоғам тыныштығын қамтамасыз ету мақсатында «Қауіпсіз қала» жобасын ұсынуда. Аталған жоба жүзеге асқанда қаладағы қылмыс санын 30 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік болады. Айта кетейік, бұл жоба бұған дейін мегаполис болып табылатын Астана қаласында жүзеге асырылған. Қазіргі таңда Шымкентте жалпы тіркелген қылмыстардың ішіндегі ауыр және аса ауыр санаттағы қылмыстардың ашылуы 70 пайызды, ал орта дәрежедегі қылмыстардың ашылуы 23 пайызды құрады. Осы жоба шеңберінде жұмыссыздық, қаңғыбастық, маскүнемдік және нашақорлық салдарымен күресу, сондай-ақ халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында 20-дан астам іс-шаралар өткізу жоспарлануда. Алдағы уақытта қылмысты төмендету мақсатында Шымкент қаласының аумағы толығымен бейнекамералармен жабдықталмақ. Соңғы 3 жылда жергілікті полиция қызметкерлері 350 автокөлікпен қамтамасыз етіліпті.
Шымкенттегі жергілікті полиция қызметіне 1313 штаттық бірлік берілген. Бірінші кезекте қала тұрғындарының қауіпсіздігін сақтау басты міндет ретінде белгіленген. Ол үшін қажетті жағдайлар да қарастырылған. Бұл қатарда биыл 5 эвакуатор алынған. Бақылау камералары да орнатылуда. Түрлі деңгейдегі құқықбұзушылықты бұлтартпай дәлелдеу мақсатында Шымкент қаласындағы демалыс орындары мен орталық көшелерінде 249 бейнеқұрылғы жұмыс істейді. Алдағы уақытта тағы 302 бейнебақылау камералары орнатылмақ. Сондай-ақ, қаланың қозғалысы қарқынды 11 көше қиылысы интеллектуалды бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Осы құрылғылардың көмегімен тазалық пен тыныштықты сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде. Кең ауқымды қамтыған шаралар өз нәтижесін де беріп отыр.
– Өткен 10 айдың қорытындысы бойынша Шымкентте барлығы 23 681 әкімшілік құқық бұзушылық дерегі анықталып, тәртіп бұзушылар тиісті жазаға тартылған. Жалпы көлемі 72 миллион 366 мың теңге көлемінде айыппұл салынып, оның 33 миллион 600 мың теңгесі өндірілген, – дейді қалалық жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары Ғабит Жандарбеков.
Ұлт болашағы ұрпақ тәрбиесіне байланысты
ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 442-бабына сәйкес, кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдердің сағат кешкі 22-ден таңғы 6-ға дейін ойын-сауық мекемелерінде болуы – олардың ата-аналарына үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуына әкеп соғады. Осыған сәйкес, мамандар қандай да бір құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында ата-аналар қауымын балаларының әрекеттерін қатаң бақылауға алуды ескертеді. Жыл басынан бері осы қағиданы назардан тыс қалдырған 2169 жасөспірімнің ата-анасы жауапкершілікке тартылғанын да атай кеткен жөн.
«Қауіпсіз қала» жобасы аясындағы «Лайықты ұрпақ тәрбиелейік!» іс-шарасы жыл соңына дейін жалғасын табады. Бұдан бөлек, жыл бойы «Жасөспірім», «Заң және құқық», «Абайлаңыз, балалар!», «Түнгі қаладағы балалар» рейдтік шаралары жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. Сондай-ақ, жергілікті полиция қызметі бақылау сапасын арттыру бағытында «Көршілер бақылауы» пилоттық жобасын жүзеге асыруда. Осы орайда, қала аумағында биыл кәмелетке толмағандар қолымен жасалған 131 қылмыс дерегі тіркелгенін айта кеткен жөн. Дегенмен, бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстыра алғанда, 32,8 пайызға кеміген.
Бала тәрбиесі – отбасы, мектеп, қоғамның ынтымақтастығымен ғана оңды нәтиже береді. Сол себептен де, бүгінде қалалық білім беру бөлімі де кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтың жайын үнемі бақылауда ұстап, құқықтық насихаттау жұмысын белсенді түрде жүргізіп келеді.
Нашақорлық – қоғам дерті
Қазір бүкіл әлем елдері нашақорлыққа қарсы күресті ашық жариялап отыр. Себебі, нашақорлық індетінің адамзат баласына әкелетін кесапаты үлкен, зардабы өлшеусіз. Сол себепті де, қазақ елі есірткіге қарсы заңнамасын барынша күшейтті. Құқық қорғау органдарының алдына есірткі бизнесі мен нашақорлыққа қарсы күрес аса маңызды міндет ретінде қойылды.
Статистика деректеріне сүйенсек, әлем бойынша екі жүз миллионнан астам нашақор бар. Бұл қатарда, біздің елдегі есірткі тұтынатындар саны 55 мыңнан асып жығылады екен.
Көптеген жасөспірімдердің есірткіге үйір болу себебі, достарынан ерекшеленбеу үшін немесе олардың алдында өз беделін көтеру үшін шегуден басталады. Жастар арасындағы нашақорлықтың өршуіне жастардың өмірлік қиыншылықтарды жеңе алмауын да жатқызуға болады. Наркологиялық диспансер мамандарының айтуынша, есірткі – уақытша психикалық қысымды төмендетеді. Өкінішке қарай, алғашқыда жастар оның адам ағзасына тигізетін кері әсері туралы ойламайды. Олар нашақорлықтан кез келген уақытта еш қиындықсыз бас тарта алатындарына сенеді. Бірақ нашадан психикалық және физикалық тәуелділік пайда болғаннан кейін бұл шешім кейінге шегеріле береді.
Психикалық тәуелділік тез арада пайда болады, кей жағдайда ол есірткіні тіпті бір ғана рет пайдаланғаннан кейін де пайда болады. Адамның миы есірткіні қабылдағанда пайда болатын ләззат сезімін есінде сақтап қалады да, бұл сезімнің қайталануын талап етеді. Сол себептен есірткіге үйренген адам бастапқыда пайда болған сезімді күшейту үшін оның мөлшерін күн өткен сайын көбейтуге мәжбүр болады. Кей жағдайда есірткінің мөлшерін шамадан тыс асыру мезгілсіз өлімге әкеліп соқтырады.
Сала мамандарының берген мәліметінше, биыл қала аумағында есірткімен байланысты 142 құқықбұзушылық дерегі тіркелген. Сондай-ақ, есірткіге әуестігі бар 119 адам есепке алыныпты.
Қаладағы криминагенді ахуалды тұрақтандыру мақсатында жергілікті полиция қызметі тарапынан әр аптаның сенбі, жексенбі күндері рейдтік іс-шаралар жүргізіліп келеді.
Жалпы, биыл Шымкент қаласында барлығы 17 438 қылмыс дерегі тіркеліпті. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстыра алғанда 2,3 пайызға өскен. Дегенмен, кісі өлімі 25 пайызға, бұрын сотты болғандар қолымен қайтара жасалған қылмыс дерегі 20 пайызға төмендегені байқалады.
Қала әкімінің жүлдесі «Ханшайымға» бұйырды
Среда, 26 Октябрь 2016 04:53Шымкент – өнерді ұлықтай білген қала. Дәстүрлі республикалық көңілді тапқырлар клубының кешіне жиналған елдегі таңдаулы құрамалар сахналық қойылымдарында осы ұғымды басты тақырып өзегі етті. «Шымкент қаласы әкімінің жүлдесі» үшін өткен бұл жолғы ойындар ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды. «Түркістан» сарайындағы көрермендерін күлкімен көмкерген көңілді кешті Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов та тамашалады.
КТК ойындарын «Қазақстан КВН Одағының» президенті Есен Елеукен жүргзіп отырды.
Әзілкештер сайысына Семей, Орал, Қарағанды, Талдықорған, Қызылорда, Тараз, Алматы қалалары мен Оңтүстік өңірдің Шымкент, Түркістан, Жетісай қалаларынан барлығы 11 команда қатысты.
Сәлемдесу сынында кешегі сал-серілерден қалған «соңғы тұяқтың» рөлін сомдаған семейлік «Достар» тобының ойыншысы Олжас Тұрғалидың «Бұл өмірден не пайда, Шымкентте ғұмыр кешпесең...» – деп толғануы жиналған көпшіліктің көңілін бір серпілтіп тастады. 2 сағатқа созылған әзіл сайысында командалар ой ұтқырлығы мен қағытпа қалжыңның өзіндік үлгісін танытты.
– Бүгінде айтар әзіл-қалжыңың өткір де жарасымды, шынайы болмаса, көпшілікті таңғалдыру қиын. Заман талабына сай көрерменнің талғамы өзгерген. Адамдардың көбі әзіл-қалжың мен сатиралық шығармалардың мәнін, ерекшелігін түсіне бермейді. Сол себепті, мақтамен бауыздағандай, өмірде болып жатқан оқиғалар мен құбылыстарды сатира арқылы, яғни ащы күлкімен жеткізуге тырысамыз, – дейді алматылық «Ханшайым» құрамасының жетекшісі Рысбала Мейрамханқызы.
Көрерменін күлкіге көміп, жанын жадыратқан жас өнерпаздар өнерін таразылау қазылар алқасына жүктелді. Нәтижесінде, әділқазылар шешімімен Қазақ ұлттық аграрлық университетінің «Ханшайым» командасы (300 мың теңге) қала әкімінің кубогын иеленді. Ал жүлделі І орынды (200 мың теңге) Шымкент қаласының «Байдың балалары» құрамасы жеңіп алса, ІІ орын Алматының «АТУ құрамасына» (150 мың теңге), ІІІ орын (100 мың теңге) Ақмола облысынан келген «Қорғалжын» құрама командасына бұйырды. Ерекше тартымдылығымен көзге түскен «ХҚТУ тарифі» жайдарман тобының ойыншысы Бекұлан Жолдықожа ойындағы «Үздік әзілкеш» номинациясына ие болды.
Жеңімпаздарға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Жас таланттарды шыңдап, жаңа табыстарға ынталандырған көңілді тапқырлар кеші алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Құтқарушы болу – ердің ісі
Пятница, 21 Октябрь 2016 08:17Дәстүрге сай, 19 қазанда – еліміздің құтқарушылары кәсіби төл мерекесін атап өтеді. Яғни, қазақстандық құтқару қызметінің құрылғанына биыл 21 жыл толды. 1995 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен еліміздің табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс саласында уәкілетті орталық ретінде атқарушы орган құрылды.
Статистикалық деректер көрсеткендей, 2016 жылдың 9 айында облыс аумағында табиғи және техногенді сипаттағы жалпы саны 934 төтенше жағдай орын алған. Өткен жылғы тиісті мерзіммен салыстырғанда бұл көрсеткіш 3,8 пайызға төмендеген.
Орын алған келеңсіздіктердің салдарынан 449 адам зардап шегіпті. Оның 142-сі қайтыс болған. Залалдан келген материалдық шығынның жалпы көлемі 1 миллиард 588 миллион теңгені құрады.
Орын алған төтенше жағдайларды ауыздықтау мақсатында департаменттің жедел қызмет тобы 5300 мәрте оқиға орнына жетіп, 89 адамды қауіптен арашалап алыпты. Сол маңдағы 1269 адам қауіпсіз орындарға көшірілген.
Бейбіт күннің батырына баланған
«Тілсіз жаумен» күресіп, төтенше жағдайлармен арпалысу – құтқарушылардың күнделікті қызметі. Қажетті де қатерлі іске асқан тәуекелділікпен ұмтылады. Алға қойған негізгі міндеті – құтқару, сақтау және қорғау. Осындай жандардың қажырлы іс-әрекетінің нәтижесінде, аман қалған адамдар қаншама...
Жалпы, төтенше жағдайлардың салдарын жою барысында өңір құтқарушылары бірқатар ірі операцияларға белсене атсалысты. Осы орайда, құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде өз қызметтік міндетін үлкен жауапкершілікпен атқарған Жедел-құтқару жасағының бес қызметкері мемлекеттік наградаға ұсынылды. Атап айтқанда, Г. Дүйсенбаев, М. Құдайбергенов,
М. Мейірбеков, С. Аширов,
А. Ташев «Ерлігі үшін» медаліне ие болған. Бұдан бөлек, құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде ерлігі мен өжеттілігін танытқан жедел-құтқару жасағының басшысы М. Түкманбетов «Төтенше жағдайлар жүйесіне енбегі сіңген қызметкер» ІІІ дәрежелі медалімен, Т. Байсариев «Төтенше жағдайлар жүйесіне енбегі сіңген қызметкер» кеуде белгісімен, Қ. Нұсқабаев «Төтенше жағдайлар қызметіне қосқан үлесі үшін» ІІІ дәрежелі төсбелгісімен марапатталған.
Бүгінде жалпы саны 2100 азамат өзіндік тәуекелі мен қиындығы мол осы салада қызмет етіп жүр.
Біліктілік – басты талап
Мамандардың берген мәліметінше, бүгінде облыс аумағында 19 химиялық қауіпті нысан бар. Сонымен қатар, облыс аумағы 5-8 балдық жер сілкінісі орын алуы мүмкін аймаққа жатады. Бұл қатарда, Шымкент қаласының халқы географиялық сипаттамасына қарай күрт континентальды климатқа, гидрологиясы және жоғарғы сейсмикалығына, ыстық және құрғақ жаз бен қатты желге, өзге де бірқатар табиғи өзгерістерге бейімделген.
Жерасты су деңгейлерін төмендету үшін қала аумағында жалпы саны тік доғалы 29 бұрғы жұмыс істейді. Дегенмен, көктем кезінде мол жауын-шашынның және мұз бен қардың еруі салдарынан тұрғын үйлердің ауласын су басуы ықтимал. Әдетте, су тасқыны және су басу құбылыстары наурыздан мамыр айына дейін жалғасады. Бұл ретте, мамандар су тасқындары мен су басу қаупін туындатуы ықтимал өзендер мен каналдар қатарына Бадам, Қошқар ата, Қарасу өзендері және Шымкент, Жаңа-Шек, Жаңа-Бай, Бадам магистралдарын жатқызады.
Бүгінде өңірлік «Суда құтқару қызметі» мемлекеттік мекемесінің штаттық құрамында 73 қызметкер, 4 құтқару станциясы, 4 құтқару бекеті жұмыс істейді. Атап айтсақ, «Шардара», «Бадам», «Тоғыс» су қоймалары мен «Тұлпар» жасанды көлінде, сондай-ақ, Сырдария, Арыс және Қошқар ата өзендерінің кейбір бөліктерінде судан құтқару қызметінің құрылымдық бөлімшелері құрылған. Аталған бөлімшелер суға шомылу маусымы кезінде үздіксіз жұмыс атқарады. Құтқарушыларға жергілікті орындарда кәсіби дайындықтан өткен 163 ерікті құтқарушы қосымша көмек көрсетеді. Жаз мезгілінде балалардың сауықтыру лагерлеріне барып, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы сабақтар, түсіндіру шаралары, сондай-ақ, практикалық көмек беріледі.
– Жалпы арнайы дайындық жоспары бойынша жеке құрамның жалпы дене шынықтыру жұмыстарына үлкен назар аударылады. Апта сайын тренажер залында жаттығулар өткізіліп, кросс жүгірулер, кешенді күштік жаттығулар орындалады. Құтқарушылардың кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында республикалық оқу-тәжірибе курстарына жиі жолдап отырамыз, – дейді ОҚО ТЖД басшысының міндетін атқарушы, полковник Батырғали Сопбеков.
Жасақтың басшылық құрамы жеке құрамға күнделікті алғашқы медициналық жәрдем көрсету, байланыс құралдары, арнайы құтқару жабдықтары, апаттық-құтқару аспаптары, сүңгуірлік, химиялық дайындық, түрлі рельефтерде іздестіру-құтқару жұмыстары және тағы басқа да дисциплиналары бойынша оқу сабақтары жүргізіледі.
Жеке құрамның дайындығын нығайту және климатқа сай бейімдеу мақсатында тауға шығу жұмыстары өткізіледі. Сонымен бірге, зардап шегушілерге алғашқы көмек көрсету, көлік құралдарын дұрыс таңдау, дене шынықтыру дайындығы және байланыс құралдарымен жұмыс атқару білімдері тексеріледі.
2001 жыл – 264 шұғыл операция, 5 адам құтқарылды, 1100 адам қауіпсіз орынға көшірілді
2002 жыл – 334 шұғыл операция, 287 адам құтқарылды.
2003 жыл – 789 шұғыл операция, 204 адам құтқарылды, оның ішінде 77-і жас балалар
2004 жылы – 622 шұғыл операция, 154 адам құтқарылды, оның ішінде 85-і жас балалар
2005 жылы – қыс маусымында қар құрсауынан 62 техника шығарылып, 430 адам қауіпсіз орынға жеткізілді.
2006 жылы – 944 шұғыл операцияға шықты
2007 жылы – қыс маусымында қар құрсауынан 183 техника шығарылып, 1978 адам қауіпсіз орынға жеткізілді.
Дәнекерлеуші – беделді мамандық
Пятница, 21 Октябрь 2016 07:55«Достық» шағынауданының тұрғындары – 4-разрядты дәнекерлеуші Мұрат Нышанбаевтың еңбегін айрықша бағалайды. Бүгінде М. Нышанбаев үздік газ-электр дәнекерлеушісі ретінде жоғары құрметке лайық.
Нышанбаевтар жанұясының әдеттегі қызметі отағасының қызын балабақшаға апарып, сүйікті жұмысына асыға қадам басуымен басталады.
– Өзім жұмыс істейтін дәнекерлеу цехы үйдің маңында орналасқан, – дейді дәнекерлеуші. – Темірден түйін түйіп, дәнекерлеп, қажетті материалдар жасап шығару өзіме ұнайды. Сол себепті өзге салаға бет бұру ойымда жоқ.
Әзірге цех ғимаратын жалға алып, өз ісін жандандырып отырған еңбек адамының өмірлік арманы асқақ. Күнделікті тапқан несібесі бүтін бір отбасының еркін тұрмыс-тіршілікте ғұмыр кешуіне жеткілікті екенін айтады. Бұйыртса, алдағы уақытта кәсібін кеңейтіп, өзінің жеке цехында жұмыс істеуді, осы арқылы кәсіпкерлік қызметін жандандыруды қолға алмақ.
Бүгінде цехта тұрғындардың арнайы сұранысына орай, күнделікті тұрмыстық заттар мен өзге де қажетті материалдар әзірленеді. Дәнекерлеу құралдарын жетік меңгерген маман келешекте ұлдарын да осы салада машықтандырмақ.
– Шын мәнінде, дәнекерлеуші – беделді мамандық. Металды дәнекерлеу жұмысы суретшінің шығармашылығы секілді асқан қажырлықты талап етеді. Мен білетін дәнекерлеуші әріптестерімнің көпшілігі тұрақты негізде 150-300 мың теңге аралығындағы жалақыға қызмет етіп жүр. Ай сайын мұндай көлемде табыс табу – өзге қызмет иелерінің қолынан келе бермейді. Мен жастарға мамандық таңдарда ұдайы қателеспеуге, техникалық салаларда өз ісінің маманы болып қалыптасып шығуға кеңес беріп жүремін, – дейді еңбек адамы.
Байқағанымыз, дәнекерлеушінің бүгінгі қызметі де әдеттегідей жетіп-артылады. Ақауы байқалған көлігінің қосалқы бөлшегін иінге келтіру үшін де бірнеше жүргізуші өз кезегіне тұрып жатты. Сөзден гөрі ісіне берік шебер қай кездегі ілтипатына салып, бізбен жылы қоштасты.