Облысымызда биыл «Өңірлерді дамытудың 2020-жылдарға дейінгі бағдарламасының» негізінде 34 үй күрделі жөндеуден өткізілді. 2011 жылдан бері Абай, Әл-Фараби, Еңбекші және Қаратау аудандарындағы 1971 үйдің 947-і жөнделеді деп жоспарланған болатын.
Төрт жылдың ішінде Шымкент қаласында 103 көппәтерлі ескі ғимараттар жаңарды. Жоспар бойынша 2011-2013 жылдары 35 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өтсе, соңғы екі жылда бұл көрсеткіш 70 үйге жеткен. Бағдарламаға сәйкес республикалық бюджеттен өткен жылы 210, 0 миллион теңге жұмсалған. Биыл бөлінген қаражат 252,1 миллион теңгені құрап отыр. «Осы жылы жоспарланған 34 үйдің 33-і мемлекеттік қабылдаудан өткізілді. Алайда, тізімдегі Терешкова көшесіндегі 18 үйдің төрайымы үйге табиғи газ жүргізілмейінше құжатқа қол қоюдан бас тартуда. Аталған мәселе комиссия құрамымен актіленіп, мемлекеттік қабылдауға өткізілді», – деп хабарлады тұрғын үй инспекциясының басшысы М. Жұманов.
Коммуналдық инфрақұрылымды жақсартатын бағдарлама халықтың тұрмыс-тіршілігіне оң әсер етуде. Өңіріміздегі жоспарлы жұмыс жыл санап қарқындай түссе, алдағы уақытта тозығы жеткен үйлер саны азаяды деп күтілуде.