Камера қарап тұр, кәдеге жарап тұр

Понедельник, 12 Октябрь 2015 11:03 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 5625 раз
12064161 1021630927882157 642895807 nШымкентте қаланы қоқыстан тазалаудың жаңа әдісі қолға алынды. Шаһарды таза ұстау үшін бақылау камераларының көмегіне жүгінуге тура келіп отыр. Әр қондырғының құны - 241 мың теңге көлемінде. Бүгінде қаланың халық саны көбірек шоғырланған шағынаудандарындағы аулаларға жасырын камералар орнатылған.

Онда қазір қала тұрғындарының қоқысты тастауға рұқсат етілмеген жерлерге тұрмыстық және тағы да басқа қалдықтар салынған пакетті тастап жатқан көріністері бар бейнероликтер түсіріліп, әлеуметтік желілер арқылы таратылуда.  

– Шымкент қаласында тазалықты қатаң бақылау қолға алынды. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов бұл мәселені тікелей назарына алып, әкімдіктің аппараттық мәжілісінде үнемі тазалық мәселесін көтеріп, жауапты мамандардан атқарылған жұмыстардың есебін алып отырады, – дейді қала әкімінің баспасөз хатшысы және кеңесшісі Нұрлыбек Жеңісбек.

Жасырын камералар орнатылған соң бір апта ішінде 25 адам қоқыс тастауға рұқсат етілмеген жерді ластағаны үшін әкімшілік жауапқа тартылған. Оның 15-іне әкімшілік ескерту берілсе, бесеуіне айыппұл салынған. Тазалыққа салғырттық танытқан бес адам әкімшілік қамаққа алыныпты. Қоғамдық ортада тәртіп бұзғандарға 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Демек, қоқысты бей-берекет тастаған тұрғын мемлекет қазынасына 38 мың теңге төлеуі тиіс. Себебі бұл әрекет ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің «Ұсақ бұзақылық» бабы бойынша тәртіп бұзу болып табылады.
 
Последнее изменение Понедельник, 12 Октябрь 2015 11:08
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.