Батырдың ерлiгi өшпесiн десек...

Пятница, 27 Март 2015 07:31 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4757 раз

4 сәуір – қазақтан шыққан бокстан тұңғыш Олимпиада чемпионы
Бекзат Саттархановтың туған күні

Bekzat SattarkhanovНебәрі жиырма жыл ғұмырында өшпес із қалдырып кеткен есіл ер жеңісімен мәңгі жасай бермек. Батыр Бекзаттың құйрықты жұлдыздай ағып өткеніне 15 жыл болыпты.
Ол жиырмасыншы ғасырда дүниеге келді. Жиырма жыл күткен жеңісті жиырма жасында бағындырған бозым ұл еді. Жаңа ғасырға жиырма минут қалғанда көз жұмды.
«Бәлкім, Бекзат бастар, біздің бокстағы жарқын жолды. Бекзат Саттарханов Олимпиада чемпионы атанса деген арман тұтанған сәт қазір. Ал, Бекзат бұл жеңісін Түркістанның 1500 жылдығына арнаймын деп кеше бізге телефонмен тілдескенде айтқан. Соны жеткізіңіздерші деп. Міне, қазір он тоғыз секунд.. әй он бес, он төрт секунд. Он екі..  он бір. Енді он секундттан кейін Қазақстан қоржынына тағы бір алтын медаль түспек. Біз оған шүбә келтірмейміз. Бес секунд, төрт..бітті. Бекзат Саттарханов – Олимпиада чемпионы! Міне, көрдіңіздер ғой, жиырма жасар жігіт алып берді. Талай жыл ұмтылған биіктікті». Әріптесіміз Амангелді Сейітханның «Хабар» арнасынан сүйіншілей жеткізген хабары әр қазақтың жүрегінде. Осы сәтті тебіренбей тамашалау мүмкін емес.
Бекзаттың есімі 1998 жылы Аргентинада өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатынан кейін дүркірей бастады. Оның осы біріншілікте күміс жүлдені иеленуі ұлттық құрамаға қабылдануына жол ашты. 1999 жылы Ташкентте өткен Азия чемпионатында Олимпиада жолдамасын жеңіп алған Бекзатты жанкүйерлер мен бокс мамандары оның жастығын алға тартып, Сиднейге жібергісі келмейді. Бірақ ұлттық құраманың бас бапкері Тұрсынғали Еділов Бекзаттың көзінде от барын байқап, ел намысын қорғауды түркістандық жас ұланға сеніп тапсырады.
Олимпиадаға аттанар кезде ұшақ баспалдағында тұрған Бекзат үлкен ағасы Мақсатқа: «Мен бас жүлдемен ораламын. Менен алтын күтіңдер!» деп айғайлап, жеңетінін алдын ала сезген екен.
Баһадүр Бекзат алты құрлық бас қосқан аламанда алқынбаған жас тұлпар еді. Финалда бес қаруын сайлап келген америкалық Рикардо Хуарестің адымын аштырған жоқ. Қазақтың жұдырығын мойындаған атақты «Роккидің» жүрегі қан жылап, жанары жерге қарай берген. «Құрама штат боксшылары Сиднейден алтынсыз кетіп барады. Жарты ғасырдан астам уақыттан кейінгі үлкен тоқырау бұл. Міне, сенсация», деп АҚШ басылымдары жазып жатты осылай. Расында, АҚШ боксшылары 1948 жылдан бері барлық ойындардан алтынмен апталып жүрген. Осы үрдісті Бекзат бұзды. Рикардо Хуарес те әуесқой бокстағы өткізген 69 жекпе-жегінде бірінші рет жеңіліс құшқан.   
Тәуелсіз Қазақ елінің тарихында тұңғыш Олимпиада чемпионы атанған қаракөздің ерлігі елге мұра. Бүгінде шаршы алаңды жағалап жүрген  балғындардың бәрі де Бекзатты үлгі тұтады. Бекзаттай болғысы келеді. Бәрінің де арман-үміті болса, ол – марқұм ағасы сияқты Олимпиада чемпионы болу.
Ерен еңбек ұмытылмайды. Бекзат мәңгі туған елімен бірге жасай береді. Біртуар батырдың ерлігін дәріптеу, ұрпаққа ұстын ету – ол ел азаматтарына сын. Батырдың атында мектеп те, көше де бар. Алматы қаласында Саттарханов атындағы көше ашылды. Бүгінде «Бекзат» фильмі түсіріліп жатыр. Жақсы бастамалар әрдайым таусылмауын тілейміз.
Біз Бекзаттың қадіріне әлі де болса жете алмай жүргендейміз. Батырдың есімі туған күнінде ғана еске алынып жүр. Өзінің кіндік қаны тамған өңірде жыл сайын Саттарханов турнирі өтіп жатқанын мақтанышпен айтуға болар. Бірақ, осы халықаралық турнир қоңыр тіршіліктің тасасында қалып қоя беретінін жасырып қайтпекпіз. Жыл сайын ұйымдастырылатыны қуаныш әрине. Дегенмен, ел көзінен таса, елеусіздеу өтіп кететінін айтпасқа болмас. Турнирдің атырабын ұлғайтып, Алматы, Астана сынды үлкен қалаларда неге дүрілдетіп өткізбеске? Неге өзінің өнер көрсеткен салмағы 57 келіде (қазіргі 56 келіде) арнайы қомақты сыйлық тағайындамасқа? Қазақтан шыққан бокстан тұңғыш Олимпиада чемпионы ғой.
Қазақтың аналары мұндай батыр ұлға екі күннің бірінде толғатып жатқан жоқ. Алдағы уақытта, аталған турнирдің аясын кеңейтіп, АИБА санатына дейін көтеретін уақыт жетті. Біле білсек, кезінде Бекзаттың турнирінен Серік Сәпиев, Данияр Елеусінов үлкен спорттағы алғашқы ірі жетістіктеріне қол жеткізген. Әлі де қазақтың арқалы азаматтарының бағын ашар бұл жарыс.
Сол себепті, турнирдің аясын кеңейте берген жөн. Куба, Ресей, Украина, Италия, АҚШ  сынды елдердің боксшыларын шақырайық. Олар жоқ демейді. АИБА ережесіне сәйкес, А санатындағы халықаралық турнир өткізу үшін кемінде 20 елден 150-ден аса боксшы келу керек. Ол оңай емес. Тым болмағанда, екінші немесе бірінші деңгейлі санатқа дейін көтере алсақ шіркін. Өйткені, Қазақстанда А санатындағы турнирлердің өтпегеніне біраз уақыт болды.
Әрине, көп мәселе қаржыда. Қалталы азаматтардың да мәрттік танытатын кезі де осы. Бастысы, ынта-ықылас болса.   
Биыл Бекзатты еске алуға арналған халықаралық турнир 14-ші рет ұйымдастырылады. Қожа Ахмет Яссауи атындағы ХҚТУ-дың мәдениет сарайында 31 наурыз күні ашылу салтанаты өтеді. Түркістан қаласының әкімдігі, Әбдісалан Нұрмаханов атындағы  спорт мектебінің қолдауымен. Қалалық мәслихат та атсалыспақ ниетте. Жеті мемлекеттен, Қазақстанның барлық өңірлерінен спортшылар келмек.
Қазіргі уақытта мұның өзі көңілге демеу. Турнирден бөлек, Бекзат  шағынауданында көкпар, ас беріледі. Бекзаттың рухына Құран бағышталады. Бұл жылдағы дәстүр.  
Батырларымызды қадірлей білсек екен. Осы күнгі жақсы іс-шараларға алданып отыра бермей, батырдың бағасын одан әрі асыруды ойласақ... Өйткені, Бекзат қазақтың бағына туған жұлдыз.

Бір тамшы ой:

Сейілхан САТТАРХАНОВ,
Бекзаттың әкесі:

– Облыс спортының тізгінін ұстаған азаматтарға, Түркістан қаласының басшыларына алғысымды айтамын. Турнир үзіліссіз жыл сайын өтіп жатыр ғой. Ешкімнен кем емеспіз. Дегенмен, Түркістанмен шектеліп қалмай, ұлымның атындағы турнирді Шымкент, Алматы, Астанада өткізетін уақыт жетті деп ойлаймын. Әлі де болса насихатталуы кемшін. 

Мұхтархан ДІЛДӘБЕКОВ,
ОҚО мамандандырылған бокс мектебінің директоры:

–  Жарыс өткізу оңай емес. Бәрі де демеушілерге келіп тіреледі.  Бекзатқа қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Турнирдің беделін көтеруіміз керек. Ол – билік басшыларының қолында. ҚР бокс федерациясы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне хат жазып, демеушілерді тарту керек. Өзімнің атымдағы турнирді де жақын достарым, абзал азаматтар өткізіп жүр.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.