Сiздi кiм емдейдi? Избранное

Пятница, 03 Апрель 2015 05:06 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5181 раз

Педиатр + терапевт=?

Шымкент қаласындағы емханалар мен отбасылық амбулаторияларда жалпы тәжірибелі дәрігерлердің жұмыс істей бастағанына біраз жыл болды. Яғни, ересектер мен жас балаларды емдейтін мамандар отбасылық дәрігердің міндетін атқаруда. Демек, түгелдей дерлік отбасына бір ғана маманның медициналық көмек көрсетуге қауқары жетеді екен. Бұл өзгеріс еліміздің денсаулық сақтау саласын дамытудың «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы негізінде жүзеге асырылуда. Сонымен, жалпы тәжірибелі дәрігердің қызметі жөнінде айтсақ.

343390 1378902297Денсаулық саласындағы бұл өзгеріс халық тарапынан толық қолдау таппағаны рас. Бірі – дәрігерлердің біліміне күмән келтірсе, енді бірі –  медицина саласындағы жаңалықтың мақсатын түсіне алмауда. Кейбірінің айтуынша, онсыз да емханалардағы ұзын-сонар кезекте тұратын науқастар үшін бұл тиімсіз. Өйткені, бір дәрігерге көріну үшін «еңбектеген нәрестеден еңкейген кәріге дейін» ортақ кезекті күтуге мәжбүр. Олардың арасында жүкті әйел де, емізулі баласы бар аналар да жоқ емес. Онсыз да «басы айналып, балтыры сыздап» келген науқас үшін ұзақ кезек күтіп отырудың өзі қиын. Көпшіліктің пікірінше, кезек күтушілердің саны бұрынғыға қарағанда әлдеқайда көбейген. Мысалы, «Нұрсәт»
шағынауданындағы №3 емханада болғанымызда дәрігерге  қаралуға келген адамдардың тым көп екенін көрдік. Ересектер жағы баласымен келген әйелдердің кезексіз өтуіне қарсы емес. Ал кейбірі ашуға булығып, наразылығын білдіреді. Кезекті көп күтетінін алға тартуда. Мұндай көрініс жалпы тәжірибелі дәрігерлер жұмысқа кіріскелі бері туындаған жоқ. Ұзын-сонар кезек мәселесі бұрыннан бар. Бірақ, үлкенді де, кішіні де бір маман қабылдағалы бері кезектің саны артқан. Яғни, бұл жаңашылдық барлық келушіні бір есікке, бір дәрігерге  телміртіп қойды. Жалпы тәжірибелі дәрігердің педиатрмен ақылдасқан сәтін  де байқадық. Кеңесу мен ақылдасудың да уақыт алатынын ескеріңіз. Демек, жалпы тәжірибелі дәрігердің әлі де тәжірибесі аздау секілді.
Шымкент қаласының тұрғыны Айсұлу Қадірбекова бұл жаңалықты қолдамайтынын айтты. «Мәселен, балалар дәрігері болу үшін 7 жыл жоғары оқу орнында оқып келеді. Олар небәрі бірнеше ай оқып, бала мен ересек азаматты емдейтін  дәрігер болып отыр. Үлкен адам мен кішкентай баланың анатомиясында айырмашылық бар. Үлкендер ішетін дәріні балаларға беруге болмайтыны секілді көптеген бүге-шүгесіне дейін білуі тиіс мәселелер көп қой. Оған қоса әрең жылжитын кезегі бар. Бір адам кезекте кем дегенде бір жарым сағат тұруы тиіс. Әйтеуір, жүйкең тозып әрең кіресің», – дейді А. Қадірбекова.
Осы орайда, №3 емхананың бас дәрігері Эльмира Советқызының пікірін сұрадық. Ол медицинадағы бұл жаңалықты халық біртіндеп қабылдайтынын, шешімі уақыттың еншісінде екенін айтты.
– Бұрын балаларды педиатр, ал ересектерді терапевт емдейтін еді. Емханалар да бөлек болатын. Емханалар қайта құрылымдаудан өткен соң, ересектер мен балаларды емдейтін дәрігерлер ортақ ғимаратта отыратын болды. Біртіндеп, еліміздің денсаулық сақтау министрлігі тарапынан шығарылған бұйрыққа сәйкес, 2009 жылдан бастап, емханаларда жалпы тәжірибелі дәрігерлер жұмыс істей бастады. Қазір медицинада тұтастай бір отбасының денсаулығын қадағалау үшін бар жағдай жасалуда. Мәселен, жалпы тәжірибелі дәрігерлер бір отбасының барлық мүшелерінің қандай аурумен ауыратынын және әлеуметтік жағдайын бес саусағындай жақсы білуі тиіс. Бір мезетте отбасындағылар ауыра қалса, терапевт немесе педиатр деп бөлмей, жалпы тәжірибелі дәрігердің көмегіне жүгінеді. Осы жағынан тиімді. Ал ауру жұғады деп қорқудың қажеті жоқ. Өйткені, бізде дене қызуымен және басқа да жұқпалы аурумен келгендер болса, кіре берістегі  тіркеу бөліміндегі қызметкерлер  алдын ала науқастан сұрап, арнайы (фильтр) кабинетте отырған дәрігердің қабылдауына жібереді. Осылайша, ауру жұқтырады деген науқастар өзгелерден оқшауланады, – дейді Э. Бисенбаева.
Жалпы тәжірибелі дәрігер күніне 20-дан астам науқасты қабылдап үлгеруі тиіс. Бірақ, дәрігер бұдан да көп адамды қабылдайтынына көзіміз жетті. Оған қағазбастылықты қосыңыз. Болашақта біздің  денсаулығымыз жалпы тәжірибелі дәрігерлердің бақылауында болады. Олардың білімі мен біліктілігі маңыздылығын арттырмаса, кемімейді. Осы орайда, қаладағы емханалар мамандарды арнайы курстарда оқытуда. Мәселен, №3 қалалық емханада қазір 18 жалпы тәжірибелі дәрігер және 3 терапевт пен 3 педиатр жұмыс істейді. Медицина мекемесі «Нұрсәт», «Айқап», «Отырар», «Нұртас» шағынаудандары мен «Таскен» ауылының 45 мыңнан астам тұрғынына қызмет көрсетеді. Шымкенттегі №1 емхананың кадрлармен жұмыс істеу бөлімінің басшысы Қарлығаш Есенғалиеваның айтуынша, өткен жылы 3 маман жалпы тәжірибелі дәрігер атанған. Биыл оқуға жіберу жоспарланған. Олардың бірі Алматы қаласында оқып, енді бірі Шымкенттегі Медицина академиясында білімі мен біліктілігін жетілдірмек. «Қайтпас-1» шағынауданында орналасқан №10 емханадағы 28 дәрігердің барлығы да жалпы тәжірибелі мамандар.
 Емхананың бас дәрігері Мухаббат Тұрғынбаева денсаулық саласындағы бұл жаңалықты дұрыс деп қабылдайды. Айтуынша, учаскелік дәрігерден бір отбасының денсаулығына байланысты  хал-жағдайы туралы мәлімет беруін талап етуге мүмкіндік бар.  
– Мәселен, бұрын балалар дәрігері мен терапевт жұмыс істесе, қазір олардың жұмысын бір ғана маман атқарады. Содан бар жағдайды сұрап, талап етуге болады. Ал, кезек мәселесіне келер болсақ, ол әрқашан болған. Сондықтан, учаскелік дәрігер емделушінің емханаға келер уақытын белгілеп айту керек, – дейді М.Тұрғынбаева.
Жалпы тәжірибелік дәрігерлер немесе отбасылық дәрігер отбасының барлық мүшелерін емдеп, қарайды. Артықшылығы – бала дүниеге келгеннен бастап, даму барысын ересек болғанға дейін бүкіл кезеңінде бір дәрігердің бақылауында болады. Отбасыға көмек көрсетуге өте тиімді әдіс. Ақ халаттылардың айтар уәжі осындай. Кейде дәрігерлерге оңтайлы көрінген әдістер – денсаулығына шипа іздеп келгендердің көңілінен шыға бермейтіні рас. Алдағы уақытта Шымкенттегі 12 емхананың барлығында жалпы тәжірибелі дәрігерлер жұмыс істейтін болады. Ендігі жерде отбасылық дәрігерлердің көрсететін қызмет сапасы артып, білімі ақсамаса игі. Ең бастысы ауырмағаныңызды қалаймыз.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.