Майданнан келген соңғы хат

Пятница, 24 Апрель 2015 05:56 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 6594 раз

1941 жылы жау жағадан алғанда қолына қару алып, майдан даласына аттанған қазақ жігіттері аз болған жоқ. Мүсіркеп Жүнісов сондай жандардың бірі. Ол 1942 жылы 18 жасқа толғанда Арыс ауданы, Ойғанақ, қазіргі Ақдала елді мекенінен майданға аттанған болатын.

Соғыс – әрбір шаңыраққа қасірет алып келді. Мыңдаған жауынгерлер ел тыныштығы мен бақыты үшін құрбан болды. Қаншасы хат-хабарсыз кетті. Мүсіркеп Жүнісов те – хабар-ошарсыз кеткендердің бірі еді. Ол 1943 жылы Ростов қаласындағы майдан шебінен соңғы хатын жолдаған екен. Хат жәй хат емес, өлең жолдарымен өрбіпті. Ақындыққа бейім жауынгердің жеңіске сенімі, еліне деген сағынышы, туған бауырларын аңсауы өлең жолдарында қаз-қатар тізілген. «Дариға, туған жерге қашан барам?» деп іштегі мұң-шерін жазған. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында қазақ жауынгерінің есімін еске алу мақсатында немере інісі ретінде М.Жүнісовтың соңғы өлең-хатын ықшамдап ұсынуды жөн көріпті. «Жақсының аты өлмейді» – деген осы болар, сірә.

d683bf...Анажан, мені ойлап болма алаң,
Жан тірі, ден сау боп жүрсем егер аман,
Амандық жайды айтып хатқа салам.
Ел-жұртым, жазған хатым сағынған соң,
Мойынға қару-жарақ тағынған соң,
Ұшарға қанатым жоқ, не қылайын?
Армия темір тәртіп бағынған соң.
...Риза боп, ақ сүтіңе апатайым,
Қиын іс, жұмыс емес, қарапайым.
Ел-жұртым осы халде, дуада бол,
Сүрініп аяқ кетсе, жазатайым...

Мүсіркеп Жүнісов. 1943 жыл.

Осылайша жауынгер өлең-хатын аяқтапты. Соңғы шумақтарында туған жеріне аман-есен орала алмайтынын сезгендей, елінің амандығын тілепті. Өзге де соғыс ардагерлері секілді, Мүсіркеп Жүнісов есімізде мәңгі қалады.

Әбдімүтәліп Ақмолдаев,
Шымкент көлік, коммуникация және жаңа технологиялар
колледжінің аға оқытушысы,
арнайы пәндер циклдік
комиссиясының төрағасы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « Отбасылар назарына! Жеңiске қосқан үлесi зор »