«Таза қала» байқауына қатысыңыз!

Пятница, 19 Июнь 2015 09:10 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4126 раз
DSC 0108Жылдағы дәстүрге сәйкес, тұрақты түрде өтіп келе жатқан «Таза қала» акциясының биылғы жалпы жүлде қоры 4 миллион теңгені құрайды. Бұл жайында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай және «ОҚО Азаматтық Альянсы» қауымдастығының президенті Шәріпбек Жамалбек брифингте мәлім етті.
 
Шымкент қаласының әкімдігі мен «ОҚО Азаматтық Альянсы» қауымдастығы «Таза қала» акциясын жариялады. Оған шаһар аумағында орналасқан үйлердің төрайымдары мен көше атынан көше комитетінің төрағалары қатыса алады. Бүгінде «Таза қала» акциясы 3-рет ұйымдастырылып отыр. Байқауға қатысушылардың өтінімдері шілде айының біріне дейін қабылданады. Қаржы қалалық бюджеттен бөлінген.
 
– Акцияның мақсаты – Шымкент қаласының тұрғындарын тазалық сақтауға үндеу, көшелерді, көпқабатты үйлердің аула аумақтарын көріктендіру, көгалдандыру, санитарлық жағдайына көңіл бөлу және абаттандыруға тұрғындарды кеңінен тарту болып табылады. Акцияның мақсат-міндеттері жөнінде тұрғындарға арнайы парақшалар таратылып, толық мәліметтер берілетін болады. Акция ашық, әрі әділ жағдайда өтеді, – дейді қала әкімінің орынбасары Қайрат Ырзақұлұлы.
 
Ал, «ОҚО Азаматтық Альянсы» қауымдастығының президенті Ш. Жамалбек парақшалар барлық тұрғын үйлерге ілінетінін, онда акцияға қатысты мәліметтер толық қамтылғанын атап өтті. Бүгінде бақылау жасайтын арнайы комиссия да құрылған. Жұмысшы топ әр 15 күн сайын сараптама жасап отырады.
 
Акцияның өткізілетін мерзімі – 2015 жылғы 15 маусым – 15 қыркүйек айларының аралығын қамтиды. Жеңімпаздар ағымдағы жылғы қазан айының бірінші онкүндігінде анықталып, Қала күніне орай әр ауданнан І, ІІ, ІІІ орындар бойынша ақшалай сыйлықтармен және қала әкімінің дипломдарымен марапатталады.
 
Жиынға қатысушылар акцияның мән-маңызын көпшілік арасында кеңінен насихаттау мақсатында Шымкент қаласы тұрғындарына арнап Үндеу жариялады. 
 
Последнее изменение Пятница, 19 Июнь 2015 09:15
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.