Басты мiндет – халыққа қызмет ету

Пятница, 19 Июнь 2015 09:30 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5053 раз
bekzhanЕлбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының ХVІ съезінде мемлекеттік қызметшілер өз жұмыстарында ең алдымен кәсіби әрі адал болуы керектігін ерекше атап көрсетті. Өз сөзінде Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметкерлердің өз қамы үшін емес, мемлекет игілігіне жұмыс істеуі, заң талап­тарымен толық сәйкестікте өмір сүруі керектігін назарға салған болатын.
 
Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерекесі қарсаңында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ОҚО бойынша департаменті басшысының  орынбасары – Тәртіптік кеңесінің төрағасы Берік Бекжанов газетімізге сұхбат беріп, атқарылып жатқан жұмыстарды айтып берді.
 
– Берік Айдарбекұлы, мемлекеттік қызметкерлердің қоғамдағы орны қандай? Олар кәсіби маман болып қалыптасуы үшін қандай талаптарға жауап беруі қажет?
 
– Жаңа жоғарыда өзіңіз айтып кеткендей, «Нұр Отан» партиясының ХVІ съезінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елді тиімді басқару үшін мемлекеттік қызметшінің бойында болуы тиіс негізгі қасиеттерді баса айтып өткен болатын. Қазақстандық мемлекеттік қызметші әділдіктің, қарапайымдылықтың үлгісі болғаны абзал. Сонымен қатар, Отанға деген сүйіспеншілігі менмұндалап тұрғаны маңызды. Біз бұл орайда «Біздің парызымыз – халыққа қызмет ету» ұранын текке таңдап алған жоқпыз. Шын мәнінде, мемлекеттік қызмет – халыққа қызмет көрсету. Яғни, мемлекеттік қызметке келгендердің барлығы қарапайым халыққа қызмет етулері тиіс. Халықтың игілігіне жұмыс істеп, жұртқа қолайлы жағдай туғызу – басты міндеті. Бұл қызметке кіріскен мамандар парасатты әрі нағыз патриот болса, ұтарымыз көп. Қысқасын айтқанда, мемлекеттік қызметтегі әрбір адам өз жұмысының маңыздылығын сезінуі және өз елінің ұлтжанды азаматы болуы керек.
 
– Елбасы Н. Назарбаев атап көрсеткен барлық деңгейдегі мем­лекеттік қызметкерлерді толық ат­тес­­тациядан өткізу, меритократия қағидаттарын қорғау және жемқорлыққа жол бермеудің жүйесін қалыптастырудың маңыздылығы қандай?
 
– Бүгінде мемлекеттің мерейін үстем ету үшін жүйелі бағдарламалар қолға алынуда. Өткенге үңіліп қарасақ, еліміз тәуелсіздік алған жылдары, нақтырақ айтқанда, 1999 жылы ТМД елдерінің ішінде алғаш болып, «Мемлекеттік қызмет» туралы заң қабылдады. Тиісінше бұл заң қоғамдағы реформалардың тиімді жүзеге асуына зор ықпал етті. Қазір еліміз сыбайлас жем­қорлықпен тиісті дәрежеде күресу үстінде. Сыбайлас жемқорлық – мем­лекеттің бәсекеге қабілеттілігін төмен­де­­тіп, қо­ғам­да демократиялық қайта құ­ру­­ларды жүзеге асыруды­ тежейтіні белгілі. Әлемдік тәжі­рибеге келсек, мемлекеттік қыз­мет пен сыбайлас жем­­қорлық бір-бірімен мүлде сый­ыспай­тын ұғымдар. Өкі­ніш­ке қарай, біздің қоғамда мұны түсінбей жүрген азаматтар да жоқ емес. Солардың сыбайлас жем­қорлық іс-әрекеттерінің салдарынан қоғам зардап шегіп жатады. Қазіргі таңда осы бағытта арнайы заңдылық актілерді қабылдау, жауапкершілікті қатаңдату, сыбайлас жемқорлық әрекеттерді жасауға мүмкіндік көздерін барынша азайту сияқты іс-шаралар жүйесі жасалынуда. Осы орайда Мемлекет басшысы 5 институционалды реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадамын» жариялады, іске асыру тетігін айқындады. Президент кәсіби мемлекеттік аппарат құруды міндеттеп, ашықтыққа басымдық беруді жүктеді. Бұл ретте сала мамандарының жалақысы қызмет сапасы мен оң нәтижесіне қарай жоғары болуы керектігі ескеріледі. Жаңа заңнамаларды әзірлеу барысында жемқорлыққа қарсы күресті күшейтіп, құқық бұзушылықтың алдын алатын арнайы бөлім құру қажеттілігі де айтылды.
 
– Кәсіби мереке қарсаңында әріптестеріңізге айтар қандай тілегіңіз бар? Жоспарларыңызбен де бөлісе кетсеңіз...
 
– Қазіргі уақытта өңірімізде мемлекеттік қызметкерлердің жалпы штаттық саны 8229 адамды құрайды. Мемлекеттік қызметкерлердің орташа жасы – 40-41. Олардың ішінде 6-ы «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алып, жемісті еңбек етіп жүргендер. Алдағы жоспар туралы айтар болсам, Мемлекеттік қызметкерлер күніне орай бірнеше іс-шараларды өткізгелі отырмыз. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметкерлер арасында спорттың тоғыз түрі бойынша спартакиада өтеді. «Отанға қызмет ету – абырой» форумын өткізу де жоспарда бар, сондай-ақ, «Түркістан» сарайында мерекелік жиынға дайындалып жатырмыз.
 
Мемлекеттік қызметшілер күнімен барша әріптестерімді шын жүректен құттықтаймын! Еңбекте табыс, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін. «Ұлық болсаң, кішік бол» деп дана халқымыз айтқандай, біз, мемлекеттік қызметшілер, өзіміздің халықтың қызметшісі екенімізді әрдайым ұмытпайық. 
 
– Әңгімеңізге рахмет!
 
С. АЙБАР
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.