Кәсіби мемлекет кепiлi

Пятница, 19 Июнь 2015 09:33 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 9928 раз
photo 733448888888888888888888Елбасы Н.Назарбаевтың 2030 жылға дейінгі ұзақ мерзімді стратегиялық бағдарламаға енгізген басты қағидаттың бірі – «Мемлекеттік қызмет – ұлтқа қызмет етудің синонимі» болатын. Ал, күні кешегі «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру», «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету», «Индустрияландыру және экономикалық өсім», «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» деп аталатын бөлімдерден тұратын «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының өн бойында мемлекет дамуының алдағы уақыттағы нақты бағыттары айқындалған.
 
Бүгінде халықтан қолдау тауып, жүзеге асыру шаралары қарастырылып жатқан, негізгі мақсаты «аурулардың сыртқы белгілерін» сылап-сипап қою емес, оларды «жүйелі емдеу» болып табылатын қоғам мен мемлекетті түбегейлі қайта өзгертуге негіз қалайды» делінген бағдарламалық құжаттың әрбір қадамының маңызы мен мәні кеңінен саралануда. «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» бөлімінінің 1-қадамы – Мемлекеттік қызметке қабылдау ресімдерін жаңғыртуға арналып, мемлекеттік қызметке қабылдау төменгі лауазымдардан басталуы тиіс екені атап өтілген. Мәліметтерге жүгінсек, бүгінде елімізде 99 мыңнан астам мемлекеттік қызметкер бар. Заман талабына сай «А» және «Б» корпустары жасақталды. Елбасы оны одан әрі жетілдіріп, еліміздің ілгері дамуының ең басты кілті басқарушылық тетіктерде тұрғанын атап көрсетті. «100 нақты қадамның» 15 қадамы кәсіби мемлекеттік аппарат құруға арналған. Заманауи мемлекет құруда кәсіби аппараттың рөлі өте зор. Сондай-ақ, «Мәңгілік Ел» идеясын ел санасына қалыптастыратын да, ілгері апаратын да мемлекеттік қызметкерлер.
 
Кәсіби аппарат құрудың 15 қадамы азаматтарды мемлекеттік қызметке алғаш қабылдау рәсімінен бастап, оларды кешенді аттестаттауға дейінгі аралықты қамтиды. Еңбек жолын институтта алған біліміне сәйкес бастап және сол салада біршама уақыт атқарып, мысалы, ауылдық әкімдіктегі қызметтен бастап, биліктің аудандық, облыстық, республикалық барлық баспалдақтарынан өткен және осы кезеңдерде үлкен тәжірибе жинақтаған мемлекеттік қызметкердің алғаш басынан өткен қиындықтары, тапсырмалар мен сынақтар, әр баспалдақ сайын кездесетін тосын сәттер ұмытылмасы, көкейінде сайрап тұрары анық. Маңызды құжаттағы «Мемлекеттік қызметке қабылдау ең төменгі лауазымдардан басталуы тиіс» деген қағиданың өміршеңдігін бүгінде көпшілік айтуда. Әйтпесе, әлдебір «қоңырау шалулардан» кейін өмірден де, кәсібінен де тәжірибе жинақтап үлгермеген жап-жас азаматтың ұжым басшылығына тағайындалғанын көргенде, оның қайдан және қалай келгенін «тергеп», таңдай қағушылар көптеп табылады. Өкінішке қарай, оның бұл қызметке «ерте келгені» шалағай істерінен-ақ аңғарыла бастайды. Түзелсе дұрыс, ал түк бітіре алмай ұжымның берекесін кетірсе кімді кінәлайсыз? Ауылдық, кенттік, қалалық әкім­дік­терде еңбек ететін қызметкерлер бұқара халықпен етене жұмыс істейтін, жұртшылыққа ең жақын адамдар. Яғни, елдің барометрі іспеттес. Ол жергілікті жерде халықтың мұң-мұқтажын, талап-тілегін терең түсініп, қоян-қолтық жұмыс істеп, олардың мәселелерін тап-тұйнақтай шешуі қажет. Ол үшін білім, кәсіби тәжірибе қажет екені анық. Бұрынғы мемлекеттік қызметші туралы заңдарда үш айлық сынақ мерзімі көзделген еді, ендігі қадамдарда 3+3 формуласы бойынша мемлекеттік қызметке алғаш қабылданушылар үшін міндетті түрде сынақ мерзімі 3 және 6 айлық межелік бақылаудан өткізілмекші. Қызметке деген адалдық, еңбексүйгіштік, Отанға деген патриотизм – Елбасының мемлекеттік қызметкерлер алдына үнемі қойып келе жатқан талабы екені мәлім. Енді осы талаптар мемлекеттік қызметтің есігін алғаш аттаған жас маманның бойына нақты қадамдар арқылы сіңірілмек.
 
«100 нақты қадам» мемлекеттік аппараттың әлеуетін одан әрі дамыта түсуді көздейді. Еңбекке ынталандыру қай салада болсын маңызды екені мәлім. Бұл орайда, мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын қызметінің нәтижесіне байланысты өсіру бағдарламаның 5, 6-қадамында көрсетілген. Жұмыстың жемісті болуының тағы бір кепілі – тұрмыстық жағдайдың дұрыс болуы десек, «100 нақты қадамда» бұл жағы да ескерілген. Ендігі жерде ауыстырылатын мемлекеттік қызметкерлерге лауазымдық міндеттерін атқару кезінде оларға жекешелендіру құқығынсыз қызметтік пәтерлер міндетті түрде берілетін болады. Мұның өзі қызметкердің алаңсыз жұмыс істеуіне кепіл болатын жәйттар.
 
Мемлекеттік қызметкерлер корпус­ының тиімді жұмыс істеуі олардың білім деңгейіне де байланысты. «100 нақты қадам» бойынша алдағы уақытта мемлекеттік қызметкерлер тұрақты түрде әр үш жыл сайын бір рет кәсіби шеберлігін арттыратын болады. Елбасы ұсынып отырған реформада мансаптық өсу мәселесі де өз орнын тапқан. Мәселен, «Б» корпусының ең жоғары лауазымдарына жылжыту төменгі лауазымдағы мемлекеттік қызметкерлер қатарынан тек қана конкурстық негізде жүзеге асатын болады. Мұның өзі меритократия қағидатының жүзеге асуы үшін алғышарт болып табылады. Ол кезде қызметкердің жеке басының үлгісі, қызметтегі жетістігі, қысқасы, барлық әлеуеті есепке алынатын болады. Ал, 13-қадамда жемқорлыққа қарсы күрес­ті күшейту мәселесі көтерілген. Елбасы ұсынып отырған бұл рефор­малардың басты мақсаты - мемле­кеттік қызмет саласын уақыт талабына сай жетілдіріп, сапасын жақсарту, басқару жүйесінің тиімділігін арттыру, бүгінгі таңда көрсетіліп отырған мемлекеттік қызмет деңгейін көтеру, кадр саясатын мемлекеттік саясатқа сай жүйелеу. Сарапшылар «100 нақты қадамдағы» мемлекеттік қызметке қатысты 15 қадам жүзеге асатын болса, Қазақстан әлемдегі мемлекеттік қызмет үлгісі ең үздік 30 елдің қатарына қосылатынын айтуда.
 
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.