Ұлт жоспары – БАҚ-тың басты назарында

Пятница, 19 Июнь 2015 09:41 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3082 раз
DSC 8154Шымкентте алғаш рет ұйымдастырылған аймақтық журналистер форумында Алматы, Астана, Қызылорда, Өскемен, Тараз, тағы басқа қалалар мен аудандардан келген бас редакторлар, тілшілер қауымы бас қосты. «Бес институционалдық реформа 100 нақты қадам: ақпараттық қамту және ілгерілету» тақырыбында өткен форумның басты мақсаты – Елбасы бағыт-бағдарын көрсеткен 100 нақты қадамды жүзеге асыру тетіктерін талқылау, бұқараға насихаттау.
 
Форумның ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр облысымызда 236 БАҚ тіркелгенін, оның 175-і – газет, 37-і – журнал, 12-сі – телеарна, 3-і – радио, 9-ы интернет ресурсы екенін айтты. Сондай-ақ, қалам ұстаған қауымды халыққа реформаның маңыздылығын түсіндіру шараларына белсенді қатысып, ақпаратпен қамтуға шақырды.
 
Форумға қатысушылар «Мәңгілік Ел қазақстандық біртектілік идеяларын жүзеге асыру», «Ақпараттық қамту және ілгерілету», «БАҚ-ғы интернеттегі бұқаралық ақпараттың жаңа буындарын қалыптастыру», «Баршаға арналған қазіргі заманғы идеяны жүзеге асырудың негіздері» тақырыптарын талқыға салып, ой бөлісті.
 
– Тақырыпты талқыламас бұрын «бес институционалдық реформа» деген сөзді біріздендіру қажет. Сондай-ақ, орыстілді басылымдардан Абайдың 170 жылдығына, «Қазақ хандығының 550 жылдығына» қатысты мағыналы дүниелерді кездестіре алмаймыз. Бір мемлекетте тұрып екі түрлі идеология, екі бағыт, екі түрлі насихаттың арнасына түсіп кеткендейміз. Осыдан шығудың жолын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «100 нақты қадамында» көрсетіп отыр. Бұл реформаның түбіріне үңіліп қарасаңыз, біртектілік деген ұғым жатыр, – дейді республикалық «Айқын» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп.
 
Форумда «Түркістан» газетінің бас редакторы Шәмшидин Пәттеев, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің электронды БАҚ байланыстың бас сарапшысы Меруерт Құмарова, «Ара.kz» журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы сатира кеңесінің төрағасы Көпен Әмірбек және басқа да есімі елге танымал журналистер келелі ой айтып, форумда талқыланған тақырыптар бойынша өз пікір-ұсыныстарын ортаға салды. Сондай-ақ, БАҚ өкілдері дін мәселесінде абай болып, елдік, ұлттық мәселеде жұдырықтай жұмылып, жұмыс істеу керек, – деген тоқтамға келді.

Шара соңында облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Берік Құрманғали форумда айтылған ұсыныстар тиісті министрлікке жолданатынын жеткізді.
 
Форумнан кейін облыс әкімі Асқар Мырзахметов республикалық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін қабылдады.
 
Сіз не дейсіз?
 
Көпен Әмірбек,
«Ара.кz» журналының
бас редакторы
s21ds321d– Қазақ “Жемейтін адам жердің астында” деп бірнеше ғасыр бұрын айтып кеткен. Бірақ, қазір жеу былай тұрсын, опыратын болды. Шайнамай жұтатындар пайда болды. Бұрын осындай шенеуніктерді “Ара” журналы мақала арқылы шағып алса, үстерінен іс қозғалып, шара қолданатын. Қазір ара түгілі, жылан шақса да бүлк етпейтіндер пайда болды. Түйе жұтқандар мақталып, түйме жұтқандар сотталған заман. Дегенмен, журналистер қауымы оларды фельетон арқылы, өткір мақалалар арқылы әшкерелеп отыруы тиіс.
 
Абай Балажан,
«Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы:
5s4d56a4s5d– Қазақ журналистері дін мәселесін жазғанда өте абай болуы керек. Біреу спорт, біреу өнер, біреу әлеуметтік тақырыптарға қалам тербейді. Өнерді жазып жүрген журналиске экономика тақырыбын берсеңіз «мен бұл саланы зерттеп жүрмеген соң жаза алмаймын» деп қиналады. Бір қызық жері, дінді ешкім «білмеймін» демейді. Бәрі жаза алады. Жазғысы келеді. Осыған таңғаламын. Біздің журналистер арасында оңай тақырып осы дін тақырыбы болып тұр. Адам монитордың алдында отырған кезде өзін ғана емес, елді, ұрпағын ойлау керек.
 
Ә. ӘБУ

 

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.