Ойын алаңшасы ашылды

Пятница, 19 Сентябрь 2014 09:15 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4462 раз

Шымкент қаласы балаларға арналған тағы бір ойын алаңшасымен толықты. Әл-Фараби ауданы Есіл көшесіндегі «Есіл-3» тұрғын үй кешені алдында бой көтерген жаңа нысанның ашылу салтанатына әкімдіктің жауапты өкілдері, аула тұрғындары және құрылысшылар қатысты.

Жаңа ойын алаңшасы заманауи үлгіде жабдықталған. Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары Естебек Шардарбековтың айтуынша, аталмыш нысан қала әкімдігінің жоспарына сәйкес көпқабатты тұрғын үй аулаларын абаттандыру және балалар алаңшасын орнату жұмыстары негізінде жүзеге асып отыр. Бұл нысанның құрылысына үш ай уақыт кеткен.
– Биылғы жоспар бойынша Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданында 52 ойын, 24 спорт алаңшасы, 6 тренажер залын орнату көзделген. Осы мақсатта бюджеттен 476 миллион теңге қаражат қарастырылған. Жоба аясындағы жұмыстар ағымдағы жылдың маусым айында басталған болатын. Атқарылған жұмыстарға келсек, біздің ауданда биыл ойын алаңшаларынан бөлек 25 аула жарықтандырылды. Қазіргі таңда жұмыстар кесте бойынша жүргізілуде. Жоспардағы жұмыстар қазан айының 1-не таман аяқталмақ. Аулаларды абаттандыру жұмыстары келесі жылы да жалғасын табады, – дейді аудан әкімінің орынбасары.
«Есіл-3» тұрғын үй кешеніндегі ойын алаңшасының ашылу салтанатында сөз сөйлеген тұрғындар қала және аудан әкімдеріне алғыстарын жеткізіп, өз ризашылықтарын білдірді. «Шынымды айтсам, өзім де қатты қуанып тұрмын. Себебі, мұнда 25 жылдан бері ойын алаңшасы болмаған еді. Бұдан былай немерелеріміз өзге аулаларға табан тоздырмай-ақ, алаңсыз асыр салып ойнайтын болды», – дейді тұрғындар атынан жүрекжарды лебізін арнаған үй төрайымы Базаркүл Кенжетайқызы.
Жас бүлдіршіндерді шаттыққа бөлеген салтанатты шара кезінде құрылыс жұмыстарын жүргізген «Гео Нұр Құрылыс» ЖШС-нің директоры  Олжас Әбдікенов пен «Грант Каспий Құрылыс» ЖШС-нің директоры Мақсат Өтеповке арнайы Алғыс хат табысталды.

Сәбит ТАСТАНБЕК.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.