95 көше жаңа атауды қажет етедi

Пятница, 26 Сентябрь 2014 06:34 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3805 раз

Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Заңына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елдімекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, қайта атау, сондай-ақ, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидаларын бекіту туралы» 2014 жылғы 24 ақпандағы №138 қаулысына және Шымкент қалалық мәслихаты регламентінің 5-тарауының 50 тармақшасына сәйкес, Шымкент қалалық мәслихатының тұрақты комиссиялары қала әкімдігінің кіші мәжіліс залында көпшілік тыңдау өткізді.

Күн тәртібінде Шымкент қаласының №81 Т. Тәжібаев атындағы жалпы орта мектебін қайта атау, көшелеріне атау беру және қайта атау мәселелері қаралды. Баяндамашы, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мұрат Базарқұловтың айтуынша, қала аумағында барлығы 95 көшеге жаңа атау беру қажеттігі туындауда. Мұның ішінде, 82-сі атауы қайталанатын көшелер болса, атауы моральдық тұрғыдан ескірген – 5, мүлдем атауы жоқ – 8 көше бар. Жергілікті орналасуы бойынша, оның 44-і Абай ауданына тиесілі болса, тиісінше, Әл-Фараби ауданында – 23, Еңбекші ауданында – 28 көше жаңа атауды қажет етеді.
– Қазіргі таңда, бекітілген қаланың Бас жоспарына сәйкес, шектес аудандардан қосылған елдімекендердің есебінен, көше атауларының бірнеше мәрте қайталануы кездесуде. Мәселен, қала аумағында бір ғана Абай Құнанбаевтың атын иеленген 4 көше бар. Осы орайда, өз тарапымыздан,  жаңадан пайдалануға берілетін Шымкент қаласының әкімшілік-іскерлік орталығы басты басымдыққа ие болып отырғандықтан, Абай атауын сондағы даңғылға беруді ұсынып отырмыз, - дейді баяндамашы Мұрат Серікбайұлы.
Сондай-ақ, бүгінде қаланың күретамыр жолына айналған Ұ. Арғынбеков атындағы көшеге Абылай хан есімін беру жайы да осы келелі кеңесте кеңінен талқыланды.
Жиынды қорытындылаған қалалық мәслихаттың хатшысы Нұрлан Бекназаров аталмыш бөлім мамандары тарапынан ұсынылған жаңа атауларға байланысты ұсыныстарға терең талдау жасау қажет екендігін жеткізді.

Ж. КОЛХОЗОВ.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.