Балаңыз бақшадан аш келмесiн десеңiз...

Понедельник, 06 Октябрь 2014 05:08 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4912 раз

«Балабақшаның төлемақысы расында да қымбаттайтын болды ма?» деген мәселемен редакциямызға  бір топ ата-ана хабарласты. Олардың айтуынша мектепке дейінгі мекемелерде  өткен жиналыстарда ай сайын бір балаға төленіп жүрген 7 мың теңгенің жетпейтіні айтылып, ата-аналардың ойын білу үшін жиналыс өткен. Алаңдаулы ата-аналар, редакциямыздан соң, қалалық білім бөліміне де барыпты.

Бағаны көтеруге ата-аналар жиналысында қарсы жақтың басым болғаны белгілі. Балабақша меңгерушілері мен тәрбиешілер күн сайын әр балаға бөлінетін ақшаның жетпейтінін, соның салдарынан балалардың үйлеріне аш құрсақ қайтатынын айтыпты. Осындай жиналыс қаладағы «Інжу-маржан» балабақшасында да өткен екен. Бірақ, кейбір ата-аналар газет бетінде аты-жөнінің жарияланғанына қарсы болды. Ертеңгі күні балаларына зияны тимесе екен дейді. Мән-жайды білу үшін мектепке дейінгі мекеменің меңгерушісі Жанат Әділбекқызына хабарласқан болатынбыз.  Ол жиналыстың өткенін растады.
– Ата-аналардың ойын білу үшін осындай жиналыс өткіздік. Қазір ай сайын бір балаға төленіп жатқан 7 мың теңгенің жетпей жатқаны ақиқат. Біз күніне бір баланы 280 теңгеге тамақтандыруымыз қажет. Демек, таңғы ас, түскі ас пен түс қайта ұйқыдан тұрған соң берілетін шәйға жеткізуіміз керек. Баланы тамақтандыру нормасына сәйкес келе алмай отырмыз. 2012 жылдан бері азық-түлік бағасы 2 рет қымбаттады. Ал, біз әлі сол бағаны ұстап тұрмыз, – дейді Жанат Әділбекқызы.
Кейбір ата-аналар қалалық білім бөліміне де барыпты.  Дені бағаның көтерілуіне қарсы. Ал, енді бірі күн сайын балаларының бақшадан аш қайтатынын айтуда. Сондай ананың бірі Анар Оңалбаева.
– Мен балаларымның  бақшада тоя тамақ ішпейтініне қынжыламын. Бірақ,  төлемақының қымбаттауына да келісім бергім жоқ. Біз баланың қағаз-қаламын, кітаптарын және өзге де қажетті заттарын өз ақшамызға сатып аламыз. Мектепке даярлық тобында  әлден ақша жинау басталған. Әр бүлдіршін  тәрбиешіге  сыйлық алу үшін 10 мың теңгеден өткізу керек.  Бір топта 30-40 баладан бар. Бұл не сұмдық?!, – дейді ол.
Шымкентте 80 мемлекеттік,  160 жекеменшік балабақша бар. Жекеменшік балабақшаның 42-сі мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істеп отыр. Қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары  Эльмира Тілеукееваның айтуынша, «бағаны көтеру қажет» деген мәселе Кәсіпкерлер палатасында қозғалған.   
– Әзірге баға көтерілмейді. Балабақша меңгерушілері ата-аналардың ойын білу үшін жасаған ғой бұл жиналысты. Олар өз тарапынан бұл мәселені дұрыс жеткізе алмаған деп ойлаймын. Ата-аналардың бірі түсініп, енді бірі шу шығарып жатыр. Тіпті білім бөліміне де келді олардың дені. Басым бөлігі, балаларының бақшадағы тамаққа тоймайтынын айтуда. Иә, бұл рас. Небәрі 300 теңгеден әрең асатын ақшаға бір баланы күні сайын қалай тамақтандыруға болады? Біз баланың құқығын аяққа таптап жатырмыз. Ертең «ауру бала қайдан шықты?» деуіміз ғажап емес. Күн сайын өсіп-дамып отырған бала ағзасына құнарлы  тамақ қажет екенін әрбір ата-ана мен айтпай-ақ, жақсы түсінеді.  Жуырда Семей қаласында бала бақшада балалар тамақтан уланды. Себебі неде? Кім біледі, арзан, сапасыз немесе мерзімі өткен тамақты жеген шығар. Бұл оқиғаның бізде де орын алмасына кім кепіл? Айтып өтейін, мемлекет қазынасынан  тамақтандыру үшін қаржы бөлінбейді. Бюджет берген ақшаға  мектепке дейінгі мекемелер  коммуналды қызмет пен басқа да керек-жарақтарын алу үшін жұмсайды, – деді Э.Тілеукеева.
Балабақшаларда бір баланы тамақтандыру нормасына көз жүгіртер болсақ, расында да бүгінгі таңда 300 теңгенің  төңірегінде тамақтандыру қиын-ақ. Мәселен, бір баланың рационы - 80 грамм нан, жарма, дақылдар, макарон  өнімдері-40 грамм,  картоп-180 грамм, көкөністер-300 грамм, кептірілген жемістер-10 грамм, қант-50 грамм, кондитер өнімдері-10 грамм, ет- 110 грамм, жұмыртқа-1 дана, балық-50 грамм, сүт пен сүт өнімдері-500 грамм, ірімшік-60 грамм, қаймақ-15 грамм, сары май-23 грамм және шәй, кофе, какао, тұз секілді тағамдардан құралуы тиіс. Бұл – Үкіметтің қаулысымен бекітілген азық-түлік түрлері.
Балабақшаның төлемақы бағасын қымбаттату жөніндегі мәселе бойынша, қалалық білім бөлімі тарапынан қала әкімі  Дархан Сатыбалдының атына хат жолданыпты. Егер, қымбаттайтын болса, бір баланың төлемақысы қанша болатыны да белгісіз. Э.Тілеукееваның айтуынша, оны мамандар есептеп жатыр.


                                                                                               Эльмира МЫҚТЫБАЕВА.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.