Кеудесі қариялардың алтын сандық

Понедельник, 06 Октябрь 2014 05:11 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3844 раз

Халқымыздың қасиетті дәстүрінің бірі – үлкенді сыйлау, қарияны құрметтеу. Осы ізгі дәстүрді темірқазық еткен қала әкімдігі Қарттар күні мерекесіне орай, шаһардағы бірқатар қарттар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарды құттықтап, сый-құрмет көрсетті.

Қала әкімінің орынбасары Бахадыр Нарымбетов бастаған әкімдік өкілдері «Наурыз» шағынауданы, Қордай көшесінде тұратын жасы 90-ға жуықтаған Алтыбай Бабаевтың шаңырағына келді. 1942-45 жылдары сұрапыл майданда от кешіп, Ұлы Отан соғысының 2 топтағы мүгедегі болып оралған Алтыбай ақсақал бүгінде немере-шөбере сүйіп отырған батыр ата. Ол соғыстан оралған соң ұзақ жылдар бойы Шымкенттегі азық-түлік өндіру фабрикасында еңбек етіпті.
– Соғыс басталғанға дейін Отанымыздың көркеюіне үлес қосып, үлкендермен бірігіп, колхозда жұмыс істедім, – деп еске алады ардагер өткен өмірін. – Менің айрықша бөле-жара айтарым, тәуелсіздігіміздің арқасында еліміз еңсесін түзеп келе жатыр, халқымыздың әлеуеті де жоғарылады, ең бастысы тыныштықта аман-есен сүйікті кәсібімізбен айналысудамыз. Біз осы құндылықты бағалай білуіміз керек. Тыныштықтан асқан бақыт жоқ.
Бұдан соң шаһар басшылығы «Наурыз» шағынауданы, Озат көшесінде тұратын мүмкіндігі шектеулі жан
Жұманәлі Сыздықовтың жанұясына ат басын бұрды. 1992 жылы кенеттен зағип болып, 1 топтағы мүгедек атанған 52 жастағы отағасы тағдырдың сынағына мойымай, сан алуан қиындықпен күресіп келеді. 1999 жылы Түркістан қаласынан Шымкентке көшіп келген ол көз жанарының нашарлығына қарамастан массажист, автокөлік жөндеуші болып жұмыс атқарған. Ерінбей еңбек етуден жалықпайтын Жұманәлі бүгінде үйге қажетті жиһаздар жасаумен айналысады. Өз кезегінде
Б. Нарымбетов Жұманәлінің алдағы жұмысына сәттілік тілеп, зағип жандарға арналған компьютерді сыйға тартты.
Қарттар мен мүгедектерге арналған игілікті шара «Нұрсәт» шағынауданындағы «Әсем» мейрамханасында жалғасын тапты. Мұнда қала әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен арнайы мерекелік дастархан жайылды. Оған қаламыздағы қоғамдық істерге белсене араласып жүрген қариялар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар шақырылып, оларға арналып концерттік бағдарлама мен сый-сияпаттар ұсынылды. Шара кезінде барша қариялар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарды мерекелерімен құттықтаған қала әкімі ыстық ықыласын білдіріп, оларға мықты денсаулық тіледі.
– «Кеудесі қариялардың алтын сандық» дейді бабаларымыз. Көкірегі иманға толы абыз ақсақалдар біздің арамызда өте көп. Тек соны бағалап, өз дәрежесінде құрметтей білуіміз керек. Жасыратыны жоқ, қазір елімізде өз ата-аналарын Қарттар үйіне өткізіп жатқан жандар жетерлік. Ол қариялар кезінде еліміздің өркендеуіне үлес қосып, еңбек еткен. Бірақ, олар қоғамнан ешқашан алшақтамайды. Қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекет тарапынан тиісті көмектер жалғаса береді, – деді қала әкімі.
Еске сала кетсек, бүгінгі таңда Шымкент қаласында 61 573 зейнеткер және 24 864 мүмкіндігі шектеулі азамат бар.

Сәбит ТАСТАНБЕК.

Последнее изменение Понедельник, 06 Октябрь 2014 05:17
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.