Қарттарға құрмет көрсетті

Понедельник, 06 Октябрь 2014 05:18 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2448 раз

1 қазан – Қарттар күні мерекесінде Еңбекші ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыруымен көпбалалы аналар,  қарттар мен тыл еңбеккерлері «Бұқара» мейрамханасында бас қосты. Отырысты аудан әкімі Ғалымжан Ілиясов ашып, қазыналы қарттарды мерекелерімен құттықтады. Еңбекші ауданы «Нұр Отан» партиясы филиалының орынбасары Берік Сыдықов, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Талғат Әмірбеков ардагерлерді мерейлі мерекесімен құттықтап, игі тілектерін жеткізді.

Мейрамханадағы арнайы жайылған дастарханға 60-қа жуық адам жиналды. Қарттар күніне орай ұйымдастырылған отырыста замандастардың әзілдері жарасып, арқа-жарқа болды.
Мереке қарсаңында аудан әкімінің аппараты Ш. Уәлиханов көшесі №217 үй, 95 пәтер тұрғыны, ҰОС-ның ардагері Құдайберген Тұңғышбаевқа қайырымдылық көрсетті. Қарияның балконын пластикпен қаптап берді. Аудан әкімі орынбасары Досалы Амангелдиев ардагердің үйіне арнайы барып мерекесімен құттықтады. Құдайберген ақсақал азаматтық танытып, қамқорлық көрсеткен Еңбекші ауданы әкімі аппаратына алғысын айтты.
Сондай-ақ, қарттар күні шымкенттік студенттер игі бастама көтерді. Жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттерінен құрылған «Мейірімді топ» Майлықожа көшесі №207 үй тұрғыны 2 топ мүгедегі Алла Лукова және Никитина көшесі №31 үйде орналасқан тыл еңбеккері
Гулфия Садықованың үй жұмысына көмек берді.  Алғашқыда Алла апа үйіне келген жастарды көріп, таңырқап қалды. Олар зейнеткерге үй шаруасындағы кез келген жұмысты атқаратындықтарын айтқанда қатты қуанды. Үй жұмысына жарамсыз әже студенттерге  дән риза болды. «Жас келсе іске» дегендей жастар Гулфия Садықованың үй жұмыстарын да тап-тұйнақтай атқарды. Бау-бақшасын, үй ауласын тазалап, тыл ардагерінің отын-суын тасып берді. Қарттардың көңілін серпілтіп, алғысына бөленген қайырымдылық «Мейірімді топ» жұмыстарын жыл бойы жалғастырмақ.

Құттыбике НҰРҒАБЫЛ.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.