18 мыңнан астам тұрғын қатысты

Пятница, 17 Октябрь 2014 09:06 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2349 раз

Қала күні мерекесі аясында өтетін іс-шаралардың алғашқысы тазалыққа арналды. Яғни, «жаңару мен тазалық» күні Шымкент қаласы тұрғындары сенбілікке қатысты. Бұл күні көшеттер отырғызылып, қаланың барлық саябақтары, арықтары мұнтаздай тазартылып, ағаштар әктелді. Қоқыстар шығарылды. Сенбілікке жалпы саны 18 мыңнан астам қала тұрғыны мен 35 техника жұмылдырылды. “Шәмші аллеясында” өткен сенбілікке облыс әкімінің орынбасары
Сәкен Қаныбеков пен Шымкент қаласының әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, көпшілік қауыммен бірге ағаш көшеттерін отырғызды.

- Ел аумағында үшінші қала атануға ниетті Шымкент қаласының бүгінгі бет-бейнесі алғашқы кезекте тазалықтан бастау алады. Осы іске белсене атсалысу арқылы қала тұрғындары өз қаласын сүюге, қала мәдениетін қалыптастыруға айтарлықтай бет бұратыны сөзсіз. Демек, аталмыш шараның өзіндік маңызы да жоғары болмақ, - дейді қала әкімі
Дархан Амангелдіұлы.
Қала аумағын қамтыған «Таза ниетпен – таза қалаға» байқауымен орайлас ұйымдастырылған шараға әсіресе, жастар қауымы белсене қатысты. Бұл қатарда күні кеше мәресіне жеткен Нанкиндегі жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері, гимнасшы
Әмина Қожахмет те болды. 
- Шырайлы қаламызға келген өзге өңірдің азаматтары алдымен, қаланың сәулеті мен ішкі тазалығына, тұрғындардың мәдениетіне мән беретіні белгілі. Осы орайда, ел аумағында мегаполис қалалардың бірінен саналатын Шымкентті экологиялық тұрғыдан таза ұстау - баршамызға парыз. Сол себептен де, қала тұрғындарын осындай сенбілік жұмыстарына белсене қатысып тұруға шақырамын, - дейді ол.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.