Шымкент – 2200 жылдық тарих

Пятница, 17 Октябрь 2014 10:08 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 7209 раз

Бұл мәселе әлемдік ғалымдар бас қосқан конференцияда талқыланды

Көне қаланың жасын анықтап, оны ЮНЕСКО-ның тізіміне ендіру мақсатында қазақстандық және шетелдік ғалымдар Шымкентте өткен халықаралық ғылыми конференцияда бас қосты. Қала әкімдігі мен “Бәйтерек” жастар ұйымының ұйымдастыруымен өткен маңызды жиынға Канада, Франция, Англия, Польша, Ресей, Әзірбайжан мен  Өзбекстан елдерінен келген ғалымдар «Шымкент-2200 жылдық тарих» тақырыбында өткен конференцияда өздерінің дәлел-дәйектерімен бөлісті.

Ә. Марғұлан атындағы Қазақстан ғылыми археологиялық институтының директоры Бауыржан Байтанаев «Археологиялық қазба деректемелерге сәйкес Шымкент қаласының жасы» тақырыбында баяндама жасады. Сонымен қатар, ғалымдар – Р.Сүлейменов, Л.Бертий, К.Байпақов, К.Радослава, Ю.Буряков, Е. Смағұлов, Д. Воякин, Т. Вилейкис, Р. Карасиевич - Сизипорский, Ғ.Жораевтар археологиялық зерттеулер мен ежелгі қалалардың қатарына Шымкент қаласының кіретіні жөнінде баяндамалар оқып, пікірлерін ортаға салды. Алматы қаласындағы «Юнеско» кластерлі кеңсесі мен ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Қазақстан Республикасы ұлттық комитетінің өкілі Юрий


Пешков пен Нұрғазы Жәмиля құттықтау сөз сөйледі.
Ғылыми конференцияны Шымкент қаласының әкімі Дархан Сатыбалды ашты. Қонақтарға және ұйымдастырушыларға алғысын білдіре отырып, қаланың бүгінгі бағыт-бағдарымен таныстырды.
– Бүгін қаланың жасын нақты белгілеу үшін бас қосудамыз. Ұлы Жібек Жолы керуен көшінің жолында орналасқан Шымкент қаласы еліміздегі үшінші қалаға айналды. Халық саны 800 мыңнан асады. Ал 2015 жылы қала халқының саны миллионға жетеді деп жоспарлап отырмыз. Қаланың аумағы 117 мың гектарды құрайды. Елбасы Н.Назарбаев Шымкент қаласының дамуына ерекше көңіл бөлуде. Басқосу барысында сіздердің тараптарыңыздан құнды деректер мен бағалы пікірлер айтылады деп ойлаймыз. Әлемнің әр түкпірінен келген ғалымдарға алғысымды білдіремін. Сіздердің ғылыми еңбектеріңіз біз үшін аса маңызды,- деді қала басшысы Д.Сатыбалды.
Ғалым-археолог Бауыржан Байтанаевтың есімі көпшілікке аян. Ол Шымкент шаһарының тарихын бірнеше жылдардан бері зерттеп келеді. Археологиялық қазба жұмыстарына сүйене отырып, қаламыздың жасы 2200 жыл екенін анықтады. Зерттеу барысында анықталған мәліметтерді конференцияға қатысушыларға баяндап берді.

Бауыржан Байтанаев,
Ә.Марғұлан атындағы Қазақстан ғылыми археологиялық
институтының директоры:

– Шымкенттің жасына қатысты деректер ғалымдарды о баста-ақ қызықтырып келді. Мәселен, академик В.В.Бартольд ортағасырлық жазба деректерге сүйене отырып, тарихшы Шараф ад-дин Йездидің «Зафарнаме» шығармасында алғаш рет Шымкентті «Сайрам маңындағы ауыл» деп көрсеткен. «Захарнамеде» былай деп жазылған: «... Бехрам Жалайыр Тимур мен Кейхосровтың рұқсатынсыз Джете әскерімен Ташкенттен Сайрамға кеткен. Ал Тимур мен Кейхосровтың арбалы керуені Бехрамда болғандықтан, олар соның артынан ере жөнелген. Екеуі Сайрамға жеткен уақытта өздерінің арбалы керуендерін Чимикент деген қоныстан тапқан». Бұл оқиға 1365-1366 жылдары орын алған.
1912 жылы Түркістан өлкесін зерттеуші А. Добросмыслов сауалнамалық және этнографиялық мағлұматтарды қолдана отырып, өзінің «Сырдария облысының қалалары» деген кітабында Шымкент қаласын XII ғасырда бар болғанын жазған. Оған Қожа Ахмет Ясауидің замандасы Баба-Дәруіштің сүйектері Шымкентте деп айтқан жергілікті тұрғындардың хабарламасы негіз болған.
1980 жылы Р.Бекназаров, А. Клименко, М.Сейсенбаев XI-XII ғасырларда Шымкент қала болған деп есептейді. Бірнеше жылдардан соң, 1991 жылы М.Аяпов және Н.Наумов тарихи-ақпараттық кітапшасында нақты бір сілтеме жасамай, «Чимкент-республикадағы ең көне қалалардың бірі, оның жасы-1300 жылдан астам» деп жазған.
Ғалымдар «Зафар-намедегі» мәліметтерге сүйеніп жазған. Соңғысы Шымкенттің пайда болу уақытын нақтылап берген. Бұл дата әртүрлі анықтамалық басылымдарда, кітапшаларда, Шымкент қаласының сызба картасында көрсетілген. Алайда, қала туралы алғаш берілген мәліметтер Шымкенттің дәл сол кезде пайда болғанын білдірмейді. Қала тарихының бастауы туралы тек археологиялық зерттеулер ғана нақты айтып бере алады. Археологияның қала жасын анықтаудағы маңызы зор. Осылайша, Самарқанд, Бұхара, Ходжент, Қазан және Ташкенттің жасы анықталған болатын. Археологиялық нысан ретінде Шымкент қалашығындағы үйінділер XIX-XX ғасырларда қаланың қарқынды дамуы кезінде талқандала берген.Тарихи орынның ең маңызды бөлігіне зақым келген. Ежелде Шымкент қаласының Орта Азияға тән қалалық құрылымы болған және цитадель мен шахристаннан тұрған. Бүгінде цитадельдің аумағы 4 гектарды құрайды. Шымкент қаласы әкімдігі 2003-2004 жылдары Шымкент қаласының жасын анықтау үшін қаржы бөлген еді. Бұл мақсатта М.Әуезов атындағы ОҚМУ мен Ә.Х.Марғұлан атындағы археология Институты ғалымдары мен қызметкерлері еңбек етті. Осыған орай қалашықта үш стратиграфиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Оның үшеуі де VII ғасырда Шымкенттің ірі орталық болғанын айғақтайды.

Дмитрий Воякин,
«Археологиялық экспертиза»
ғылыми-зерттеу ұйымының өкілі:

– Қазақстанда тарихи ескерткіштер өте көп. Олардың дені археологиялық ексерткіштер. Мәселен, Түркістандағы Қ.А Ясауи кесенесі мен Алматыдағы Таңбалы петроглифтері әлемдік тарихи мұра тізіміне енген. Ол тізімде қазір 779 ескерткіш бар. Көп ретте Италия, Қытай секілді алпауыт елдердің ексерткіштері басым. Ал Қазақстанның үлесі небәрі 0,4 пайыз. Неге? Қазір Қазақстандағы сегіз ескерткіш ЮНЕСКО тізіміне кірді. Тағы 32 ескерткішті тіркету жұмыстары қолға алынған. Біздің елдегі ЮНЕСКО өкілдері белсенді жұмыс атқаруда. Бүгінгі басқосудың жемісті болатынына сенімдімін. ОҚО аумағында бренд болатын ескерткіштер жетерлік.

Юрий Буряков,
Өзбекстанның тарих
ғылымдарының профессоры, доктор:

– Барлығымыз Шымкенттің жасына қатысты әсерлі де дәйекті ғылыми баяндамаларды тыңдадық. Біз сіздерге көршіміз. Екі елдің тарихын ұқсас деп айтуға болады. Сырдария бассейнін зерттеу барысында мұнда үлкен мәдениеттің болғанын байқадық. Пайдалы қазбалар тау болып үйіліп жатқан. Осының нәтижесінде оны өңдеуге, қолдануға зор мүмкіндік туған. Ал бұл –экономиканың дамуына себеп болды. ОҚО мен Ташкент қаласы аумағынан молалар табылған. Онда біздер бірқатар ұқсастықтарды анықтадық. Қоладан жасалған заттар табылды. Мұның барлығы да халықтың дамуға талпынғанын көрсетеді. Метал өңдеумен айналыса бастаған, экономикасы да дамыған.

Рустам Сүлейманов,
тарих ғылымдарының докторы,
Өзбекстан-Канада :

– Біз бүгінгі конференцияны ұйымдастырған азаматтарға алғысымызды айтамыз. Бүгін барлығымыз Шымкенттің жасын анықтау үшін бас қосып отырмыз. Ғалымдар дәлелдеді, рецензиялар берілді. Әріптестерімнің тарапынан ешқайсысы да күмән келтірген жоқ. Қазақстандық ғалымдардың отанына, мәдениеті мен тарихына деген сүйіспеншілік -бүгін бізді біріктіріп отыр.


Лионетт Бертий,
тарих ғылымдарының докторы.
(Франция)

– Қала жасын табылған керамикаға қарап білуге болады, ол кезеңде тиын, жазу-сызу болмаған. Әр кезеңнің өзіне тән керамика әзірлеу техникасы бар. Табылған заттарға қарап, қалаға шамамен 2200 жыл болғанын білуге болады. Шымкенттің жасын тану үшін әлемдік қоғамдастық бірқатар рәсімдер жүргізуі қажет. Ұлттық комиссия ЮНЕСКО бас конференциясына өтінім беруі тиіс. Ал берілген дәлелдерді зерделеуге, шешім шығаруға шамамен екі жылдай уақыт кетеді.

Карл Байпақов,
профессор, тарих
ғылымдарының
докторы
(Қазақстан):

Урбанизация- бүгінгі таңда тарихшылар, археологтар және әлеуметтанушылар айналысып жатқан өзекті тақырып. Дәстүрлі танымда көне Қазақстан көшпелілер отаны болып саналатын. Алайда, археологиялық қазбалар бұл қалалар елі екенін көрсетуде. Көне Қазақстан аумағында алғашқы қалалар қола дәуірде пайда болған. Археологтардың мәліметтері Отырар, Сайрам және Түркістанға - 2000 жыл болғанын айтады. Ал, Шымкентте жүргізілген қазба жұмыстары қалаға 2200 жыл екенін көрсетті. Оны растайтын материалдар жеткілікті. Бұл Қаңлы дәуірі, төменгі және орта Сырдария ауданындағы мемлекет.
Орта Азия қалаларының қалыптасуында және мәдениетінің орнығуында Ұлы Жібек жолы маңызды рөл атқарды. Оның бойында қалалар пайда болды. Бұл тек сауда емес, керуендер қозғалысымен бірге ақпарат пен үлкен мәдени алмасулар жүріп жатты. Биылғы жазда, Тянь-Шань бағытына кіретін, Қазақстанның бірнеше қаласы ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізімін толықтырды. Бұл үлкен жетістік. Шымкент қаласы әзірге жоқ, дегенмен бұл уақыттың еншісіндегі мәселе. Қаланың жасы ұлттық идеяларды дамытуда маңызы зор. Шымкент – тарихи туризмді дамытуға өте қолайлы орын және оның орталықазиялық орталығы бола алады.

Тамайо Она ВИЛЕЙКИС,
Левен университетінің
қызметкері (Бельгия):

Қазіргі әлемде тарихи мұралардың менеджменттік ауысуы жүруде. Бұл жалғыз ескерткіштерден тарихи және археологиялық ескерткіштерге туризмді тұрақты дамыту үшін өтуді білдіреді. Мұнымен министрліктер деңгейінде айналысу қажет. Дегенмен, қалалардың қарапайым тұрғындары да сол аумақтағы тарихи ескерткіштерді сақтау ісіне тартылуы керек. Тіпті мәдени мұраны сақтау дағдысын дамыту және үйрету бағдарламалары бар. Тарихи-мәдени мұраларды сақтау келесі ұрпақ үшін маңызды екені мәлім.

Юрий Пешков,
Алматыдағы ЮНЕСКО
кластерлік офисінің өкілі:

– Юнеско-ның оқиғалар күнтізбесіне қазақстандық қалалар еніп отыр. Олар-Түркістан мен ежелгі Тараз қалалары. Ендігі кезекте Шымкент қаласы. Бүгінгі конференцияда біз қала туралы толық дәлелдер мен мағлұматтар алдық. Ғалымдар аз еңбектенбепті. Енді Қазақстандағы Юнеско-ның ұлттық комиссиясы Шымкенттің мерекелік датасын күнтізбеге ендіру үшін жұмыс істеп жатыр. Оны 2 жыл мерзімде жан-жақты қарайтын боламыз. Көп ұзамай, яғни, 2016-2017 жылдары барлығымыз Шымкенттің 2200 жылдығын тойлаймыз деген сенімдеміз.

 Сонымен қатар, конференция барысында франциялық ғалым Лионнет Бертилле, Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының өкілі Карл Байпақов, польшалық Родослав Карасиевич-Сизипорский, қазақстандық ғалым Е.Смағұлов, бельгиялық Вилейкис Тамайо Она, англиялық Гайгазыз Жораев, әзірбайжандық Фархад Гулиевтар да баяндамаларын оқыды. Тың ізденістерімен бөлісті.
Ғалымдар Шымкенттің жасын анықтау үшін жеткілікті дәлелдер келтірілгенін айтып, оны қолдайтыны туралы Резолюцияға бірауыздан қол қойды. Ендігі кезек, Юнесконың еншісінде. Конференциядан кейін қонақтар Шымкент қаласының көрікті жерлерін аралап, Отырар ауданындағы “Ескі қалашық” пен Түркістан қаласының тарихи жерлерімен танысты. Қаланың жасын анықтау Мәдени мұраны сақтаудың мемлекеттік саясаты шеңберіне үйлесіп қана қоймай, біздің қоғамның гуманитарлық және демократиялық құндылықтарын насихаттау-ерекше әлеуметтік мұратқа ие екенін білдіреді. Шымкенттің жасын анықтау арқылы мәдени мұраны қалпына келтіру- туризм, сауда және халықтың көркемдік кәсіпшіліктерін, сондай-ақ, қала экономикасын дамытуға септігін тигізетіні даусыз. Әрі қаланың өмірінде маңызды оқиғаға айналып, оның имиджін көтеруге көмектесетініне, ең бастысы, оңтүстік өлкесінің мәдени әлеуетін сақтап қалу және дамыту проблемаларына мемлекеттік, қоғамдық ұйымдар мен бизнес-құрылымдарының назарын одан әрі көбірек тартатынына сенімдіміз.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА.

Последнее изменение Пятница, 17 Октябрь 2014 10:49
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.