Ең қарт тұрғын – 105 жаста

Среда, 22 Октябрь 2014 09:19 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2637 раз

Қала күні мерекесіне орай шаһар басшылығы Шымкент қаласының ең қарт және ең жас тұрғындарына құрмет көрсетіп, мерекелік сый-сияпат жасады. 

Шымқаланың қазіргі таңдағы ең қарт тұрғыны – Алпа Есжанова әже. Кейуананың жасы 105-те. Ол бүгінде 12 немере, 24 шөбере, 2 шөпшек сүйіп отыр. 1909 жылы дүние есігін ашқан көнекөз қарт ұзақ жылдар бойы ОҚО-ның Арыс ауданы, Қараспан совхозында жұмысшы болып істеген. 1965 жылы зейнеткерлікке шыққан Алпа әже «Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» орденімен, 1941-1945 ж.ж. ҰОС-ғы Жеңіске 50, 60, 65 жыл медальдарымен марапатталған.

Еңбекпен есейген қарияның шаңырағына арнайы барған қала әкімі Дархан Сатыбалды шаһардың қарт тұрғынына жүрекжарды лебізін білдірді. «Халқымыз қазыналы қарияларын қашанда құрмет еткен. Сіздердің Отан алдындағы еңбектеріңіз бен жетістіктеріңіз бүгінгі ұрпаққа үлгі. Біз сіздермен әрқашанда мақтанамыз», деген қала әкімі Алпа әжеге теледидар тарту етті. Өз сөзінде қарт кейуана осылай үлкенін сыйлап, қарияларын әркез ардақ тұтып жүретін биліктегі азаматтарға ризашылығын жеткізіп, ақ батасын берді.

Қала әкімдігі шаһардың ең жас тұрғындарының бірі Шынарбек Алдиярдың ата-анасына да ілтипат білдірді. Жас сәби 2014 жылы 15 қазан күні сағат 22:05-те дүниеге келген. «Нұрсәт» шағынауданындағы №4 перинаталдық орталыққа барған қала әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова жас отбасының қуанышына ортақтасып, алдағы өмірлеріне бақыт-береке тіледі. Әкім орынбасарының айтуынша, Шымкент қаласында 2014 жылдың өткен 9 айында 18057, 2013 жылдың 9 айында 17 432 нәресте дүние есігін ашқан. Бұл өткен жылғы осы мерзіммен салыстырғанда туу көрсеткіші 625 нәрестеге өсіп отыр.
 

Сәбит ТАСТАНБЕК

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.