Базар бардым, не көрдiм?

Пятница, 17 Октябрь 2014 10:40 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4250 раз

Қазір іздеген адамға өзі қалаған қажеттісін тауып алу қиындық туындатпасы анық. Ішер ас пен киер киімнің әр алуан түрін таяқ тастам жерден-ақ кезіктіруге болады. Әйтсе де, ондағы қызмет сапасы, қауіпсіздік ережелерінің сақталу дәрежесі, өнімнің мерзімі мен кепілдігі тұтынушылардың қайсыбірін де дүдәмал ойға салып қоятыны тағы бар. Осы орайда, біз тиісті мамандардың қатысуымен сауда қатарларындағы бүгінгі ахуалға зер салып көрген едік.

Қазір іздеген адамға өзі қалаған қажеттісін тауып алу қиындық туындатпасы анық. Ішер ас пен киер киімнің әр алуан түрін таяқ тастам жерден-ақ кезіктіруге болады. Әйтсе де, ондағы қызмет сапасы, қауіпсіздік ережелерінің сақталу дәрежесі, өнімнің мерзімі мен кепілдігі тұтынушылардың қайсыбірін де дүдәмал ойға салып қоятыны тағы бар. Осы орайда, біз тиісті мамандардың қатысуымен сауда қатарларындағы бүгінгі ахуалға зер салып көрген едік.

Ретсіз сауда, өлшеусіз айыппұл...

Бүгінде қала аумағында жұмыс істеп жатқан базарлардың ішкі тәртібі, сауда, санитарлық, өртке қарсы ережелерін, сәулет, құрылыс, ветеринарлық және басқа да талаптардың сақталуын зерделеу мақсатында, қала әкімдігі тарапынан арнайы жұмысшы тобы құрылған. Бұл тұрғыда, базарларды қолданыстағы заң талаптарына сәйкес, ретке келтіру бойынша кешенді іс-шаралар жоспары бекітілген.
Өткен жылы қалалық төтенше жағдайлар және Абай, Әл-Фараби, Еңбекші аудандарының санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармалары қызметкерлерінің қатысуымен 19 базар мен сауда қатарына тексеру жұмыстары жүргізіліпті. Нәтижесінде, ондағы сауда иелеріне 1 миллион 119,9 мың теңге айыппұл салынып, барлық 19 базардың жұмысын уақытша тоқтату жөнінде сот шешімі шыққан. Қазіргі таңда аталған базар мен сауда қатарлары сот шешіміндегі көрсетілген кемшіліктерін түзеп, барлық талапқа сай келуіне байланысты қайта ашылғанын да айта кеткен жөн.
Бүгінгі таңда, ретсіз сауда қатарын ұйымдастырушылар ісі өзекті мәселеге айналып отырғаны мәлім. Жалпы, ағымдағы жылдың өткен 8 айында ретсіз сауда қызметін ұйымдастырған сатушылардан 3 миллион теңгеден артық айыппұл өндірілген. мыңнан астам адамға хаттама толтырылыпты. Өкінішке қарай, тұрақты түрде жүргізіліп жатқан осындай ауқымды жұмыстарға қарамастан, өз тауарын көше бойына қайта алып шығатындардың қатары әлі толастайтын емес.
- Ескертулерге құлақ аспастан, өз ісін онан әрі жалғастыруды жөн көретін сауда иелері үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 165 және 387-бабы бойынша 1-5 айлық аралығындағы орта есептік көрсеткіш бойынша айыппұл салынады. Қазіргі таңда, 1 айлық орта есептік көрсеткіштің көлемі – 1816 теңгеге тең, - дейді қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Асқар Қаныбеков.
Қуанарлығы, жүйелі түрде жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде, «Жабық базар», «Көмешбұлақ» және «Колос» аялдамасының маңы қазіргі кезде біршама ретке келген. Тиісінше, Төлеби, Ақпан батыр көшелерінің бойы мен «Қайтпас-1» елді мекеніндегі ретсіз сауда орындары әлі де болса қатаң бақылауды қажет етеді.
Қазіргі таңда қала аумағында ретсіз  сауда орындарын жою мақсатында 3 жұмысшы топ құрылған. Топ құрамына құзырлы мекеме өкілдері енгізіліп, ретсіз сауда орындарын жою іс-шара жоспарына сәйкес тұрақты түрде рейдтік шаралар ұйымдастырылуда.

Қайта құрылымдау жұмыстарының
берері мол

Шымкент қалалық кәсіпкерлер бөлімі мен бірқатар базар басшыларының арасында қала аумағында орналасқан базарларды сауда орталығы етіп қайта құрылымдау (реконструкция) бағытында екіжақты келісім-шарт түзілген. Атап айтқанда, бұл бастамаға алдымен оң шырай танытқан «Шымкент-Тұлпар», «Көктем», «Самал», «Алаш», «Акбар», «Авто-Нұр», «Алтын-Орда», «Айна» және «Еуразия», «Қапланбек» базарларының басшылары болды. Ал, «Муниципалды», «Южтранс», «Бенефис», «Әсел»  сияқты базарлардың басшыларымен келісім-шарт түзуге ұсыныс жолданған және «Көмешбұлақ» базарын басқарып отырған кәсіпкермен қазір келіссөздер жүргізілуде. Алайда, кейбір базар қожайындары мұндай келісімге келуден бас тартуда. Шындап келгенде, бизнестің алға дамуын ойлаған бұл ұсыныстың ұтымдылығын түсіне алғандар күні ертең ұтылмасы анық.
Жалпы, қазіргі таңда Шымкент қаласында барлығы 35 сауда қатары тұрғындарға лайықты қызмет көрсетіп келеді. Сауда қатарларын заманауи типтік базарға айналдыру мақсатында қолға алынған қайта құрылымдау жұмыстары 2017 жылға дейін жалғаспақ.
Базарларды сауда орталығы етіп қайта құрылымдау бағытында 11 базар басшысымен түзілген екі жақты келісім шарт бойынша, «Бекжан» және «Шымкент Тұлпар» базарларының қайта құрылымдау жұмыстарын ағымдағы жылда аяқтауы жоспарланған. Өзге базар мен сауда қатарларында қазір жобалау жұмыстары жүргізілуде. Айта кететін жәйт, «Көктем» базарының орнына 9 қабатты тұрғын үй салу жөнінде қала құрылысы кеңесі жобалау жұмыстарын қолға алып отыр. Ал, «Дархан» базары қойма орны ретінде қайта құрылымдалатын болады. Тиісінше, «Көмеш бұлақ» базарының бір бөлігі сауда орталығы, екінші бөлігі гүлзар болып қайта жасақталмақ.
- Өз кезегінде, қолға алынған мұндағы жұмыстар тұтынушылардың мүддесін қорғап, кәсіпкерлерге климаттың қай кезеңінде де еркін сауда жасауына мүмкіндік беретін болады, - дейді қалалық кәсіпкерлік бөлімі сауда секторының меңгерушісі Қайрат Базарбеков. – Заманауи үлгіде жасақталған жабық нысандар, ондағы қауіпсіздік ережелерінің талапқа сай сақталуы, тыныштығы мен қызмет көрсету сапасының жолға қойылуы сапалы сауда жасап қана қоймай, кәсіпкер мен тұтынушының ішкі мәдениетті қалыптастыруына да зор ықпалын тигізері анық.
Күн тәртібінде тұрған және бір мәселе - мал базарын қала шетіне көшіру жайыда өз шешімін тауып отыр. Қазіргі таңда Ташкент бағытында орналасқан бұрынғы базар орны жайлаған 10 га жер телімін жекешелендіру үшін кәсіпкерлермен келіссөз жүргізілуде.
Сонымен қатар, егжей-тегжей жоспарлау жобасына енгізілген өзгерістер де жетерлік. Атап айтқанда, «Қазыбек» базарының жер телімін мемлекеттік мұқтаждыққа қайтару, аталған нысан орнына тұрғын үй салу жобасы қазір тиісті құзырлы мекеме қызметкерлерінің бақылауында тұр.
Сауда орталығы етіп қайта құрылымдауды қажет ететін нысандардың қатарында «Евразия», «Алтын орда», «Южтранс», «Бенефис», «Әсел», «Қапланбек» және «Муниципалды» базарлары бар. Қазір аталған базар басшылары екі жақты келісім-шарт түзуден бас тартуда екен. Онда алдағы уақытта жоспарлау жұмыстары жүргізіліп, жобаға сәйкес тиісті ұсыныстар енгізілетін болады.

Ірі сауда кешендері бой түзейді

Жыл соңына дейін «Магнум» көтерме-бөлшек сауда орталығы тұтынушыларына өз қызметін ұсынбақ. Онда жалпы саны 500 кәсіпкер өз тауарын саудалау мақсатында орналасуына мүмкіндік бар. Сонымен қатар, алдағы уақытта «Нұрсәт» шағынауданында 500 шаршы метр аумақта жаңа сауда орталығы бой көтереді деп күтілуде. Ал, тұтынушылары үшін есігін қайта ашқан «Бекжан» базарында 8000 кәсіпкердің жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған.
Келешекте 4 бірдей аумақта ірі сауда кешені бой көтермек. Қаланың кіре беріс күре тамыр жолдарының бойында орналасатын бұл нысандар шын мәнінде, қала ішіндегі базарларды сыртқа көшіруді, қала берді, өзара бәсекеге қабілеттілікті қалыптастыруға бағытталған. Яғни, өз кезегінде, төмен бағамен ұсынылған мұндағы тауарлардың әсерінен, бірқатар базар әкімшілігі бәсекелестікке тойтарыс бере алмауы мүмкін. Әзірге бұл тиісті бөлім мамандарының жобасы ретінде ұсынылуда. Қалай болғанда да, тұтынушының мүддесімен сәйкес келетін мұндай іргелі тірліктер сауда ісінің ілгері басуына кең жол ашады деп күтілуде.

Тауар айналымы ұлғайған

Бүгінде Шымкент қаласы аумағында жоғарыда аталған базарлардан бөлек, жалпы саны 7213 сауда дүкені, 948 қоғамдық тамақтандыру, 1178 халыққа қызмет көрсету орындары жұмыс істейді. Аталған сауда нысандарында барлығы 30 мың 370 адам жұмыспен қамтылған.
Тиісті бөлім мамандары берген мәлімет бойынша, ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында бөлшек сауда тауар айналымының көлемі 153 миллион 558,1 мың теңгені құраған. Бұл өз кезегінде, өткен жылдың тиісті кезенімен салыстырғанда 23,9 пайызға артқанын көрсетеді.
Бүгінде, қала базарларында бағаны тұрақтандыру мақсатында, азық-түлік тауарлар бағасының өсу себептеріне мониторинг және талдау жасау жөнінде құрылған штаб жанынан 3 жұмысшы топ құрылған. Жұмысшы топ мүшелерімен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының және жанар-жағар май өнімдерін бағасына күнделікті мониторинг жұмыстары жүргізілуде.

Жеңісбек СЕРІКҰЛЫ.

Последнее изменение Пятница, 17 Октябрь 2014 11:02
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.