Өнегелі өмірі ұрпаққа үлгі

Среда, 22 Октябрь 2014 09:24 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5154 раз

Жексенбi күнi облыс жұртшылығы, Шымкент қаласының халқы Дүйсенкүл Бопықызын соңғы сапарға шығарып салды.

Қаралы жиында облыстық ардагерлер кеңесiнiң төрағасы Жеңiсбек Мәуленқұлов, Социалистiк Еңбек Ерi Әуесхан Салықбаев, медицина ардагерi Әбдуәлi Жақсыбаев, замандасы, соғыс және еңбек ардагерi Анна Шаля, туысы Айтжан Дүйсенкүл Бопықызының адами жарқын қасиеттерiне, қоғам дамуына сiңiрген еңбегiне тоқталды. Ал, облыс әкiмi Асқар Мырзахметов ел анасы атанған марқұмның есімі ешқашан ұмытылмайтынын атап өттi.

–Ол кiсiнiң еңбегiн бүгiнгi қаралы жиында айтылған пiкiрлермен немесе ертеңгi күндерi айтылар жылы лебiздермен толық сипаттай алмасымыз анық. Бұл тек қаралы жиын ғана емес, бүгiнгi аға буынның жүрiп өткен жолын ертеңгi ұрпаққа өнеге болатындай етiп дәрiптейтiн, соны естен шығармай мәңгi жадымызда қалатын тұғырлы тұлғалардың өсиетi деп ұғынғанымыз жөн шығар. Дүйсенкүл Бопықызы зейнет жасында болса да өмiрiнiң соңына дейiн қоғамдық iс-шараларға белсене қатысып, шаршаса да сыр бермей, сырбаз қалпымен саналы ой айта бiлетiн салиқалы ана ретiнде жұртшылықтың есiнде қалатын тұлға, – деді А.Мырзахметов.
Дүйсенкүл Бопова өңiрiмiзге ғана емес, республикаға танымал абыройлы, ардақты жан едi. Еңбекке ерте араласып, бiлiмдiлiгiмен, белсендiлiгiмен, тамаша ұйымдастырушылық қабiлетiмен, iскерлiгiмен танылды. Жауапты қызметтерді мінсіз атқарды. Еңбек ардагерi, республикалық дәрежедегi дербес зейнеткер, екi мәрте «Еңбек Қызыл Ту» орденiнiң «Құрмет белгiсi» орденiнiң кавалерi, бiрнеше медальдардың иегерi, Оңтүстiк Қазақстан облысының, Шымкент, Арыс қалаларының «Құрметтi азаматы» атанған Дүйсенкүл Бопықызының өнегелі өмiрі ұрпаққа үлгi болып қалары анық. Облысымыздың өсiп-өркендеуiне өлшеусiз үлес қосқан, iзгiлiктi iстерiмен, ұлағатты ұстанымдарымен де ұстаз бола бiлген Дүйсенкүл Бопықызының денесi Қасқа зиратындағы жан жары Ераш Қазыхановтың жанына қойылды.
Марқұмның рухына арналып «Алтын сарай» дәмханасында ас берiлiп, Құран бағышталды.

Последнее изменение Среда, 22 Октябрь 2014 10:59
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.