Дiнаралық қарым-қатынас мәселелері талқыланды

Среда, 22 Октябрь 2014 10:11 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3277 раз

18 қазан – елімізде бірлік пен қайырымдылықтың, жақсылық пен гүлденудің мерекесі ретінде кеңінен атап өтіледі. Осы орайда, облыстық Дін істері департаментінің басшылары облыс әкімдігінің кіші мәжіліс залында өңірдегі діни конфессия жетекшілерімен кездесу ұйымдастырды. Кездесудің мақсаты – діни конфессияаралық диалогты қалыптастыру, өзара пікір алмасу және дінаралық қарым-қатынас мәселелерін талқылау.

Мәжілісте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ОҚО бойынша өкіл имамы Ахметжан Керімбеков, «Шымкент епархиясының Шымкент қаласындағы Свято-Никольский кафедралдық соборының приходы» жергілікті православ діни бірлестігінің діни қызметшісі Александр Могилевский, «Сәби Исаның Әулие Терезасы атындағы Рим-католик приходы» діни бірлестігінің діни қызметшісі Альварез Тонкович Кристиан Ариэль, «Шымкент қаласындағы Жаңа Апостолдық шіркеуі» жергілікті діни бірлестігінің жетекшісі Юрий Кавеевич сөз сөйлеп, өңірдегі діни ахуалға сараптама жасап өтті. Және еліміздегі тыныштық пен бейбіт өмірге өз үлестерін қоса беретінін жеткізді. 

- 1992 жылы нақ осы күні Алматы қаласында Бүкіләлемдік Рухани келісім конгресінің 1-сессиясы өткен болатын. Конгреске қатысушылар бұл күнді қақтығыстар мен жанжалдарға шектеу қою, татулыққа талпыну, жақын адамдарға қайырымдылық пен жәрдем жасау күні ретінде жариялауға шақырған манифест қабылдаған. Сол себептен де, бейбіт өмірді қалаған баршамыз үшін бұл күннің орны бөлек, айрықша, - деп атап өтті облыстық Дін істері басқармасының басшысы Батырбек Жалмұрзаев.
Жиын соңында, өңірдегі діни тұрақтылыққа өзіндік үн қосып жүрген конфессия жетекшілеріне басқарма тарапынан арнайы «Алғыс хаты» табыс етіліп, сый-сияпат тарту етілді.

Жеңісбек СЕРІКҰЛЫ.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.