Келесi жылы 90 үй жаңартылады Избранное

Пятница, 31 Октябрь 2014 06:47 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3933 раз

2011-2020 жылдарға арналған тұрғын-үй коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасы шеңберінде Шымкентте ауқымды жұмыстар атқарылуда. Шымкент қалалық тұрғын-үй инспекциясы тарапынан қайта жөндеуден өткен 15 көпқабатты үй осы айдың ортасында тапсырылатын болады.

397243701Ал биылға жоспарланған 34 үйді жаңғырту жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады. Бұл мақсатта республикалық бюджеттен 210 миллион теңге бөлінген. Абай, Еңбекші және Әл-Фараби аудандарындағы үйлердің қас беттері қапталып, инженерлік жүйелері ретке келтіріледі. Айта кетейік, мұның барлығы да тұрғындардың келісімі негізінде жүзеге асады.

Тұрғын үйлерді жаңғырту жұмыстары барысында шатырды жөндеу, қабырғалар мен кіре берістерді, жертөлелерді, жеделсатыларды ауыстыру, ағымдағы жөндеуден өткізу секілді жұмыстар жүргізіледі. Биылдың өзінде Желтоқсан және Қабанбай батыр көшелерінде орналасқан төрт үйдің жеделсатысы ауыстырылған. Жалпы жаңғырту жұмыстары басталғалы бері 21 лифт жаңарған екен. Шымкент қаласы тұрғын-үй инспекциясының бөлім бастығы Берік Әлзақовтың айтуынша, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында «ПетроҚазақстанОйлПродактс»компаниясы мен облыс әкімдігі арасындағы меморандум негізінде лифттерді ауыстыру жүзеге асуда. 2011-2012 жылдары бұл жұмыстар бюджет есебінен жүргізілген екен. Айта кетейік, бір жеделсатыны ауысытырып, іске қосып беру үшін 7 миллион теңгеге жуық қаржы кетеді.

Көпқабатты үйлерді жөндеу жұмыстары тұрғындардың басым бөлігінің келісімімен ғана жасалатыны мәлім. Әр пәтермен жасалған келісім шарт негізінде ғана іске кірісуге мүмкіндік бар. Тұрғындар көрсетілген қызметтің ақшасын трансферт негізінде 7 жылдан 20 жыл аралығында қайтарулары тиіс. Ол сома әр пәтердің шаршы метріне қарай – 1000-2,500 теңгені құрауы мүмкін.

– Тұрғын үйлерді жаңғырту жұмыстары 2011 жылы басталды. Сол жылдары тұрғындар тарапынан келіспеушіліктер мен түсінбеушіліктер болды. «Ақшаны қайтармаймыз» дегендер де табылды. Біз олардың арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, кейбірінен ақшаны сот арқылы қайтарудамыз. Кейде тұрғындардың жағдайына да қарап жұмыс істеуге тура келеді. Мәселен, қымбат материалды емес арзандауын пайдаланамыз. Кейбір үйлерде зейнеткерлердің қатары көп болғандықтан, біз де олардың ыңғайына көнуге мәжбүрміз. Ал енді бір тұрғындар жоспардағы жұмыстан да көп тапсырыс беруі мүмкін. Қосымша жөндеуді сұранатындары да бар,- дейді Берік Әлзақов.

Тұрғын-үй инспекциясына жөндеу жұмыстары үшін ғана қаржы бөлініп келді. Енді келесі жылдан бастап, құжаттарды дайындауға, мәселен, сараптамаға, техникалық тексеруге және тағы да басқа осы секілді тиісті жұмыстарға қаржы қаралатын болды.

2011 жылдан бері Шымкентте 69 үй жөндеуден өткен. Ал келесі жылы 90 үйді жаңғырту жоспарда бар.

Последнее изменение Пятница, 31 Октябрь 2014 11:32
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.