Жол ережесiнде жаңалық көп Избранное

Пятница, 09 Январь 2015 04:35 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 4610 раз

...Бұл өзгерістердің көлік тізгіндеген барша жұртты елең еткізгені рас. Әсіресе, балаларды автоорындықсыз көлікке отырғызбау жағы халық арасында қызу талқылануда. Еліміздің ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа балаларды автокреслоға отырғызуды міндеттейтін норманы алып тастауды сұранған қоғамдық ұйымдар да бар. Дегенмен, жаңа ереженің басты мақсаты – жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету болғаны анық.

gaisssҚазақстанда жол қозғалысы туралы жаңа Заң 7 қаңтардан бастап күшіне енді. 2014 жылдың 13 қарашасында Үкіметтің қаулысымен жол қозғалысының жаңа ережелері бекітілген болатын. Онда жол жүрісіне қатысушылардың құқықтары мен міндеттері айқындалған. Көлік жүргізушілері тарапынан бұл өзгерістерге қатысты бірқатар сауалдардың туындағаны да рас. ОҚО ІІД Әкімшілік полиция басқармасының басшысы Нұрғали Исахов айтуынша, қаңтардың 17-не дейін облыс аумағында жаңа ережені түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тек ескерту ғана беріледі. Ал, 10 күннен соң, жол қозғалысының жаңа ережесін сақтамағандарға тиісті шара көрілетін болады.
Бұл өзгерістердің көлік тізгіндеген барша жұртты елең еткізгені рас. Әсіресе, балаларды арнайы қондырғысыз көлікке отырғызбау жағы халық арасында жан-жақты талқылануда. Еліміздің ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа балаларды автоорындық отырғызуды міндеттейтін норманы алып тастауды сұранған қоғамдық ұйымдар да бар. Олардың айтуынша, бұл азаматтардың конституциялық құқығына шектеу келтіреді. Осы арада айта кетелік, автоорындықтың ең арзаны 15 мың теңге тұрса, қымбаты 30 мыңнан 90-100 мыңға дейін барады. 11-12 жасар балаға автокресло табу қиын. Нарықта тек 5-6 жасқа дейінгі бүлдіршіндерге ғана арналған арнайы қондырғылар ұсынылады. ОҚО ІІД Жол-техникалық инспекциясы бөлімінің басшысы Ғалымжан Есімов автоорындыққа қатысты мәселені былай түсіндіреді:
– Баланы көліктің алдынғы орнына отырғызатын болса, арнайы автоорындыққа ғана отырғыза алады. Ал көліктің артқы бөлігінде баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін арнайы құрылғы болса жеткілікті. Бірақ, кішкентай бүлдіршіндерді автоорындықсыз отырғызып қою қауіпті, оны да ескерген жөн, – дейді Ғ.Есімов.
Ал, такси жүргізушілері қалай жолаушы тасымалдайды? Енді таксопарк жүргізушілері көліктерінің белгілі бір пайызын балаларға арналған орындықтармен жабдықтап, тапсырыс аларда «неше балаңыз бар?» деп сұрауға мәжбүр болар. ОҚО ІІД Әкімшілік полициясы басқармасының басшысы Нұрғали Исаховтың айтуынша, бұл мәселе баланың қауіпсіздігі үшін аса маңызды.

– Жол қозғалысы туралы Заңының 22 пунктінде жолаушылар тасымалына қатысты енген өзгерістерге байланысты 12 жасқа дейінгі балаларды арнайы қондырғысыз алып жүруге тыйым салынады. Алайда, автокреслоларға қатысты нақты түсініктеме бізге келген жоқ. Екі бала немесе одан да көп баланы алып жүрсе, міндетті түрде креслоға отырады ма жоқ па? Әзірге ештеңе айта алмаймыз,– дейді Н.Исахов. 

Жаңа ереже бойынша сақтандыру полисіңіз жоқ болса және техникалық тексеруден өтпеген болсаңыз, айыппұлды бұрынғыдан да көп төлеп, шығындаласыз. Мәселен, сақтандыру полисі үшін бұрын 1 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) болса, қазір 5 АЕК. Техникалық тексеруге 3 АЕК болса, қазір 5 АЕК көлемінде айыппұл төлейсіз. Тағы бір айта кетерлігі, айыппұл 7 жұмыс күні ішінде төленсе, салынған соманың жартысы кешіріледі. Жол-полиция қызметкерлері тоқтатқан кезде, жүргізушілер көліктерінен шықпауы тиіс. Жүргізушілердің мұны ескергені жөн.

Автокөлікті мас күйде басқарғаны үшін жауапкершілік күшейіп отыр. Бірінші рет құқық бұзылған жағдайда – 3 жылға, екінші рет – 6 жылға және 15 тәулікке әкімшілік қамауға, үшінші рет – 10 жылға және 30 тәулік әкімшілік қамауға алынады.
Сондай-ақ, автомагистральдарда көлік жылдамдығына шектеу қойылды. Енді жеңіл автокөліктер мен мотоциклдер жылдамдығы: автомагистральдарда сағатына 140 шақырым; бөлінген сызығы бар жолдарда сағатына 110 шақырымнан аспауы тиіс; ал өзге жолдарда сағатына 100 шақырым жылдамдықпен жүруге болады. Оған қоса, тәуліктің кез келген уақытында жарықты жағып жүру міндеттелген.
Жол қозғалысы туралы жаңа заңдағы бұдан бөлек бірқатар өзгерістер бар. Демек, жол ережесін бұзбау үшін, әрбір көлік иесі заңмен толық танысып алғаны абзал.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.

Другие материалы в этой категории: Байқаңыз! Зияткерлiк камера! »