Еңбек құқыңызды бiлесiз бе?

Пятница, 03 Апрель 2015 07:54 Автор  Опубликовано в Заң Прочитано 8664 раз

Редакциямызға оқырмандарымыздан еңбек заңнамасы бойынша туындайтын мәселелер бойынша көптеген сұрақтар түсіп жатады. Солардың бірқатарына ОҚО бойынша мемлекеттік еңбек инспекторы Қ. Асылбеков жауап береді.

zakon truda– Мен қаладағы жеке меншік мекемелердің бірінде кадр маманы болып істеймін. Еңбек шартының үкімет белгілеген бірыңғай үлгісі бар ма?
– Еңбек шартының бірыңғай үлгісі белгіленбеген. Сонымен бірге, жұмыс беруші мен қызметкердің арасында жасалатын еңбек шартының мазмұны ҚР Еңбек кодексінің 28 бабында көрсетілген 15 тармақты қамтуы тиіс.
– Қызметкерлер санының қысқартылуы мен штат қысқартылуының арасындағы айырмашылық неде?
– Қызметкерлердің штатын қысқарту дегеніміз лауазымдардың қысқартылуы, ал қызметкерлер санының қысқартылуы – лауазым бойынша штаттық бірліктердің қысқартылуы болып табылады.
– Қызметкерлерді біреудің орнына уақытша жүктілік демалысы кезінде қалай қабылдауға болады? Онымен қандай мерзімге еңбек шартын жасасқан дұрыс?
– Қызметке қабылдау қызметкермен еңбек шартын жасасқаннан кейін шығатын жұмыс берушінің актісімен (бұйрығымен) рәсімделуі тиіс.
Жұмыста уақытша болмаған қызметкерді ауыстыру уақытына еңбек шартын жасасу барысында жаңадан қабылданатын қызметкер нақты қандай қызметкердің орнына қабылданатынын, сондай-ақ уақытша жұмыста жоқ қызметкердің қандай себептермен болмайтындығын көрсету қажет (ҚР Еңбек кодексінің 29-бабы, 1-тармағы, 4-тармақшасы).
Жұмыста уақытша болмаған қызметкерді ауыстыру уақытына еңбек шарты, мысалы, жүктілігі мен бала тууына байланысты демалысқа кеткен Асанованың жұмысқа шығу мерзіміне дейін оның орнына қабылданған Ивановамен жасалуы мүмкін.
– Жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлерге еңбекке жарамсыздығы бойынша әлеуметтік жәрдемақы төлене ме?
– Жалақысы сақталмайтын демалыс кезеңіне сәйкес келген уақытша еңбекке жарамсыздық бойынша қызметкерге әлеуметтік жәрдемақы берілмейді.
– Еңбек демалысына кеткен, одан әрі жұмыстан шығатын мұғалімге сауығу жәрдемақысы төлене ме?
– ҚР Еңбек кодексінің 239 бабына сәйкес, мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын азаматтық қызметшілерге лауазымдық жалақысы мөлшерінде сауықтыру жәрдемақысы төлене отырып, ұзақтығы 30 күннен кем болмайтын жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы беріледі. Азаматтық қызметшілерге сауықтыру жәрдемақысы жылына бір рет төленеді.
Жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына кеткен қызметкерге ол демалыстан соң жұмыстан кетсе де, не жұмысын жалғастырса да, оның сауығу жәрдемақысын алу құқығы сақталады.
– Мекеменің іс жүргізуші маманына қосымша архивариус міндетін атқару жүктелген. Жұмыс беруші аталған маманға осы міндетті қоса атқарғаны үшін оның лауазымдық жалақысына 20 пайыз үстеме ақы тағайындаған, ал қызметкер оны азсынып отыр. Еңбек заңнамасында қызметтерді қоса атқарғаны үшін үстеме ақының нақты пайызы белгіленген бе?
– Бір ұйымда өзінің еңбек шартында қарастырылған негізгі жұмысымен қатар басқа лауазым бойынша қосымша жұмыс орындайтын немесе уақытша болмаған қызметкердің міндеттерін өзінің жұмысынан босатылмай орындайтын қызметкерге қосымша ақы төленеді. Ал, оның мөлшерін жұмыс беруші ҚР Еңбек кодексінің 131 бабының 2-тармағына сәйкес, қызметкермен келісе отырып белгілейді.
– Кәсіпорындар еңбек демалысына кеткен жұмысшыларын түрлі сылтаумен қайта шақырып алып жатады. Жұмысшы одан бас тарта алады ма?
– Жұмыс беруші жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын тек қызметкердің жазбаша келісімімен ғана үзуі мүмкін. Қызметкер жұмыс берушінің ұсынысынан бас тарта алады – бұл еңбек тәртібін бұзу болып табылмайды.
– Мен жақында жұмысқа тұрған құрылыс мекемесі маған еңбек шартының екінші данасын бермей жатыр. Жұмыс беруші оны бүгінгі күнге дейін жасамаған да болуы мүмкін. Бұл жағдай менің аталған мекемемен еңбек қатынасында тұрмағанымды білдіре ме?
– Жұмыс берушінің кінәсінен еңбек шарты болмаған немесе тиісті үлгіде ресімделмеген жағдайда, ол Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жауаптылықта болады. Бұл жағдайда ҚР Еңбек кодексінің 131 бабының 2-тармағына сәйкес, еңбек қатынастары қызметкер жұмысқа кіріскен күннен бастап туындады деп есептеледі.
– Оқу уақыты еңбек стажына жата ма? Ал, сырттай оқу кезеңі ше?
– Еңбек заңнамасына сәйкес, еңбек стажы – қызметкер еңбек міндеттерін орындауға жұмсаған, күнтізбемен есептелген уақыт, сондай-ақ осы Кодекске сәйкес еңбек стажына қосылатын өзге де кезеңдер (бала күтіміне байланысты, т.б.). Сондықтан оқу уақыты еңбек стажына жатпайды.
– Екі жұмысты қоса атқаратын қызметкер іссапарда болған жағдайда оған тиесілі барлық төлемдер сақтала ма?
–  Екі жұмысты қоса атқаратын қызметкер іссапарда болған жағдайда оған тиесілі қосымша ақы осы кезеңде сақталады, өйткені ҚР Еңбек кодексінің 152 бабына сәйкес, іссапар уақытында қызметкердің жұмыс орны мен жалақысы, яғни оған тиесілі барлық жалақы қоса атқарған жұмысы үшін төленетін қосымша ақысымен бірге сақталады.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.