Бізге осындай бастамалар керек-ақ. Қаланың тыныштығын күзетуде, қоғамдық орындарда мәдениеттілікті сақтауда енді студенттер де полицейлермен бірлесе, тәртіпке үндейді. ҚР ІІМ Б.Момышұлы атындағы оқу орталығында 100-ден аса жас полицейге сертификаттар тапсырылды.
Бұл – облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы, «Жастар орталығы» МКМ және ОҚО ІІД бірлесе қолға алған «Шымкент қаласының полицияға көмек көрсету жасақтар» атты жобасы. Өңірде алғаш рет іске асып отыр. Негізгі мақсат – ұсақ құқық бұзушылық, саябақтардағы мәдениетсіздікті жойып, қоғамдық тәртіпті сақтауға үлес қосу. 3-7 тамыз күндері аталған оқу орталығында ерікті жастарды полицейлер жұмысының қыр-сырымен таныстыру, білім деңгейін көтеру бойынша үш күндік оқу лагері өтті. Жоспарға сай жастар құқықтық, психологиялық дайындық, алғашқы медициналық көмек, өзін-өзі қорғау тәсілдері, саптық дайындық бойынша барлығы 46 сағат дәріс тыңдаған.
Үш күнде білім-біліктілігін арттырған жас ерікті полицейлер сапқа тұрды. Әрбіріне салтанатты жағдайда сертификат берілді. Оқу орталығының басшысы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Бекайдар Тойлыбаев, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының орынбасары Болат Жанәбіл жас еріктілердің қадамына сәттілік тіледі.
Ерікті жастар Шымкент қаласы аумағында полиция қызметкерлерімен бірге бекітілген бағыттарда кезекшілікке түседі. Жұмыс бағыты екіге бөлінген. Бірінші бағыты оқу орыны (жатақхана, оқу орны ішіндегі тәртіп, оқу орын территориясы) екіншісі - қаладағы көпшілік қоғамдық орындарында (саябақтар, демалыс орындары) тәртіпті қадағалау.
Ендігі кезекте ОҚО жастар саясаты мәселелері басқармасы мен ОҚО ішкі істер департаменті бірлесе, қаладағы оқу орындарының полицияға қоғамдық көмекшілер жасағына қатысуға ниет білдірген жастар мен қызметкерлерді ұйымдастырады. Жұмыс аумағын айқындайды. Ал Б.Момышұлы атындағы оқу орталығы үміткерлердің білім мен дайындық деңгейін жетілдіретін болады.
Т. ҚАСЫМ