Шымкенттiктер қандай кiтап оқиды?

Среда, 13 Август 2014 05:02 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4054 раз

кітап құныдылығын жоғалтты ма, әлде...

«Кітап – өмір ұстазы. Кітап оқымай өмірді білу, білім алу мүмкін емес» деген екен  С. Қожамқұлов. Психологтар кітапты көп оқыған адамның ойлау қабілеті жоғары, қиялының ұшқыр, жанының ізгілікке құштар, мәдениетінің жоғары олатынын дәлелдеп отыр. Сондай-ақ  кітап оқу тән саулығына да пайдалы. Көп оқу ми белсенділігін жақсартады. Орынсыз қызуқандылыққа, ашу-ызаға бой алдырмайтын көрінеді.

Бәріміз бала кезімізден кітаптан алған тәлім-тәрбиемен өстік. Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа»,  «Тимур және оның командасы», Асқар Тоқмағамбетовтің «Әке мен бала» сынды әдеби шығармаларды қолымыздан түсіргеніміз жоқ. Қиял ғажайып ертегілерді де құмартып оқыдық. Әсіресе «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» ертегісі  әлі есімде. Айдаһарды жек көріп, масаларға өшігіп қарайтынмын. Адамның досына айналған қарлығаш құсты шексіз жақсы көретінмін. Менің құрбыларым М. Әуезовтің «Абай жолындағы» Тоғжанға ұқсағысы келетін. Тоғжандай әдемі, ақылды, ибалы  болуға тырысатын. Қалың қазаққа «Махаббат, қызық мол жылдар» романымен танылған жазушы Ә.Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз», «Майдан күнделігі», Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» атты туындылары қандай?! Шұрайлы тiлмен өрнектелген кейiпкерлердің болмысы, ішкі жан дүниесі, әрқилы тағдыры  ерекше. Шығармадағы әрбір мақал-мәтел, мағыналы сөйлемдер әдептілік, адамгершілік қасиеттерді дәріптейді.
Қазір қарқынды ақпарат тасқыны, компьютерлендіру дәуірі. Қолжетімді ғаламтор қажетті ақпаратты жедел жеткізеді. Содан болар үлкен-кіші бұрынғыдай кітапқа қызықпайды. Интернет желісіне жүгінгенді жөн көреді.  Көшеде де, қоғамдық көліктерде де жастардың қолынан кітап көрмейсіз. Көбісі ұялы телефонға, планшетке көп телміреді. Неге кітап оқитындар азайды? Уақыт тапшылығынан ба, әлде кітап сапасының төмендігінен бе? Оқитын көркем дүниелердің болмағаны ма? Қазір көпшіліктен кітап тұрмақ, газет нөмірін оқыдың ба деп сұрау да ыңғайсыз. Қадыр Мырза-Әлі айтқандай кітап оқитындар жоқ емес бар. Бірақ апта сайын құшақ-құшақ жаңа кітап алып, үй-ішімен оқитындар аз. Құмарлықпен кітапты жастанып оқитындар некен-саяқ. Шымкент қаласы бойынша 1-4 сынып аралығында 63 023 оқушы бар. 5-9 сынып оқитындар 61 070-ті құрайды. Дерек көздеріне сүйенсек, 124 093 баланың 30 мыңға жуығы ғана кітап оқиды. Ал 94 093 оқушы кітап бетін парақтамайды. Қазір кітапханаға оқушылар мен студенттер оқу залдарына тапсырылған тақырып бойынша реферат, баяндама жазуға барады. Өз еркімен көркем әдебиетті оқуға құлқы жоқ... Алайда бұл пікірімізбен Шымкент қаласының орталықтандырылған балалар кітапханасы жүйесінің директоры Жанар Саумағамбетова келіспейді. Кітапхана филиалының 9-ы  қалада орналасса, 4-уі  Сайрам, Ордабасы аудандарында. Кітапханашылар  1-9 сынып аралығындағы 29 700 оқырманға қызмет көрсетеді. Кітапханада   339 174 мың кітап қоры бар. Оның 88 073-і қазақ тіліндегі шығармалар. Кітап оқимын деген балаға барлық жағдай жасалған. Оқу залы ғаламтор желісімен жабдықталған. Сөрелер  түрлі-түсті безендірілген кітаптарға толы. Қазақ тілінде жарық көрген «Аң мен үш ұры», «Тазша бала», «Торғай мен тышқан» ертегілері мазмұнды көрінді. Мұқабалары да көз тартарлықтай әдемі. Жазушы Есенғали Раушановтың «Құстар – біздің досымыз», Сәкен Иманасовтың «Жәнібек пен атасы», Сәли Сәдуақастың «Ақ лақ» кітаптары сөреде тұр. Қазақ тіліндегі танымдық кітаптар да жеткілікті. Бір өкініштісі, көркем әдебиеттің көбісі Алаш жұртына танымал қаламгер, жазушылар. Әдеттегідей Ғ. Мүсіреповтiң «Ұлпан», С. Торайғыровтың «Қамар сұлу» романдары құрайды. Ал жаңа буын, жаңа әдеби шығармалар жоқтың қасы.
– Біздің елімізде мықты ақындар да, жазушылар да бар. Қаламы қарымды, талантты қыздар да, жігіттер де жетерлік. Бірақ көбісі балалар әдебиетіне көңіл бөлмейді. Мүмкін балаларға заманауи кейіпкер табу қиын болар... Өзіміздің батырларымызды насихаттай алмай отырғандықтан жасөспірімдеріміз  батыстың «Өрмекші адамын», «Гарри Поттерін» жақсы көреді. Сондай-ақ оқылымды, қызықты кітаптар баспалардан аз таралыммен шығады. Мектеп оқулықтары болмаса көркем әдебиеттер 500 бен 2 мың дана аралығымен шектеледі. Бізге мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген кітаптардың 2-3 данасы ғана келеді. Бұл балалар кітапханасы үшін теңізге тамған тамшыдай ғана. Қаламызда 14 балалар кітапхана бөлімшесі, 120-ға жуық мектеп бар. Ал азын-аулақ кітап қайсысына жетеді? – дейді Жанар Саумағамбетова.
Жазғы демалыс болса да кітапқұмар балалар бар екен. Қала тұрғыны Ләззат Дауытова 4 сыныпта оқитын ұлы Жамбылды және сегіз жастағы қызы Дананы  кітапханаға әкеліпті. Ләззат бала кезінен көркем әдебиетпен сусындап өсіпті. Марқұм әжесі Сұлухан ертегілерді оқытып, жұмбақ, жаңылтпаш  жаттатқызыпты.  Үлкеннің тәрбиесін көріп, ұлттық құндылықтарымызды бойына сіңірген ұстаз балаларын да кітаппен тәрбиелеуде.
– Қазіргі балалар жан-жақты. Көркем әдебиетпен ғана шектелмейді. Танымдық және тарихи кітаптарды жақсы көреді. Ой-өрістері де бұрынғы балалармен салыстырғанда жылдам. Нені оқу керектігін жақсы біледі, – дейді кітапханашы Зухра Бастаева. Қыздары Сая мен Сағинаны кітапханаға  әкелген теміржолшы Ержан Әбдірашит балалар жазушыларының жоқтығын алға тартты. «Балалар еліктейтін кейіпкерлер жоқ. Балақайлардың санасына патриоттық тәрбиенің нәрін себетін, бүгінгі балалардың психологиясын, болмысын ашатын, олардың шынайы тыныс-тіршілігін көрсететін қызықты дүниелер жоқ. Теледидардан да кішкентайлар сүйсініп көретін бағдарламаны таппадық. Ұзынсонар шетелдің кинолары іш пыстырады. Ал бағдарламалар құр айқай-шу. Сондықтан қыздарымды кітапханаға әкелемін, – дейді Ержан.  
Жақсы кітап жоқ, оқырман аз деген пікірмен А. Пушкин атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкерлері  де келіспейді. 115 жылдық тарихы бар кітапхана кітап қорын отандық және әлемдік классикалық туындылармен, бүгінгі қаламгерлердің шығармаларымен толықтырған. Қазір кітапханада 559 611 кітап қоры болса, оның 134 118-ін мемлекеттік тілдегі дүниелер  құрайды. Көркем әдеби кітаптар құрамы Халық жазушысы Мұхтар Шахановтың 40 дана кітабы, 5 аудио-дискісі, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ө. Қырғызбаевтың төрт томдық шығармалары және І. Есенберлиннің, С. Мұратбековтің, М. Мағауиннің шығармалар жинағымен толығуда.  Жергілікті ақын-жазушыларымыз да өз еңбектерін кітап қорына сыйға тартыпты. Кітапханашы Аян Ізбасарова кітапқұмар оқырмандарының көп екенін алға тартады. «Жастар ғана емес, қариялар да кітапханамызға жиі бас сұғады. Күн сай-ын оқу залына кемі 30-40 адам келеді. Кейде ағайын-туыспен бас қосып қаламыз. Жұмыс уақыты таянғанда қызметіме асығамын. Сонда туыстарым: «Кітапханаға келетін адамдар бар ма?» деп таңқалады. Мен кітапты жақсы көретін оқырмандарымды айтып мақтанамын. Күн сайын «Абай жолы» эпопеясы қолдан қолға тимейді. Кітап оқушылар романды алу үшін алдын ала жазылады. 50 жылға жуық тарихы бар Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдарын» кітап сөресінен таба алмайсыз. Көпшілік Мұхтар Шахановтың, Мархабат Байғұттың, Дулат Исабековтің, Бауыржан Момышұлының шығармаларын сүйсініп оқиды», – дейді ОҚМУ-нің филология факультетінің 3 курс студенті Балнұр Темірбаева мен  «Ислам жолы» мешітінің имамы Рақымжан Сериқұлов кітапхананың тұрақты оқырмандары. Көркем әдебиетті жандары сүйеді. Олардың айтуынша,  кейіпкерлердің мұң-қайғысы, қуаныш-шаттығы, алуан сезімге жетелейді. Жағымды әсерге бөлейді. Сондықтан жақсы кітапты  Балнұр мен Рақымжан іздеп жүріп оқиды. «Мен қазақпын» – деген әрбір  қазақ баласы «Абай жолын» оқығаны абзал дейді кітапқұмарлар.
Ой-өрісіңді кеңейтіп, талғамыңды ұлғайтатын, ақылыңа ақыл қосатын кітапты оқушылар бар екен. Бірақ... уақыт тауып, құнды дүниелердің сырына қанығатындар сирек. Көпшіліктің  бей-берекет шыққан кітаптарды көріп, көңілі басылған. Қызығушылығы да төмен. Кітап жазушылардың бағдары мен бағыты жоқ. Әркім өз білгенін жазады. Жеке авторлардың дүниелері татымсыз. Әдебиеттің  — ұлтты дәрiптейтiн ең қуатты құрал екенін естен шығарғандай. Кітаптардың электронды нұсқалары кітаптай әсер қалдырмайды. Ал қаламы қарымды қаламгерлердің сүбелі шығармалары оқырмандарға жете бермейді. Таралымы аз  дүниелер адамдардан алшақ қалып жатыр. Есесіне кітап дүкендерінде Ресейдің қаптаған өнімдері көп. Әрі өзге тілдегі кітаптардың бағасы да арзан. Сондықтан кітап оқуды жетілдіру, әдеби шығармаларды оқу әрбір қазақтың әдетіне айналуы қажет. Кітаптың тарихи мұра, асыл қазына екенін  ұмытпағанымыз жөн.

Құттыбике НҰРҒАБЫЛ.

Последнее изменение Среда, 13 Август 2014 06:01
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.