Оқушылар кітап сатып алуға тиісті емес. Өйткені, облыс мектептері оқулықпен 98 пайыз қамтылған. Бұл туралы облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Сүндет Санаев облыс әкімдігінде өткен брифингте айтты. Биыл облыс бойынша кітап сатып алу үшін бюджеттен жалпы 1 миллиард 237 миллион теңге бөлініпті.
Сүндет Санаевтың айтуынша, облыста кітап тапшылығы жоқ. Бөлінген қаржыға қажетті кітаптар сатып алынған. Тек Мақтарал және Сарыағаш аудандарында оқушыларға кітап жетпей отыр. Оның себебі – жергілікті бюджет оқулық алу үшін жеткілікті мөлшерде қаржы бөлмеген және дұрыс есептелмеген. 2012 жылы 4,6,11 сыныптың, 2013 жылы 1,7,8 сыныптың, ал биыл 3,10, 2 сыныптың оқулықтары сатып алынған. Келесі жылы 1,5,11 сыныптардың оқулықтарын сатып алу жоспарлануда. Қаладағы кейбір мектептерде ата-аналар 1 сынып оқушыларының кітаптарын сатып алуға мәжбүр. Облыстық білім басқармасының маманы биыл 1 сыныптарға оқулықтар сатып алынбағанын және мектеп қорындағы ескі кітаптарды түптеп, жаңалап пайдаланып жатқанын алға тартты. Ал биыл 1 сыныпқа 66 мың 258 оқушы барды. Бұл көрсеткіш өткен жылы 64 мың 988, 2012 жылы 58 мың 720 оқушыны құраған. Жыл сайын, мектеп табалдырығын алғаш рет аттайтын бүлдіршіндердің қатары артып отырғандықтан, білім ұяларындағы кітап қорын қанша түптесе де жетпейтіні анық.
Облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен тәжік мектептері мұғалмдерінен құралған жұмысшы тобының бірнеше жылдық қажырлы еңбегінің арқасында биыл алғаш рет тәжік тіліндегі 17 оқулық министрлік бекіткен тізбеге енгізіліп, «Жазушы» баспасында жарық көрді.
Сүндет Санаевтың айтуынша, ата-ана оқулық сатып алуға міндетті емес. Егер осындай оқиғалар орын алар болса, облыстық білім басқармасының 31-08-44 телефонына хабарласуға болады.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА.