Жедел жәрдемге жол бер!

Среда, 23 Январь 2019 04:49

Шымкентте жедел жәрдем қызметінің бригадалары тәулігіне орта есеппен 1700 шақыртуға қызмет көрсетеді. Ал 103 нөміріне екі мыңға жуық қоңырау түседі. Қаладағы көлік жүргізушілерінің осы арнайы жедел жәрдем көлігіне жол беруі бүгінде дәрігерлерді алаңдатып отырған мәселе.

108213

Шымкент қалалық медициналық жедел жәрдем көрсету станциясына қарасты №5 бекеттің меңгерушісі Берік Төлеуовтың айтуынша, бұл бекетке тәулігіне кемінде 90 шақырту түссе, соның басым бөлігі жүкті әйелдерден келіп түседі. Дәрігер қыс мезгілінде бұл шақыруларда тасымалдау қиындық тудыратынын айтты. Әсіресе, қыста қызу көтерер жұқпалы вирустар қозған шақта шұғыл шақыртулар шамадан тыс көбейетіндіктен, жедел жәрдем көлігі діттеген уақытында жете алмай қалып жатады. Содан барып сала қызметіне байланысты сын-пікірлер айтылады. Ал бұл келеңсіздіктің астарында қандай себер бар екенін былайғы жұрт білмейді, дейді ақ халаттылар.

IMG 20190118 113613

– Қалыпты босану болса, ештеңе емес. Көлікте де ана мен бала өмірін аман алып қалуға барымызды саламыз. Осы кезде патологиялық қан кетулер орын алуы мүмкін. Бұл ең бірінші кезекте жедел жәрдем қызметін кеш шақыру салдарынан болса, қыс мезгілінде, жол тайғақ кезінде жедел жәрдем көлігіне жол бермеуден туындайды. Соңғы уақытта науқастарды алып келе жатқан жедел жәрдем көлігіне жол бермейтін жағдайлар жиіледі. Көліктің арнайы дабылына да көңіл бөлмейді. Осыны жүргізушілер қауымы назарға алып, қаперінде ұстаса, бізде науқастарды дер кезінде жеткізер едік, - дейді Б.Әшірханұлы.
Ақ хаттылардың сөзінше, жедел жәрдем бөліміне алғашқы 1, 2 және 3 санаттағы қоңыраулар келген жағдайда автоматтандырылған тәртіппен қызмет жасалып, диспетчер арнайы жасақталған жедел жәрдем тобын жіберуге міндетті. Мұндай шақыртуларда кемі 30 минутта келіп, науқасқа қажетті көмек көрсетіледі немесе тиісті ауруханаға жеткізіледі. Жаңа ережеге байланысты қала тұрғындарына тұрғылықты мекенжайы бойынша мединициналық қызмет көрсетіледі. Бұл ретте 103 нөміріне хабарласқан азаматтардың нөмірі Шымкент қаласы бойынша тіркеуде болуы тиіс. Олай болмаған жағдайда қоңырау басқа аудан бөлімшесіне түсетінін айтады.

Тұрлан елдімекенінде орналасқан №5 бекеттің аға фельдшері Алмагүл Жармұхамедқызының айтуынша, аталған жедел медициналық қызмет көрсету бөлімшесінде жалпы 90-ға жуық маман жұмылдырылған. Дәрігерлік, педиатриялық, фельдшерлік бойынша мамандандырылған 7 бригадада ақ халатты абзал жандар мен оларды жеткізуші жүргізушілер күн-түн демей тер төгіп жүр.

Ендеше, төбесіндегі шамы мен дыбыс белгісі қосылған арнайы тиеген көлікті көрген автокөлік жүргізушілері жол беріп, науқастың өмірін сақтап қалуға үлес қосса екен, дейді дәрігерлер.

Абай ауданының әкімі Бұхарбай Пармановтың халық алдындағы қорытынды есептік кездесуіне Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы Ерғали Егемберді ,«Нұр Отан» партиясының өкілдері, қалалық мәслихаттың депутаттары, қалалық құрылымдық басқарма басшылары, аудан аумағындағы өндіріс, көлік кәсіпорындары, коммуналдық қызмет көрсететін мекемелердің, білім және денсаулық сақтау салаларының басшылары мен өкілдері, ішкі істер басқармасының қызметкерлері, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері мен БАҚ өкілдері қатысты. Әкімнің есебін тыңдауға келген тұрғындардың қарасы қалың болды.

DSC 7871

Бұхарбай Парманов алдымен жыл бойы ауданның экономикалық жағдайын жақсарту, халықтың әл-ауқатын арттыру барысында атқарған жұмыстарына тоқталды. Әсіресе, тұрғындардың басты қажеттілігі – жол, жарық, ауыз су, қаланың тазалығы, көгалдандыру мен абаттандыруындағы нақты қолға алған шараларды баяндады. Дегенмен, халық тығыз шоғырланған ауданда алдағы уақытта атқарылуы тиіс жұмыстар жетерлік.

DSC 8079

Жиынға қатысқан тұрғындардың басым көпшілігін ауыз су, көгілдір отын, сапалы электр жүйелері және қоғамдық көліктің мәселесі толғандырады. Тағы бір шешімін таппай келе жақтан мәселенің бірі – құжат рәсімдеу. Аудан аумағындағы 7 елдімекенде құжаттары жоқ және толық рәсімделмеген 2160 үй бар. Олар - қалаға Сайрам, Ордабасы, Төле би аудандарынан қосылған елдімекендер.

– Біз ол үйлерге қатысты талдау жасадық. Жаңаталап, Игілік елдімекендерінде рәсімделмеген 868 үй болса, оның 754-не мүлдем құжат жоқ. 114 үйдің құжаты жер комисиясының қорытындысы берілген. Сәуір айына дейін түгендеу жұмыстарын жүргізіп, шілде айынан бастап уақытша 2 жылға шешім беріледі. Әрі қарай тиісті құжаттарды алады, - деді аудан әкімі.

DSC 7989

Жарыссөзге шыққан Жаңаталап шағынаудандық ардагерлер кеңесінің ардагері Жалғасбек Тұрғынбаев елдімекенге алыс-жақыннан қоныс аударған тұрғындардың құжаттарын рәсімдеуді жеделдетуді сұрады. Ақсақалдың айтуынша, жер құжатының рәсімделмеуіне байланысты көптеген тұрғындар мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмектерді ала алмай келеді.
Ал Тәуелсіздікке 20 жыл елдімекенінің тұрғыны Малика Төлегенова тозығы жеткен мектеп пен шаруа қожалықтарының тазалық мәселесін шешіп беруін сұрап, өтініш білдірді.

Аудан әкімі Бұхарбай Пармановтың қорытынды есебінде тұрғындардың талап-тілегін тыңдаған қала әкімі инфрақұрылымды дамыту және коммуналды мәселені шешуде жергілікті халықтан сабырлық танытуды сұрады.
– Шымкент – республикадағы аумағы жағынан ең үлкен қала. 2018 жылы 19 маусымда Елбасының жарлығына сәйкес дербес қала мәртебесін алдық. Биыл алғаш рет өз бюджетіміз болады. Қаладағы түйіткілді мәселелерді тікелей Президент Әкімшілігі және Үкімет арқылы шешеміз. Биыл қалаға 1000 қоғамдық көлік алдырып жатырмыз. Жыл соңына дейін биылғы жоспарда бар мәселелеріңізді қараймыз, - деді Ғабидолла Әбдірахымов.

Аудан басшысының есебіне оң бағасын берген қала әкімі жиын барысында өтініш-тілектерін айтқан тұрғындардың мәселелерін тез арада қарауды тапсырды.

Ерлік дәстүрі - ұлт ерекшелігі

Пятница, 18 Январь 2019 05:55

«Ерлік» музейінің ұйымдастыруымен белгілі мәдениет қайраткері, қалалық әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының директоры Жәнібек Тағаевпен кездесу өтті. «Ерлік дәстүрі - ұлтымыздың ерекшелігі» атты сырласу кешіне ақын- жазушылар, ҚР еңбек сіңірген мәдениет саласының қайраткерлері мен жастар қатысты.

DSC 6604

Сәрсенбілік сырласу сағатына Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарамалық мақалалары арқау болды. Кешті тыл және еңбек ардагері Шерім Медеуов ақ батасымен ашып беріп, белгілі журналист Мархабат Байғұт жүргізіп отырды.

Іс-шарада Ж.Тағаевтың өмірі мен еңбегі жайлы кеңінен айтылып, атқарған еңбегі жастарға дәріптелді. Көрермендер кеш қонағына сауалдарын қойып, оның өмірі мен еңбегі жайлы тың деректерге қанықты. Кеш қонағының бүгінгі күнге дейінгі өмір жолынан құралған фото көрме жасақталды. Жиын соңында Жәнібек Тағаев мұражайдың экскурсия залына арнап жәдігерлерін тарту етті.

Ғасырдан жеткен жеті құт

Пятница, 18 Январь 2019 05:52

«Ғасырдан жеткен жеті құт». Шымкеттегі А.Пушкин атындағы ғылыми-әмбебап кітапханада Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын талықауға арналған дөңгелек үстел өтті.

IMG 9417

 

Қазақстан педагогикалық академиясы және кітапхана ұжымы бірге ұйымдастырған басқосуға жиналған профессорлар, ғылыми қауымдастықтың мүшелері және кітапхана оқырмандары Елбасының мақаласында аталып өткен қадамдардың маңызын тарихи деректерге сүйене отырып сөз етті. Белгілі қаламгер мен ақын-жазушылар баяндама жасады.

– Мәңгілік ел болу жолындағы мәңгілік сұрақтарды шешу үшін маңызды қадамдар, мағыналы тірліктер, мазмұнды іс-шаралар, мәнді бағдарламалар, ең бастысы, өзімізді өзі-міз терең танудың тарихи алғышарттарын санада сабақтап, ұлттық ұранға айнал-дырудың жай-жапсары жан-жақты тиянақталған мақала болғандықтан, оған үн қосу – әр қазаққа міндет, әр азаматқа парыз деп түсіндік, - дейді Қазақстан педагогикалық академиясының президенті Жарқынбек Төртебай.

Басқосуда Қазақстан педагогикалық академиясының басшылығы Сабырбек Олжабай, Ғалия Дүйсеева, Күмісбек Қорғанбаев, Гүлжан Төлембетова сынды белгілі қаламгерлер мен білім саласында еңбек еткен жандарға профессор атағын табыстады.

Отандық туризм дамып келеді

Пятница, 18 Январь 2019 05:47

Шымкентке келген қонақтар қаладағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен табиғи ландшафтар жайлы ақпаратты ғаламтордан еш қиындықсыз таба алады. Мегаполиске саяхаттап келген туристерді ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында шаһардағы Ибрагим ата, Қарашаш ана кесенелері сынды тарихи 18 нысанға QR-код тақтайшалары орнатылған.

DSC 6952

«Ontustik Tourism Center» туристік ақпараттық орталығы киелі жерлер туралы ақпаратты үш тілде әзірлеген. Мамандардың сөзінше, кодты арнайы мобильді қосымша арқылы оқыған кезде мәлімет смартфоннан оқылады. Ал оны оқу үшін смартфонға интернеттен «Neo Reader» немесе «QR Reading» сияқты бағдарламаларды көшіріп, орнатып алуға болады. Бұл нысандарға орнатылған тақтайшалар туристер мен жергілікті тұрғындардың көңілінен шығуда. Олардың пікірінше, бағдарлама өлке жайлы басқа да қызықты мағлұматтарды іздеуге мүмкіндік береді.

DSC 6950

Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының мәдениет бөлімінің басшысы Раушан Айғазиеваның айтуынша, Қазақстанның киелі жерлері картасына Шымкенттен енген 7 нысанды және музейлердің қоры цифрландырылып, мобильді қосымша әзірленуде. Мобильді қосымша дыбыстық ақпаратпен қоса мәтінмен синхрондалған графикалық бейнелерді қатар көруге мүмкіндік береді.
– Бүгінгі таңда тарихи-мәдени мұраларды сақтау мен қорғау жұмыстары күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі. Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында өлкетану жұмыстарын жүргізу, елдімекендерді абаттандыру және тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіру көзделеді. Бұл бағытта жұмыстар жоспарға сәйкес атқарылуда, - дейді Р.Шәденқызы.

Айта кетейік, мемлекеттік тізімге енгізілген республикалық маңызы бар 7 ескерткіш болса, жергілікті маңызы бар ескерткіштер 29-ды құрайды. 18 нысан алдын ала есепке алу тізімінде тұр. Шымкентте, сонымен қатар, 2018 жылға дейінгі салынған монументтік және мемориалдық 54 ескерткіш бар.
Ал өңіріміз үшін ерекшеленетін археологиялық нысан - «Шымкент қалашығы» ескерткіштеріне кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстарын (археологиялық, сәулеттік, реконструктивтік және реновациялық) жүргізу негізінде 2020 жылға дейін ашық аспан астындағы музей ашу жұмыстары жүргізілуде.

– Шымкент ескі қалашығының орны аумағында археологиялық парк-музей, галерея құрылысын салудың мақсаты – келушілерді цитадельдің негізгі объектілерімен, кешен аумағындағы бағыттармен және археологиялық қазбалармен таныстыру, көрмелер ұйымдастыру, - дейді сала маманы.
Маманның айтуынша, тапсырманы орындау бағытында бірінші кезекте ЮНЕСКО-ның Дүниежүзiлiк мәдени және табиғи мұра тізіміне енгізуге Сайрам және Шымкент қалашықтарының номинациялық деректемесі дайындалған. Оған сәйкес 2020 жылы қаланың 2200 жылдық мерейтойын ресми атап өту және аталған жобаның аясында «Ескі қалашық» аумағын қайта жаңғырту мен абаттандыру жұмыстарын жүргізіп, 2020 жылы салтанатты ашылу рәсімін өткізу жоспарланған.

Әкімдердің есебі басталды

Среда, 16 Январь 2019 04:53

Абай ауданы: тұрғындарды коммуналды мәселелер мазалайды

Шымкентте аудан әкімдерінің халық алдындағы есептік кездесулері басталды. Аудан басшылары өткен жылы атқарылған жұмыстарының нәтижелері туралы баяндауда. 2018 жылға алғашқылардың бірі болып Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов есеп берді. Әкімнің халық алдындағы бірінші есептік кездесуі Қазығұрт шағынауданындағы №66 мектепте өтті.

DSC 7059

Есепті жиынға ауданға қарасты Қазығұрт, Құрсай, Айкөл тұрғын алабтарының тұрғындары мен «Нұр Отан» партиясының өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары, әкімдікке қарасты дербес бөлім басшылары және құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Тілеш жүргізіп отырды.
Бұхарбай Парманов күн тәртібі бойынша 2018 жылы атқарылған жұмыстар мен аудандағы өзекті мәселелерге тоқталды. Аудан басшысы алдымен Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын насихаттау бойынша 132 жиналыс пен іс-шаралар өткізіліп, 22500 адам қамтылғанын айтты.

– Санитарлық тазалық және көріктендіру жұмыстарына тоқталып өтсем, 2017 жылы 406 көшенің тазалығына 230 млн теңге бөлінсе, өткен жылы аудан аумағындағы 685 көшенің санитарлық тазалау жұмыстарына 255 млн 229 мың теңге жұмсалды. Бұл жұмысты 4 мердігер мемеме («Арнаулы автокөлік» ЖШС, «Бадам Тас» ЖШС, «Ақсемсер» ЖШС, «Айдынбек» ЖШС) атқарды. Сонымен қатар көпқабатты тұрғын үйлер мен ішкі орамдық көшелердегі қураған талдарды бұтау, аулалардағы шөптерді ору жұмыстарына 55 млн 878 мың теңге бөлініп, 3 мердігер тиісті жұмысты орындады, - деді Б.Парманов.
Аудан әкімі инфрақұрылымды дамытуда электр энергиясы, ауыз су және көгілдір отынмен қамтамасыз ету бойынша атқарылған нақты жұмыстарды баяндады. Аудан аумағында орналасқан шағынаудандар мен тұрғын алабтарда ауыз сумен қамту көрсеткіші 84% құрайды. Қалған тұрғындар тасымалды және ұңғыма суын пайдалануда.
Аудан аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлер мен жеке үйлердің 82 пайызы табиғи газбен қамтылған. Бүгінгі таңда аудан аумағын электр жарығымен қамтамасыз етуге 150 трансформатор орнатылған. Оның ішінде 113-і мемлекеттік болса, қалған 37 трансформатор жеке меншік еншісінде.

DSC 7125

Әкімнің баяндамасынан соң жергілікті тұрғындар жарыссөзге шығып, шешімін таппай келе жатқан мәселелеріне қатысты аудан әкімі мен жауапты мамандарға сұрақтарын қойды. Мысалы, Құрсай елдімекеніндегі бірнеше өзекті жағдайға аталған елдімекеннің ардагерлер кеңесінің төрағасы Шерхан Бейсенбаев тоқталды.
– Құрсай тұрғындары көп жылдан бері электр жарығын жекеменшік трансформаторлардан алып келді. Біріншіден, электр жарығының сапасы төмен болса, кейінгі мәселе - тарифтің жоғары болуы. Қыста жарық жиі сөніп, қиналып қалып жатырмыз. Шағынауданда халық санының өсуіне байланысты мектеп, емхана және балабақша қажеттілігі туындап отыр. Спорт кешендері және балалар ойын алаңшаларын көбейтуді қолға алып, қоғамдық көліктердің жұмыс уақытысын қадағалап, олардың санын арттыруға ықпал етуіңізді сұранамын. Осы мәселелерді шешуде жәрдем берсеңіздер, - дейді Шерхан қария.
Тағы бір тұрғын Төлеген Доланов аудан әкімдігінің атқарып жатқан жұмыстарға оң бағасын берсе, Нұртөбе мешітінің бас имамы Жәміш Бердалы мектеп жасындағы жасөспірімдер арасындағы тәрбие мәселесіне көңіл аударуын сұрап, жалпы білім беретін мектептерде насихаттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырып беруін сұрады. Дін саласының өкілі жастармен жасалатын қылмыстардың тыйылмай отырғанын айтты.
Ал Шәкір Аббасов есімді тұрғын Құрсайдағы Жаңақұрылыс көшесіне шағал тас төселгенін, жаңа электр жүйесі тартылып, қоқыс тазалау жүйесі өте жақсы жұмыс істеп тұрғанын айтты.
– Жұмыстар атқарылып жатыр. Кемшіліктер де жоқ емес, мәселен, спорт кешені ауыл тұрғындарына қажет-ақ, балабақша аумағында оған жер телімі бар. Екінші мәселе – №49 мектеп пен үлкен жолдың арасына асфальт төселсе. Сонымен қатар ауылымызда мүлдем құжатсыз жүргендер жеткілікті. Соған көмектесуіңізді сұрар едім, - деді тұрғын.
Ал ақжарлықтарды 10 жылдан бері шешімі табылмаған ауыз су мәселесі алаңдатса, құрсайлықтар «қоғамдық көлік, мемлекеттік трансформатор» қажет деген өтініш-тілектерін жеткізді. Әкімдік өкілдері бұл өтініштердің барлығы ескерілетінін және халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталған шаралар алдағы уақытта жоспарлы түрде жүзеге асатынын мәлімдеді.
Айта кетсек, қазіргі таңда Абай ауданында 322 911 адам тұрады. Бала туу көрсеткіші алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,9 пайызға өскен.
Жиынға қатысушылар аудан әкімінің өткен жылы атқарған жұмысына оң бағасын беріп, алдағы істеріне сәттілік тілеп тарқасты.

Жаңа жылда жетістіктер көп болмақ

Пятница, 11 Январь 2019 05:19

Шымкентте дзюдо спорты қарқынды дамып келеді. «Тұмар» спорт кешенінде қалалық №18 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің дзюдодан жасөспірімдер арасындағы ашық біріншілігі аяқталып, аталған ұжым жылды жемісті қорытындылады.

DSC 4055-1

Жарыста 80-нен астам спортшы бақ сынады. Бұл – алда өтетін Қазақстан чемпионатына іріктеу жарысы. Мектеп басшысы
Дүйсенбай Мергенбаевтың айтуынша, өткен жыл толағай табыстар мен көптеген жаңалықтарға толы жыл болған. Оның алғашқысы –бұрынғы облыстық №3 олимпиада резервін дайындайтын балалар мен жасөспірімдердің кешенді мамандандырылған спорт мектебі Шымкент қаласының дербес қала статусын алуына байланысты қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының қарамағына қосылуы.

DSC 4064

– Ауыз толтырып айтар жетістігіміздің бірі – қол күресінен Нұрдәулет Айдархан есімді шәкіртіміз ересектер арасында қатарынан үш рет әлем чемпионы атанды. Сол спортшымызға Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері атағы берілсе, 9 спортшы халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды. 18-і спорт шебері нормативін орындады. Биылдан бастап грек рим күресінен шәкірттер тәрбиелеуді қолға алдық, – дейді Д.Мергенбаев.
Бұл мектепте бүгінде спорттың 11 түрінен 911 саңлақ спортпен кәсіби деңгейде айналысуда. Оларды 67 жаттықтырушы дайындайды. Болашағынан көп үміт күттіретін жастардың арасында халықаралық жарыстардың жеңімпазы Шерзат Давлатов та бар. Ал боз кілемде шеберлігімен талай жеңіске жеткен Еркебұлан Абдулла бұған дейін ауыр салмақта Азия чемпионы, халықаралық жарыстардың жеңімпазы атанған. Сонымен қатар Қазақстан чемпионы Гүлида Көбей – қалалық №18 олимпиадалық спорт мектебінің талантты шәкірті.
Спорт мектебі ұжымының тағы бір қуанышты жаңалығы – 50 спортшы ҚР ұлттық құрамасына кірді. Талай дарынды спортшыларды әлемдік додаға қосқан мектеп ұжымының алдағы басты мақсаты – Олимпиадаға жолдама алу. Бұл ретте жаттықтырушылар мектептің мақтанышы, каратэ-додан әлем чемпионы Софья Берульцоваға сенім артып отыр.

Сабақтан тыс уақытты пайдаланып, ағылшын тілін үйрену үшін курсқа барып жүрген жеткіншектер көп. Бұл мектептерде үш тілде білім беру жүйесі енгізілгеннен бастап қалыпты жағдайға айналып үлгерді. Яғни, еліміз екі жылдан бері ағылшын тілін бірінші сыныптан бастап оқытуға көшті. Ендігі жерде тілді тез үйренудің тиімді жолдарын меңгеру мәселесі туындауы да орынды. Бұл жөнінде «Алиар-Ucmas» оқыту орталығының директоры Ұлжалғас Ерғалиевадан сұраған едік.

IMG 5991

Ағылшын тілінде «Imprinting» деген сөз бар, термин ретіндегі мағынасы – «қас-қағым сәтте үйрену, бір қарағаннан үйрену». Бұл түсінікті бүгінгі қоғам жаңа технология адамдардың өмірінен орын алғалы аса бір жаңалық деп қабылдай қоймауы мүмкін. Дегенмен, интернет желісінен сіздің сұрағыңызға мың сан жауап алып, шатасуыңыз ғажап емес. Сондықтан тіл мамандары IT технологиясындағы халықаралық тәсілді қаламызға әкеліп отыр.
– Біздің негізгі мақсатымыз – балалардың қабілеттерін ашып, дамыту. Орталық үш бағытта жұмыс істейді. Бірінші кезекте 4-14 жасар балаларға ментальды арифметика курсын оқытамыз. Бұдан бөлек ұзартылған күн тобы бар. Жаңа жылдан бастап ағылшын тілі курсын жаңа тәсіл арқылы үйретуді қолға алып отырмыз. Оның негізін қалаушы америкалық ғалым – Ленз Ноулсз. Бұл әлемнің 54 елінде 1987 жылдан бері қолданыста. Оның ішінде Түркия, Тайланд, Индонезия, Малайзия сынды 24 мемлекетте білім беру жүйесіне енгізілген. Дүние жүзіндегі 13 миллионға жуық адам осы тәсіл арқылы тіл үйренген, – дейді Ұ.Ерғалиева.
Педагогтың сөзінше, жасанды интеллект арқылы жүзеге асырылған «Dyn-ed» бағдарламасы дәстүрлі тәсілдерге қарағанда 2-3 есе тиімді. Яғни, курсқа қатысушылар арнайы қосымшаны қолдану арқылы аптасына екі рет 1,5 сағатын орталыққа келуге уақыт жұмсайды. Қалған уақытта «Dyn-ed» қосымшасындағы арнайы тапсырмаларды орындау арқылы тіл білімін жетілдіре алады. Оқушының бір деңгейден екінші сатыға көшуі қаншалықты тапсырмаларды мейілінше көп орындауына байланысты. Бағдарламаның ерекшелігі де осында.
Бағдарлама кез келген жастағы азаматтарға арналған. Бастысы қолында смартфоны немесе компьютері болса, болғаны. Тіпті, курсқа мұғалімдердің қатысуына әбден болады. Бұл жерде олардың деңгейі ескеріледі. «Біздің орталықта оқыған барлық қатысушыларға халықаралық үлгідегі сертификаттар табысталады» дейді ұстаз.

Страница 39 из 51